Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 10 Қазан 2024

Ол он алты-ақ жаста еді… «Олар он үш болатын!»

Талғар

Жақында Қазақстан қоғамының қауіпсіздік деңгейі мен құқық қорғау органдарының жұмысына күдік туғызатын тағы бір қайғылы оқиға болды. Алматы облысының Талғар ауданында әлдекімдер 16 жастағы жасөспірімді әке-шешесінің көзінше ұрып-соғып, пышақтап, өлтіріп кеткен. Марқұм жеткіншектің туыстары тергеу жұмыстарына наразы болып отыр.

Оқиға 3 қазан күні түнде болған. Түнгі 11 жарым шамасында Талғарда орналасқан шағын дүкенге келген азамат алған сырасының ақысын төлегісі келмей, әңгіме шығарған. Осы кезде оқиға орнына дүкен иесінің баласы, 16 жастағы марқұм Шерзат Болат келіп қалған. Әлгі адам жеткіншекпен жанжалдасып, дос-жаранын көмекке шақырыпты. Желіккен жігіттер 3 машинамен келіп, үлкен төбелес ашқан.

Дүкенде сатушы Қаржаубай және баласы Шерзат пен оның досы болған. Көп өтпей Қаржаубайдың інісі мен жұбайы оқиға орнына келіпті. Ал сыра ақысын төлегісі келмеген жігіттің жақтастары 13 адам болған, екеуі – әйел, қалғаны – ерлер. Олар Шерзатты және дүкен иесінің інісін аяусыз ұрып, бірнеше жерден пышақтаған.

Қазақ қоғамын қатты тіксіндірген жағдай – күдіктілер анасының құшағында қанға батып жатқан жасөспірімді суырып алып, мылтықтың дүмімен бастан ұрып, пышақ сұққан. Жұрт мұндай қатыгездік пен қаныпезерлікке жағасын ұстап, шошынып отыр. Күдіктілер ананың: «ұрмаңдар, өлтірмеңдер» деп жанұшыра жалынғанына да қарамаған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға орнына полиция да, жедел жәрдем де келмеген. 102 нөміріне әлденеше рет хабарласып, байланысқа шыға алмаған дүкен иесі қансыраған інісі мен баласын емханаға өз көлігімен апарыпты. Өкініштісі – дәрігерлер жасөспірімді аман алып қала алмады. Өмірдің ыстық-суығын сезіп үлгермеген жеткіншек адам баласының қатыгездігін көріп, өкінішпен өмірден өтті.

Шерзат
Фото: Ашық дереккөз

Шерзатты бұрын сотталған адамдар өлтірді

Қайтыс болған жеткіншектің әкесі Қаржаубай оқиға барысы қалай болғанын бізге өзі айтып берді.

«Әлеуметтік желіде әртүрлі ақпарат тарап жатыр. Бірақ кейбірі шындыққа жанаспайды. Сол үшін оқиға барысын нақтылап айтып берейін. Сол күні сағат түнгі 11-ден асқан уақыт болатын, дүкенге 2 жігіт келді. Бірі – зат алуға кетіп, бірі – кассаға келіп, мені әңгімеге тартты. Екеуі бірге ме, жоқ па, білмеймін. Бірақ бірі менен әрнені сұрап, бос сөз айтып тұрды да, шығып кетті. Ал екіншісі – сыра алды, мен алкоголь сатуға рұқсат берілген мезгіл аяқталғанын айттым. Бірақ ол жұмыстан шаршап келе жатқанын айтып, сыраны орнына қойғысы келмеді. Амалсыз сатуға келістім. Ал ол маған жалған банк аударымын көрсетті. Чектің жалған екенін айтқаныма қоймай, салғыласа кетті. Дүкенді жапқалы тұрғанмын, бәле іздеп жүрген біреу ме деп күдіктеніп, жарайды деп қоя салуға тырысқам. Бірақ ол телефоным өшкелі тұр, қуаттап бер деп тағы бір әңгіме шығарды.

Сөйтіп тұрғанымызда дүкенге марқұм ұлым кіріп келді. Ол дүкенде бір затын ұмытып кеткен екен. Балам әлгі жігітті тыныштандыруға тырысқан, бірақ ол балама ауыр балағат сөз айтты. Осылайша, екеуі келіспей қалды. Осы арада жаңағы жігіт достарын шақырып үлгерді. Golf III көлігімен екі жігіт келді, рөлде Нұрбол деген азамат отыр екен. Осы аралықта інім келіп қалды, мен де сыртқа шығып, жігіттермен сөйлестім. Барынша кішірейе сөйлеп, төбелестің алдын алуға тырыстық. Баламның сөздері үшін кешірім де сұрадым.

