Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:38, 09 Желтоқсан 2022

Олақ әкімдер мен жемір министрлерден запы болдық...

None
None

Күні кеше Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі  Еркебұлан Дауылбаев 2 пайыздық «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасы жабылуы мүмкін екенін айтты.

Жетім мен жесірді, мүмкіндігі шектеулі жандарды, жағдайы төмен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтуға бағытталған бұл бағдарлама осылайша қаражаттың тапшылығынан жұмысын тоқтатпақ. Бұл жаңалыққа көпшіліктің көңілі күпті болып отырғанда еліміздің бас банкі базалық ставканы 16, 75  пайызға бірақ өсірді. Бұл биылғы жыл басталғалы Ұлттық банктің мөлшерлемені нешінші мәрте өсіруі екенін ендігі ұмыта да бастадық.

  Жалпы, қазірде сарапшылар экономикада өсім төмен екенін ашық айта бастаған сәт. Болжам бойынша алдағы жылы да ел бюджетінің тапшылығы еселенбек. Үкімет әдеттегідей бюджет тапшылығын толықтыру үшін бұл жылы да  Ұлттық қорға  қол салмақ. Сала мамандары: «бұл әрекет Ұлттық қорға қаражат жинақтаудың орнына сарқылу қаупін төндіріп отыр» деп қанша дабыл қақса да біздің үкімет бюджеттің жетпей жатқан жыртығын Ұлттық қор арқылы жамауды қояр емес. Әттеген-айы,  сол қаражаттар  қордан  алынғаннан кейін ұқсатылып жатса, қанекей. Басқасын айтпағанда, Ұлттық қордың жұмсалуына қатысты қазір Есеп комитетінің өзі де алаңдай бастады. Аталмыш комитеттің болжамынша, егер қордағы қаражатты нақ осылай жұмсай беретін болсақ, 2030 жылға қарай, Ұлттық қор нөлге тең болады. Себебі үкімет қордағы қаражатты экономиканың өсімін қамтамасыз етуге емес, жай ғана бюджеттің жыртығын жамаудың көзі ретінде пайдаланады. Бұл әрекет әрі қарай сақталса, Ұлттық қордың түгі қалмай, түгесілу қаупі басым.

  Бұған қатысты биыл жазда бірқатар былықтар да әшкереленді. Мысалы, қордан қаржыландырылған жобалардың құнын қолдан, жасанды түрде қымбаттатуға жол берілген. Ұлттық қор қаражаты, тіпті жеке және заңды тұлғаларға несие түрінде де таратылған. Оның үстіне қордан бөлінген кредиттерді кейін қорға қайтару қарастырылмаған. Есеп комитеті 2015-2021 жылдары, кем дегенде, 72,3 млрд теңге кері оралмағанын әшкереледі. Соның 83 пайызы 2021 жылға тиесілі.

   Жалпы, мамандардың айтуынша, экономиканың қатты қиналатын кезеңі әлі алда. Себебі Ресей мен Украина арасындағы саяси жағдайдың салдары, мұнай бағасының төмендеуі, жанар-жағармай, газ тағы басқа өнімдер бағасының мың құбылуы алқымнан алатын кезең әлі алда тұр. Сондықтан болашақта түбі көрінген Ұлттық қорды толтыру, әлеуметтік жағдайды және экономиканы сауықтыру Смайылов үкіметіне оңайға соқпайын деп тұр. Бұл арада үкімет әдеттегідей, қулыққа басып, халыққа салынатын айыппұлдар мен салықты көбейтіп, бюджетті соның есебінен толықтыруға әрекет жасауы да мүмкін. Бірақ бұл әрекеттерді онсыз да қымбатшылық пен жоқшылық жаншып, ашынған елдің көтере қоймасы тағы анық. Мұндай үйреншікті әдеттегі тәсілдер экономиканы құтқармайды деседі мамандар.  

     Мамандардың айтуынша, үкімет болашақта бюджет қаражатын ұқсатуға  қатысты әкімдер мен министрлерге арналған арнайы қатаң заң қабылдауы тиіс. Себебі бізде не Ұлттық қордан бөлінген трансферттерді, не бюджет қаражатын ұқсата алмай отырған әкімқаралар мен министрлер жетіп артылады.

Мысалы, өткенде премьер-министрдің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын игере алмай отырған министрліктер мен өңірлерді атады. Жамаубаевтың есебіне жүгінсек, биыл 9 айда мемлекеттік бюджетке 11 трлн 177 млрд теңге, ал республикалық бюджетке шамамен 7,5 трлн теңге кіріс түскен. Кірістер бойынша жоспар артық орындалды. Ал республикалық бюджет бойынша 12,9 трлн теңге сомасында шығыстар жүргізілді. Атқарылмау – 494 млрд теңге, игерілмеген сома – 485 млрд теңге. Ең көп игерілмеу сомасы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім, ішкi iстер, мәдениет және спорт министрліктерінде қалыптасқан.Игерілмеудің негізгі себептері: министрліктердің қайта құрылуы, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша нормативтік-құқықтық актілердің уақытылы қабылданбауы болып саналады.Ал жергілікті бюджеттердің шығыстары 7,2 трлн теңге болған.  Атқарылмаған сома – 155 млрд теңге. Игерілмеген сома 39 млрд теңге. Ең көп игерілмеу сомасы: Маңғыстау және Батыс-Қазақстан облыстары мен Астана қаласында орын алған.

Негізінен, бізде бар қаражатты ұқсата алмау жылда кездесетін сценарий. Әкімдер мен министрлердің бұған  еттері үйренгені соншалық, олар жыл бойы маң-маң басып, марғау жұмыс істейді де, жыл аяғында игерілмеген қаражатты қайда жіберерін білмей, есі шығады. Мұндай жағдайда қайсыбір әкімдердің сасқалақтағаны соншалық – қар жауып, қыс түссе де қара жолға асфальт төсеп, күлкіге қалып, әлеуметтік желіні бір шулататыны тағы бар. Осылайша, нақ қазір бірқатар өңірлерде миллиардтаған қаражаттар қармен бірге шайылып жатыр. Мұндайда еріксіз қазақтың «Олақ әйелдің үйінен сабақты ине  табылмас» дегені еске түседі. Нақ қазір біз олақ әкімдер мен жемір министрлерден әбден запы болдық. Сондықтан ендігі кезекте қаражатты ұқсата алмайтын әкімдер мен министрлер қатаң жазалануы тиіс.  Олай етпесек, бізге даму, өркендеу, өсу, өркениетке жету деген тек қиял болып қала беретін түрі бар...

Тегтер: