«Олар шын дос емес, көлеңкелер екен»

17 – ақпан жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың өмірден озғанына 5 жыл. Өз сөзімен айтсақ, қазақтың қара сөзін қойдай өргізген қаламгердің артында қайталанбас мол мұрасы қалды.
Алып Атырауы, жалпақ Жайығы, ұл-қызы – ұрпағы қалды. Жазушының жазған-сызған дүниелерін жинап, тынымсыз насихаттап жүрген жары Сәуле Отарбаеваны осындай орайлы сәтте әңгімеге тартқан едік.
–Сәуле ханым, қазақтың қабырғалы қаламгері Рахымжан Отарбаевтың өмірден озғанына бес жыл толыпты. Отарбаевсыз өткен бес жыл жары ретінде Сізге ауыр тигенін іштей сеземіз. Рахымжан ағаның жоқтығына көндіге алдыңыздар ма?
–Иә, бес жыл… Рахымжан ағаң кеткелі тура соншама уақыт өтіпті. Кей-кейде ойлаймын ағаңсыз өтті ме өзі сол жылдар деп? Содан кейін өзіме-өзім жауап беремін. Жоқ, әрине, жоқ. Шындығы сол. Жылына дейін еш қағазын қозғамай, әне келеді, міне телефондайды деп елеңдеумен жүріппін. Үйге кіріп келе жатқандай, ас үйде шәй ішіп отырғандай, ана бөлмеде қағаз қарап отырғандай, кейде «мамасы» деген даусы естілгендей жүрдім. Бала-шағасы да солай болды. Елегізулі болдық. Қаракөзіне папасы қырқына дейін күнде түсіне енді. Күнде көретіні әкесі және бір түс қана енетін. Қыздарына жақын болды ғой. Өте жақын болды. Әр өтініш-тілектерін орындауға тырысатын. Еш ұмытпайтын. Жалғыз ұлы дегенде шығарда жаны бөлек еді. «Жақсылардың барлығы жалғыз-жалғыз дегенге, жалғыз ұлым мен сені қосып жүрмін өлеңге» деген Жұмекен аға жолдарын жиі айтатын. Сөйткен балаларына әкеден, жеңгеңе ең жақын адамынан айырылу оңай болмады. Мұндайда айтылатын «уақыт емші» дегеннің де бос сөз екенін түсінгендеймін. Сендегі сезім уақыт өткен сайын әртүрлі реңк алып, келеді деген үміт сағынышқа, сағынышың балаларымызға қарап алданышқа, кейде шүкіршілікке айналып, кейде естелік болып санаңда сөйлеп, жүрегіңде жаңғырып, жаныңды жылытып, өзіңмен бірге жүреді екен, соны түсіндім. Ағаңның жоқтығына көндігу мүмкін емес қой, қайным. Бұл дүниеде мүмкін емес бір нәрсе болса, ол аяулы адамдарыңның бұл дүниеде жоқтығына үйрену, көну. Санаң түсінгенді ішкі дүниең қабылдамайды. Мен үшін солай. Ағаң кеткенде Нұрберген аға Балғымбаев: «Сәуле, саған Рахымжансыз өмір сүріп үйрену керек» деген еді. Үйреніп жатырмын. Өмір-мектебі үйретіп жатыр. Ағаңа жолықтырған, сүйікті адамы еткен тағдырыма қаншалықты риза болсам, қазір де бала-шағасы саналы, аман-есен екендіктеріне соншалықты «мың шүкір» деймін!..
–Алақанына салып аялаған асқар таудай азаматтан бір-ақ күнде айырылып қалудың зілдей ауыр салмағы болатынын сеземіз.
