Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:08, 10 Желтоқсан 2020

Олигарх Әбдіғаппаров Тоқаевтың айтқанына пысқырмай ма?

None
None

Қараша айының соңында біразымызды толғандырған тақырыптар  көп болды. Соның бірі – елдегі ірі сауда желісі саналатын Sulpak басшыларының тал кесу әрекеті.

 

     22 қараша күні Алматыда Sulpak дүкенінің жанындағы көп жылдан бері өсіп тұрған ағаштардың оталуы қоғам наразылығын  тудырды. Қас қарайғанда кесілген 13 түп ағаштың тоғызы Қызыл кітапқа енген емен болып шықты.  Әлеуметтік желіде қызу талқыланған бұл мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев та араласып, «кінәлілерді жауапқа тартуды» тапсырған еді. Ақыры болған іске қатысты тергеу басталып, тиісті айыппұл салу туралы шешім қабылданып, мәселенің түйіні тарқағандай болған-ды.

Sulpak-тың шуы енді бәсеңдегенде Алатау бөктеріндегі «Каменское плато» обсерваториясы тұсынан дау шықты. Бұл аумақтың тұрғындары тау бөктеріндегі ағаштар оталып, осы маңда құрылыс жұмыстары басталғанын айтып ашынды.

                   «Байлар жерді қойып, аспанға көшті»

      Тұрғындардың айтуынша, осыдан 70 жыл бұрын салынған Фесенков атындағы астрофизикалық институттың маңынан танымал олигархтардың бірі тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап қойыпты.  Бұл ретте «Каменское плато» мекенінің тұрғыны Жанар Әскерғалиева былай деп мұңын шақты:

    – Біз «Крыша» сайты арқылы білдік. Бұл жерге әлі салынбаса да, нысандарды сатылымға шығарып қойыпты. Мұны біз заңсыз деп есептейміз. Ондағы бір үйдің бағасы шамамен 200 млн теңгеге дейін бағаланыпты. Мұндай сомадағы үйлерді қарапайым адамдар сатып алмайтыны белгілі. Демек, бұл жер болашақта бай-манаптардың меншігіне айналады. Мұнда аспан денелерін зерттейтін Фесенков институты  орналасқан.  Кеңестік кезеңде «оны мемлекеттік маңызы бар нысандар» санатына қосатын. Осы Алматыда байлар үй салмаған тау бөктері жоқ шығар. Енді бай-манаптар жерді қойып, аспанға көшті.  Бұған тыйым болуы керек емес пе?

                          Ерекше аймаққа қол салған кім?

       Сонымен, обсерватория маңындағылар бұл мәселеге жоғары деңгейде назар аударылуы керегін нықтап отыр. Тұрғындар айтып отырғандай, расымен де, тұрғын үй сату жарнамасын жариялауменайналысатын «Крыша» сайтында осы  «Каменское плато» елді мекеніне таяу орналасқан  көлемі  230 шаршы метрлік тұрғын үй кешені салынбай жатып сатылымға қойылыпты. Мұндағы әр үйдің  құны 178 млн теңгеге бағаланған.  Салынатын тұрғын үй кешені SOLAR HOMES деп аталады.

      Әрі қарай қазбаласақ, SOLAR HOMESParmigiano Group тобының жаңа жобасы екен. Ал Parmigiano Group-тың негізін қалаушы Алмас Әбдіғаппаров екенін біз білеміз.  Ол сондай-ақ «Esentai City – қала ішіндегі қала» атты заманауи форматтағы тұрғын үй кешені идеясының авторы. Кәсіпкердің ресторан саласындағы  тарихы Parmigano Ristorante Italiano ресторанынан бастау алады. Бүгінде Parmigiano Ristorante Italiano, Crudo Steakhouse, East Pan-Asian Restaurant, Olivier Restaurant & Bar, бар «Бармаглот», S.N.e.G Hotel & Restaurant кешендерінің иесі Алмас Әбдіғаппаров кәсіпте табысқа жетудің құпияларымен жиі бөліседі. Танымал кәсіпкердің негізгі принциптерінің бірі – махаббатсыз басталған іс көңіл қуантпайды.

 Жалпы, Әбдіғаппаров мырза биылғы пандемия кезінде ресторан бизнесінің тоқырап жатқанына байланысты президентке ашық хат жазып, бизнесіне көмек сұрағанын да білеміз. Енді  жобалауымызша, Алмас Әбдіғаппаров келер жылдан бастапSOLAR HOMES тұрғын үй  жобасын «махаббатпен»  бастап, табысқа кенелмек. Мұнда сатылатын бір үйдің бағасы 178 млн екенін ескерсек, расымен де, танымал бизнесменнің қалтасы қалыңдай түсетіні хақ. Бірақ, іске деген махаббаты асқынып тұрған олигарх табиғатқа деген махаббатты ескеруді ұмытқан сияқты...

                       Бұл әрекет қаншалықты заңды?  