Олармен қол алысып, тарқасқалы тұр едік, екі машинамен тағы бір топ жігіт жетіп келіп, төбелес басталып кетті. Бұлар кім, қайдан келді деген сұраққа бас қатырып отырған жоқпын. Тек баламды пышақтаған жігіт пен басынан мылтықпен ұрған жігіттің әрекеті ауыр тиді. Ол екеуі бұрын сотталған екен. Енді мына қаныпезер қылмысы үшін қатаң жазаланса екен», – дейді қайғырған әке.

Тергеу қалай жүріп жатыр?

Куәгерлер оқиға орнына барып, төбелесті тоқтата алмаған полицейлер істі әділ тергеуге де құлық танытпай отырғанын айтады. Қоғамдық резонанс туғанға дейін істі бір жақты қарап, жәбірленушілердің өзін айыпты етуге тырысқан көрінеді. Мұндай әділетсіздікке төзбеген тұрғындар шу көтеріп, қоғамдық резонанс туды. Осыдан кейін ғана әкімдік, прокуратура және полиция оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Facebook парақшасында қылмыстық істі өз бақылауына алғанын хабарлады. «Алматы облысының Талғар ауданында болған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты мән-жайлар менің жеке бақылауымда. Оқиға орнында бірінші орынбасарымның басшылығымен ІІМ қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеп жатыр. Кінәлілер тиісті жазасын алады» деп жазды ол.

Шерзат қаза тапқан дүкеннің алды
Фото: "Жас Алаш" газеті

Алматы облысының прокуратурасы іс қатаң бақылауға алынғанын, қылмысқа қатысы бар азаматтар жауапқа тартылатынын айтты. «Мән-жайды анықтап, кінәлілердің бәрін жауапқа тартатындай объективті тергеу жүргіземіз. Қылмысқа қатысы бар адамдарды жауапкершіліктен босататындай «бармақ басты, көз қысты» әрекет болмайтынына кепілдік береміз», – деді облыстық прокурордың көмекшісі Аида Иманәлиева.

Ал Алматы облысының полиция департаменті «кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, оқиғаның барлық қатысушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды» деп мәлімдеді. Бірақ тұрғындар полицияның бұл ақпараты жалған екенін жарыса жазып жатыр. Өйткені оқиға орнына 13 адам барған, ал полицейлер 7 адамды ғана қамаған.

Осыған наразы болған жұрт 7 қазанда жиналып, Талғар әкімдігінің алдында наразылық білдірді. Олар қылмыс әділ тергеліп, соттың ашық өтуін және оқиғаға қатысы бар 13 адамның бәрі қамалуын талап етті. Жиналған жұрт аудан әкіміне, прокурорға және полиция басшысына бостандықта жүрген 5 адамды көз алдымызда ұстап, түрмеге қамаңдар деп талап қойды.

Біз Алматы облыстық полиция департаментінен оқиғаға қатысы бар адамдар неге толық ұсталмағанын сұрадық.

«Кінәлі адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық жиналған дәлел, соның ішінде бейнебақылау камерасынан алынған жазбалар зерттеліп жатыр. Қазір 7 адамның қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Жәбірленуші тараптың дәлелдері бойынша басқа тұлғалардың қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтау үшін тексеру жүріп жатыр. Олардың әрқайсысына қатысты құқықтық баға беріледі. Қайтыс болған жасөспірімнің заңды өкілдеріне тергеу барысы туралы хабарлап отырмыз», – деді облыстық ПД ресми өкілі Меруерт Морякова.

Әділдікке жету үшін қоғамдық резонанс туғызуға мәжбүр болдық

Әрине, ресми органдардың есебі «бәрін қатырып жатырмыз» деген мәнде болатыны түсінікті. Олар ешқашан кемшілікті мойындаған емес. Министр мен прокурор жеке бақылауына алса да, қапияда баласынан айырылған Қаржаубай тергеуге сенімсіздік танытып отыр. Оның айтуынша, облыстық ПД-ның жәбірленушілерді тергеу барысы жайлы сәт сайын хабардар етіп отырмыз дегені бос сөз.

Шерзаттың әкесі
Фото: Ашық дереккөз

«Баламның досы дүкен маңына 3 машинамен 13 адам келгенін айтты. Қазір жетеуі ұсталды, қалғанын куәгер деп отыр. Олар қалай куәгер болады? Төбелес басталмай тұрып, дүкенге кіріп кеткем. Сырттағы дауысты естіп, шығайын дегенімде 2 қыз бен 1 жігіт маған пышақ тіреп, дүкеннен шығармай тұрды. Олар куәгер емес. Полиция басшысы екі қызды да қамағанын айтқан. Бірақ олар бостандықта жүр, мен бөлімшеден шығып келе жатқанымда екі қыз маған жақындап, кешірім сұрағысы келді. Бірақ ешқандай кешірім бермейтінімді айттым.

