Олигархтар отандық биржаны менсінбейді

Қазақстан қор биржасынан олигарх Нұрлан Смағұлов кетті. Еліміздегі Mege ойын-сауық орталықтарын басқаратын Mega Center Management акционерлік қоғамы осылайша Қазақстан қор биржасындағы 8 жылдық ғұмырына нүкте қойды.
Жалпы, соңғы уақытта Қазақстанның байлығының арқасында шіріп байыған ірі олигархтар өз компанияларының акцияларын қазақстандық биржадан алып кетуге асыға бастады. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Александр Машкевичке, Патох Шодиевке және Ибрагимовтер отбасына тиесілі ERG «Қазхром» компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығының (AIX) биржасынан өз акцияларын алып кеткен. Одан бұрын KAZ Minerals компаниясы да қазақстандық биржадан кететінін мәлімдеген. Былтыр Jusan Mobile АҚ да өзінің қарапайым акцияларын отандық биржадан алып кетті.
Отандық биржадан олигархтардың кетуге асығуының себебі неде?! Бұл үрдіс Қазақстан қор нарығының дамуына, экономиканың аяқ алысына қалай әсер етеді?!
Ең алдымен, оқырманға түсінікті болу үшін Қазақстанның қор биржасы жөнінде аз-кем ақпарат тарқатсақ: Қазақстанда екі қор нарығы бар – Қазақстан қор биржасы (KASE) мен Астана халықаралық биржасы (AIX). Биржа сөзінің төркінінің өзі әмиян деген мағынаны білдіреді. Сондықтан биржа – олигархтардың әмияны іспетті. Олигархтар сол әмиянға өздері басқарып отырған компанияларының акцияларын, пайларын, облигацияларын, яғни бағалы қағаздарын салады. Ол акциялардың бағасы көтеріледі, кейде түседі. Сөйтіп бұл нарықта тұрақты түрде бағалы қағаздар сатылып отырады. Ол саудадан түскен қаражат бірден олигархтардың қолына ұстатылмайды. Қаражат айналымда жүреді. Мемлекет айналымдағы қаражаттарды инвестиция ретінде әртүрлі жобаларға, мемлекеттік бағдарламаларға салады. Биржа осы мәмілелердің қалай жүзеге асқанын бақылап, барлық тараптың өз міндеттемесін дұрыс орындауын қадағалап отырады. Биржаға қатысатын компаниялар қор нарығы арқылы өздерінің жағдайын жақсарта алады. Табысы өскен сайын компаниялардың акциясы да қымбаттай береді. Мысалы, әр компания тоқсан сайын биржа арқылы өзінің табысы жайында ашық ақпарат беріп отырады. Табысы өскен компанияның акциясы да биржада қымбатқа сатылады. Былайша айтқанда, биржа олигархтардың әмиянын қалыңдататын орта.
Әйтсе де біздегі олигархтар тапқан-баққанын Қазақстанда сақтауды жөн көрмейді. Мәселен, акциясын қазақстандық биржадан алып кеткен Нұрлан Смағұловты қаржы нарығында «табысын шетелге жылдам аударатын кәсіпкер» деседі. Себебі басқа кәсіпорындар жылдың қорытындысы шығып, қаржылық есеп аудиттелгеннен кейін, кем дегенде екі аптадан кейін дивидендті (түскен табысты) үлестіру бойынша шешім шығарса, Смағұлов 2023 жылы Mega-дан түскен таза пайданы үш күннің ішінде Сингапурдегі A.G.OVERSEAS басқарушы компаниясының шотына аударып жіберіп, шапшаңдық танытқан. «Әрине, өз табысы болғандықтан, Смағұлов оны кімге аударады, қалай аударады, өзі біледі. Бастысы, мемлекетке салық төленді» деп арқаны кеңге салуға болатын да шығар. Алайда сарапшылар олигархтардың мұндай әрекеті дұрыс еместігін, оларға тапқан табысын едел-жедел шетел асыра беруге қатаң тыйым салынуы керектігін айтып жүр.
