Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:01

«Олардың есі дұрыс»: Сұлтан мен Ақбаян туралы көршілері пікір білдірді

Сұлтан мен Ақбаян
Фото: ашық дереккөз

Атырау қаласында болған қанды оқиғаға байланысты күдікке ілінген Сұлтан мен Ақбаян туралы олардың бұрынғы көршілері естеліктерімен бөлісті.

КТК арнасының Атырау облысындағы тілшісі Жанат Молдашеваның мәліметінше, редакцияға хат жолдаған бұрынғы тұрғын 2023 жылы үйдің бір бөлігін жалдап тұрғанын және сол кезде Сұлтан мен Ақбаянмен көрші болғанын айтқан. Көршінің сөзінше, сырт көзге бұл отбасы қарапайым, сабырлы және тыныш өмір сүретін адамдар болып көрінген.

"Сәлеметсіз бе! Біз 2023 жылы сол үйдің екінші бөлігінде жалдап тұрдық. Сұлтан мен Ақбаян біздің көршіміз болды. Олар көшіп келгеннен кейін екі айдан соң біз басқа жерге көшіп кеттік. Қазір жаңалықтарды көріп қатты шошып отырмыз. Алланың қалауымен дер кезінде көшіп кеткен екенбіз. Бізге олар өте жуас, момын отбасы сияқты көрінетін. Сұлтанның Наурыз есімді ағасы да келіп тұратын, оны да талай көрдік", - дейді ол.



Сұлтан туралы да ол жақсы пікірде болғанын жеткізді.

"Сұлтан да өте жуас, тыныш жігіт сияқты еді. Тіпті жолдасым түнгі ауысымға кеткен кезде: "Үйде екі кішкентай ұлым мен қызым қалады, Сұлтан, қарап қоясың ба?" деп сеніп тапсырып кететін. Сол кезде үйдің жалдау ақысы қолжетімді болған соң тұрып жүрдік. Кейін жолдың батпағына байланысты 2023 жылдың жазында көшіп кеткенбіз. Қазір ойланып отырсақ, "үндемейтін жуас адамнан да қорқу керек" деген сөз рас екен. Қазір адамнан қорқатын заман болды", - дейді ол.

Айта кетейік, 11 наурыз күні Атырау облысында ұзақ уақыт іздестірілгеннен кейін мәйіттері табылған Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабилинаның жерлеу рәсімі өтті. 

Туыстардың жаназасы Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында өтті. Олармен қоштасуға ауылдың көптеген тұрғыны келген.

Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіттері қалай табылды

9 наурыз кешке Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабилинаның мәйіттері Атырау қаласының Геолог шағынауданынан табылғаны белгілі болды.

Оларды бұған дейін күдікті Сұлтан Сарсемалиев жалға алған үйдің ауласынан тапқан.

«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, Индонезиядан Алматыға жеткізілгеннен кейін Сәрсемалиев қылмысын мойындап, мәйіттер көмілген орынды өзі көрсеткен.

Бұған дейін тергеуде тек ата-анасының өлтірілгені белгілі болған еді – олардың мәйіттері қаңтар айында Жангелдин ауылындағы қорадан табылған.

Осылайша, туыстары төрт отбасы мүшесінің бірдей өлтірілгенін растады.

Отбасы туралы мәлімет

66 жастағы Мақсот Қарабалин мен 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева Атырау облысындағы Жангелдин ауылында тұрған.

Туыстарының айтуынша, екеуінде де III топ мүгедектігі болған, мал шаруашылығымен айналысқан және ауылдан сирек шығатын болған.

Отбасында үш бала – екі қыз және бір ұл бар еді.

Отбасының жоғалуы

2025 жылғы 25 желтоқсанда полицияға туыстары хабарласып, отбасының байланысқа шықпай кеткенін айтқан.

Туыстарының мәліметінше, қараша айынан бері, әкесі, анасы, 32 жастағы ұлы Наурыз, 35 жастағы қызы Мирамгүл хабарсыз кеткен.

Сол кезде отбасы үйден белгісіз бағытта шығып кеткені хабарланған.

Алдымен ата-анасының сүйегі табылған

2026 жылғы 6 қаңтарда полицейлер зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйітін тапқан.

Әлеуметтік желілерде олар қорадан табылды деген ақпарат тараған.

Ерлі-зайыптылар 8 қаңтар күні Жангелдин ауылында жерленген.

Фото: qamqor.gov.kz

Негізгі күдікті кім

8 қаңтар күні полиция Атырау облысының Махамбет ауданында тұратын 29 жастағы азаматқа ресми түрде іздеу жариялады. Тергеу нұсқасы бойынша, ол қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін.

Іс бойынша тағы бір күдікті

25 ақпанда Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов брифингте отбасының кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиева да күдікті ретінде танылғанын хабарлаған.

Фото: ашық дереккөз

Күдіктілердің Индонезияда ұсталу

29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевке Интерпол бойынша халықаралық іздеу жарияланған. Ол 24 ақпанда Индонезиядағы Сенару ауылындағы қонақүйден ұсталған.

Операция Индонезия полициясының халықаралық бөлімімен бірлесіп жүргізілген. Сол жерде Ақбаян Мұқанғалиева да ұсталған.

5 наурызда күдіктілердің Қазақстанға жеткізілетіні белгілі болды.

Туыстарының айтуынша, Қазақстанға жеткізілгеннен кейін Ақбаян Мұқанғалиева Атыраудағы психиатриялық мекемеге орналастырылған.