Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:07, 22 Маусым 2021

Өлең жазсам – өшіргенім өртімді...

None
None

Менің күйім

Әлсізбен де тіресіп мықтымен де,

Орға түссем шыға алдым ытқып өрге.

Бір жұмақты аңсайды елдің бәрі,

Оны ешкім көрмеген, тіпті мен де.

Сыбыр сыңсып сыртымнан, ішімнен де,

Дейді маған «жырыңды ұсын елге».

Маңдайында бес елі өлеңі бар,

Ең бақытсыз адам мен түсінгенге.

Көзім күлкі көңілдің жанары мұң,

Кәрілікті шақырып балалығым.

Аңғал елге арымды жоқтай алмай,

Ақымақ та етеді даналығым.

Қажығанда жетпейтін үнемдіктен,

Ырзығымды әр таңнан түгел күткем.

Қорқақтығым қайтарған кері мені,

Батырлығым апараған мың ерліктен.

Мейлі, әр түн от болып жансын денем,

Жүрмін тірі — абыз боп жан сүлдемен.

Сүйгеніме бір ауыз сөз айта алмай,

Ақындығым адыра қалсын дегем.

Біреулерге ақынмын теңдесі жоқ,

Біреулерге пақырмын теңгесі жоқ.

Жұртты жазып жырыммен сырқатынан,

Өзім жатам қансырап емдеші деп.

Мазарымен жер беті өлік мекен,

Ажарыммен әлемді көрікті етем.

Жаратқанға жүрекпен сыйынып ап,

Сайтаныма санаммен еріп кетем.

Бақытым да жаныма жақпай қайғым,

Жанарыма тұманы қаптайды ойдың.

Мың бір сері болса да сырттай ғашық,

Жүрегі бар бір жігіт таппай қойдым.

Жайбарақат жан тағат табар емес,

Есігімді тағы кеп қағар елес.

Жүрегі бар жігіттің бәрі ғашық,

Алайда, маған емес!

****

Əкемен сырласу

Əке, менің ішімде ғой көп сырым,

Соным үшін болдым жұртқа жексұрын.

Қараңғыдан қорқар қыз ем, бұл жолы,

Қабіріңе түнде келіп өксідім .

Жақсылығым қайырымын бермеді ,

Сəл иілсем еткісі кеп ермегі.

Түсінігім тұңғиыққа жеткенмен,

Табалауға тырысады ел мені.

Қиналғанға бергім келді қол ұшын,

Қателессе көрсеткім кеп жөн ісін.

Неге мені мейірімді етіп өсірдің? 

Жапа шегіп жүрмін қазір сол үшін.

Алданамын өмір сыйы алда деп, 

Жақындарым ұра берді жарға кеп. 

Жер бетінен жолдас таппай кеп тұрмын, 

Шешем қанша ұрысса да барма деп.

Əке, сенің қалай үйің, мекенің? 

Ал, менікі өсек, жала, от, өлім. 

Анам əлі ұқпаған-ау əруақтар,  

Адамдардан қауіпті емес екенін.

Қашып шығып табалаушы тезінен, 

Саған келсем досым бардай сезінем. 

Көрге кірген бақыттысың сен неткен, 

Тамшы көрмей жалғызыңның көзінен.

Ақымақ боп шыққаннан соң жатырдан, 

Кезің көп ед мені ақылға шақырған. 

Ішкіш, жынды,  кемтар болғым келеді. 

Азап шеге бергенімде ақылдан.

Ақ көңілге атақ жоқ-ау берілген, 

Кездерімде тірі жаннан жерінген. 

Сарайлардан жылап шығып кей кезде, 

Сая табам бейітіңнен сенің мен.

Кейде адамдар кеміс пиғыл, көр кеуде, 

Тысырқанда тірілей-ақ жерлеуге. 

Əке, маған «абайлап жүр» деуші едің, 

Мен барымша тырысып жүрм өлмеуге.