–Ағаң кеткенде біреу үстімдегі жылы жабындымды сыпырып алғандай жан дүнием жалаңаштанып қалды. Қоғамның небір сырқатын көріп, ішкі тіреуіштерім қирап, рухани омыртқамды біреу сығып сындырғандай күй кештім. Құр сүлдерім қалғандай, еш салмақ жоқ жел үрлеген қаңбақтай болып қалғанымды өзіңмен алғаш бөлісіп отырмын. Ағаң барда адам боп жүргендер басқа боп шыққанда, бұрын қуалап кеп амандасатындар көрсе де көрмеген боп өте шығатын рухани мүгедектер боп шыққанда, бұрын ағаңды іздеп маған қысқа күнде қырық телефон шалатындар жазған хабарламаңа жауап жазуға жарамағанда, жадағайланып қалған жаныңның бөлшектерін өзің жөндеп, өзің қайта қалап, басқа адам, басқалай Сәуле бола бастадым. Басқалай мүмкін емес. Тапталып, сынып, қирап қалсам күйеуінің арқасында жүрген көп әйелдің бірі боп қалар едім де, бастысы, ағаң мұрасы өзімен бірге өлер еді. Өлтірер еді. Қазақтың қанша марқасқасы жоқтаусыз, атаусыз кетіп жатыр. Мүжілуге, әлсіз болуға еш қақым жоқ дедім. Өзімді-өзім көтеріп, үстіме қонған сыпсың сөз, өсек-аяңды қағып-сілкіп, жүрегімнің тілінген жерлерін тебен инемен тіккендей жамап, көңілімді көтеріп, еңсемді тіктеп жүріп келемін, қайным. Басқалай болуы мүмкін емес. Балаларым да маған қарайды. Ел екібастан. Бинокльмен, лупамен қарағандай көз тігіп отырғандар бар екенін сеземін. Көбі көлгірсіп, аяған болып қарайды. Мүсіркеген болып жанды жеріңді тырнап кететін мысықтілеулес көп парықсыздың ішінен шын дос, шын ағайын, шын аға деген аз топтың көл-көсір тілегі мен мөп-мөлдір ниеті жеңгеңді қос қолтықтан дұрыстап тұрып демеп келеді. Алғысым шексіз!
–Шығармашылық адамының екінші өмірі өзі қайтыс болғаннан кейін басталады деп жатамыз. Рахымжан Отарбаевтың екінші өмірі-шығармашылық өмірі қалай өріліп жатыр?
–Інім, тек шығармашылық адамы емес, кез келген пенденің екінші өмірі өзі өмірден өткен соң жүретіні сөзсіз. Әкем бірде анама айтып отыр екен: «адамның өмірден өткені ештеңе емес, артыңа қандай ұрпақ қалдырдың соны айт» деп. Рахымжан ағаңдай ерекше жанның соңы қалай жалғасады, мұрасының сақталуы, қолды болмауы, бұзылмай келесі ұрпаққа жетуі, зерттелуі, таратылуы бәрі-бәрі ең алдымен, отбасына, содан соң ғана еліне байланысты екен деп ойлаймын. Фариза апам айтпақшы «туатын жерлер тұрғанда тумайтын жерде» туғаның да, «биографиясы келгенмен географиясы келмейді» дейтін қазақ екендігіміз де бар. Ол ащы да болса шындық. Жақында ғана республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясына үміткерлерді атап-атап алып, Астанадағы ағаң өзі басшылық жасаған қазақтың Академиялық кітапханасы конкурс өткізді. Кімді таңдапты дейсің ғой, конкурсқа түспеген қаламгер жеңіп шығыпты. Қателеспесем, Төлен Әбдіков. Еш қарсылық жоқ. Түсініксіз нәрсе тізімде жоқ адамның «жеңіп» шыққандығы. Олай болса конкурс неге керек еді? Конкурсқа деп сұрыпталып алынған бес қаламгердің не жазығы бар еді? Қырғын қазылар алқасын жинап, мәжіліс құрып не керек еді? Өзі соңғы кезде басы даудан арылмаған кітапхана жұмысын жаңа басшылық осылай жалғаса – әділетті Қазақстанды руханият, мәдениет жақтан іздеп керек емес-ау!.. Ағаң өзі отырғанда ешкімнің обалына қалмап еді. «Қара қылды қақ жарған әділдігімен, «біреуге жақпасам мініммен емес, мінезіммен жақпадым» деген адалдығымен кеткен. Ешкім ағаңды «жолымды кесті, жүлдеден қақты» дей алмайды.
Ағаң кеткелі отбасы өз қаражатына конкурстар да өткізді, кітаптарын елден де, шет елдерден де шығарды, таныстырылымдарын да жасады, тапсырыс беріп, зерттеу кітабын да жаздырып жариялады, кітапханадан оқу залын да ашты, университеттен атаулы дәрісханасын да дайындап, студенттер игілігіне берді, әніне клип түсірді, ағаң туралы зерттеу еңбектері үшін жас әдебиетшілерге сыйлық та тағайындады, студенттерге ағаң атындағы стипендия да берудеміз, сайтын да аштық, үш тілде биобиблиографиясын да шығардық. Жақында ғана библиографиясының Ұлттық кітапхана ұжымымен бірге академиялық нұсқасын қазақ, орыс тілдерінде жарыққа шығармақпыз. Жұмыс еш тоқтаған жоқ. Сондай-ақ фестиваль, халықаралық ғылыми конференциялар, документальды фильм сияқты ауқымды шараларды Атырау облыстық әкімшілігінің қаржылай қолдауымен өткізіп жатырмыз. Бірақ бәріне де хат жазып, есік қағып, қоңырау шалып жүрмесең жұмыстың жүруі қиын. Және төменде отырған қарапайым мемлекеттік қызметкерлер «ақша жоқ» деп жаттанды жауап жазып қарап отыратыны, жазған хатыңның артынан шам алып іздеуші боп жүру қажеттілігі шаршатып жібереді. Хатың тікелей басшыға бармай, бөлімдегілер жауап бере салатын жүйе қайдан шықты, ол мен үшін түсініксіз. Бірақ отбасымыз биылғы жылға да жоспар құрып, сол жұмыс жүйелі жүруі тиіс деп отырмыз. Дәл күні бүгін бітіп тұрған шарамыз жоғарыда айтып өткенімдей, Алматыдағы Ұлттық кітапханамен біріккен жобамыз және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі ағаң дәрісханасы базасында ашылар хаб. Ағаң шығармашылығын зерттеумен айналыспақ, жас ғалымдар легін қалыптастырмақшы креативті хаб жұмысын белгілі әдебиетші, М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының PһD докторанты Айнұр Төлеу жүргізбек. Кітапхана басшысы Бақытжамал Қайырболатқызы да университет ректоры Салауат Нұрмұханұлы да өз істерінің білгірлері де, жанашырлары. Екі басшының да жұмыс істеу шеберліктеріне, мәдениеттеріне тәнтімін. Алғысым шексіз!
–Рахаң көзі тірісінде аға-іні, дос-бауыр жиған азамат еді. Бірақ өзі қайтқаннан кейін сіздер өткізген фестивальдерде сол көне «көздердің» қатары «сиреп» қалғандай көрінді...
–Солай болды. Олар шын адам емес, көлеңкелер екен. Кім мықты – соның көлеңкелері. Ағаңның көлеңкелері болып жүргендер. Басқа сөзім жоқ. Ақыреттік дос дегеннің мағынасын да енді түсініп жатырмын. Олар неміс жерінен тапқан достары – Сүлеймен Шадһам мен Өмірхан Алтын екен. Отбасыларымен бірге. Бірді-екілі ағалар, азаматтар Атырауда, Алматыда, Астанада. Рұқсатсыз аттарын атай да алмай отырмын. Дегенмен күні бүгінге дейін ағалығынан айнымаған бір адамды айтып өткім келеді. Ол – Төкен аға Танаев. Жақында, Жарас өзің куәсің, Жаһангирдің «Сүндет тойында» болашақ мектебін де, жоғары оқуын да шешіп тастады. Ол орындалар орындалмас, әңгіме онда емес. Әңгіме «айналайын, Рахымжанның маған көрсеткен жақсылығы көп, ұмытпаймын» деген кіршіксіз көңілінде. Төкен аға мен Дина жеңгемнің көңілдері төбемізді көкке көтеріп тастайды. Қазақ «ниетіңе сай болайын» деп осындайда айтса керек. Бізде «көңіл көңілден су ішеді» дейді. Зәмзәм су десе де болғандай. Мәскеулік орыстар бар. «Қалайсың? Сенің әкең керемет адам» деп балаларына хабарласатын солар адал боп шықты. Көп қазақтан артық. Қалғаны ағаң айтпақшы, адам жоқ, кілең кісі қатарынан. Амандық біліп хабарласу да адамдық белгісі боп қалғаннан кейін не сұрайсың?! Бірақ інім, бір қызық дүние бар. «Әттең кездесе алмай қалдым», «кітаптарын сүйсініп оқимын», «менің сүйікті жазушым» деп іздеушілер көп. Сол қуантады. Көбі жастар және қазақтың кең даласының түкпір-түкпірінен. Екінші өмірінің ұзағынан ұзақ боларының шын дәлелі осы болса керек.
–Рахымжан ағаның пьесалары бірнеше театрда қойылып жатқанын білеміз. «Өзі жоқтың көзі жоқ» деп бұра тартып, драматургтың шығармашылығына қиянат жасап жатқан «авторлар» мен театрлар бар ма?
–Бұл сұрағың да «қызық» жауап күтіп тұрғандай. «Сөздің киесінен қорыққан», «көңілінің кірі бар адамның алдына ақ қағаз жаюға болмайды», «сөз сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады» деген суреткер Рахымжанның сөзін, сөз тіркестерін ұрлап пост жазатындарға пікір жазып, бар екендігімді білдіріп қоямын. Көбі қара тізімге жіберіп, «құтылмақшы» болады. Құдай бермегенді сұрап та, ұрлап та толтыра алмайсың ғой. Соны түсінбегендер өздері іріктеліп, електен өтіп қалатын уақытшалар деп ойлаймын. Ағаң кеткеннен кейінгі фестивалі 2019 жылы өтті. Сол кезде кезекті қойылым талқылауынан кейін сөз сұрап ортаға шықтым. Қазылар алқасын басқарып отырған Асанәлі ағам Әшімов сәл тіксініп қалғандай әсерде болдым. Дегенмен «алажағым кетсе де, айтажағым кетпесін» дейтін қазақпын, әрі артымда ағаң мұрасы тұрғандықтан ескерту сөзімді айттым. «Рахымжан Отарбаев шығармашылығын сырттай бақылап отырған «Атырауы, елі бар, оқырмандары, көрермендері, отбасы бар. Еңбектерінің атауын, мәтінін жөнсіз өзгертуге, басқа біреулерді телуге еш болмайды». Қысқа-нұсқа айтқанда осылай дедім. Дегенмен бір мысал айтайын. Жақында ғана фейсбук әлеуметтік желісінен оралдық бір өнерпаз пост жазыпты. Сүйіншілетіп, афишалатып. Ағаңның қасына тағы бір драматургты қосып қойыпты. Ағаң ешкіммен бірігіп пьеса да, басқа да жазбаған. «Аналарың не?» деп сауал тастағанмын. Не режиссері, не қалалық бөлім басшысы, не облыстық басқарма басшысы жауап бермеді. Беттері жоқ па, ұяттары жоқ па, әйтеуір бірдеңелері жоқ екен. Жеңгеңнің ойы жеткенмен уақыты мен қолы жетпей жатқан тұс әзірге – осы. Міндетті түрде жауап аламын. Жеңгеңе жауап бермегенмен жауапкершіліктен құтылмайтынын білуі керек еді. Оралдық өзің сияқты қайныларым жазып жіберіпті. «Осындай халтурщиктер-ақ ұятқа қалдырып болды елді» деп.
–Отарбаев күллі қазақтың жазушысы. Қаламгердің мерейтойларын, театр фестивальдерін өткізу – Рахаңның отбасына жүктелген міндет емес. Бірақ бес жылдан бері марқұмның шығармашылығын насихаттауды «Рахымжан Отарбаев руханият қоры» жеке қоры өткізіп келеді. Мәдениет министрлігі, Жазушылар Одағы атсалысатын шаруа еді. Бөз жылуы болмаса да, сөз жылуы бар ма?
– Оны, Жарас қайным, сол мекемелердің өздерінен сұрамасаң дәл бүгінге дейін ешкім есік қағып, телефон шалып көрген емес. Шынымды айтсам, біз де оларды іздемеппіз. Ағаңның жыл кәдесінде Ұлықбек досы мен Атырау филиалын басқарып отырған Қойшығұл Жылқышиевке қаратып айтқанмын, «Рахымжан Отарбаевтай жазушы күнде кетіп жатыр ма, бір жылда бір іздемедіңіздер» деп. Жесір екендігімде шаруам жоқ, кіші жүздігіме басып, жер тарпып тұрған менікі де дұрыс емес шығар, бәлкім. Екеуі де ақындар ғой, жүректері нәзік, ренжітіп алдым ба, мүлде хабарсыз. Аман жүрсін деймін. Еш реніш жоқ. Мүмкін міндетті де емес шығар. Бар шаруаны Атырау облыстық әкімшілігі мен отбасы құрған жеке қор атынан өзіміз жүргізіп отырмыз. Атыраудың қай-қай басшысы да ағаңа, жалпы әдебиет пен мәдениетке оң көзқарастағы азаматтар. Мүмкіндікті пайдаланып, елдің алдында ризашылық білдіргім келеді. Ағаң «Айналайын, Атырау, алтын бесіксің ғой, алтын бесік. Жаман балаңды төбеңе көтердің де, тербеттің де ғой. Осы елдігіңнен де, өрлігіңнен де айнымашы, айналайын, Атырау!» деп фестивальдерінде ағылып-төгілуші еді. Бекер емес екен. Атырауынан топырақ бұйырып, Жер-Анасы тербетіп те, Атырауы төбесіне көтеріп те жатыр. Ризамыз! Ағаң шығармашылығы барда – қазақтың тарихы да, кестелі көркем сөзі де өлмек емес. Атырауы, Ақжайығы аман тұрғанда, ағаң сөзі де, өзі де ұмытылмақ емес. Мен соған сенемін, біз отбасы – тек себепші, қолдаушы, тілекші ғана. Әдебиет деген ұлы көштің Рахымжан Отарбаев салған соқпағы сара жолға айналғалы қашан?!
– Әңгімеңізге көп рақмет!