Олар Мұқағалиды көрген...

Мұқағали Мақатаевқа — 90 жыл
Менің бала кеудемнен бүр жарған бұла сезімдерім бунақ-бунақ өлеңге айналғысы келіп бұлқына бастаған шағында, «поэзия», «ақындық» деген атауларды «маған да қатысы бар-ау» деп сезінген сәттердің өзіне мас болып, өлең деген сиқырлы сұлуға ессіз ынтыққан албарынды шағымда айнала жұрттың аузында Мұқағали есімі дауылдай борап тұр екен. Өтірік айтпайын, өлеңінен бұрын, аңызына аңсарымыз ауып, аузымыз аңқиып тыңдағымыз келетін де тұратын. Содан да болар, кейінірек Фариза Оңғарсынованың «Көгалды алаң», «Қыз монологы» деген өлеңдерін Мұқағалидың «Аршалысай» өлеңімен астастыра жымдастырып, өзіміз де аңыз құрап айтып жібергеніміз. Ауыл, ауданда өлеңнің өрісіне бізден бұрын ат шалдырған ағалардың да дулы дастархан басы Мұқағалисыз болмайтын. Өлеңдері жатқа оқылады.
«Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы».
Міне, Мұқағали болмысын осы шумақта айтылған сипатта көбірек әңгімелейміз. Мұқағалидың ер-тұрманы бүтінделмеген опасыз жалғанда біздің тұрманнан тамтық жоқ болса да жарасып тұратындай, дүниенің бар мен жоғын бақайымызға да ілмей ескеуілдеп, елеулеп баққан еркөңіл есер шаққа да жеттік. Сол кезеңде сойқап ұзақ жүрдік. Мәселе тіпті де (ұзақ иә қысқа) жүруде емес, мәселе талант пен талғам, тағдыр мен табиғат, тағы да басқа толып жатқан тылсым жаратылыста екенін ұғынғандай болдық. Мұқағалиға сол кезде қайта үңілдік.
«Кейіме, інім,
Сен тартқан мұңды мен емгем,
Кеткенмін сосын,
Өзімді-өзім жебеумен...» – деп мүлде бөлек сыр шертеді. Мұқағалиға қайта оралу балалық дәуреніңе қайта оралғандай сезімге бөлегеніне тағы қайранмын. Бала күніңде оқыған кездердің, әсерлі сәттердің елесі алдыңнан шауып өткендей, ақындық әлемге ұмтылған аппақ көңіліңнің самалы жүзіңді шалып өткендей. Дәл осы көңіл күйде, дәл осы ойдың жетегінде отырып бұл күнде әлі де арғы бетте жүрген өзімізден ілгергі аға буын ақындардан «Мұқағали алғаш сіздерге қалай жетті, қалай әсер етті?» деп сұрағым келді. Құдай бұйырғанда, кезінде Мұқағали туралы «Тарпаң талант, сортаң тағдыр» деген кітап жазған, бұл күнде Бейжіңде тұратын ақын Балапан Рабат ағамызбен тілдесіп қалдым. Әңгіме Мұқағали жайында болғасын, әрине, ағыла жөнелді:
-1980 жылдардың басында біз жиырмадан енді аттаған жас едік. Өлеңге құмартып, Қадыр ақынның айт-айқайсыз ақылды әрі пәлсапалық жырларын қойын дәптерге көшіріп, қолдан-қолға өткізіп оқып, жаттап жүргенде Шыңжаңдағы «Жастар-өрендер» баспасынан «Қаздар қайтып барады» дейтін жұқалтаң жыр жинағы жарық көрді де, Мұқағали дүбірі бірден барша өлеңсүйер қауымды, әсіресе жастарды шуағымен шарпып, шынайылығымен шырқ үйіріп әкетті. Мұқағали Мақатаев деген есім-сой содан бастап өзінің аңыздай ғажап, ғаламат сиқырымен жадымызды жаулап алды. Бойында титтей өлеңжелігі бар жастар Мұқағали жырларын бойтұмардай қастерлеп, кез келген уақытта, кез келген ортада күркірете оқып жүрді. Ол Мұқаңның сөзіне жазылған Н.Тілендиевтің «Саржайлау» әні де әуелеп тұрған мезгіл еді. Кейін жылдар аунаған сайын, Мұқағали өлеңдеріне халықтың ықыласы, оқырман сұранысы еселеп арта түсті. Содан соң арт-артынан басылым көрген «Жылап қайттым өмірдің базарынан», «Аманат» жинақтары, «Аңызға айналған адам» сынды Мұқаң туралы эссе-мақалалар топтамасы Мұқағалидың ақындық әлемін, адами болмысын, тарғалаң тағдырын білуге асыққан, тіптен Мұқағалимен «ауырған» жандарға аса мол рухани азық болды.