Тоқаевтың тапсырмасы пысықталып болмай жатыр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та екі жылдан бері олигархтардың тапқан табысын елде қалдыру мәселесін және Қазақстанның қор биржаларының белсенділігін арттыру қажеттігін, биржаға инвесторларды көптеп тарту керектігін, осы орайда елдегі қос биржа АІХ пен КАSE-ні біріктіріп, оларды бір жерден тиімді басқару мәселесін үкіметке тапсырып жүр. Былтыр жыл соңында бұл мәселеге қатысты Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасы Алина Алдамберген «Тапсырманы пысықтап жатырмыз. Арнайы жұмыс тобы құрылды» деген. Содан бері бұл мәселелер әлі шешімін таппады, әлі талқыланып жатыр.
Рас, екі биржаны қосып, оның жұмысын тиімді бағытқа түсіру үшін белгілі бір уақыт керек, бірнеше факторларды зерттеу қажет. Әйтсе де, биржадан ірі олигархтардың кетуіне тосқауыл қоюға болмай ма?! Президенттің биржадағы белсенділікті арттыруға, инвесторлар тартуға қатысты нақты тапсырма бергенін ескерсек, қазір үкімет те, Ұлттық банк те, қор биржасының басшылары да елдің қор нарығына алпауыт инвесторларды тарту жолын іздеп, жанығып жатуы керек емес пе?! Ұтымды сауда, табысты түсім болмағанның бәрі отандық биржадан кете берсе, бұл нарықтың болашағы қандай болмақ?!
Бұл сұрақ төңірегінде «Жас Алашқа» жауап берген қаржыгер Ілияс Исаевтың сөзіне сүйенсек, отандық биржаның дамымай жатуына, биржадан олигархтардың қаша бастауына бірнеше себеп бар.
«Біріншіден, отандық инвесторлар қор нарығын басқару құралдарын әлі толық меңгерген жоқ. Қор нарығы 1993 жылы құрылса да бізде ондағы акцияларды, пайларды тиімді басқару жолдары жоқтың қасы. Осыдан барып биржада сауда жоқ. Екіншіден, Лондон қор биржасы, Шанхай, Франкфурт, Нью-Йорк қор биржаларымен салыстырғанда біздегі биржа ойыншық іспетті. Ауқымы тар. Сондықтан да шетел инвесторлары болсын, отандық олигархтар болсын, біздің биржаны тақиясына тар көреді. Саудасы қызып жататын халықаралық биржаларға акцияларын салады. Үшіншіден, Ресейдегі ахуалға қатысты да инвесторлар біздің биржаларға акцияларын салатын кезде ойланады. Тарихқа үңілсек, соғыс кезеңі жаппай қаржы нарықтарының жабылуымен есте қалады. Сондықтан осы мәселе де қазақстандық биржалардағы белсенділікті одан әрі төмендетуде. Төртіншіден, Қазақстанның өзінен шыққан ірі-ірі алпауыт компаниялар жоқ. Біздегі компаниялардың барлығын шетелдіктер басқарады. Отандық кәсіпкерлер ғана басқаратын ірі компаниялардың легін арттырмай, отандық биржаны жетілдіру мүмкін емес. Үкіметке осыны ескеру керек. Бесіншіден, «шетелдіктер басқаратын компаниялар өзінің есебін биржа арқылы 100 пайыз ашық, таза етіп беріп отырады» деп айта алмаймын. Биржада қаржылық есептілік, компаниялардың түпкі қожайындары барлығы ашық көрсетілуі керек. Компанияға қатысты барлық деректер таза болуы қажет. Қазір салық реформасы, бизнеске жүктеме артып жатыр. Қаржылық есептілігін ашық көрсеткісі келмейтін, түпкі қожайындары жайлы ақпарат бергісі келмейтіндер биржада «ойнағысы» келмейді. Жаңағы Mega басшысы да соны қалап, өз акциясын биржадан алған болуы әбден мүмкін. Алтыншыдан, қор нарығында сауда жасау барысында тиімді мәміле жасай алатын сауатты брокерлер жоқ. Сондықтан да бұл сала бізде дамып жатқан жоқ, бір орында тұр. Олигархтар осының барлығын көріп, акцияларын алып кетуге асығуда. Бұл сала дамуы үшін экономиканы дамыту керек. Отандық мықты-мықты компаниялар құрылуы қажет. Әсіресе пайдалы қазбалар нарығына қатысты отандық компаниялар болуы тиіс. Біз, керісінше, елдегі пайдалы қазбалар нарығын, табиғи байлықты басқаруды Машкевичтер басқаратын ERG компаниясына беріп қойдық. Бұл олигархтар жер қойнауын 2047 жылға дейін игереді деп еді, оны 2072 жылға дейін созды деген мәлімет те бар. Олар тапқанын шетелге тасиды. Қор нарығы даму үшін біздің жеріміздің байлығын игеріп жатқан компаниялар ақшасын ұрлап шетел асыра бермеу керек. Үкімет пен Ұлттық банк осыны ескеру керек. Елде экономика дамып, өндіріс өркендеуі қажет. Сонда ғана биржада белсенділік артады. Қазіргідей қарқынмен биржада түсім артпайды, керісінше, төмендейді. Биыл жыл басының өзінде-ақ сауда төмендей бастады», – дейді қаржыгер Ілияс Исаев.
Айтса айтқандай, биыл жыл басында Қазақстан қор биржасында сауда әжептәуір төмендепті. Бізге биржаның берген мәліметінше, 2025 жылғы қаңтар-ақпан айында жасалған сауда-саттық көлемі былтырғы осы айлардағы көрсеткішпен салыстырғанда 14,7 пайызға (доллармен есептегенде25,3 пайызға) кеміген. Акциялар нарығындағы жағдай осы болса, ақша нарығындағы сауда-саттық көлемі48,4 трлн теңге болды. Бұл – 2024 жылдың алғашқы екі айындағы көрсеткішке қарағанда17,8 пайызға төмен.
Стратегия және бизнесті дамыту орталығының экономист-сарапшысы Алмас Сәлменовтің пікіріне сүйенсек, биржадан олигархтардың кетуі бұл саладағы қаржы айналымын одан әрі төмендететіні рас. Маманның пайымдауынша, Mega Center Management АҚ-ның 2023 жылғы таза кірісі 14,5 миллиард теңгені көрсеткен. Былтырғы табысы да осыған жуық. Алайда енді биржадан кеткендіктен, ірі кәсіпкер Смағұловтың таза табысын білу де қиынға соқпақ.
Бұл ретте сарапшы Алмас Сәлменов былай дейді:
«Қор биржасынан кеткен Нұрлан Смағұлов «компаниямда ресурс жеткілікті, қаражат жетіп артылады, биржаға тәуелді емеспіз» деген мәлімдеме жасады. Алайда бұған дейін Mega ойын-сауық орталығы Халық банкінен алынған кредит бойынша кепілде тұрған. 2022 жылы Mega Center Management Халық банкіне 22 миллиард теңге қарыз болып тұрды. Бұл кредиттер 2025 жылдың аяғына дейін толық төленіп бітуі тиіс еді. Міне, олигарх осынша қарызы бола тұра биржадан табыс табуды оң көрмей отыр. Бұған бір себеп: 2025-2026 жылдары жеке компаниялардың сыртқы қарыздарын өтеу мерзімі басталады. Олардың сыртқы қарызы қазір 101 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Алдағы екі жыл сол қарыздарды өтеу мерзімімен тұспа-тұс келетіндіктен, олардың капиталы шетелге кетеді деген сөз. Сондықтан компаниялардың біразы енді отандық биржаға инвестиция салмақ түгілі, биржадан шыға бастаса, тапқан табыстарының басым бөлігін қарызды өтеуге жұмсаса, таңғалмаймыз».
Сала мамандарының айтуынша, алдағы екі жылда Қазақстанды үш дағдарыс күтіп тұр. Оның біріншісі – бюджет дағдарысы. Екіншісі – сауда балансындағы дағдарыс. Импорттың елге ағылып келуі, импорттық сауда балансының экспорттан асып кетуі сауданы тоқыратады. Үшіншісі – сыртқы қарызды қайтару барысында экономикаға түсетін жүк. Міне, осы үш дағдарыс барында талай квазимемлекеттік компаниялардың, ірі инвесторлар мен олигархтардың әлеуеті сыналады. Олар мұндайда «отандық экономиканы қолдаймыз» деп қолтығымыздан демей ме, әлде мыс-мыс ақшаларын елден ала қашып, өз игіліктеріне ғана жұмсай ма?! Оны да уақыт көрсетер. Әйтсе де олигархтардың қазақстандық биржалардан безініп, халықаралық биржаларға бет алуы мақтанатын шаруа емес. Бұл үрдіс биржаның белсенділігін дамыту саясатына тұсау болатыны даусыз. Ал мұндайда үкімет пен Ұлттық банк президент берген тағы бір тапсырманы орындай алмай қалғалы тұрғандай.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