       Жалпы, бір бұл емес, біздің елде Алатаудың баурайына көз тіккендер жетіп-артылады. Шындығына келсек, үкіметтің «туризмді мұнайдан кейінгі табыс көзі­не айналдырамыз, отандық туризм саласына инвестиция тартуға күш саламыз» деп, күпінгенінің арты табиғатты бай-манаптарға саудаға шығарумен өрбіп жатқан сияқты. Біз «заманауи экотуризмді дамытамыз» деп, Көкжайлауға ауыз салдық, Шымбұлақ пен Медеуге шеттен келгендер таңдай қағып таңғалатын еді. Оның бойын да құрылыс, кафе, ойын-сауық орындарымен «көмкердік». Көктөбенің төбесіне дейінгі табиғаты көркем жерлерді де бай-манаптар сатып алып, ірі-ірі коттедждерді қаздай тізіп салып тастады. Биылғы жазда Іле Алатауындағы 34 нысанды лотқа шығарғанда тек бір ғана компания тендерге қатысты.  Ол – Александр Гужавин басқаратын «Құлтау» ЖШС. Аталмыш серіктестік 2004 жылы тіркелген, Esentai Tower бизнес-орталығында орналасқан. 2015 жылдан бері бұл компания  бюджетке небәрі 1 миллион теңге ғана салық төлеген. Енді, міне, Алатау бөктеріндегі «Каменское плато» обсерваториясының аумағына да қымбат тұрғын үй кешені салынбақшы. Жалпы, бұл заңды ма?! Қашанға дейін Құдай берген табиғат байлығын жекелеген инвесторлардың қолына беріп, Алатаудың бөктерін саудаға сала береміз?!

      Бұған қатысты «Жас Алаштың» сауалына жауап бергенэколог,  құқық қорғаушы Заңғар Қасымханов өз ойын ортаға салды:

     – Алматыда экологиялық  стратегиялық нысандар бар: Көкжайлау, Көктөбе, Шымбұлақ, Іле Алатауы және Алатау бөктеріндегі  Фесенков атындағы институт. Бұл аумақты «Іле Алатауы паркінің құрамына енбейді» дейтін уәж айтатын көрінеді. Бірақ бұл жерде жеміс ағаштары, саф ауа, көркем табиғат болды. Мұндай аумақтарды құрылыс нысандарына айналдыру, соның ішінде жекеменшік тұрғын үй кешеніне айналдыру –  стратегиялық қателік.  «Ғаламдық экологиялық қор» деген болады. Ерекше қорғалатын экологиялық аумақтар болады. Осындай халықаралық талаптарға сай, Қазақстан конвенцияға қол қойған ел ретінде қорықтарды, ұлттық парктерді, табиғи жеміс ағаштары өскен жерлерді көзінің қарашығындай сақтауы тиіс. Мемлекеттің қажеттілігі үшін алынып жатса дау жоқ. Ал жекеменшік кәсіпкердің пайдасына бола мұндай табиғаттың көркін бұзуды өз басым заңсыз деп санаймын. Болашақта сол қымбат тұрғын үй кешендеріне, расымен де, халықтың қолы жетпейді. Қазір Шымбұлақ, Көктөбе, Іле Алатауы баурайындағы демалыс орындары қарапайым халыққа тиімсіз, олардың қызмет көрсету құны  өте қымбат. Сол сияқты обсерватория маңынан салынатын үйлер де бақыр санап жүрген бұқараға қолжетімді емес. Халықтың 178 млн теңге түгіл, 8 млн теңгеге баспана сатып алуға шамасы әрең келеді.  Бұл жерлердің заңды түрде, талапқа сай, жекенің қолына өтуінің өзі күмәнді. Демек, мұндай мәселелерде қоғамның пікірі ескерілуі керек.

Қалай десек те, маман сөзінің жаны бар. Расымен де, Құдай берген табиғаттың қызығын бірінші кезекте халық көруі керек емес пе?! Ал бізде, керісінше, табиғаттың қызығын тендерді ұтқан кәсіпкер,  қаржысын офшорға шығарған олигархтар мен ауқаттылар тізімінен түспейтін миллиардерлер көруде.

      Мәселен, АҚШ еш жасандылықсыз тек қана табиғи туризм саласынан жылына 488 млрд доллар пайда көреді екен. Іргеміздегі Ресей 17,9 млрд доллар пайда тапса, Қытай 224 млрд, Жапония 106 млрд доллар пайданы қалтасына басады. Ал біздің туризмнен көретін жылдық пайдамыз 1 млрд долларға да жетпейді. Өкінішке қарай, бізде «туризмді дамытамыз» деген желеумен тау бөктеріне тұрғын үй салып, оны қымбатқа сатып, өз қалталарын қампайтып, қазынаға салық төлеуден жалтарып жүрген инвесторлар легі жетерлік. Бұл ретте президент Тоқаев «Табиғатты қорғау – маңызы зор іс.  Табиғатқа қиянат жасалмауы керек» деп қанша рет айтты? Тіпті, президент болып сайлана салғандағы шешімдерінің бірі Көкжайлау жобасын тоқтату болмап па еді! Соның бәрі әшейін ел алдында ұпай жинау үшін жасалды дегенге сенгің келмейді.

10 ағаш үшін (Sulpak) дауға араласқан президент гектарлаған жер үшін бай-манаптарға «әй, қойыңдар!» дер ме екен; «тарт қолыңды!» дер ме екен...

Тегтер: