Олар қайта көшіп кету үшін келген жоқ
Павлодар облысына Моңғолиядан көшіп келген қазақтар екі-үш айдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмай сабылып жүр.
Жуырда Астанаға, тиісті мекемеге жіберген құжаттары қабылданбай, қайтып келген. Осыған қынжылған қандастар: «азаматтыққа құжатымыз қабылданбай, жұмысқа орналаса алмай далада қалсақ, Моңғолияға қайта көшуге мәжбүрміз» дейді.
Мәселенің қысқаша мән-жайы былай болған. Моңғолиядан атажұртына оралған қандастар Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін өздері көшіп келген елдерінен «сотталмады» деген анықтама алдыру қажет. Сосын оны Моңғолияның Астанадағы елшілігіне растатып, басқа да құжаттарымен бірге Қазақстан ішкі істер министрлігінің көші-қон департаментіне өткізуі тиіс. Павлодарға қоныстанған қандастар тиісті құжаттардың бәрін жинаған, әлі «сотталмады» деген анықтамасын да алдырған, Моңғолияның елшілігінен оны растатқан, бірақ ең ақырында ішкі істер министрлігінің көші-қон комитеті құжаттарды қабылдамай, кері қайтарған. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланды, әсіресе әлеуметтік желіде шет елден атажұртына оралған қандастардың құжат жинау, медициналық тексерістерден өту сияқты жұмыстарда түрлі кедергілерге жолығатыны айтылды. Кейін, 3 қазан күні мұны парламент мәжілісінің депутаттары комитет отырысында талқылағаны мәлім болды. Отырысқа ішкі істер министрлігінің бірінші орынбасары Сәкен Сәрсенов, сондай-ақ көші-қон комитеті, сыртқы көші-қон басқармасының бастығы Асқар Ауданғаров қатысты. Осы отырыста нақты не айтылғанын мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлынан сұрадық.
«Біз тиісті мекеме басшыларына Моңғолиядан көшіп келген қандастардың мәселесі бойынша нақты сауал қойдық. Бірақ олар бұған жөнді жауап бере алмады. Бар айтқандары «бүгін (3 қазан) кешке дейін, жұмыс уақыты аяқталғанша ресми жауап береміз» деді. Қазір міне жұмыс уақыты аяқталды, әлі жауап жоқ. Осы жағдайды талқылау кезінде менің түсінгенім – бізде бір қатар елдермен халықаралық келісім болған. Осы келісімге кіретін елдерден келген қандастарымыздан «сотталмады» деген құжат талап етілмейді екен. Ал бұл келісімге кірмейтін Моңғолия, Қытай сияқты елдерден осы құжатты талап ете бастапты. Мұны қандастар өзі келген елдің елшілігі арқылы алдыруы тиіс екен, меніңше, бұл қандастарды артық әуреге салу», - дейді ол.
Ресми мекемелерге біз де сауал жолдадық. Алдымен осы мәселе туындаған Павлодар облысы әкімінің баспасөз орталығына хабарластық. Олар сұрағымызды Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына сілтеді, ал аталған мекеме қызметкерлері өздерінің міндеті – квота және қандас мәртебесін беру екендіктерін айтып, ал мұндай жұмыстардан ешқандай қиындық, кедергілер туындамағанын көлденең тартып ақталды. Әрі бұл сұрақты Павлодар облысы полиция департаментінің көші-қон басқармасына қою керектігін айтты. Алайда ол жақтан ешқандай жауап болмады.
Ресми орындардан жауап ала алмағандықтан бүгін мәжіліс депутаты Ж.Амантайұлына қайта хабарсып, кешегі өзі қойған сауалдың жайын сұрадық. Алған жауабымыз: «Мардымсыз жауап берді. Толық жауап талап еттік. Күтеміз» болды.
Жалпы, шетелден келетін қандастарға қатысты, олардың құжаттарына байланысты кедергілер мен қиындықтардың болатыны туралы бұған дейін де жиі айтылып келді. Әсіресе азаматтық алудағы қағазбастылық көп сыналады. Амантайұлы айтып отыған «сотталмағаны туралы анықтама» да Қытай мен Моңғолиядан келетін қандастардан соңғы кездері сұрала бастады. Яғни қандастар көшіп келген елінен «бұл азамат бұрын сотталмаған, ешқандай заңсыздық жасамаған» деген анықтама алдырады, оны сол елдің Қазақстандағы елшілігіне апарып растатады да біздің құзырлы орындарға тапсырады. Кезінде осы «сотталмады» деген бір парақ анықтама Қытайдан келетін көшті едәуір бөгеді. Себебі Қытайдан келген қандастар мұндай анықтама ала алмай, сергелдеңге түсті. Қытай үкіметі ондай анықтама берілмейтінін айтты, ал біздің көші-қон департаменті оны талап етті, сөйтіп жүргенде Қытайда саяси жағдай қиындап, қандастарымыз елге жете алмай қалды. Негізі Қытай билігі елде ауыр қылмыс жасаған, өрескел заң бұзған азаматтарына шекарадан шығатын паспорт жасамайды. Демек, мұндай қылмысы бар қандастар Қазақстанға келе алмайды, онда «сотталмады» деген анықтаманың қандай қажеттілігі бар?! Бір қызығы – соңғы жылдары Қытайдан келетін қандастардан мұндай анықтама сұрау тоқтатылып еді, енді, міне, осы жөнсіз кедергіге Моңғолиядан келетін қандастар тап болып отыр.
Кедергі бұл ғана емес. Түсінікті болу үшін Қытайдан Қазақстанға келген қандастың азаматтық алуға дейінгі жолын және шығынын қысқаша шолып өтейік. Шекарадан өткен азамат ең әуелі үш тәулік ішінде eqonaq.kz қосымшасы арқылы уақытша мекенжайға тіркелуі тиіс. Ол үшін қандастар туыстарына, жақын таныстарына өтініш айтады, сөйтіп, үйдің заңды иесі eqonaq.kz қосымшасына кіріп, үйіне келген қонақтарды уақытша тіркейді. Бұдан кейін өзіңізге тиесілі құжаттарды аудартып, нотариалды рәсімдетесіз (әдетте жеке тұлғаның паспорты, азаматтық куәлігі, неке куәлігі, балалардың вакцина паспорты, аттестаты сияқты құжаттар екі данадан аударылады, әр құжаттың құны 2500-3000 теңге шамасында). Осыдан соң медициналық тексерістен өтесіз. Ол үшін көптеген анализдер тапсырасыз. Әр анализдің бағасы әртүрлі. Ендігі кезек ЖСН алу, «Оралман куәлік» дейтін құжатты рәсімдеу. Ендігі кезек азаматтыққа құжат тапсыру үшін тұрақты тіркеуге отыру. Негізгі қиындық осы жерден туындайды. Біріншіден жақын танысыңыз болмаса, ешкім сізді басыңыздан сипап, үйіне тұрақты тіркеуге (әсіресе шет ел азаматтарын) отырғызбайды. Екіншіден, тіркеймін деген жағдайда үйдің шаршы метрі қаралады (Алматыда бір адамды тіркеу үшін шамамен 15 шарты метр керек) егер үйіңіздің шаршы метрі жетпесе, тіркей алмайсыз. Үшіншіден, тіркелетін жер табыла қалғанның өзінде ол үй ешқандай мемлекеттік бағдарламамен алынбаған, қандай да бір банкте несиесі болмауы тиіс. Әсіресе Алматы, Астана сияқты үлкен қалаларда мұндай үйдің табылуы өте қиын. Енді не істейді, үйді несиеге берген банкке үй иесі өтініш жазады, оның жауабы 7-10 жұмыс күнінде дайын болады. Қош, сонымен басты кедергі тіркеу мәселесін шештік дейік, бұдан соң «Қытай азаматтығынан бас тарту» үшін нотариуске қайта барасыз, тиісті мекемелерге, жеке тұлғаларға өтініш жазасыз, «Қытай азаматтығынан бас тарттым» деп қол қоясыз. Бұл жерге әр адамға шамамен 14-15 мың теңге төлейсіз. Өстіп жүріп соңына да жетесіз. Ең соңында Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, Қазақстан азаматтығына құжат тапсырасыз, әр азаматқа 14 мың теңге төлейсіз.
