Олимпиада ойындары ой салды
Кезекті Токио – 2020 жазғы олимпиада ойындарын COVID-19 індеті бір жыл кешіктірді.
Жалпы олимпиада ойындары бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан кешіктіріліп өткізілгенін тарихтан білеміз. Мына індеттің қауіптілігі алапат соғыстармен пара-пар екендігі барлығымызды ойландырып және сақтандыруы қажет.
Қазақстан жеке команда болып қатысқан Афины – 1996 ойыны олимпиада ойындарының 100 жылдық тойымен сәйкес келуі де тарих. Ал Токио – 2020 жазғы олимпиада ойындарында спортшыларымыздың жігерсіз бәсекелеріне бапкерлер немесе спортшылар кінәлі ме, оған мамандар талдау жасар. Үлкен спортты көрген ардагер спортшы ретінде спорт сүйер қауыммен ойымды бөліссем деймін.
Қазақстан ғалымдар одағының президенті, академик, еркін күрестен КСРО спорт шебері Оразалы Сәбденнің (1970 жылы Шымкентте өткен бүкілқазақстандық универсиадада менің басты қарсыласымның бірі болған еді – авт.) «Жас Алаш» газетінің 5 тамыздағы №63 санында жарияланған ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Қазақстан халқына жолдаған ашық хаты спорт құрылымын өзгертуге қатысты құнды пікірлерін еститін құлақ, қабыл алатын сана болса, құба-құп болар еді. Осы хатты оқығаннан кейін, 2002 жылдары сол кездегі аудан әкімі аудандағы спорттың жайы туралы пікір жазып беруімді тапсырды.
Зерделеу барысында спорт бөлімін аудандық оқу бөліміне қосып, аудандық бюджеттің бір қазанынан су ішкен, дербестігі жоқ «тоқалдың баласы» жасағанына көз жетті. 70 жыл зерделеніп қалыптасқан СССР жүйесінде үкімет жанынан «Денешынықтыру және спорт» комитеті болды. Осы құрылым үлкен спортты дамытып, талай жазғы-қысқы олимпиада ойындарын ұтқаны тарихтан белгілі. ГТО және БГТО нормативтерін оқушылар мен әртүрлі жастағы адамдар тапсырғанын, өндіріс пен мекеме орындарында өндірістік гимнастикаға халықты қатыстырғанына куәмін деген пікірімді жазып бердім.
Мемлекетіміз 30 жыл бойы барлық салада тәжірибе пен реформа жасап келеді. Тақырыбымызға байланысты спорт құрылымын оқу жүйесіне біресе мәдениет пен тілдерді дамыту жүйесіне, балалар спорт мектебін облыстық спорт басқармасына біресе аудандық спорт бөліміне қосып мала-матан жасалуда. Мекеменің құрылымы өзгерген сайын халықтың салығынан түскен миллиондаған қаражат жұмсалатынына реформа авторларының басы ауырмайтын секілді. Ал спорт мамандары олимпиададан кейін құрылым туралы пікірлерін білдіруде. Халқымызда: «Жау кеткен соң қылышыңды б… шап», – деген мақал бар. Осы орайда мәселені бұрын неге көтермеген деген сұрақ туады.
Ауыл көрермендері қызықтайтын спорт түрлеріне тоқталсам, дзюдошы Елдос Сметовке жанкүйерлер разы, спорттық сәттілік жетіспеді, жапондық чемпионмен жартылай финалдағы белдесуін мамандар финалдық кездесуге теңеді. Грек-рим күресінің алты балуаны да бірінші белдесулерінде ұтылуына дүниежүзілік аренада қазақ атын танытып, осы күрес түрінен 48 алтын-күміс медаль иеленген Қажымұқан бабамыздың, олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров пен Шамил Серіковтың аруақтары күңіреніп, үш олимпиада ойындарында қазақ намысын қорғап жүлде алған Дәулет Тұрлыханов, олимпиада чемпионы Юрий Мелниченко қатты қапаланған шығар. Осы күрес командасының бас бапкері Бақтияр Байсейітовтың белдесуге шыққан шәкірті М.Айнақұлов «нұсқауымды орындамады» деп ақталуы үлкен күрес мектебінен өткен мені таңғалдырды. Жарыс емес, жарысқа дайындалу кезеңіндегі белдесулерде жаттықтырушының нұсқауын орындамаған балуанның қандай жаза алатындығы көз алдыма елестеп кетті.
