Олардың Бейсембаевпен кездескісі де, сөйлескісі де келмейді
Қазақстандық мұғалімдер оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың орнынан кетуін талап етіп, президент атына ашық хат жолдады.
Өткен аптада тиісті орындарға жіберілген хаттың мәтіні әлеуметтік желілер мен сайттарды бірден шарлап кетті. 136 педагог қол қойған хат былай басталады: «Білім саласындағы соңғы өзгерістерден кейін бірқатар мәселелер жолға қойылып, білім-ғылымға бет бұрған жастардың легі артуда. «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданған соң ұстаздық жолды таңдайтын дарынды жастар да көбейді. Бірақ Ғани Бейсембаев бұл өзгерістерге саботаж жасауда. Жүрген жерінде көпірме сөз бен өтіріктен аспайтын министр деңгейінің шағын мектепті басқаруға да жетпейтінін көрсетуде. Бұлай жалғаса берсе, соңғы жылдарда жасалған оң өзгерістер құрдымға кетеді».
Ары қарай ұстаздар бұл пікірлерін жүйелеп, бірнеше тармаққа бөліп тарқатады. Ең алдымен айтып отырғандары, білім саласында біткен істің, нақты нәтиженің жоқтығы. Педагогтар Бейсембаев келгелі құр ұран, бос сөздерге тойдық, шикі құжаттардан көз ашпай келеміз деп шырылдайды. Әсіресе аттестация, білім мазмұны, білім бағдарламасы, ең қарапайым оқу жоспарына дейінгі құжаттар әртүрлі өзгеріске ұшырап, талаптар түрленгендіктен педагогтар әуре-сарсаңға түскен. Бұл туралы хат авторларының бірімен сөйлестік.
«Қазақта «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген бар. Оқу-ағарту министрлігінен шығып жатқан бұйрықтардың артықшылығы мен кемшілігін басымыздан өткеріп, күнде сынағынан өтіп жүрген соң айтамыз. Аттестацияның да жетілмеген жерін білген соң көтеріп жүрміз. Ал білім бағдарламасының нәтижесі жұртқа аян. Сапаның төмендігі айтылып-айтылып болды. Жыры бітпейтін оқулықтың да қатесін «ручкамен» түзеп, әлі отырмыз. Қазіргі бағдарлама мен оқулық түзелмейінше, жағдайымыз жақсы деп өтірік айта алмаймыз», – дейді педагог Айнұр Сабыр.
Ең қызығы, биыл Бейсембаев келіп, 5 қыркүйекке дейін шығуға тиіс оқу жылын бастау туралы бұйрық қазанда бір-ақ шыққан. Ұстаздар тарихта болмаған бұл құбылысқа таңданысып, «бірінші рет оқу жылын бұйрықсыз бастадық» дейді. Құжат оқу апталарының қысқаруына байланысты кешіксе керек. Бұл да біраз шу болған тақырып. Сол кезде де осындай маңызды өзгерістер жасарда мұғалімдердің ойы мен кәсіби сарапшылардың пікірі ескерілмейтіні сөз болды. Министрлік жанындағы қоғамдық кеңестің де аты кеңес болғанымен, заты олай емес көрінеді. Белсенді мұғалімдердің айтуынша, Бейсембаев қолдан жасап алған сарапшыларының аргументтерімен жұмыс істейді. Демек, білім жүйесіндегі олқылықтарды күнде көзімен көріп, таяғын жеп отырған педагогтардың ұсыныс, ойлары тыңдалмайды деген сөз. Ал қабылданатын шешімдер қағаздағы статистикадан арғысынан бейхабар кабинетшілдердің қорытпасы. Мұндай жағдайда нәтижелі өзгеріс, оң бетбұрыс туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Мұғалімдерді ашындыратыны да сол – кері байланыстың, ашықтықтың жоқтығы. Жаңадан министр болғанда «мен ашықпын, әрбір пікірді, сынды қабылдаймын, ұстаздардың сөзі жерде қалмайды, тіпті мені белгілеп жазба салсаңыздар да оқимын» деген Бейсембаевтың желікпе сөзі жерде қалғандай. Мұғалімдер «белгілеп жазсаң оқимын» деген соң әлеуметтік желілерде шерін тарқатып, жазбалар жариялаған. Әртүрлі мәселелерді көтеріп, белсенділік танытып жүргендер бұрыннан да аз емес. Сөйтіп жүргенде, Бейсембаев өткен мамырда бес мұғалімнің үстінен арыз жазып, ІІМ мен бас прокуратураға жіберген. Сол кездегі аппарат басшысының атынан жолданған арызда мұғалімдердің әлеуметтік желідегі жазбаларына сілтеме жасап, қылмыстық іс қозғауды сұраған. Алайда қылмыстық құрам жоқ деп, іс жабылған. Бірақ министрдің аппарат басшысы арқылы қатардағы қарапайым мұғалімдерді сотқа беруі, қалай айтқанда да, тышқаншылаудың бір көрінісі.
Министрдің мысық-тышқан ойыны
Хаттың екінші бөлігі осы тақырып төңірегінде. Онда: «Бұл шағымға қатысты кейбір мұғалімдер жергілікті полиция қызметкерлерінің алдына барып, жауап берді. Жазбаларында қылмыстық құрам болмаса да, қарапайым мұғалімдерді полицияға сүйреу министрдің ісі ме? Бұл іс-әрекет оның белсенді мұғалімдерді қудалап, өз ойын ашық айту құқығын шектегені. Аталған шағымда: «министрдің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін және оның беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтер тарату»; «министрліктегі заңсыз іс-әрекеттер туралы бірқатар материалдар жариялау» делініпті. Сонда мұғалімдер заңсыз іс-әрекеттерге қарап отыра алмағаны үшін кінәлі ме? Ең қызығы, «министрліктің ІІМ-ге жазған шағымынан соң жергілікті білім саласының басшылары белсенді мұғалімдердің үстінен арыз беруін, қысым жасауды көбейтті», делінеді. Ұстаздар Батыс Қазақстан облысында Тілекқабыл Нұрышев есімді география пәнінің мұғалімі жұмыстан шығарылып, сот арқылы 250 мың теңге төлеуге міндеттелгенін, есепшоттары бұғатталғанын, ал шымкенттік тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлының үстінен мүлдем танымайтын Алматыдағы бір мектептің директоры «ұлтаралық араздық қоздырды» деп Шымкент қаласының полиция департаментіне арыз жазғанын алға тартты. Әлбетте, бұл істер өз алдына зерттеуді қажет етеді. Бірақ белсенділерге қысымның көбейіп кеткенін ешкім жоққа шығара алмас (бұл туралы бөлек материал дайындайтын боламыз).
Хатта қозғалған келесі мәселе, Бейсембаев келгелі министрлік құрамы толық болмаса да, соған жуық өзгерген. Бұл Бейсембаевтың баяғыдан келе жатқан әдеті екен. Ол білім мазмұнын сараптау орталығының директоры, кейіннен Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясының президенті болған кезінде де сол мекемелердің тоз-тозын шығарған деседі. Басшы ауысқанда кадр құрамының өзгеріске ұшырауы, бір қарағанда, қалыпты нәрсе. Дегенмен келе салып өзгерісті жүйеден емес, кадрды түгендеуден бастаған бас ұстаз бұл қылығымен елдегі педагогтардың сеніміне селкеу түсірген. Мұндай тезисті философия ғылымының докторы Дәулетбек Сәдуақасұлы да қолдайды:
«Жаңа басшы ауысып келгенде кадрлық құрамды қаншалықты ауыстыра алатыны кеңес кезінен, бұрыннан бар мәселе. Негізі бұл белгілі бір пайызға дейін шектелген, лимиті бар нәрсе. Ал жаппай аппаратты өзгерту дұрыс емес құбылыс. Өйткені әр аппараттың дәстүрлі стилі, қалыптасқан моделі бар. Егер сол модель жаңа басшыға ұнамаса, толық ауыстыруға негіз болса, оны халықпен ашық ақылдасу керек. Демократиялық мәдениетті ескерсек, осы дұрыс. Ал бас салып, мамандардың кәсіби біліктілігін, деңгейін білмей жатып жаппай өзгерту орынсыз. Басшы бірден мамандарды түбірімен ауыстырса, сол мекемеге қарайтын мамандардың немесе жергілікті халықтың сенімсіздігін тудырады. Әрі өзінің біліктілігіне өзі күмән ұялатады. Тағы бір ескерерлік жайт, әр келген басшы өз командасын жасақтаумен айналысса, ол институтта толыққанды үрдіс, ұзақмерзімді нәтиже бола қоймайды. Яғни ортақ процесс, байланыс, межелік мүдде іске аспай қалады. Осылайша, тұрақтылық принципі әлсірейді. Сосын мұндай жүйеге кім сенсін, жаңа басшы жаңалық әкеледі, жұмыс істейді деп күтпейтін де болады. Халықтың санасында кел, не келме, форма ғана өзгереді, мазмұн өзгермейді деген ой қалыптасады».
Жағдайды нақтылау үшін министрлікке хабарластық. Олар: «225 қызметкердің 20-ға жуығы басшы. Жаңа министр келгелі оның үшеуі ғана ауысты. Вице-министр мен аппарат басшысы өз еркімен кетті», – деп жауап берді. Ал мұғалімдер бұлай ойламайды. Осы үш пункттен соң, ашық хаттың соңында: «27-ақ айда министр дәрежесіне қоғамға белгісіз жолмен жете салған Ғани Бейсембаевты отставкаға жіберіп, аластауды талап етеміз. Оқу-ағарту министрлігінің тізгінін осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мықты маманға, басшылық қызметте жеткілікті тәжірибесі бар білікті менеджерге беруіңізді сұраймыз. Және білім басқармаларын оқу-ағарту министрлігіне тікелей бағындырып, әр тоқсанда бір рет мәжіліс алдында қаржылық есеп беріп отыруы қажет деп есептейміз» деген ұсыныстар айтыпты.
Хаттың мазмұны – осы. Жарияланғанына бір жұмадай болса да, қозғалған мәселелер орынсыз деп, конструктивті сын келтіріп жатқандар байқалмайды. Себебі айтылып отырғанның бәрі мұғалімдердің жанайқайы. Өңір-өңірден батылы жетіп қол қойған 136 ұстаздың ар жағында «бастықтан ұрыс естіп қалмайын, жұмысымнан айырылып жүрмейін» деген мыңдаған ұстаздар отырғаны айтпаса да белгілі. Оқушыдан, қала берді қағаздан босамайтын, тұрақсыз жүйе мен бас-аяғы жоқ өзгерістерден шаршаған педагогтар қауымы «министр кетсін» демесе де, бұған дейін де ауық-ауық бас көтеріп, мәселелерін айтып жүр. Бұл орайда Бейсембаевтың шашбауын көтеріп, желіде «комментарий, пост» жазып жатқандар бірен-сараң ғана. Белсенді ұстаз Айман Сағидолланың айтуынша, бұл «жалдамалы» посттар мен пікірлер қолдан жасалып отыр. Хатқа қосылғандарға қысым жасалып жатқанын хабарлаған педагогтің өзімен тілдестік.
«Табан асты министрді мақтап пост, пікір жазатындар көбейіп кетті. Біздің ашық хаттан соңғы әдістерінің бірі болар. Оған қоса, ашық хатты жариялаған кейбір сайттар қайтадан алып тастап жатты. Бұл хатты жазып, қол жинап, жолдағанша мазамыз кетті. Жолдауын жолдап алған соң ұйқы да, күлкі де қалды. Арада көп өтпей ашық хатқа қосылған ұстаздарға қысым көрсетіле бастады. Мектеп директорлары қол қойған мұғалімдерді жеке шақырып, сұрақтың астына алып жатыр. Кейбіреулерін тіпті жергілікті білім бөлімдері іздеген. Бірқатар жеке мәліметтерді сұратты. Әсіресе Жамбыл, Түркістан, Атырау облыстары мен Шымкент қаласында мұндай жағдайлар жиілеп кетті. Әуелгі реакция осындай болса, артынан «елшілер» шыға бастады. Жеке маған екі мәрте «бейресми» қоңырау түсіп, Бейсембаевтың келісімге шақырып жатқанын айтты. Алайда ендігі әңгімеміз министрмен емес, президентке жазған хатымыздан жауап күтеміз», – дейді Айман Сағидолла.
Министр отставкаға кетсін деген талап айтылғалы үні шықпаған Бейсембаев ресми мәлімдеме жасады ма, қандай да пікір білдіретін ойы бар ма деп министрліктің баспасөз қызметіне байланыстық. Мереке Нұрмахан министрдің 15 қарашада өткен мәжіліс отырысынан соң осы мәселеге қатысты пікір білдіргенін айтып, нұсқау берді. Онда Бейсембаев сұрақ қойған журналистерге былай деп жауап берген: «Елімізде 500 мың педагог бар. Егер бәрімен кездесуді министр өзіне мақсат етіп алса, ары қарай жұмысты кім істейді? Сондықтан кез келген ұстаз ұсынысы болса жазады, мен олардың бәрін қабылдап аламын. Мына хатты жазып отырған мұғалімдер де бұған дейін ұсынысын айтып жүргендер. Енді өздерінің ар-ұяттары білсін. Орынды сын, нақты ұсыныстар көріп отырған жоқпын». Мәселеге үңіліп, уайымдап тұрған министр жоқ, бір жағы белсенді мұғалімдерден көңілі әбден қалған сияқты.
Негізінен, Бейсембаев белсенді мұғалімдердің өзіне дүрсе қоя бермей, білім саласындағы проблемалардың бар екенін, оның қайдан шыққанын (кімнен қалғанын!) тәптіштей отырып, мәлімдеме жасаса, міне, бұл министрге тән мәдениет, мемлекеттік қызметкерге тән этика болар еді. Ал ол өзінің үстінен шағым айтқандарға өкпелеп, ар-ұят туралы айтып, қысылғанда мораль оқып кетуге шақ тұр. «Ар-ұяты білсін» деген сөзді әдетте әділетсіздіктен жеңілген, озбырлардан құқай көрген, амалы таусылған адам айтатын. Ал Бейсембаев қолында лауазымы бар мемлекеттік тұлға, ол амалсыз қалуға тиіс емес, ол қандай да бір мәселе шықса шешуге тиіс. Біз министрдің ар-ұят туралы айтып, жауапкершіліктен жалтаруы туралы саясаттанушы Мәди Ханафиядан сұрадық.
«Әрбір мемлекеттік қызметші заң бойынша президент жарлығына сәйкес ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне бағынады. Кодекске сүйенсек, «мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде іске асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс». Мұғалімдердің хатын оқып отырып оқу-ағарту министрі қоғамның мемлекеттік институттарына деген сеніміне нұқсан келтіріп, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің жоғары талаптарына сай емес екендігін көрсеткенін байқауға болады.
Ең қызығы, қанша уақыт өтсе де министр ұстаздардың хатына шынайы көзқарасын білдіріп, кәсіби жауап берген жоқ. Мұны өз міндетін дұрыс атқармау деуге де болады. Не де болса Бейсембаев жоғары лауазымдағы мемлекеттік қызметшіге лайық, әдеп кодексіне сай конструктивті диалог құрмады. Ал негізінен жұмыс барысында этика, сыпайылық қағидаларына сай болу және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтар мен әріптестерге, олардың пікіріне құрметпен қарау – министрдің міндеті. Ал «ұяттарын білсін» дегені ашық және сыпайы диалогтың белгісі болмақ түгіл, министр атына лайықсыз нәрсе», – дейді саясаттанушы.
«Ар-ұяттары білсін» дегеннен басқа ресми мәлімдеме бола ма деген сауалымызға министрліктің баспасөз хатшысы «ресми жауап әзірлеп жатырмыз» деп жауап берді. Ал ұстаздар жолдаған хаттарының жауабын күтеді, олардың осыған дейін өздерін тыңдамаған, елемеген министрмен кездескісі де, сөйлескісі де келмейді.
Баян Мұратбекқызы