Өлі тілдің қажеті қанша?
Кінәлі емес. Біз оларды бас-көз жоқ, кінәлап жатамыз. Намыс жоқ дейміз, санасыз дейміз, орыстанған дейміз.
Әйтеуір, айтпайтынымыз жоқ, кінәлі қылып шығарамыз. Бірақ сол ата-ана баласын, орыс мектебіне не үшін бергендігін ақылға салып жатпаймыз.
«Сананы тұрмыс билейді», деген нақыл бар. Қай ата-ана болсын, баласының болашағының жақсы болуын қалайды. Жақсы мамандық алып, жақсы қызмет атқарғанын, дәулетті, бақытты болғанын көргісі келеді. Ал мұндай мақсатқа қазақ мектебін, қазақша жоғары оқу орындарын бітіргендердің бәрі бірдей жете бермейді. Өйткені, біздің елімізде қазақ тілі емес, орыс тілі дәуірлеп тұр. Орыс тілін жетік білмесең, өнеркәсіп кәсіпорындарына, қазақтілді екі-үш облыстан басқа жерлердегі әкімдіктерге, тіпті, барлық дерлік мекемелерге қызметке алмайды, алса да қызмет атқара алмайды. Өйткені, іс-қағаздарының бәрі орысша жүргізіледі. Екі тілде жүргізіледі деу биліктің халықты алдауы. Сол екі тілде жүргізіледі, деген мекемелерде қазақша жаза да, оқи алмайтын, дұрыс сөйлей алмайтын қазақтар толып отыр. Оларды білуге міндеттейтін заң жоқ. Осыны түсінген ата-аналардың көпшілігі балаларын, немерелерін қазақ мектептеріне емес, орыс мектептеріне беріп жатыр.
Қай жылы екені нақты есімде жоқ, техникалық жоғары оқу орнын бітірген аралдық бір жігіттің «Жас Алаш» газетінде ашуға толы бір мақаласы жарық көрді. Мектепті де, жоғары оқу орнын да қазақша бітірген әлгі жігітті орысша дұрыс білмегендіктен, Алматының кәсіпорындары мамандығы бойынша жұмысқа алмай қойыпты. Ашынған жігіт әкесіне хат жазып, орысша білмегендіктен, өзінің жұмысқа орналаса алмай жүргендігін, қазақ бала бақшасындағы кішкентай інілерін ертең қор болмауы үшін қала шетіндегі орыс бала бақшасына беру керектігін қатты ашуланып айтқан. Ал енді осы ісі үшін ол жігітті кінәлауға бола ма? Мен қазақы аудандардан, ауылдардан Қостанайға көшіп келіп, өздері қазақ мектептерін, жоғары оқу орындарын бітірсе де, балаларын орыс мектептеріне беріп жатқандарды білемін. Неге? Өйткені, қайда барсаң да бәрі орысша. Банктерде болсын, басқа мекемелерде болсын толып отырған қазақ қыздары қазақша білмейді, біліп тұрса да, сенімен қазақша сөйлеспейді. Қазақша сөйлесең, жақтырмайды, орысшасына көшіп кете береді. Не оларға жоғарыдан осындай нұсқау келген, не ресми орындарда орысша сөйлеу олардың санасына сіңіп кеткен, сіңдірген, не қазақша сөйлеуге арланады, ұялады. Құлдық сана. Біз қазақ мектептері жақсы білім береді деп мақтанып жатамыз. Осы сөздің растығына мен күмәнданам. Бес жыл бұрын үлкен немеремді баламның қарсылығына қарамай, бастауыш қазақ мектебіне бердім. Бастауыш сыныптарда немерем басқа сабақ жоқтай, үнемі бір өлеңдерді жаттайды да отырады. Өлеңдердегі «үскірік», «шірік», «қызанақ», тағы басқа сөздердің мағынасын сұрасаң, білмейді. Мұғалімдері түсіндірмейді, не өздері түсінбейді. Өзі қазақша нашар білетін бала миы ашып, бар күнін сол 5-6 шумақ өлеңді жаттаумен өткізеді. Әрі жүйкесін құртады. Сол өлеңдерді жаттау балаға қаншалықты қажет?