Біз бұл мәліметтерді жақында ғана Қытайдан туыстары, әке-шешесі келген қандастардан сұрап анықтадық. Осы ақпараттарды Моңғолиядан әпке-жездесі және басқа да туыстары Павлодар облысына көшіп келген Қазақстан азаматы Бақберген Дариға да растайды. Ол:
«Жазда Моңғолиядан 15-ке жуық туыстарым Павлодар облысына көшіп келді. Солардың құжаттарын дайындауға миллион теңгеден көбірек ақша жұмсадық. Әр адамның басында кемі 4-5 құжат бар, ал әр құжатты 2000-2500 теңге көлемінде аударып, нотариус рәсімдейді. Бұдан кейінгі үлкен шығын медициналық тексерістен өту. Біз Павлодар облысынан 200 шақырым шалғайдағы Ертіс деген ауылда тұрамыз. Кейбір медициналық тексеріс үшін қалаға келеміз. Шынын айтқанда, ондағылар бізді тексеріп қарық қылмайды, бір құжатқа қол қойып, мөрін басып бергені үшін кемі 5-6 мың теңгеден ақша дәметеді, басқа жол жоқ, амалсыз келісесіз. Сөйтіп, кемі 6-7 есікті қағып, «наркоман емес», «псих емес» деп қол қойып, «мөріңізді басып беріңізші» деп өтінесіз, тиісті ақшасын төлейсіз. Міне, бір ғана медициналық анықтама үшін қанша шығын кететінін есептей беріңіз. Мен мұнда 200 шақырымдағы ауылдан қалаға күн сайын сабылатын шығынымызды қосып отырғам жоқ. Он шақты адамды көлікке салып, соншама жол жүріп келесің, бәрінің құжаты бір күнде біте салмайды. Қайтадан кері саласың, ертеңіне құжаты дайын болмай қалған туыстарым осы жолмен қайта келуге мәжбүр. Бұл әуре-сарсаң бір-екі күнмен бітпейтіні тағы анық. Сөйтіп, екі ортада сабылумен уақыт өтіп жатыр. Әрине, мемлекеттен берілетін квотаны алдық, бірақ оның өзі күнделікті жолға, ішіп жемге, үйге керекті жиһаздарға жұмсалды», - дейді.
Бұдан бөлек тағы бір түйткілді түйін бар. Ол – қандастардың жұмысқа орналасуы. Әдетте ақпарат көздерінде «қандастарды жұмыспен қамтыдық» деп жиі айтылады. Алайда қандастар тек Қазақстан азаматтығын немесе ықтиярхатын алған соң ғана ресми түрде жұмыс істей алады. Ал азаматтығы кешіксе, тек соны күтуге тиіс. Мысалы, Б.Дариғаның туыстары азаматтыққа құжат тапсырған соң ауылда от жағушы, мектепте еден жуушы болып жұмысқа тұрған. Бірақ оларды «азаматтықтарың жоқ» деп жұмыстан шығарып жіберген. Сөйтіп, о кісілер жұмыссыз, кіріссіз тек азаматтықтарын сарыла күтіп отыр. Ал азаматтықтың жайын жоғарыда айттық. Нақты қандай кедергілер болып жатыр, ол қалай шешіледі, азаматтық қолдарына қашан тиеді, бұл жағы әлі белгісіз.
Жақсылық Қазымұратұлы