Жаспен жуып қанды іріңін жараның, 

Сенен мейірім, күш пен қуат аламын. 

Ағыл-тегіл жылап алып қайтадан, 

Қорқынышты адамдарға барамын.

****

Қонақ үй

Ең əуелі тоғыз айға анаң үй.

Ең соңында мəңгілікке молаң үй.

Ортасында пəтерлер мен өз үйің.

Анда-санда тұрақ болар қонақ үй.

Маңдайымның бір тармағы жетелеп.

Қонақ үйге тұрақтадым не керек?!

Қабырғаға жан бітсе егер бір күні,

Менен асқан ақын болып кетер ед (і).

Оң жағыма екі жас кеп түнеді, 

Ақ сезімді аямады еш біреуі.

Түніменен ләззат үшін от кешті,

Таң атқанда танымасын біледі.

Сол жағыма келді ана бөпелі, 

Бірақ жары көрінбеді некелі.

Ұйықтаған соң бар бақыты, сəбиі, 

Қабырғаға ұрып шықты шекені.

Келесі күн көрдім келген отбасын.

Қыдырып кеп бұрған шығар ат басын.

Жанжалдасты ұйықтамастан сол түні,

Қашап шықты махаббаттың көк тасын.

Көке келді, кешкі тоғыз жарымда, 

Он сегізден енді асқан қыз жанында.

Солқылдатып қабырғаны түнімен,

Таңға жуық басып кетті қорылға.

Əже келді, қолында ауыр сөмкесі. 

Аруанадай жүк көтерген өркеші.

Күн шыққанша өксіді де мейрімсіз, 

Келініне қайта кетті ертесі.

Менің бөлмем сəл жұмбақтау, өмірсіз. 

Бақытты адам қоныстанса неге үнсіз?

Мен сүйетін жалғыздық пен үнсіздік, 

Кейбіреуге көрінеді көңілсіз...

Ақ парақпен сүртіп өмір батпағын, 

Ессіз қалам есе берді шатпағын.

Қайдан білсін, 

Ертең ұрпақ айқайлап,

Оқитын жыр үнсіз туып жатқанын!

****

Мазалай бер мазалай бер мазалай.

Махаббат бар, жалған мен шын, таза, лай. 

Біреу дертке шалдықтырған жүректі

Бір емдеп ала алады,

Ғажап-ай!

Неге сезім сонга нәзік құрғыр-ай!

Ұрғылай бер қабырғамды ұрғылай.

Біреу жасқа малып кеткен жанардан

Біреу бақыт ойнатады,

Сұмдық-ай!

Көңілді ешкім ала алмайды құрықтап.

Махаббаттың шарабынан бір ұрттап

Біреу жаңа таптап кеткен сезімді,

Біреу көкке көтереді ұлықтап!

Біреуге күң, ал, біреуге патшайым!

Солдан кейде оңнан туып жатса айым.

Біреу қажет етпей қойған аруды

Біреу іздеп сағынады сәт сайын!

Біреуі дерт, бірі дауа не етейін?

Бұл күнәмді кімге, қалай өтейін?!

Дерт болмаса дауа қажет емес қой,

Ал дауасыз мұңға толы көкейім!

Мен осылай жаптым өткел есігін!

Жырларымда екеуіңнің есімің!

Дертім саған алғым қана айтарым,

Ал дауамнан сұрау керек керек кешірім!

Күннен, түннен, ғафу сұрап ауадан.

Мекеніме аттанайын қалаған!

Дауам, 

Сенсің айықтырған дертімнен,

Бірақ, дәрі іше алмайды сау адам!

****

Дүниенің шешкім келіп жұмбағын, 

Ақылымның адалдығын ұрладым. 

Мақтағанға марқаюды ұмытып, 

Жаланы да жақсылықтай тыңдадым. 

Ант та күңгірт, ойната алмай жарқылын, 

Балшық кешіп сыздағанда балтырым, 

Таба алмадым жалғыздықтан жайсаң дос, 

Естімедім үнсіздіктен артығын. 

Дұшпан-досым, 

Уақыт көшім алмасты. 

Ақиқаттан сескенді де, 

Ар қашты. 

Жүрегіммен желкен берген жақыным, 

Жан ұшыра зəкіріне жармасты. 

Тағдырымның жемеу үшін таяғын, 

Тазалыққа тартып тұрды аяғым. 

Жаралауға мені біреу тырысса, 

Қан-жоса боп жатқан жанын аядым. 

Бағынбадым адамға да затқа да, 

Талпынбадым атаққа да таққа да. 

Кінəм болса кешір мені, тіршілік, 

Менің жаным, 

Аяздағы аққала. 

Туғаным да таудай сенім арта алған, 

Құшақ ашып, пышақ салса арқамнан. 

Кеше салдым. 

Жаңа парақ ашсам да, 

Өзгермесін түсінген соң қолтаңбам. 

Жеміс пісер шағында ауа салқындар, 

Қайтем енді, 

Мұңсыз, қамсыз қалпым бар. 

Өлең жазсам – өшіргенім өртімді. 

Үнсіз қалсам, 

Қорқыңдар!.. 

*****

«Сағындым» деп, мұңайып хат жазыпсың, 

Бар қатеңді мойындап ақталыпсың. 

Ұмытушы ең мейрамда гүл беруді, 

Алтын жүзік, жүз раушан, тәтті алыпсың. 

Мен басқаның көңіліне көшіп алдым... 

Сонша сыйды, қалқам-ау несіне алдың? 

Бұрынғыдай болмайды енді ештеңе, 

Торығанмен сағаттап есік алдын. 

Мен сөзімде тұра алдым саған берген. 

Кетіп едім, «сенсіз бақ табам» деумен. 

Жер бетінде соңғы еркек емессің ғой, 

Соғыс жақтан қан кешіп аман келген! 

Суретімді ұнатып күліп тұрған, 

Қайғы барын өзіңсің ұмыттырған. 

Мен қазір де дəл солай бақыттымын, 

Қоштасарда көзімді жұмып тұрғам. 

Алдыңдағы арымды ақ қып өтем, 

Ұстамаған өзіңсің бақты бекем. 

Не деп жауап жазайын енді саған? 

— Халің қалай? 

Бармағың тәтті ме екен?! 

****

Есалаң 

Есалаң! 

Ойыншық па сезім не саған? 

Көз жасты аттап кеткенсің, 

«Келемін» десең кеше алам. 

«Келмеймін» десең амал не, 

Сезімім үшін өш алам. 

Елірген. 

Сезімді іздеп көгімнен. 

Өшімді алам мен сені 

Кеткенше сүйіп өмірден. 

Сорын болса да сүйемін, 

Бағың болса да төгілген. 

Жарың болса да сүйемін, 

Сен үшін артқа шегінбен. 

Сен сонда, 

Қанша тасжүрек болсаң да. 

Еңіреп мендей жыларсың, 

Әлің де келмей аңсауға. 

Өзгелер емес жаным-ау, 

Жұбатар сені мен сонда. 

Жабулы, 

Қаламан есік қағуды. 

Кете бер сенің соңыңнан, 

Ұят санамаймын баруды. 

Сен сүйген бәрін мен сүйдім, 

Әкең мен шешең, бауырды. 

Ойынды, асты, киноны, 

Тіпті сен сүйген аруды. 

Қақырап, 

Жұтса да мені топырақ. 

Сүйермін балкім өзіңді, 

Түнек табытта жатып ап. 

Осының барін сезбейтін, 

Сезімің сенің соқыр-ақ. 

Сезбегенің үшін сүйемін, 

Ей, ақымақ...

