Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев орынбасарынан таяқ жеді ме?
Қарағанды қаласында спорт саласындағы беделді тұлғалардың қатысуымен болған жанжал қоғам назарын аударды. 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевті орынбасары ұрып тастады деген ақпарат тарады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жанжал 21 қаңтар күні Қарағандыдағы облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында болған. Серік Сәпиев пен оның орынбасары, танымал самбошы Дәурен Есімханов арасында әуелі сөз жүзінде келіспеушілік туындап, арты төбелеске ұласқан. Нәтижесінде Серік Сәпиев дене жарақатын алған.
Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл бап айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасын қарастырады.
Қарағанды облыстық полиция департаменті редакциямызға оқиғаны растады.
"42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды", - деп мәлімдеді Қарағанды ПД өкілі.
Алайда кейіннен әлеуметтік желіде Серік Сәпиевтің таяқ жемегені тек орынбасарымен келіспей қалғаны туралы видео тарады. Бейнеде екеуінің жанжалдасқаны бейнеленген, алайда дене жарақатын салатын төбелес байқалмайды.
Jas Alash аталған оқиғаға байланысты Қарағанды облысы әкімдігіне де хабарласты. Алайда әкімдік өкілдері бұған қатысты қазір түсініктеме беруден бас тартты.
Айта кетейік, Серік Сәпиев – Қазақстан спортының ең танымал өкілдерінің бірі. Ол 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы. Оны ұрды деп күдікке ілінген орынбасары Дәурен Есімханов болса, самбо және жауынгерлік самбодан Азия мен әлем чемпионаттарының жүлдегері, World Games күміс жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы. Бұл Серік Сапиевтің аты жанжалға алғаш рет ілініп отырған жоқ. 2023 жылы Batyrball ойыны кезінде балуан Зелимхан Мусиханов екеуінің арасында жанжал туып, арты төбелеске ұласа жаздаған.