«Олардың қайда екенін туыстары да білмейді». Шынжаңда ұсталған қазақ зиялыларына араша болар қауқарымыз бар ма?
Жуырда әлеуметтік желіде «Шынжаң түрмесінде қамауда отырған қазақ зиялылары» деген тізім жарияланды. Ұсталып кеткендердің тізімінде Қытайдың Шынжаң өңірінде әртүрлі салада (негізінен мәдени, ғылыми, ақпарат саласында) қызмет еткен ұлты қазақ азаматтардың аты-жөні және бұрынғы қызметі көрсетілген.
Өздеріңізге мәлім, 2017-2020 жылдары Қытайдың Шынжаң өңірінде азшылық ұлттарды қудалау, түрмеге жабу саясатының қатаң жүргізілгенін халықаралық құқық қорғау орындары мен әлем ақпарат құралдары айтудай айтты. Алайда Қытай билігі мұндай айыптауларды жоққа шығарып, саяси лагерьлерді «кәсіпкерлікке үйрету орталығы» деп атаған еді.
2020 жылдан соң Қытайдағы саяси жағдай сәл де болса жақсарғандай көрінді. Қытай көршілерімен шекарасын ашып, барыс-келісін қайтадан қалыпқа келтіре бастады. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Қытайдың соңғы бірнеше жылдағы саяси-экономикалық байланысының жақсара түскенін атап айтқан жөн. Тіпті екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз режим орнады. Алайда мұның бәрі Шынжаңдағы саяси жағдайды толық жақсарта қоймады. Сырт көзге саяси қысым азайғандай сезілгенімен аласапыран әлі де басылмапты.
Негізі коммунистік Қытай үкіметінің зиялы қауымды жаппай қудалау, жазықсыз түрмеге қамауының басы бұл емес. 1966-1976 жылдары тұтас елді шарпыған «Мәдени революция» кезінде зиялылар аяусыз жанышталды, қойша көгенделіп, түрмеге тоғытылды, жаза лагерьлеріне айдалды. Әрине, бұл «тазалаудан» қазақ оқығандары да тыс қалмады. Қазіргі Қытай қазақ әдебиетінің, мәдениетінің негізін қалаған бірқатар азаматтар «ұлтшыл», «солшыл», «Қытайға қарсы» деген жаламен ұсталып сотталды, жаза лагерьлеріне жіберілді, олардың алды жиырма жыл «жазасын» өтеді. Кейіннен Қытай билігі «Мәдени революция» кезінде жүргізген саясатын жоққа шығарып, «асыра сілтеушілік болғанын» мойындап, азаматтардың біразын ақтады.
Бұдан кейін де жағдай бірден оңала қойған жоқ. Жаппай болмаса да бірлі-жарым азаматтарды түрлі жаламен ұстау толастамады. Сөзіміздің дәлелі – екі мәрте түрмеге қамалып, қырық жыл ғұмырын Қытай түрмесінде өткізген көрнекті жазушы, алты томдық «Қылмыс» романының авторы Қажығұмар Шабданұлының өмірі.
Енді, міне, саяси қудалау, тергеусіз түрмеге жабу қайта басталған сыңайлы. Ұсталған азаматтардың біразы ақпарат саласында, телеарнада, радиода, баспасөзде қызмет еткен. Енді біразы баспада, Қытай ғылым академиясында жұмыс істеген. Қытай билігі бұл азаматтарға қандай айып таққаны нақты белгісіз, тіпті қандай айыппен ұсталғандарын бұл азаматтардың отбасы, жақын туыстары да білмейді.
Қытайдағы қазақтар Қытай үкіметіне қарсы шығып көрген жоқ
Кезінде «Шынжаң» газетінде жұмыс істеген, бүгінде Астана қаласында тұратын белгілі журналист Қалиакбар Үсемханұлы Шынжаңдағы зиялыларды жаппай ұстаудың тамыры тереңде болуы мүмкін дейді. Оның сөзінше дәл бұлай адамдарды топтап, тергеусіз түрмеге қамаудың саяси мәні бар.
«Шынжаңда белгісіз себептермен ұсталып, қамауда отырғандардың саны біз білетін, әлеуметтік желілерде тарап жүрген мөлшерден әлдеқайда көп болуы мүмкін. Олардың алдының темір торда отырғанына бір жылдан асты. Не қылмыспен ұсталғанын бізді қойып, отбасындағылар да білмейді деп естиміз. Тіпті олардың өлі, тірі екені, қайда қамалғаны да белгісіз. Бар болғаны, құқық қорғау органдарының адамдары анда-санда келіп, ұсталғандардың жақындарын «ешкімге айтпайсыңдар, айтсаңдар қылмысын ауырлатамыз» деп, үркітіп-қорқытып кететін көрінеді. Жалпы, Қытайда адам өлтірген террористің өзін бірер айға жетпей анықтап, оның қылмысын дәлелдеп, үкімін шығарады. Ал енді осы ұсталған азаматтардың бір, екі жылға дейін үкімі шықпайтындай, кінәсі анықталмайтындай қандай қылмысы болуы мүмкін? Анығында, Қытайдың заңына сәйкес, ең әуелі «мынадай күдікпен ұсталды», кейін «мынадай қылмысы дәлелденіп, сотталды» деп айтылуы тиіс. Бірақ олай істеп отырған жоқ, демек, Қытай бұл тұрғыда өз заңына өзі қайшы келіп отыр.
Менің ойымша, жаппай қудалап, тұтқындаудың астарында үлкен саяси мән жатыр. Шынын айтқанда, Қытайдағы қазақтар коммунистік Қытай үкіметі құрылғаннан бері оның саясатына қарсы шығып көрген жоқ. Тек «бақытты, тыныш заман орнаса болды» деп тіледі. Ең өкініштісі, өзіне осынша сенген, адал, ақ азаматтарынан Қытай билігі «қылмыскер» жасап отыр. Біздіңше, азаматтарды дәл бұлай топ-тобымен ұстаудың өзіндік себебі бар сияқты. Қытай бұл азаматтардан саяси топ жасауы әбден мүмкін. Сөйтіп оларды әлдеқандай мүдде төңірегінде топтасқан саяси топ ретінде соттауы ықтимал. Осылайша, бір адамды соттап, мың адамға ескерту жасамақшы. Мұның да өзіндік себебі бар. Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытайдың саяси, экономикалық байланысы жақсарды. Сөйтіп, екі жақтағы қазақтардың қарым-қатынасы күшейді. Қытайдағы қазақтардың біразы Қазақстандағы туыстарына келіп-кетіп, араласып жүр. Қытай осыдан күдіктенуі мүмкін.
Ұсталған азаматтардың біразын жақыннан танимын, аралас-құралас, дәмдес болдық. Кейбірімен 15 жыл бірге жүрдім, бірақ солардың Қытай билігіне қарсы бір әрекетін көрген емеспін, керісінше, Оңтүстік Шынжаңда атыс-шабыс болып жатқанда «мұнысы несі» деп кінәлап отырғанын да талай естігем.
2017 жылдан кейін Қытай билігі уатцап қолданған, фейсбук қолданған азаматтардың соңына түсіп, оған қатаң тыйым салды. Қытайдың осы әрекеті батыс медиаларының назарын аударып, зор дүмпу тудырды. Сосын Қытай билігі өздері адамдарды белгілеп, іріктеп, фейсбук сияқты әлеуметтік желілерге ақпараттар жазуды бұйырды. Сол қатарда ағылшын тілін білетін Оңалхан мен Жәнібек те 2021 жылы қаңтар айынан бастап фейсбукте жазба жариялай бастады. Біз көріп отырдық жазғандарын. Саясатпен қатысы жоқ дүниелер. Мұны неге істеді дейсіз бе? Себебі бізде еркіндік бар, азшылық ұлттар да фейсбук қолданады деген сылтау үшін. Қытай билігі оларды солай пайдаланды. Кейін Қытай соны бір қылмыс ретінде пайдаланып, өздері қазған орға өздері түсірген болуы мүмкін.
Қытайдың ол жақтағы этникалық қазақтарға дәл бұлай қысым жасауы жақсылыққа апармайды. Сондықтан бұл мәселені Қытай билігі кеңінен ойланып шешуі тиіс деп есептейміз. Сондай-ақ біз мұнда Қытайдың ішкі ісіне, жүргізіп отырған саясатына араласып отырған жоқпыз. Олардың қазақ тілді мектептерді жауып, қазақ балаларын өз тілінде оқытып жатқандарын терістеп отырған жоқпыз, біз мұнда Қытайдағы қазақтардың адамдық құқығын қозғап отырмыз. Себебі адам құқығы, оның қорғалуы Қытайдың өз заңында да жазылған».
Бұл азаматтардың нақты қандай себептермен ұсталып жатқанын тек коммунистік жүйенің бұған дейінгі жұмыс істеу тәсіліне, саяси қылмыскерлерге тағылатын айыптарға сүйеніп болжауға болады. Негізінен Қытай билігі азаматтарды «ұлтшыл», «мемлекет саясатына қарсы», «саяси көзқарасы анық емес», «екі беткей» деген сияқты желеулермен тұтқындайды. Бұл жолы да осы ежелгі «әдісті» пайдаланған болуы мүмкін.
Компартия өзі тәрбиелеген кадрларға өзі сенбейді
Ал «Шынжаң» газетінде ұзақ жыл жұмыс істеген, қазір Астана қаласында тұратын, қытайтанушы, белгілі журналист Ерлан Мазан ұсталған азаматтардың біразын жақсы танитынын айтады.
«Әрине, Қытайдағы қазақ зиялыларына қиянат жасалып жатқанынан хабарым бар, керек десеңіз, хабар-ошарсыз кеткен, бүгінде қамауда болуы мүмкін жігіттердің біразымен арғы бетте әріптес, қызметтес болдық, мысалы, бұйырса биыл зейнет жасына толатын Әділ Семейханұлы «Шынжаң» газетінің қазақ редакциясында мен секілді талай шәкірттің көзін ашқан, көкірегіне сәуле құйған білікті қаламгер, жүйрік журналист, білгір сыншы болатын. Ал Оңалған, Береке, Жәнібек, Мұраттар ұжымға менен кейін келіп қосылған іні-достарым еді және бәрі де оқыған, тоқыған азаматтар, нағыз кәсіби мамандар. Өзге азаматтармен де жақсы таныспын, бірі құрдас, бірі сырлас, бірі сыйлас азаматтар. Мен білгенде, кей жігіттерді, мысалы, Жәнібек Жаудатұлы мен Оңалған Мүлікұлын полиция алып кеткеніне бір жарым жылдың жүзі болды. Қайда қамалғаны, қандай жағдайда екені белгісіз, мүмкін туыс-туғандарына хабар берілген шығар, бірақ оған күмәнім бар.
Жылдар бойы қатар жүрген сыралғы жан ретінде айтарым, ол азаматтардың Қытай заңын бұзатындай әрекетке баруы мүмкін емес, бәрі де жоғары білімді, саяси сауатты, заңнан хабары бар, жұмысына адал, отбасына қамқор, былайша айтқанда, үлгілі, өнегелі азаматтар. Қытайдың құқық қорғау органдарының оларға қандай айып таққанын білмеймін, бірақ егер саяси айып тағылған болса, өте күлкілі әрі адам сенбейтін жайт. Қытай коммунистік партиясының өзі тәрбиелеп жетілдірген кадрларға сенбейтіндей халге түскені ұят әрі өкінішті.
Егер олардың қамауға алынуына намысшыл қазақ болғаны, «ұлтшыл», «қазақстаншыл» болғаны себеп болса, біріншіден, Қытай үкіметі де қол қойған «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық фактінің» тиісті баптарына сәйкес олар «ар-ұждан тұтқыны» деп танылуы керек. Екіншіден, тіпті ондай айып Қытай заңдарында да қарастырылмаған, әрі кетсе тәрбие беріліп, сын айтылып, сөгіс жарияланумен шектелуі керек.
Қытайдың экс-азаматы және қамауда жатуы мүмкін жігіттердің бұрынғы әріптесі һәм жанашыр жақыны ретінде мен Қытай үкіметінен:
- Былтырдан бері белгісіз жаққа әкетілген қазақ зиялыларын дереу босатып, отбасымен қауыштыруды;
- Босатуға мүмкін болмағанда қылмыстық процестің (қылмыстық іс қозғалғанына күмәнім бар) барысы, тағылған айыптың мән-жайы және тергеу амалдарының қалай жүріп жатқаны жайлы объективті, күдіксіз ақпарат беруді талап етемін.
Менің талабыма Қытай билігінің мән бермейтінін де білемін, сондықтан ендігі үміт халықта, халықтың бірлігінде, тек халық болып жұмылып, қаракөз бауырларымызға араша сұрасақ қана Қытай билігін санастыра аламыз».
Шын мәнісінде мұндай қиын жағдайда ел (әсіресе ұсталған азаматтардың туыстары, жақындары) билікке қарайлайды. Билік қандай да бір халықаралық заңнамаларға, қол қойылған ортақ келісімдерге сәйкес тұтқындалған азаматтардың із, дерегіне сыртқы істер министрлігі арқылы сұрау салса, олардың тағдырына араша түссе дейді. Бірақ осыған дейін Қазақстан билігі Шынжаңдағы саяси жағдайды «Қытайдың ішкі ісі» деп атап келді.