Мұқағали поэзиясының өмірге дендеп келуіне орай, өлеңжанды жұрттың нағыз ақын, жүрекжарды жыр жөніндегі талғамы тереңдеп, түйсігі түледі десем, артық айтқаным емес. Жалпы, қазақ поэзиясындағы біртуар құбылыс – Мұқағали Мақатаев өлеңдерін екінші тілге аудару аса қиын. Алайда білікті Қайша Тәбаракқызы бастаған ақынға аса құрметпен қараған аудармашылар бар зейін, зердесін жұмсап, Мұқағалиды қытай тіліне аударды. Ізгі ниетпен істеген бұл игі істі де лайықты бағалауымыз керек. Ал менің Мұқағали әлеміне үңілуге талпынған алғашқы толғанысым осыдан 25 жыл бұрын жазылған екен. Әлі де тың дүниелер жазыла берері анық. Мұқағали биігі – ешқашан аласармайтың биік. Ақынның шығармашылық әлемі – туған күнін тойлаған сайын түлеп, түрленіп, жаңа ұрпаққа жаңа қырынан жаңғырып жете берер өміршең әлем. Ақиық ақынның биылғы 90 жылдық мерейтойына орай әрі туған күніне бізден бір ауыз лебіз әзірге осы деп қабылдағайсың, – деді. Енді бұл сөзді жеткізу – бізге міндет.
Балапан аға айтса айтқандай, сол уақыттарда арғы беттегі әр қазақ Мұқағалидың оқырманы еді. Өзім оқыған «Қаздар қайтып барады» жыр жинағының 8-ші рет басылуы болатын. Оның өзі бір баспадан шыққаны. Ондағы кітапхана жүйесі қазіргі бізден басқаша-тұғын. Әр ауданда кітап сату орталығы бар, кім сатып алам десе, Үрімжіден кеше шыққан су жаңа кітаптар иісі бұрқырап, сөреде самсап тұратын. Қыстыгүні алысқа мал отарлатып жатқан қойшылардың талайының қосынан Мұқағали кітабы табылатын.
«Сыбызғыдай сызылтып азалы үнін,
Өкпек желі соққанда Қазалының.
Есігін аш, ен де кет, тосырқама,
Қазалының кез келген қазағының», – деп аңқылдаған ақынның өзі де әр қазақтың үйіне, әр қазақтың жүрегіне еніп кеткен екен-ау деп қайран қаласың, тәнті боласың. Сырға барған бір сапарында-ақ қазақы бітімін бүтін ұстап отырған сондағы жұртты жалғыз шумақ өлеңмен сипаттап бере салған екен ғой деп тамсанасың.
Сол дәурен, сол кездерде өлеңнен өзге дүние айтпайтын едік. Өз басым Қазақстандағы ақын-жазушыларды оқып, өзгелерге айта-айта оларды да әбден қызықтырып, өзім енді сол ақын-жазушыларды көруге өлердей ынтықтым. «Өлгенінің басына барып, тірісінің өзімен жолығам» деп қиялдаған сәттерімді қайыра еске алсам, өз алдына бір естелік екен.
Пойыздан түсіп, жан-жағыма алақтап тұрғанымда Табысбек пен Бейсен досым жүгіріп келе жатыр екен. Құшақтап, кезек көтеріп, ерекше қуанышпен қарсы алды. Менде ес жоқ, мәзбін. Жеттім-ау, әйтеуір. Бұл 2004 жылы наурыздың 20-сы еді. «Жігіттер, Мұқағалидың көшесімен жүре аламыз ба?» деймін мен. «Жүргенде қандай! Мүсіні бар, жап-жақын жерде» дейді. Қызық, сол бір сезім қызық болды. Мұқағалидың мүсінін көрген кезде денем суып сала бергендей сезілді. Мұқағали менен өз алдына бөлек әлем, бөлек адам, тіпті мені білмейтін де, танымайтын, өз алдына жүрген, өз алдына өмір кешкен, өлген, маған түк қатысы жоқ адамдай сезіліп кетті. Сөйтсем, мен өзімді, өмірімді Мұқағалимен біріктіріп алған екенмін ғой. Ол менің күнделікті өміріме қатысы бар адамдай тұтасып, тұлғаланып кеткен екен. Қалай? Білмеймін, қазір де жеткізіп айта алып отырған жоқпын. Соны Алматыдағы мүсініне келгенде аңғардым.
Бұл жазып отырғандарым халқының жүрегінен жарып шыққан жауқазындай таңғажайып ақынға деген ынтық көңілімнің бірер көрінісі ғана. Оның поэзиядағы биіктігі мен тереңдігі жайында сөз басқа.
«Қалқам, мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген», – деп жырлағанда, ол өзінің кім екенін, шындап келгенде құдіретті қара өлеңнің бәсі олардан артық болмаса, мысқал кем еместігін айтып тұрған жоқ па? Қара өлең дегені – әрине, ақынның өзі ғой, енді. Жоқ, өлеңін талдамақшы емеспін. Өзі өлең жазғанда қалай ағылып келіп тұрса, жадыңда жатталып қалған сол өлеңдер ақынға алғаш келген сәтіндей саған да құйылып келе беретіні бар емес пе?! Кейде тіпті «Мұқағалиға осы сөз қайдан, қалай келді екен?» деп ойланып кететін сәттерің болады. Шын ақынның өлеңінің ішінде тыраштанып өлең жазатындардың қаламына іліне бермейтін бір сөздер жүреді. Нағыз ақын сол сөздерде тұрады. Мұқағалидың:
«Тауға шығып ентігіп,
Етегіңді жел түріп,
Енжарлықты өлтіріп,
Тұрсаң-ау бір желпініп!
Қарағайлар қапталда,
Қыран ұшып шатқалда,
Сәби-өзен шырылдап,
Жер тепкілеп жатқанда,
Пай, пай, шіркін, не жетсін
Сол бір сұлу шақтарға!
Омырауыңды ағытып,
Аунай кетсең мақпалға,
Одан артық бақ бар ма?!
Одан артық бақ бар ма?!» – деген өлеңіндегі қапталдағы қарағай, шатқалдағы қыранды кез келген өлең жазғыш жаза алады. Айтпағымыз бұл сөздер емес, әрине. Омырауын ағытып мақпалға аунауды да кез келген ақын жаза береді. Мұндай шаққа не жетсін деп шаттана алады. Ал «Сәби-өзен шырылдап, Жер тепкілеп жатқанда» деген сөзді жазу үшін нағыз ақын болуың шарт. Себебі сол тауға Мұқағалимен ілесіп шығып, төмен қарасаңыз, төменде жай ғана өзен ағып жатады. Иә, мөлдір, тұнық, тағы қандай болуы мүмкін? Тастан-тасқа секіріп, сыңғырлап, табиғаттың желімен, сыңсыған орманымен гармония құрып үндесіп… Бұған да сәл қиялшыл, әсершіл жүрек керек, әйтпесе таудың суы жай ғана ағып жата береді.
Ал анау бейнені ақын ғана сезінеді, ақын ғана жазады. Түу етекте ағып жатқан тау суы шалқасынан жатып шырылдап жылаған бала секілді елестейді. Тазалығы, тепкіленген тентектігі, әлде бір тілек, әлдебір ашу бардай шырылдаған үні… Ақынның тұла бойын шарпып өткен алапат, бұла сезім. Сол сезімнен сығылып шыққан сөз. Дәл осы өлеңдегі ақын, өзгеден ерек Мұқағали сол жерде, сол сөзде тұр. Мұны адам ойлап таба алмайды. Оған ұшқыр қиял, қылдан жіңішке, қылыштан өткір сезім, бір сөзбен айтқанда, ақындық жаратылыс керек.
Сөз сиықыры, сөз тереңі шынымен ғажап әлем. Қызықтап ақынның қиялының ішіне еніп көргің келеді. Сірә, осы сезім Мұқағалиға қалай келді екен? Бала күнінде иә кейінгі кезде көрген, естіген, ұмытқан, тіпті түсінде көрген әлдебір оқиғалардың жаңғырығы себеп бола ма, қалай? Өзенді жер тепкілеп жылаған сәбимен байланыстыратын қандай да бір оқиға бар ма?
Әрине, сіз бен біздің ойымызға алдымен иен дала, тақыр құмның үстінде аптап ыстыққа қақталып, қатты қысқан шөлден қаталап, шырылдап жылаған баланың өкшесінен бұрқ етіп шыққан зәмзәм суының оқиғасы оралады. Мүмкін, бала күніндегі ата-әжелерінен естіген сол бір әңгіменің жаңғырығы ақын тауға шығып, көңілі шалқып тұрып, түу төменде ағып жатқан тау суына шаттана қараған бір сәтінде сынған сәуленің шағылуындай көкейіне оқыс сурет салып өте шықты ма екен?.. Мүмкін, басқаша оқиға, басқаша күш. Біз ақын қиялына әсер етер әлемге қызығып, Мұқағали шыңырауына шым батып отырған бір сәтте қиялымыздың ұшар басына көбелектей қаңғалақтап осындай бір ой келіп қонақтайды. Алайда ақын оның қайдан, неден, қалай келгенін білуі міндетті емес, біле бермейді де. Тек келген дүниені қағазға түсіруге міндетті. Оны ақынның жазу машығы, түу тереңнен шымырлап жатқан шалқар білімі және өлең жазатындардың бәрі жаза алатын керекті сөздері де жан-жағынан қаумалай келе қалып, сәтті қарсы алуы керек болды. Ал ондай сөздерді Құдай ауызға салмаса, ойлап таба алмайсың. Мұндай сөздер Мұқағали жырларында сағымдай жөңкіп жүреді. Оны да оқырман көбіне өлеңдегі ақын көңіл күйін дөп баса оқығанда анық аңғара алса керек.
