«Олар істегенді біз неге істемедік?»
«Қазақстанның мұнайы туралы біз не білеміз? Иә, бізде мұнай бар екені белгілі дүние, бірақ қанша мұнай өндіретінімізді, оның экономикамызға қанша пайда тигізіп жатқаны туралы білмейміз.
Ал соны білуіміз керек еді. Осы сұрақты қоюымыз керек еді», – дейді саясаттанушы Санжар Боқаев.
«2020 жылы біз 85,7 миллион тонна мұнай өндірдік. Бұл аз ба, көп пе – оны да жөнді ұқпаймыз. Бірақ оны бір жылдағы 365 күнге бөлсек, Қазақстан қойнауынан күніне 234 794 тонна мұнай шығарылады екен. Бұл күніне сыйымдылығы 60 тонналық 3973 теміржол цистернасы немесе күніне жалпы ұзындығы 45 шақырым болатын 150 пойыз составы. Міне, біз күніне осыншама мұнай өндіреміз. Ал Дүниежүзілік банк әлемдегі алыс-беріс паралар сомасын жылына 1 триллион доллар деп бағалайды. Зерттеулерінше, мұнайдан түсетін табыстың, шамамен, 15 пайызы қаптаған оффшорлық аймақтарға шығарылады екен. Бірақ мұнайдың ақшасын оффшорға жасырумен тек автократиялық режимдер билейтін елдер ғана айналысады екен.
Әлем елдері өздерінің мұнай-газ түріндегі байлықтарын қалай пайдаланып отырғанын зерттейтін халықаралық Resourse Governance Index компаниясының деректерінше, Қазақстан ең жабық және есеп бермейтін елдер тізімінде келеді. Бұл өте жаман нәрсе, өйткені елдің мұнайын қоғам мүлдем бақылай алмай отыр. Мысалы, біздің Қашаған бүкіл әлемдегі ең қымбат жоба болып отыр екен, ал біз оған осы күнге дейін қанша ақша жұмсалғанын білмейміз. CNN Money Қашағанға 116 миллиард доллар жұмсалды десе, батыстағы тәуелсіз сарапшылар 2016 жылға қарай дәу қара құрдымға айналған Қашағанға 150 миллиард доллардан астам ақша құйылды деп бағалаған. Өз мұнайы мен «мұнай долларын» ең тиімді пайдаланған елдер — Норвегия мен Араб Әмірліктері дегенді жиі естиміз. Әрбір норвегиялықтың жеке шотына мұнай табысынан алынған ақша түсіп тұрады. Қазір әрбір қалтасында жатқан мұнайдан түскен жинағы 100 мың доллардан асып кеткен. Мен осымен біздің өз мұнайымызды қаншалықты нашар басқарып отырғанымызды немесе билігіміздің қандай жаман екенін емес, сол елдердің тәжірибесіне назар аударуымыз керек екенін айтқым келеді. Олар істегенді біз неге істемедік? Бізге түзеліп, солардың жолына түсуге әлі де кеш емес.
Абу-Дабиден алғашқы мұнай 1962 жылы экспорттала бастады. Шейх Заид ибн Султан шетелдік инвесторларды шақырып алып, мұнай табысын бөлісу туралы келісімде үлкен ағаттық кеткенін айтыпты: 90 пайызын инвесторлар алады, ал жергілікті билікке 10 пайызы қалады деген. «Бұлай емес, керісінше болуы керек» деген талап қойды шейх. Британиялық инвесторлар бұған көнбей кетіп қалған. Сосын америкалықтар келді. Ақыр соңында шейх өз елінің мүддесін қорғап қалды. Қазір дивиденд, салықты есептегенде, елдегі мұнай компаниялары табысының 92 пайызын мемлекет көріп отыр. Ал Қазақстан өз мұнайының қанша пайыз қызығын көріп отырғаны белгісіз, өйткені бұл бізде тым жабық тақырып.
Меніңше, Қазақстанға тіпті жартысы да қалмайтын болар. Айтпақшы, Абу-Даби үкіметі құрған мемлекеттік компания Әмірліктердегі мұнай өндіретін барлық компаниялардың 60 пайыз акциясын сатып алды. Бұл – елдегі мұнай-газ жобаларының бәрі мемлекет бақылауына алынды деген сөз. БАӘ мұнайдан түскен ақшаны өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласына салды. Мыңдаған зауыттар пайда болып, олар қазір экономикасын шынымен де әртараптандырып алды. Қазақстан сияқты ешбір ел өтірік әртараптандыру мен жалған индустрияландыру жүргізген жоқ. Әне, Әмірліктер мен Норвегия сөйтті. Бұл сын емес, ұсыныс. Біз де сөйтейік», – деген екен саясаттанушы.