****

Мен сүйсем, сүйемін, 

Түндерді жарық қып, 

Тілдерді ғаріп қып, 

Сезімге қарық қып, 

Ақшамда көкжиек 

Қызылын қанық қып. 

Мен сүйсем, сүйемін, 

Көктемге гүл беріп, 

Тотыдай түрленіп, 

Уақыттай сүрленіп, 

Тірліктің ең соңғы, 

Деміне үлгеріп. 

Мен сүйсем, сүйемін. 

Дәуірді қалғытып, 

Даланы шаңғытып, 

Шашыма жан бітіп, 

Өртімді өшірер, 

Шілдеден қар күтіп… 

Мен сүйсем сүйемін. 

Түнекке тамсанып, 

Жүрекпен жар салып, 

Балықтар əн салып. 

Ажалым келсе де 

Күлімдеп қарсы алып. 

Күнімен, түнімен, 

Ғасырдың үнімен, 

Арымның құнымен, 

Мұсылман дінімен, 

Мен сүйсем, осылай, 

Сүйемін, 

Шынымен! 

*****

Жасай Бер

Ән айтып келдім.

Әнұраны жоқ әлемге,

Тәңірім калап, нәсіп еткенде жарығын.

Зіл батпан мұң мен бақыт бар мына өлеңде,

Қазақтан басқа түсінер мұны тағы кім?!

Жылауық қызын күтті ме?

Білмен біздің ел,

Құдайдың шүкір қазаққа зор боп қиғаны.

Қырқымнан шықпай қуанып қыс пен күзгі жел,

Шілдеханама «азаттық» әкеп сыйлады!

Туа сап таңым тәуелсіздікпен тербетіп,

Бесікке мен бостандықпенен байлады.

Сол сәттен бастап елімен бірге ер жетіп,

Алашқа аунап, асыр сап әбден ойнады.

Бабалар мұны сарыла күткен сан ғасыр,

Күлкісі, тілі, діні де болды жасанды.

Азаттық!

Сені, байтағым үшін жап-жасыл,

Жетесіз емес,

Некесіз жастар босанды.

70 жыл бойы азапқа қалай төзгені?

Басынғандарды бас көтертпестен құлаттық.

Босанды дағы келмеске кетті өздері ,

Босану үсті жан тапсырғандар -

Жұмақтық.

Жалғанда егер мен болмай қалсам...

Қалайда,

Азаймас арай, қазаққа жарық таң атар.

Азаттық қалқам,

Сен болмай қалсаң алайда,

Таңының өз тамұқ, түнекке пара-пар.

Көрдің бе күнім?!

Сен бізге қандай құндысың?

Сондықтан саған қан кешіп жеткен қазағым.

Әлемге көрсет азаттығыңның үлгісін,

Белгілі сонда орғытып алға озарың!

Тәуелсіздігім,

Тірлігімдегі — тұғырым,

Тарихымызды таспаға, тасқа қашайды ел.

Ұзақ болсын деп тілейміз сенің ғұмырың,

Жер шары барда,

Жалындап сен де,

Жасай бер!

****

 Қази Алмат ұлы Бексейіт тегі 

             МЕН   ҚАЗАҚПЫН.

                                        (Жұбанға еліктеу).

Қазақпын! Қазақ деген халықтанмын.

Ордасы  ұлы  Рухты  алыптардың.

Негізім, найза сілтеп, намыс қуған,

Дейтұғын, жаралғанмын халықтан- Ғұн!

         Ежелден өмірімді ерде өткізіп,

         Шапқанмын шабыстарда шалықтап мың!

         Апшысын алысқанның қуырғанмын,

          Залымға сығалатқам жабықтан күн!

Жауымды желкелеуден жалықпадым.

Атқыздым айқастармен тарих таңын.

Ортадан өз орнымды ойып алып,

Дүниеге  ҚАЗАҚ болып анықталдым!