Жүректердің шыңырау түбінде, тілектердің ұшар басында үндесіп жататын қайран Мұқағали! Мұқағалидың сөзіне жазылған осы бір әнді тыңдап, кейін бұл әннің тарихын білгенде ерекше әсерленіп едім.
Мұқағали бұл өлеңді Мәскеуде жүрген кезінде жазыпты. 1973 жылы деп көрсетілген екен. Ауылда қалған Шолпан деген кішкентай қызын әбден сағынып, зарыққан ақын қарапайым ғана «Шолпаным, сағынғаным-ай!» деп егіледі. Шынайы сөзде жан болады. Қашан оқысаң да, жаныңды шарпып өтеді ғой.
Жүректердің тоғысуын қараңызшы! 1995 жылы Қытайда тұратын Мұратхан Шериязданұлы дейтін жігіт ауылынан жырақта, Қытайдың Ләнжу деген қаласына оқуға барып, ауылын сағынып жүргенде осы әнді жазыпты. «Ауылды қатты сағынып жүрген кезім еді, бір күні сабақта отырғам, бір кезде өзімнен-өзім біраз жырларын жатқа білетін Мұқағалидың «Алатау, сағынғаным-ай! Алматы, сағынғаным-ай! Аяулы қауымдарым-ай! Бауырларым-ай» деген жолдарын әуенмен ыңылдап айтып отырмын. Содан сабақтан атып шығып, жатағыма жүгірдім. Келіп, гитарамен тартып, жаттап алдым», – дейді Мұратхан. Сөйтіп, дүниеге сағынышты ән келеді. Бұл ән ауылынан алыс жүрген сол жақтағы қаншама қазақ жастарының сағыныш, зарығын басар емге айналады. Сол кезде Қазақстаннан барып жүрген студенттермен бірге отырып шырқағанда, ауылы мен Алматысын сағынған жастар бар, «Қазақстанға барсам» деп армандаған сол жақтағы қыз-жігіттер бар, қосыла шырқап, қосыла жылаған талай оқиғалар болған екен. Мұратхан бұл әнді 2008 жылы Үрімжі қаласында өткен Мұқағалиды еске алу кешінде орындайды. 2009 жылы арнайы шақыртумен келіп, Алматыда өткен бір кеште де орындаған екен. Сол әннің жетегімен өзі де сол Алматыға жетіп, Мұқағали жүрген Алматының тұрақты тұрғынына айналыпты.
Кейде бұл ән қазақта әкенің қыздарын қалай жақсы көретінін, қалай сағынатынын айғақтап, соның бір биік көрсеткіші секілді болып та сезілетіні бар. Аңқылдаған ақынның жүрегінен шыққан ыстық лебіздің сонау арғы беттің де ар жағында жүрген бір бауырының жүрегін тербеткен кереметін қарасаңызшы! Әуен бұл өлеңге қалай дөп түскен! Не деген үндестік!
Қазақ неге ауылды сағынады? Бауырмал қауымын сағынады. Өз ініне кіріп алып, табанын жалап жататын суыр секілді болса, несін сағынады? Жақындарыңа деген сағыныш тұтас қауымды сағынуға ұласқанда санаң сезімге, сезімің тұтастай сағынышқа айналып, жан әлеміңді теңіздей толқытпақ.
Мұқағали туралы кафе-барлардың маңындағы оқиғалардан аса алмайтын естеліктер емес, оның шын мәнінде құбылыс екенін жан-жақты аша түсер, сол арқылы шын мәніндегі ақын деген қандай асқақ ұғым екенін аңғартар зерттеулер де жазылар әлі. Мұқағали жырларында тұтас қазақтың болмысы жатыр. Тіпті сана, мінезіне салған уақыттың таңбасы да. «Жігітінен қазақтың дос таба алмай...» деген жалғыз ауыз сөздің өзімен қанын ішіне тартқан зымиян қоғамның сұрқия сипатын ашып бере салған жоқ па, өзі? Баяғы бала көңілдің ыстық табындағы махаббат көзімен қарар болсам, кейде қазақтың ақын-жазушыларын «Мұқағалиды көргендер мен көрмегендер» деп, екіге бөліп көріп тұратыным бар. Әне бір ақындардың қасында тұрып «бұл кісі Мұқағалиды көрді ғой, сонда» деп, қызыға қарап қоятын қитұрқы ойымнан өзім ыңғайсызданып қалған сәттер болған. Шынында, көрді ғой, ә?..