Жалпы, жоғары сыныптарды қайдам, бастауыш сынып оқулықтарының сапасы нашар. Дұрыс құрылмаған сөйлем, бала тұрмақ, үлкен адам түсінбейтін «жаңа» сөздер. Бастауыш сынып оқушыларының жасына, түсінік-талғамдарына сай келмейтін оқу бағдарламалары. Неге бұлай? Өйткені, білім министрлігінің бұрынғы басшылары бұған мән бермеді. Тіпті, сол министрлікте ұлттың тіліне, ұлттың болашағына жаны ашитын адам болғанына күмәнім бар. Сондықтан оқулықтарды тамыр-таныстық арқылы қолынан жазу келмейтін мұғалімдер де жаза берген. Өйткені, бұл үлкен ақша. Ол оқулықтардың сапасы қазақша оқи алмайтын Е.Сағадиев сияқты орыстілді бұрынғы білім министрлеріне де, олардың шалақазақ орынбасарларына да бәрібір болды. Бізде – министрлікте ғана емес, облыстық, қалалық білім басқармаларын да қазақша қақпайтын қазақтар да, орыстар да, басқалар да басқарып отыра береді. Ал оларды қазақ мектептеріндегі білім беру сапасының жағдайы алаңдатпайды. Мен мұны білгендіктен, айтып отырмын. Сіз Ресейде орыс тілін білмейтін қазақтың сол елде білім министрі болғанын көз алдыңызға елестете аласыз ба? Мүмкін емес. Ал бізде бола береді. Өйткені, қазақ тілі биліктегілер үшін «өлі» тіл. Өлі тілдің қажеті қанша? Сондықтан қазақ тілінде сөйлеуге де болады, сөйлемеуге де болады. Өйткені, бұл тілдің сұрауы жоқ. Сұрауы жоқ нәрсе жоғалады.
Қазақ тілінің жағдайы дұрысталудың орнына жылдан-жылға нашарлап барады. Мұны халық көріп отыр, біліп отыр. Тіпті, бүгінгі таңда қазақ тілінің болашағын елестетудің өзі қиын, тіпті ,қорқынышты. Биліктің кешегі де, бүгінгі де жүргізіп отырған тіл саясаты «балаңды қазақша оқытпа, қазақ тілінің болашағы жоқ», дегенге итермелеп отыр. Расында да
оңтүстікті қайдам, күні кеше қазақ боламыз, деп балаларын қазақ мектептеріне топырлатып берген солтүстік қазақтары енді балаларын қайтадан орыс мектептеріне беріп жатыр. Мен бұл үшін оларды кінәлай алмаймын. Бұл олардың өз ұлтынан жиренгендігінен емес, биліктегі басынан бақайшағына дейін орыстанған шалақазақтардың өз ұлты тілінің «қол аяғын» тырп еткізбей, байлап-матап тастағандығынан болып отыр.
Тіл тартысында Ресей бізді өз отары сияқты қатты қыспаққа алып отыр. Дума депутаттары, саясаткерлері, журналистері және басқалары Қазақстанда орыс тілін кемсітіп жатыр деп, дүниені улатып-шулатып, биліктің зәресін ұшырды. Біздің қорқақ шенділер соларды мойындағандай, үн-түнсіз бұғып қалды. Орыс тілі дәл біздің еліміздегідей, еш елде салтанат құрып тұрған жоқ. Ендеше, соны жоққа шығарып, шовинистердің аузына құм құюға болмайтын ба еді? Болатын еді. Бірақ біздің билікте оларға қарсы сөз айтуға болмайтын сана қалыптасқан. Қалыптастырды. Орысша сұрақ қойған орысқа қазақша жауап берген қазақты кезінде Назарбаевтың қалай кінәлағанын білеміз. «Қызметтен қуу керек. Прокурор қайда қарап отыр?!» деп айбаттанған жоқ па? Соның салдары болар, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен Ахметовті қазақ билігі орыс қысымынан қорқып, қылмыстық жауапкершілікке тартпақ болғанда, ол қашып, шетел асты. Соның өзінде қазаққа қоқан-лоққы жасауға әбден әдеттеніп алған орыс шовинистері байбаламдарын қоймады. Біз қорқуды қоймасақ, қатты қарсылық көрсетпесек, олар бізге қысым жасауын да ешқашан тоқтатпайды. Тіл үшін күресетін кез келді. Өйткені, ұлт ретінде қалудың жалғыз жолы – тілді сақтау.