       Дауда сөзім, ал жауға есем кетпей,

        Ер деген елдігімді танытқанмын!

        Таймағам бабам салған табан жолдан,

         Әлі күнге баяғы қалыптамын.

Қазақпын! Түбім текті Түріктенмін!

Дүниеге дүбірлете күліп келдім.

Даламның дарқандығы даралатып,

Өзгеден өзгеше өмір сүріп келдім!

       Алты Алаш алауыз боп айтысқанда,

       Аға боп, алдын алғам бүліктердің.

       Ағайын арасына алау салған,

       Ұшырғам күлін көкке, күліктердің!

       Туыс болам дегенге құшақ ашып,

        Төбесіне шығарғам ұлық төрдің.

        Жорықта жаубүректі бөліп жеген,

        Жолдасқа жүрегімді жұлып бердім.

Ескермей жасаған мың қайырымды,

Түсінбей тыныш-тірлік пайымымды,

Қоймады аларуды көршілерім,

Жеріме жайлы жайлау, жайылымды.

      Амалсыз қорғау үшін атқа қондым,

      Қаратау, Алтай, Балқаш, Жайығымды!

      Кер заман кеңдігімді жоя алмады,

      Жатты әр кез, дастарханым жайлулы.

Жылжыған жылан болып шығысымнан,

Жимағам айдаһардан айылымды!

Бал іздеп баса көктеп жеріме енген,

Түстікте інге тыққам аюыңды!

      Елінен безіндіргем, келместей ғып,

      Білмейтін Қалмағыңды, қайыруды.

      Арынын Қиуа, Қоқан сан басқанмын,

      Арамыз содан бері айырулы.

Қазақпын! Қазақ деген елімненмін!

Баз кешкен боз далада бөрің менмін.

Бөктіріп елді қызық, думан-жырға,

Сақтаған салт-дәстүрді серің менмін!

Қазақпын! Қазақ деген жұртымнанмын.

Ұмтылар ұлы істерге ұл туғанмын.

Дәлелдеп тереземнің тең екенін,

Қатарда ұлы елдермен бір тұрғанмын.

        Сыбырлап құлағына жөргегінде-ақ,

        Ұлыма ұлылықты ұқтырғанмын.

         Тыңдатып дала күйін дауылпаздай,

        Салдырғам домбыраға ұлт ырғағын.

         

                         ҚАСҚЫРДЫҢ  АДАМҒА  АЙТАР  УӘЖІ.               

                                                                            «...Қасқырдыңда құдайы бар»

                                                                                                                         Халық сөзі.

     (Дала-қырымды кезіп жүргенде, Бөрілердің ұлуына құлақ түріп,

                   олардың үнінен осыны ұққандай болып едім):

 Жаралғаннан аталыппыз- Бөрі-деп,

Ұрпақ жайып содан бері өріп ек.

Қайтпас қайсар серісі боп даланың,

Қасқыр деген атақ алдық бері кеп.

           Азуымды, алмас жүзді, ақ берен,

           Тірлігіме тәңірі берген бақ дер ем.

           Төрт аяқтың бәрі менің тамағым,

            Жаратушым содан қорек тап деген!

Жаралғаннан қаным қара, қатты-ақпын!

Содан шығар;- Жауыз!-деген ат тақтың.

Өзің бұзып келісімді аралық,

Шегарасын тиіспеудің аттатың.

           Ешкім ұрып үйретпей-ақ, таяқпен,

           Азық таптым азуыммен, аяқпен.

           Қоректендім дені сауға тиіспей,

           Ауыру боп, шетке шыққан саяқпен.

Ортақ жерде біз екеуміз таныған,

Отап болдың орман-нуды жаныға.

Аңын құртып, өрісімді тарылтып,

Мені еріксіз, көз салдырдың малыңа!

               Мен ежелден еркіндікте өскен ем!

               Бұғаулауды ешкімгеде кешпегем!

               Бізден бөлек қару-айлаң бар-ау деп,

               Жасқанбаймын! Бірақ рас, сескенем.

Болған кезде, кейде малың бас асым,

Іздеттірдің таудың талай тасасын.

Екеумізге жәндікте ортақ, жерде ортақ,

Сонда Адам, менен қайда қашасың?!

          Құныкер деп мен сенімен егесем!

          (Өлтірсемде, сені ас деп жемес ем?!)

          Жекпе-жекте жеңе алмайсың күшіңмен,

           Қаруым бар, қулығым мол демесең.

Болсын, мейлі, жауым күшті жүз есе,

Тартынбаймын! Өле өлгенше күресем!

Үрдісімді ұрпақтарым ұғынған,

Сондықтанда әлі күнге жүр есен.

          

Жырынды боп сан жорықта жетілгем.

Қаһарыңда қайтармаған бетімнен.

Өзімменен теңдес ермен айқаста,

Жазым болсам, ризамын!Өкінбен!

               Ерігіне еш Адамның көнбегем,

               Бұрауыңа шыдап баққам, өлмегем!

               Ауызымды керсеңдағы ағашпен,

               Жанарымның жалын оты сөнбеген!

Жан-жағыңа назар салшы, бағамдап?

Жақтасың жоқ мына ортақ  ғаламда.!

Құртудасың жердің үстін, астында,

Түк қалдырмай ұрпағыңа, мағанда!

           Дейсіңдағы Адам деген Өр-Есім!

           Бір-біріңді:-Ит-шошқа!-деп сөгесің.

           Жаралғаннан жауызықты жалау ғып,

           Өз-өзіңді құртуменен келесің!

Есіңді алып, еріктіріп, тоқтығың,

Қандасыңды қырасың кеп, соқтығып.

Бір-біріне қастандықсыз жүрмейтін,

Дұниеде сендей жауыз жоқ, бүгін!

          Бұздырмадым белгілеген маңымды!

          Аш болсамда күдірейттім жалымды!

          Басқа үйірдің қаншығымен ұйығып,

          Сен сыяқты бүлдірмедім қанымды!

Ынсабың жоқ, қанша ішсеңде тоймайсың.

Қылмыстада бір-біріңді қолдайсың!

Балаңдыда;-Адам бол!-деп алдымен,

Дәл өзіңдей жауыздыққа жолдайсың!

Әз басыма айта жүріп талай сын,

Өжет ұлды маған әкеп балайсың?!

Өз ұлыңды ынжық болған-шірік!-деп,

Мен мінезді болғандығын қалайсың!

         Іздестіріп бізді құртар  дуға ілік-

         Жасатасың бізге еріксіз, шу-бүлік!

         Сөйте тұра-Арғы тегім Бөрі!-деп,

         Бейнемді алып, көтересің туға іліп?!

          Жанды бағып, бұғып қалмай қорғалап,

           Аш болғада шапқап күшті, зорғада!

           Жаманыңы-Қараусың!-деп-қасқырдай,

           Маған теңеп, атағымды қорлама!

Осы арада отырғам жоқ дау іздеп.

Әділ шешім ақтарсыншы ауыз тек-

Ісімізді салыстырда, шындықты айт,

Кімді айтамыз, екеумізде-Жауыз-деп?

       Ей, Адамдар! Енді маған тақпа сын!

       Мен емеспін біле –білсең, бақтасың!

       Қасқыр деген құжатыммен қаламын,

       Адамдықтан құдай өзі сақтасын!!!

          

Амангелді Сарбасов

  Қайран  жастық

Қайран жастық қол бұлғаймын өзіңе,

Таңқаламын уақыттың тезіне.

Оралмайсың, түсінемін өзіңді,

Артта қалдың бізден қашып безіне.

Қайран жастық қызықтарың қыруар,

Сәттерің мол куә болған біз ұғар.

Әсіресе армандарды қозғасам,

Ойым онға бөлінумен бұзылар.

                                                                                                                                                    Қайран жастық өтіп кеттің бізден де,

Өтіп кетті олардан да, сізден де .

Қайран жастық іш езіліп еске алам,

Хабар келіп тұрғаннан соң «күзден» де !

Қайран жастық симайтұғын қалыпқа,

Алатұғын қалағанын «шалып» та.

Қайсарлық пен батылдығы тең жүрген,

Алатын—ды намысын арға жанып та !

                                                   

 Күзде

Болды бәрі жалаңаш,

Өрік, жаңғақ, тал, ағаш.

Күздің тиіп ызғары,

Іштей тынған қара ағаш.

Жаным ашып қараймын,

Бірі де жоқ арайдың.

Сәмбі талдар  тоңады,

Көз қуанышы талайдың.

Құлазиды көңілім,

Жаздағы жоқ өр үнім.

Жаурағаны—ай қайыңның,

Өксітумен өмірін.

Тоңып тұрмын өзім де,

Селкеу түскен сезімге.

Қайран жазым қайдасың?!

Қадірін білмеген кезінде !

Кеткім келмей қасында,

Тұрып қаппын расында.

Мұңаяды ақ қайың,

Бүршік қалған басында.

                                        Күтуде жырлар

Әлі жазар жырларым бар жалғанда,

Адам оны жазбай тыным алған ба ?!

Айтарыңды айтып қалу дұрыс қой,

Имену де керек шығар ардан да !

Ар алдында жауаптысың қашан да ,

Ұят, намыс бақылап тұр тасаңда.

Шындықтар жүр «шырқыраумен жан таппай»,

Оны айтуда шаң қалмасын шашаңда.

Шындық батып бара жатса тереңге,

Құтқармасаң мән қалмайды өлеңде.

Көріп тұрып, сезіп тұрып үндемеу,--

Кездеседі мүгедектеу кереңде.

Жандарыңды жадыратар  жүректі,

Жарық етер қап—қараңғы түнекті.

Өлең жазам жылылықтан тұратын,

Түріп алып қос қолдағы білекті !

                                   Келер күндер

Келер күндер… белгісіздеу пошымы,

Қалай  елестетсем  екен  осыны ?

Жақсылықтар көп болса екен қуантар,

Көтеретін  көкке  көңіл  хошымды.

Келер күндер… анық емес, тұмандау,

Екені рас, сәл—пәл ғана  күмәндау.

Ойға да алғың келмегенмен кей сәтті,

Керек шығар болжап қана сыр аңдау.

Келер күндер… қалай айтсам болады ?

Беймағлұм-- сезімнің ол  қонағы.

Жақсы, жаман араласқан өмірде,

Басым неше түрлі ойға шомады.

Келер күндер… ойландырар біразға,

Жаңалыққа толы оның күні аз ба ?!

Болса екен жанға жайлы, жағымды,

Тартып  жүрген онсыздағы мұң аз ба ?!

                                        Махаббат

Қастерлейік махаббатты киелі,

Айтпасақ та ол туралы жүйелі.

Махаббат ол ең биігі сезімнің,

Қос ғашыққа пайдасы оның тиеді.

Махаббатсыз кісікиік боларсың,

Қайда барып, кімге сіңіп оңарсың ?!

Махаббат ол көрінбейтін от, жалын,

Онсыз жарым—жалғызсырап тоңарсың.

Махаббатсыз жалғанбайды ұрпағың,

Ойлау керек одан шығар ұлт қамын !

Махаббаттың маңызы зор білгенге,

Махаббатсыз  өзіңді өзің құртқаның .

Махаббаттан тұрар мынау тіршілік,

Жібереді әнші қылып, жыршы қып .

Махаббаттың мәні ерекше ұғып ал,

Оны сақтап, жүрегіңде жүрші нық !

                                                                     

Тегтер: