Өлеңмен өрілген кеш

Өткен аптада «Сәбит Мұқанов» және «Ғабит Мүсірепов» әдеби-мемориалдық музей кешенінде «Наурыздың нұры» әдеби жыр кеші өтті.
Рухани шараға Алматыға жақын аудандардың мектеп мұғалімдері, оның ішінде, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары қатысты. Кеш қонақтары болып, белгілі ақын Саят Қамшыгер мен Қайырбек Шағыр келді. Әдеби кешті музей директоры, ақын Әділғазы Қайырбеков жүргізіп отырды.
Әдеби кештің беташарын музей басшысы өзі ашып, өлең оқыды. Ол жас кезінде жұмыс бабымен Маңғыстау облысының Үстірт жайлауында болғанын айтып, бетпақ далада киіктердің сағымдай созылып, жөңкіліп, жосып бара жатқанын көрген, өмірінде бірінші рет даланың кербез киіктерін көріп, әдемі көрініске арнап өлең жазыпты. Соны оқыды.
Үстірттің үсті құбадүз,
Үргедек киік жосыған.
Үркітіп алып тұрамыз,
Үздіге қарап осыған.
Бауырын жазып көсіле,
Барады киік шығандап,
Бұйығы дала төсінде,
Бұйырған шығар бұған бақ...
Ақын одан кейін жастық шағында жан сарайын тербеген махаббат туралы өлеңіне кезек берсін. Кешке келген қыз-келіншектер Әділғазы ағаның бозбала күнінде жазған жырынан шабыттанып отырды. Тіпті бір келіншек шығып, ақын өлеңін жатқа оқыды.
Өзінен кейінгі кезекті «Жас спортшы» журналының бөлім редакторы, ақын, білім беру ісінің үздігі, бірнеше танымдық әдеби кітаптардың авторы Қайырбек Шағырға берген жүргізуші, оның өлеңдерінде терең иірім, жұп-жұмыр ұйқас, көркем теңеудің мол екенін айтты. Қыз мінезді ақын көктем туралы өлеңімен бастады өз поэзиясын.
Армысың, жарықтық көктем!
Самалын аңсап, сәуірдің зарықтық көптен.
Көктемнің иісі аңқиды бозала таңда
Жауады жаңбыр даланы қырық қып көктен.
Күні ғой бүгін киелі Ұлыстың ұлы,
Шыңдардың ұшын жібітті шығыстың нұры.
Қонақтар келсін, барайық қонаққа біз де,
Жолыға берсін Қыдыр боп қырықтың бірі.
Қарт Алатаудың етегі Қаскелең деген,
Көркіне мұның кәрі де, жас та елеңдеген.
Қызыл гүлдері құлпырған қырларға шығып,
Көктемге шашу шашайық жақсы өлеңменен.
Көктемде көктем туралы өлеңнен артық поэзия болсын ба? Әдемі теңеу мен сұлу суретке риза болғандар қол шапалақтап ақынға демеу берді. Кешке жиналған мұғалім қыздардың біреуі Қайырбек Шағырдан әйелдер туралы өлең сұрады. Ондайда ақын қалай іркілсін? Әйелдер туралы әдемі өлеңдерін бұрқыратты.
Әйел деген ән салғанда – әдемі,
Әлденеге тамсанғанда – әдемі.
Қимай ғана қоштасқанда – әдемі,
Қуанышпен қарсы алғанда – әдемі.
Тана көзі жалт еткенде – әдемі,
Ақ білегі жарқ еткенде – әдемі.
Көрген жанды өнегелі, ибалы
Қылығымен тәнті еткенде – әдемі.
Әйел деген мәз болғанда – әдемі,
Ұнағанда, ұнатқанда – әдемі.
Мөлдіреген жанарынан кей кезде,
Жалғыз тамшы құлатқанда – әдемі...
Әдемілік туралы әдемі өлеңдерімен көпшілікті сүйіндірген ақын поэзия деген ұлы әлемнің патшасындай көрінді көзімізге. Өзі де, өлеңі де сондай нәзік, сондай сүйкімді. Шағырдан кейін әдеби кешке кешігіп жеткен «Шабыт» фестивалінің, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, ақын бірнеше кітаптың авторы Саят Қамшыгер сөз алды. Саятқа сөз берердің алдында жүргізуші оның қоғамдық қызметтеріне арнайы тоқталды. Оның ішінде, Саят Қамшыгердің қырғыз ақындарын қазақша сөйлетіп, 22 қазақ ақынын қырғыз тіліне аударып кітап шығаруға, екі елдің әдеби қарым-қатынасына алтын көпір орнатып жүрген еңбегіне рақмет айтты. Саят қазақ әдебиетінің бәйтеректері тұрған қара шаңыраққа қонаққа шақырылғанына хош көңілмен бірнеше өлең оқыды. Ақын алғашқы өлеңін наурызға арнаса, одан кейін ана туралы өлеңінің қырғызша тәржімасын оқып, ана мен ене деген қасиетті екі атаудың біртұтас ұғым беретінін поэзия тілімен түсіндірді жұртқа.
Бір қызығы, түбі бір туысқан екі халықтың тілінде соншалық бөтендік жоқтай көрінді. Үш ақын да өз өлеңдерінің қырғызша аудармаларын оқып, кешке өзгеше рең беріп отырды. Әлгі тәржіма өлеңдердің қазақшасы қалай, қырғызшасы да солай. Бұл киіз-туырлық – қазақ пен қырғыздың ділі мен тілі ғана емес, дүниетанымының да тұтастығын көрсетсе керек! Қаңтар қасіретінен бері қар-мұздай қатып-сіресіп қалған көңілге наурызға арналған әдеби кеш жан бітіргендей, көктемнің жылы лебін құйғандай әсер берді.