Әйелдер күресінің бас бапкері Гюзель Манюрова шәкірті Э.Сыдықованың ұтылғаны туралы айтқан бойкүйез пікірі де көңілден шықпайды. Жаттықтырушының айтуынша, індетке байланысты олимпиаданың кешіктіріліп өткізілуі біздің спортшыларға ғана әсері болған сияқты. Б.Байсейітов пен Г.Манюрова мықты балуандар болған. Біріншісі – дүниежүзінің екі дүркін чемпионы, екіншісі – олимпиаданың күміс жүлдегері. Дәрменсіз, бойкүйез пікірлерін, жаттықтырушылық қабілеттерін спорт басшылары саралар.
Еркін күрес балуандары шама-шарықтарынша белдесті. Әттеген-айы да бар. Ауыр салмақтағы Ю.Батырмурзаев көп ұпай санымен ұтып тұрып, сарыауыз балапандай таза ұтылуы – тактикалық дайындыққа жете мән берілмегендігінің дәлелі. Оның қасында Ислам Санаев ерледі. Кола жүлде үшін белдесуде дүниежүзінің екі дүркін чемпионын ұтты. Медаль үшін күрескен Дәулет Ниязбеков, Данияр Қайсанов пен Әлішер Ерғали қарсыластарына шамалары келмеді. (Данияр 2008 жылы оқушылардың облыстық спартакиадасында Ақсуат ауылындағы М.Имашев атындағы спорт мектебінің атынан күресіп, жүлдегер болып, менің батамды алған еді – авт.).
Зілтемір көтерушілер екі қола медаль иеленді. Алдыңғы олимпиада ойындарындағы жетістіктер қандай еді? Бұл тұрғыда Дәулет Тұрлыхановтың ҚР спорт агенттігін басқарған кезде спорт түрлерін білгір басшы есебінде жоспарлай алғандығы ойға түседі. Түркиядан жасы егделенген Түркеридей маманды алдыруының өзі – бүгінгі басшыларға сабақ боларлықтай дүние. Сол маман Илья Ильин бастаған қаншама олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін тәрбиелегенін оқырман білуі тиіс.
Бүгінгі спорт саласының материалдық базасы өте жақсы. Ақсуаттағы М.Имашев атындағы балалар спорт мектебі заманауи спорт модулі мен күрес түрлеріне бейімделген үлкен ғимаратты иеленіп отыр. Халықаралық үлгідегі бірнеше күрес кілемдері, дзюдо күресі үшін екі татами, екі ринг, жасыл жабынмен жабылған футбол алаңы бар. Ақсуат ауылында футбол алаңы бар үлкен стадион, бірнеше кіші футбол алаңдары орналасқан. Биыл жабық жүзу бассейнінің құрылысы басталды. 1970 жылдары бүгінгідей спорт мектебінің балалары жаттығатын спорт модуліндей ғимарат бүкіл Қазақстан бойынша Алматы қаласында ғана болды. Онда күрес түрлері бойынша құрама команда мүшелері жаттығатын. Бүкіл Семей облысында бір ғана «Дельфин» атты жабық жүзу бассейні Семей қаласында ғана болатын. Ақсуат балалар спорт мектебінің шәкірттері интернат матрастарынан құрастырылған күрес кілемін де орта мектептің бос бұрыштарында жаттығу алдында төсеп, жаттығу соңында жинайтын. Осы жағдайда шәкірттеріміз Семей облысының чемпиондары, республиканың жеңімпаз-жүлдегерлері атанды. Космонавт Сейілханов, Қайырхан Байзақов, Бауыржан Садыханов және т.б. одақтық жарыстарда жүлде алып, дүниежүзілік аренада топ жарды. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Назар Ильясов бас жіптен құрастырған бокс рингінде жаттықтырған шәкірттерінің бірі Олжас Кабдиев (марқұм) – жастар арасында Кеңес одағының күміс жүлдегері. Ұлдары Қанат – жастар арасында дүниежүзінің чемпионы, Жақсылық болса дүниежүзілік универсиаданың қола жүлдегері атанды.
