Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:30

Олигарх Клебановтың ЖЭО-да тағы төтенше жағдай: жұмысшы жансақтау бөлімінде жатыр

Клебанов
Фото: zhasalash.kz

Петропавлдағы №2 жылу электр орталығында (ЖЭО-2) «Средаэнергомонтаж Петропавловск» ЖШС-нің жұмысшысы биіктіктен құлап, жансақтау бөліміне түсті.

«Оқиға 12 маусымда болды. Газ шығару құбырында күлді тазалау кезінде төртінші разрядты футеровщик шамамен 8,5 метр биіктіктен 2,5 метрге құлап кетті», – деді «Средаэнергомонтаж Петропавловск» ЖШС бас директоры Максим Бублейник.

Оның айтуынша, зардап шеккен азаматқа бірден алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, қала ауруханасына жеткізілген.

«Петропавловск.news» басылымының мәліметінше, 40 жастағы жұмысшы ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне жатқызылған.

СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі: «Газ шығару құбырларын жуу және тазалау кезінде шамамен 6-7 метр биіктіктен жұмысшы құлап кетті. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары барысында қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп мәлімдеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ер адамның жарақатына қатысты нақты мәлімет берді: біріктірілген жарақат, бас миының шайқалуы, бастың жарақаты, бірнеше қабырғаның ығысуымен сынуы, өкпенің соғылуы, жамбас аймағындағы сырылдар, іштің жабық жарақаты.

«Бүгінгі күні науқастың жағдайы ауыр, бірақ салыстырмалы түрде тұрақты. Есін біледі, өзі тыныс алып жатыр. Интенсивті терапия жүргізілуде, динамикалық бақылау және толық көлемде емдеу жалғасуда», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Айта кету керек, Петропавл ЖЭО-2-ні олигарх Александр Клебанов иелік ететін «Севказэнерго» компаниясы арқылы басқарады. Ол — Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорациясының (ОАЭК) құрамында. Бұл ЖЭО-да бұл алғашқы төтенше жағдай емес.

2023 жылдың 20 наурызында осы ЖЭО-да үш мұржаның біреуі опырылып, үйінді астында бір қызметкер қаза тапқан болатын. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. 16 маусымда осы ЖЭО-ның жұмысын қалпына келтіру үшін 17,5 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды.

Ал 2022 жылдың қараша айының соңында аяз кезінде Клебанов бақылауындағы Екібастұздың ЖЭО-сы істен шығып, қала бірнеше күн жылусыз қалған еді. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі коммуналдық апаттардың бірі ретінде тіркелді.

Сондай-ақ, 2025 жылдың 7 маусымында Клебанов иелік ететін ОАЭК құрамындағы «Павлодарэнерго» АҚ мемлекеттік сатып алу ережелерін бұзғаны анықталды.

Тегтер: