Олимпиада артымызды ашты

Өткен аптада әлеуметтік желіде ең көп талқыланған тақырыптардың бірі –Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарынан спортшыларымыздың құр алақан қайтуы болды.
Бұған дейінгі 2014 жылы Сочи мен 2018 жылы Пхенчханда өткен жарыстарда тек бір қоладан иеленген Қазақстан құрамасы бұл жолы қолаға да зар болып, саланың кері кетіп бара жатқанын дәлелдей түсті. Басқалар жыл өткен сайын мықтылығын дәлелдеп жатса, біздікілер кері кетіп барады. Бұдан соң, халықтың да жанкүйерлік рухы әлсіреуде.
Осы орайда, айта кетер жайт,ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков: «Бейжің Олимпиадасына қатысу үшін 248 миллион теңге жұмсалды. Оның 107 миллион теңгесі «Air Astana» компаниясының чартерлік ұшағына төленді. Спортшылардың Олимпиадаға дайындығына 789 миллион теңге бөлінген. Дайындыққа және жарыстарға барлығы 234 спортшы мен жаттықтырушы қатысты. Бір жылда биатлонға – 384 миллион, тау шаңғы спортына 100 миллион, конькимен жүгіруге 400 миллион, шаңғы жарысына 363 миллион, керлингке 200 миллион, трамплиннен шаңғымен секіруге 198 миллион, сноубордке 14 миллион, конькимен мәнерлеп сырғанауға 143 миллион, фристайл-могулге 562 миллион, фристайл-акробатикаға 319 миллион, шайбалы хоккейге 259 миллион, шорт-трекке 392 миллион теңге бөлінген-ді. Жалпы, қысқы спорт түрлерін қаржыландыруға мемлекет бюджетінен 3,5 миллиард теңге қарастырылған», — деп мәлімдеді. Қарап отырсақ, миллиардтар жұмсалуда, бірақ нәтиже нөл! Неге?
Өзгелер рекорд жаңартса, біз көйлегімізді көрсетіп қайттық...
Журналист Гүлмира Әбіқай «атойлап барып, басымыз салбырап қайттық. Өзгелер қысқы спорттан рекорд жаңартып, мақтанып жатса, біз көйлегімізді көрсетіп қайттық. Костюмдер 3 ай дайындалды. Оны тігуге – 20 өнер шебері, 2 конструктор, 4 тігінші, 4 суретші және 8 кестеші кірісті. Таза қолмен даярланған, өнер туындысы алтын, күміс жіптермен тігіліп, моншақтармен безендірілді. Несі бар, Бейжің олимпиадасындағы ең көз тартар костюм біздікі болды. Өкінішке қарай, діттеген мақсат — спорт жайлы ләм-мим сөз жоқ. Қаңтар оқиғасынан бері қашып кеткен, жеп қойған, ұрлаған, оффшорға тыққан-пыққан шенеуніктерді көріп тұрып, спортшылардан жеңіс қайда, деп сұрау да ұят сияқты. Келесі олимпиадада Жаңа Қазақстанмен бәрі басқаша болады, деп жұбаттым өзімді», — деген жазба қалдырыпты әлеуметтік парақшасына. Көп жанкүйер өзін осылай жұбатты. Ал жанкүйерлердің сол үміті ақталар ма?!
Спортқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шенділер өздері басқарып отырған федерацияның дамуы үшін қаншалықты үлес қосты?
Ал журналист Нұргелді Әбдіғани «Бұған кім кінәлі? Әрине, алғашқы кезекте – қазақ спортына қожалық жасап отырған миллионер шенді-шекпенділер. Бізде спорт федерацияларын кімдер басқарады? Қараңыз:
Конкишілердің Ұлттық федерациясын – БОЛАТ ЖӘМІШЕВ, Шаңғы спорт түрлері федерациясын – ДИАС СҮЛЕЙМЕНОВ, Керлинг федерациясын – АМАНТАЙ КҮРЕҢБЕКОВ дейтін зейнеткер генерал, Биатлоншылар одағын – ЕРМЕК ҚИЗАТОВ дейтін Көлгіновтің орынбасары, Шайбалы хоккей федерациясын – АСҚАР МАМИН, Қайық федерациясын – ҚАЙРАТ ӘЙТЕКЕНОВ, Гандбол федерациясын – ГҮЛНАР ТҰРЛЫХАНОВА,
Ауыр атлетика федерациясын – ЖАНАТ ТҮСІПБЕКОВ, Велосипед спорты федерациясын – НҰРЛАН СМАҒҰЛОВ, Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясын – ДӘУЛЕТ ТҰРЛЫХАНОВ, Каратэ (wkf) федерациясын – ЕВГЕНИЙ ПАК, Бокс федерациясын – КЕҢЕС РАҚЫШЕВ, Жеңіл атлетика федерациясын – ДАНИАЛ АХМЕТОВ, Триатлон федерациясын – АЛДИЯР ҚАЗТАЕВ, Су спорты түрлері федерациясына – АНДРЕЙ КРЮКОВ, Бессайыс федерациясын – БЕРІК ИМАШЕВ басқарады.
Спортқа үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын осы азаматтар (шенділер) өздері басқарып отырған федерацияның дамуы үшін қаншалықты үлес қосты? Ұзақ жылдарден бері түрлі мемлекеттік лауазымды қызметтерді атқарған, атқарып келе жатқан Даниал Ахметов, Асқар Мамин, Әділбек Жақсыбеков, Берік Имашев, Болат Жәмішев және т.б. азаматтар өздері басшылық етіп отырған спорт саласының нағыз мамандары деу қиын. Дәл осы жайт қазақ спортының дамуына тұсау болып келеді. Бұған қоса, спорт саласындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа да осы шенді-миллионерлердің жауапкершілігі бар. Енді осы басшы-қосшылардың әрқайсысының істеген жұмысын (спорт басшылығындағы) майшаммен қараса, біраз былықтың арты ашылары анық!» дейді.
Расында да спорттан хабары жоқ, алайда миллиондар бөлінетін «майлы жілікті» иеленіп алған шенділерден жауапкершілік талап етер күн туа ма?!
Қазақстанның қысқы спортында 2002 жылдан бері сәтсіздіктер сериясы жалғасып келеді...
«Алты миллионға жетпейтін халқы бар Норвегия екінші олимпиада қатарынан жалпы есепте бірінші орын алды. 16 алтын. Рекорд. Бұрын бір ел қысқы олимпиадада мұнша алтын алмаған еді. Миллиардтар мекені Қытай, АҚШ, Ресей викингтер ұрпағынан оза алмады. Себебі неде? Норвегияда бұқаралық спорттың дамығанында. Елде 11 мыңнан аса спорт клубтары мен жаттығу орны бар. Кез келген бала кішкентайынан шаңғы, коньки спортымен айналыса алады. Тегін. Мемлекет жыл сайын шаңғы, коньки сатып алуға да субсидия бөледі. Балалар 12 жасқа дейін жарыспайды, жеңімпаз анықталмайды. Спорт балалар үшін уақытты қызықты өткізетін ойын болуы керек дейді. Кейін таланты барларды іріктеп, элиталы спорт клубына ауыстырады. Сол клубтан чемпиондар шығады. Норвегия 1988 жылы Калгаридегі қысқы олимпиадада алтынсыз қалған еді. Осы сәтсіздіктен соң, ел спортында реформа жүріп, бұл ел төрт жылдан соң, 1992 жылы Францияда өткен олимпиадада тоғыз алтын иеленеді. Бұл елге бір олимпиададағы сәтсіздік жеткілікті болды. Ал Қазақстанның қысқы спортында 2002 жылдан бері сәтсіздіктер сериясы жалғасып келеді. Әлі де жалғаса бермек», Бейжің олимпиадасына арнайы барған, журналист Руслан Меделбектің бұл пікірі көп нәрсені аңғартады. Біздің спорт саламызға да арнайы реформа жасамасақ, миллиардтарды шашып, нөл нәтижемен отыра беруден халық шаршады.
Бейжің Олимпиадасында табиғи қар көрмейтін елдер де медаль алды...
Блоггер Дәулет Мұқаев инстаграм парақшасында «0-0-0 қысқы Олимпиададағы біздің нәтижеміз осындай… Есесіне, миллиондар жұмсадық. Бейжің Олимпиадасында табиғи қар көрмейтін елдер де медаль алған. Оның қасында бізде 5-6 ай қыс бар. Бірақ нәтиже жоқ», дейді. Расында да қысқы спортты дамытамыз десек, қар да жетеді, мүмкіндік те мол. Ендеше, қашанғы жанкүйерлеріміз ышқынып, жанын салып, спортшыларымызды қолдап, кіжініп, өкініштен өзегі өртеніп, елдің соңында қала береді?!
Айтпақшы, осы қысқы олимпиаданы өткізу үшін Бейжіңмен таласқанымыз, қай сасқанымыз. Өз жерімізде тас талқан болып жеңіліп, тағы да миллиардтарды шашып, елге күлкі болудан Қытай бізді сақтапты. Оған да шүкір! Даңғаза бос мақтанға ұмтылудан гөрі, ендігі жерде жақсы нәтижеге жетуге ұмтылсақ, дұрыс еді негізі...