Тергеу барысы жайлы маған еш ақпарат берген жоқ. Сөйлесуге түнде келеді, ал мен олармен түнде сөйлеспеймін. Дүкен камерасына жазылған видеожазбаларды полицейлер алып кеткен. Ертеңінде полиция басқармасының басшысымен кездескенімде сол бейнежазбаларды сұрадым. Видеоға қарап, күдіктілерді танып беретінімді айттым. Сол кезде ПБ басшысының өзі видео жоқ екенін айтқан. Сол үшін видеоны полиция жойып жіберді деп мәлімдедім, ал олар мұны жалған ақпарат деп, бейнежазба бар екенін айтып отыр. Кімге сенерімді білмей қалдым.

Алаңға шығуыма да тергеуге деген сенімсіздік себеп болды. Оқиға орнында болған ұлымның досының анасы хабарласып, тергеуші төбелес кезінде қолданылған мылтықты баласының мойнына ілуге тырысып жатқанын айтты. Яғни мылтықты жасөспірімдер әкелген деген қорытынды жазбақшы болған. Осыған ашуланып кеттім. Баламның өлімін қоғам талқысына түсіремін, резонанс туғызам деген ой болмаған. Тергеушінің осы әрекетінен кейін қоғамнан әділдік сұрамасақ қиын болатынын түсіндік. Оның үстіне тергеу бір жақты, қарсы тарап берген түсініктіме бойынша жүріп жатқанын байқадық. Тергеу неге екі жақтың уәжі бойынша жүрмейді?

Министр мен прокурор істі бақылауға алғанын айтады. Бірақ тергеуге жетекшілік етуге келген ішкі істер министрінің орынбасары менімен сөйлескісі келмейді. Оқиғаның бас-аяғында болған менмін. Ал вице-министр менің жұбайыммен тілдескісі келіп отыр. Біріншіден, ол кісі жуас адам, екіншіден, баласынан айырылып, шок жағдайында жүр. Оқиға болған күні де тергеушілер сол кісіден түсініктеме алыпты, министрдің орынбасары да сол кісімен сөйлесуге ниетті. Жұбайым қазір не айтып, не қойғанын өзі білмейтін жағдайда. Ол кісіден не сұрайды», – деп күйінді ол.

Қайтыс болған баланың әкесі айтып отырған ішкі істер министрінің орынбасары – бұған дейін Алматы облыстық ПД-ны басқарған Бауыржан Әленов. 7 қазанда Сәденов мәлімдемесінде Талғардағы қылмысты тергеу тобына өзінің бірінші орынбасары жетекшілік ететінін айтқан. Дәл сол күні Әленов Сәденовтің оң қолы болып тағайындалған еді. Яғни Әленов ПД басшысы болып тұрғанда өзіне қарасты ауданда болған қанды қылмысты бірінші вице-министр ретінде тергегелі отыр.

Қатыгез қылмысқа әкімдер не дейді?

Әрине, қылмыстық істі тергеуге әкімдердің тікелей қатысы жоқ. Бірақ аймақ басшысы ретінде мұндай оқыс оқиға кезінде олардың бұғып қалуға қақысы жоқ. 7 қазанда наразы топ Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен бас прокурор Берік Асыловтың келуін талап етті. Бірақ олар төбе көрсеткен жоқ. Жұрт алдына Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков шықты.

Дегенмен әкімдіктің басты мақсаты қылмыстың ашылуына атсалысу емес, жиналған жұртты тарату болған сияқты. Біз сөйлескен әкімдік өкілі «көпшілікпен кездесуге аудан әкімі мен әкім орынбасары шығып, түсіндіру жұмысын жүргізді. Бәрі бейбіт түрде тарады» деген мәндегі пресс-релизді жіберді. Ал қалған шаруа полицияның мойнында деп отыр.

«Талғардың әкіміне, әкім орынбасарына, прокурорға, ПБ бастығына, істі жүргізіп жатқан тергеушіге көңілім толмайды. Аудан әкімін шақырып, кездестік. Ол кісі біздің сөзді сөйлегені былай тұрсын, мені кінәлауға тырысып тұрғандай көрінді. Жанындағыларға айғай шығарып, артық қимыл жасасам, ұстап алып кетуді тапсырды. Жасөспірім өліміне қайғырып тұрған адамды көрген жоқпын. Әкім де, әкім орынбасары да қайтыс болған баланың аты-жөнін білмейді», – дейді қаза тапқан баланың әкесі.

Ал тұрғындардың үндеуіне құлақ аспаған Марат Сұлтанғазиев бізге де жауап бермеді. Баспасөз қызметіне хабарласып: «Талғар тұрғындары сізді іздеп жатыр, аудан әкіміне істі бақылауға алу жөнінде тапсырма бердіңіз бе?» деп сұрадық. Бірақ әкімдік өкілдері біздің сұрақты елеусіз қалдырды. Сұлтанғазиев мырза облыста шулы оқиға болып жатқан кезде неге үнсіз отырғанын түсінбедік. Мұндай енжар көзқарас әкім қызметіне абырой әпермейді деп есептейміз.

Қуаныш Қаппас