Олимпиададағы төрешілік дауы: ISU қазақстандық арбитрге қатысты шешім шығарды
Халықаралық конькишілер одағы – International Skating Union (ISU) Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарындағы бағалау төңірегіндегі дау-дамайдан кейін қазақстандық мәнерлеп сырғанау төрешісі Надежда Парецкая туралы ресми пікір білдірді.
ISU Қазақстан мәнерлеп сырғанау федерациясына жолдаған хатында Парецкаяның жұмысын жоғары бағалаған.
«ISU сіздің Олимпиададағы төрешілігіңіз ұйым ережелеріне толық сәйкес, бейтарап әрі ұлттық мүддеге тәуелсіз болғанын қанағаттанушылықпен атап өтеді.
Бұл мәнерлеп сырғанаудың тұтастығын сақтап, оның адал әрі құрметке лайық спорт түрі болып қалуы үшін талап етілетін басты қағида. Сондай-ақ ISU сізге қатысты Қазақстандағы БАҚ немесе қоғам тарапынан болған кез келген қысым әрекеттерін қатаң айыптайды», — делінген федерация сайтында жарияланған хатта.
Айыптаулардың мәні неде?
Парецкая Италиядағы Олимпиадада, соның ішінде қазақстандық спортшылар Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина қатысқан жарыстарда бағалау алқасының құрамында болған.
Ойындар аяқталған соң шетелдік басылымдарда Парецкая ресейлік мәнерлеп сырғанаушыға ұпайды «жоғары қойды», ал басқа фавориттерге «төмендетіп берді» деген айыптаулар жарияланды.
Алайда барлық төрешілердің бағаларын салыстырғанда, әрбір судьяда орташа көрсеткіштен айтарлықтай ерекшеленетін спортшылар бар екені байқалады. Мұндай айырмашылықтар мәнерлеп сырғанауда жиі кездеседі.