Шыңжаңа түрмесінде қамауда отырған қазақ зиялылары
Қанат Ережеп, «Шынжаң» телевизиясы басшысының бұрынғы орынбасары, қазір зейнеткер.
Асан Әбеу, «Шынжаң халық баспасы» бас редакторының бұрынғы орынбасары, зейнеткер.
Әлімтай Биәділ, Үрімжідегі №36 орта мектептің математика мұғалімі.
Қасым Оқанұлы, Шынжаң Ұйғыр автономиялық өлкесінің сыртқы істер басқармасы басшысының орынбасары болған.
Жеңіс Шайх, журналист, «Шынжаң» газетінде біраз жыл қызмет істеген. Кейін Шынжаң өлкелік ПК-ның үгіт-насихат бөлімінде істеген.
Нұржақан Өнерхан, Үрімжі қаласындағы жалғыз қазақ тілді орта мектеп – 36 орта мектебінің оқытушысы;
Расімият Қабылқақұлы, «Шынжаң» телеарнасының қарамағындағы балалар телеарнасында сценарист болып жұмыс істеген.
Оңалған Мүлікұлы, «Шынжаң» газетінің белді аудармашысы.
Жәнібек Жәудәтұлы, «Шынжаң» газетінде тілші, аудармашы болып жұмыс істеген.
Мұрат Ыбырайұлы, ақын, жазушы. «Шынжаң» газетінде тілші, редактор, аудармашы болған. 2020 жылдан бастап «Шұғыла» журналында жұмыс істеген.
Әділ Семейханұлы, «Шынжаң» газетінде тілші, редактор, бөлім меңгерушісі болып 40 жылға жуық қызмет етті.
Береке Жұман, «Шынжаң» газетінде аудармашы, бөлім басшысы болған.
Есбол Шаймарданұлы, Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясының ғылыми қызметкері. Ғылым докторы.
Думан Жақыпұлы, Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясының ғылыми қызметкері. Ғылым докторы.
Қуандық Көбенұлы, «Шынжаң» телеарнасының жүргізушісі. Қазақ даласындағы балбал тастарды зерттеп жүрген жас ғалым.
Қайрат Домалин, «Шынжаң» телеарнасының белді жүргізушісі болған. Кейін жеке кәсіппен айналысқан.
Қанат Абзалұлы, «Шынжаң» газетінің көркемдеуші редакторы.
Мұратхан Мұқанұлы, Шынжаң, Шонжы аудандарында прокурор орынбасары болып қызмет атқарған.
Ғарапа Нәсиоллаұлы. Бейжіңдегі Ұлттар университетінің түлегі, әнші, сазгер.
Қалысбек Бабанұлы, әнші, композитор.
Нұрбақ Биғазин, мәдениет саласының қызметкері.
Жеңісхан Нүсіп., «Шынжаң» халық радиосының қызметкері.
Қазақстан Шынжаңдағы қазақтар мәселесін шешуге аса құлық танытып отырған жоқ
Мұның да өзіндік себеп-салдары бар, біз мұны Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылық сақтау жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтистен сұрадық.
«Адам құқығының қорғалуы, әсіресе тұлғаның саяси құқығы мен азаматтық бостандығына нұқсан келмеуі – елдегі саяси режимге тікелей байланысты. Қытай – авторитарлық мемлекет, оны нарықтық экономикасы бар Кеңес Одағы деуге де болады. Әдетте, бұл елдерде бірпартиялық саяси жүйе кез келген тәуелсіз БАҚ пен саяси емес қоғамдық ұйымдарды толық бақылайды және қажет жағдайда құқығын шектеп отырады. Яғни халықтың саяси көзқарасы мен идеологияның ықпалын қатаң бақылауда ұстап, мемлекет басқаруда коммунистік партияға басымдық береді. Соған қарамастан, Қытай адам құқықтары жөніндегі халықаралық келісімдердің барлығына дерлік қатысушы екенін ескергеніміз жөн. Сәйкесінше, Қытай құрамына қосылған ұйымдар мен қол қойған келісімшарттарға адам құқығы жөнінде есеп беріп, халықаралық талаптар бойынша өз міндетін толық орындағанын алға тартып отыр. Алайда Қытайда өлім жазасы мен адамдарды азаптау деректері әлі күнге тіркеліп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Бұл халықаралық келісімшарттарға берілген есептің жалғандығынан хабар береді.
Бұның тағы бір дәлелі – елдегі жазалау лагерьлерінің әлі күнге жұмыс істеп тұрғаны. Қытай – жабық саясатты ұстанатын ел, яғни шет елмен алмасатын ақпараттар да сүзгіден өткізіледі. Әдетте, біз жергілікті қытайлықтармен ғаламтор арқылы еркін араласа алмаймыз. Былайша айтқанда, ортада ғаламтор-қабырға бар. Қытайдың барлық дереккөздері бұғатталған, әсіресе әртүрлі саяси талқылауларға келгенде әлемге шығатын ақпарат шектеледі, тіпті мүлдем шықпайды десек те болады. Біз әдетте Қытайдан ақпарат пен жаңалықты сол елде тұратын қандастырымыз бен туыстарымыз арқылы ғана аламыз, не шет елге шыққан қытайлықтардан білеміз. Естеріңізде болса, бұл жағдай Кеңес Одағында да жүзеге асқан. Сондықтан қазақ не ұйғырлар ғана емес, түрмеге қамалған Лю Сяобо сынды зиялылар, атақты құқық қорғаушылар, мемлекеттің ішінде шын мәнінде не болып жатқанын жақсы біледі.
Яғни Қытайда азаматтық көзқарасы мен саяси пікірі үшін түрмеге жабылған бірқатар адамдар бар, бірақ басым бөлігі 80-жылдары орын алған «Тяньаньмэнь оқиғасынан» кейін таныла бастады. Қазіргі таңда Қытайдан бөлек шет елде иммиграцияда жүріп, сондағы адам құқығы туралы жазып, жариялайтын тәуелсіз құқық қорғау ұйымдар болғанымен, көп жағдайда әлемдік аренада экономикалық потенциалы мықты, қай жағынан да ықпалды елмен ешкімнің байланысқысы келмесі анық. Қытай, өздеріңіз түсініп отырғандай, аймақтық және жаһандық ауқымда маңызды рөл атқаратын, орасан зор экономикалық әлеуеті бар мемлекет, сондықтан БҰҰ деңгейіндегі үлкен державалардың бірі екенін ескере отырып, ешкім ештеңе істей алмайды. Қанша сын айтылып, даттаса да, Қытай қауіпсіздік кеңестің тұрақты мүшесі болып қала беретіні анық.
Бұл айтқаным жалпы адам құқығына қатысты мәселе болса, ал Қытайдағы қазақтардың жағдайына біздің ел үкіметінің кез келген жаһандық оқиғаларға реакциясы, саяси көзқарасы әсер етеді дер едім. Қазақстанның геосаяси жағдайы өте күрделі. Әлемдегі екі үлкен держава – Қытай мен Ресейдің ортасында орналасқандықтан, біздегі әр қадам ол жақтағы қазақтарға да әсер етіп отыр. Украинадағы соғыс Қазақстан билігін айла-шарғы жасауға және Қытаймен көбірек байланысуына ықпал еткенін жоққа шығара алмаймыз. Сәйкесінше, Қазақстан Қытайды тәуелсіздік пен егемендіктің кепілі ретінде қарастырып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесуінде де көршілес елдің Қазақстанның егемендігін қолдайтынын, Қытайдың оған саяси кепіл болғанын ұғына аламыз. Міне, осы жағдайларға байланысты Қазақстан Шынжаңдағы қандастарымыздың мәселесін шешуге аса құлық танытып отырған жоқ. Былайша айтқанда, қолы байлаулы. Білуімше, сыртқы істер министрлігі аталмыш жағдаймен айналысып, келіссөздер жүргізгенімен, атүсті шешім қабылдап, мәселемен бетпе-бет келе алмайды, айтып өткенімдей, оған біздегі геосаяси жағдай мүмкіндік бермейді».
Біз бұл мәселеге қатысты сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жібердік. Бір апта ішінде жауап келген жоқ. Бірақ осыған дейін Қытайдағы қандастардың атажұртына көшіп келу үшін Үрімжіде Қазақстан консулынан виза ала алмай жүргенін айтып, сыртқы істер министрлігіне хат жібергенбіз, онда жүрдім-бардым жауап алғанбыз. Ал кейін Моңғолиядан көшіп келген қандастардың азаматтық ала алмай жүргенін сұрап, ішкі істер министрлігіне арнайы хат жазып, нақты жауап ала алмағанбыз. Ал бұл жолы біздің сұрауға нақты жауап келсе, газетіміздің алдағы сандарынан оқып қалуларыңыз мүмкін.
Жақсылық Қазымұратұлы