Жақында Сасан Би атындағы орта мектеп ғимаратында бейімделген бөлмеде жұмыс істеп келген М.Имашев БЖСМ-нің күрес бөлімшесіне әкесі Тұрсынғалидың есімі берілген шараға арнайы шақыртуымен қатысып, қазіргі талапқа сай жабдықталған күрес орнын көріп, демеушілік жасаған Жандос Тұрсынғалиұлына және ақылшы, қолғанат болған Айдос пен Елдосқа спорт ардагерлері мен жас балуандар атынан алғысымды білдірдім. Әкесі менімен құрдас, өз заманында Құмкөл өңірінің намысын қорғаған балуан болған еді. Еңбегімен ел құрметіне бөленген әкелері – бұл құрметке лайық.
Жауапты спорт маманының мәлімдеуінше, мемлекет осы жолы олимпиадашыларға 300 миллиард доллар жұмсапты. Бұл қомақты соманың тиімді-тиімсіз жұмсалғандығын сарапшылар талдай жатар. Салыстыру үшін Кеңес қоғамынан мысал келтірсем. Еркін күрестен қазақтың даңқты балуаны Әбілсейіт Айхановтан кейінгі балуан болып саналатын Қазақстан құрама-командасының мүшесі Видергольд деген балуан (ауыр салмақта) одақтың үлкен бір жарысында күресіп, үзіліс кезінде Қазақстан құрама командасының бас бапкері Петр Матушакқа: «Қарсыласым әдіс жасатпай жүр», – деп шағымданады. Жаттықтырушы: «Сен айына 40 сом өтемақы аласың ба?» – дейді. Балуан «аламын» дегеніне жаттықтырушысынығ «ойлан» деген сөзі әсер етіп, қарсыласын ұтады. Осы психологиялық сөз бүкіл балуандар арасында үлгі сөз болып қалды. Ақпарат бойынша олимпиадашылар айына бірнеше жүздеген мың, алды миллиондаған соманы 5 жыл бойы өтемақы түрінде алып, 6-ақ минут күресуге немесе 5 рет секіруге барғандары жеген нандарын ақтамайды-ау.
Республикамызда спорттық атақ беру жүйесіне де ардагер спортшы есебінде уәжім бар. Ұзақ жылдар балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде басшылық қызметте болғанымда спорттық атақ беретін ережеге көңілім толмаған. Студент кезімде қазақтың атақты балуаны Аманжол Бұғыбаевтың тәрбиесімен үлкен күрес мектебінен өтіп, Алматы қаласының бірнеше біріншіліктерін ұттым. «Қайрат» ерікті спорт қоғамының республикалық біріншілігінде бірнеше рет, бүкілқазақстандық универсиадада (студент ойындары) жеңіпаз-жүлдегер болғанымда «КСРО спорт шеберлігіне үміткер» деген спорт атағы ғана берілді. КСРО спорт шебері атағын бүкілқазақстандық спартакиадасында иелендім. Ал бүгінде балуандар, боксшылар және т.б. спорт түрлері бойынша 2-3 белдесуді ұтып, жасөспірімдер арасында облыс чемпионы болса, спорт шеберлігіне үміткер атанадыдағы ары қарай «бойкүйездікке» бой алдыруы кәнік. «Байдың асын байқұс қызғанады» емес, жанашырлықпен жазып отырмын.
Ертеректе жасөспірімдерге спорттағы нәтижелеріне қарай І-ІІІ разъряд берілетін, ал 18-ге толып, ересектер қатарына өткенде бірінші разрядты бар жасөспірімдер ересектердің екінші разрятын алатын. Ерекше дарынды балалар КСРО спорт шебері талабын орындаса ғана заңды түрде берілетін. Менің шәкіртім Косман Сейілханов мектеп бітірген жылы 17 жасында одақтық (қазіргі халықаралық) үлкен турнирді ұтып КСРО спорт шебері атанды. Кейіннен самбо мен дзюдо күрестерінен де КСРО спорт шебері атағын иеленді.
Мамандар болса олимпиада ойындарында төрешілеріміздің болмауын сылтауратуда. Бұған кім кінәлі? Иә, Махмут Бекетов пен Дәулет Тұрлыхановтай тау тұлғалар қажет-ақ. Марқұм Махмут Бекетов боксқа қамқорлық жасаған кезеңде боксшыларымыз олимпиаданың алтын медалымен қоса үш рет «Баркер» кубогына ие болып еді. Қанша жерден айтсын-айтпасын, қазақ спортына тұлға қажет. Жүйені түзеп, жемқорлық, масылдықтан арылсақ, Париж олимпиадасына дейін тұлға болатын азаматтар да қалыптасып қалар. Іс түзелсін! Алға, Қазақстан!