14:24, 10 Сәуір 2024
Өлген мал иелеріне өтемақы қалай беріледі?
Су тасқыны салдарынан өлген мал саны 8,1 мың басты құрайды. Бұл туралы ҚР АШМ ресми өкілі Олжас Тілебалдин мәлімдеді.
Республикалық эпизоотияға қарсы отряд тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында жануарлардың өлекселерін жою жұмыстарын жүргізген.
«Бүгінгі таңда 4,1 мың бас өлген мал жойылды. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша бұл жұмыс күшейтілген режимде жалғасады. Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабпен өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоритмі әзірленіп, бекітілді. Меншік иелері мен залалды анықтау және басқа да мәселелерді шешу үшін өңірлерде жергілікті атқарушы органдармен шығынды анықтау жөніндегі комиссиялар құрылды», - деді ҚР АШМ ресми өкілі Олжас Тілебалдин ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Ауыл шаруашылығы жануарларына меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады.
Меншік иелеріне өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялаған жануарлардың түрлері, жынысы мен жас шамасы бойынша нарықтық құны туралы мәліметтер негізінде айқындалатын болады.
Фото: ортком