Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:09, 05 Тамыз 2021

Олимпиадаға күліп келіп, «жылап» қайтуда...

None
None

Жеңіл атлетикадан медальдардың бірсыпырасы иелерін тапты. Грек-рим шеберлері де өз жарысын аяқтады.

Бұл сайыста Қырғызстанның екі бірдей балуаны 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Бокстан алғашқы чемпиондар белгілі бола бастады. Өкінішке қарай, бұлардың қатарында спортшыларымыз жоқ. Қазақстан бейресми жалпыкомандалық есепте 74-орында.

2.08.2021 жыл

Токио Олимпиадасында жеңіл атлетика сайыстары басталды. 2 тамыз күні әйелдер арасында 200 метрқашықтық бойынша іріктеу кезеңі өтті. Ольга Сафронова тиісті межені 23,64 секундта бағындырып, өз тобында алтыншы болып келді. Бұл сында 1-3 орын алған спортшылар жартылай финалға жолдама алды.

Ал 200 метр қашықтықта байдаркада есуден Наталья Сергеева тиісті қашықтықты 46,657 уақытта бағындырып, алтыншы орынға тұрақтады. Нәтижесінде, атлет қызымыз келесі кезеңге өткенімен ширек финалда жетінші орыннан көрініп, жартылай финалға өте алмады. 

Токио Олимпиадасында грек-рим күресінің екінші күнінде бозкілемге Демеу Жадыраев шықты. Ерлер арасында 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз жапониялық Якибу Сохейге жол берді. Тартысты белдесу 5:3 есебімен жапониялық балуанның еншісіне шешілді. 

Екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан сапынан кілемге шыққан қос балуан да қарсыластарына алғашқы айналымда жол берді. Ұлттық құраманың бас бапкері Бақтияр Байсейітов шәкірттерінің жеңілісін жаттықтырушылардың тапсырмасын орындамағанымен түсіндірді. 

«1 тамыз күні Мейрамбек Айнағұлов жаттықтырушылар тапсырмасын орындамады. Біз қатаң ескертіп, тыйым салған әдіс-тәсілді кілемге шыққан сәтте-ақ істеп, өз қатесінің кесірінен қарсыласына жол берді. Бізге ыңғайлы болатындай күрес стилін түсіндіріп, оған жеткізгенімізбен тапсырмамызды кілемге шыққанда орындаған жоқ. Ал Демеу Жадыраев жапон балуанын ұпай санымен жеңіп тұрған. Соңғы сәтте қарсыласына есе жіберді. 30 секундтық үзіліс болған кезде бәрін түсіндіріп, белдесуді соңына дейін бермей, бақылауға алу керегін айттық. Демеудің дәл осылай соңғы сәтте әдіске түсіп, қарсыласына ұпай сыйлағанын біз де түсіне алмадық», деді бас бапкер.

Айта кетейік, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарына Қазақстан үш жолдама жеңіп алған. Токио Олимпиадасына Мейрамбек Айнағұлов (60 кг), Демеу Жадыраев (77 кг) қатысып, алғашқы айналымда жеңіліс тапты. 

Байдарка мен каноэде есуден ерлер арасында 1000 метр қашықтағы ширек финалдық сындар аяқталды. Аталған санат бойынша елімізден ағайынды Сергей мен Тимофей Емельяновтар қатысты. Ширек финалдың нәтижесі бойынша олар 3:55.157 көрсеткішмен төртінші орыннан көрінді. Мұндай нәтиже А финалына жолдама алуға жеткіліксіз болды.

50 метрге үш арақашықтан нысана көздеуден Юрий Юрков сынға түсті. Жерлесімізге сегіз спортшыға ғана жолдама берілетін финалдық кезеңге етуге төрт ұпай жетпей қалды. 

«Олимпиада ойындарынан кейін бір нәрсені нақты айта аламын. Юрий нағыз жауынгер, ол ең соңына дейін берілген жоқ. Иә, финалға өту үшін небәрі төрт ұпай жетпей қалды. Бұл біздің де, спортшының да көңілін түсіргені анық. Бірақ бұл спорт, спортта кез келген нәтижені күтуге болады. Әзірге, бұл Юрковтың Олимпиададағы ең үлкен көрсеткіші. Токио ойындарының өтетін уақыты да ұзап кетті, пандемияға байланысты дайындық кезінде де қиындықтар туды. Мұның бәрі де әсерін тигізген шығар. Енді жиналып, алдағы додаларға дайындаламыз», деді команда бас бапкері Ольга Довгун. 

Су добынан Қазақстан құрамасы үшін Токио Олимпиадасы сәтсіз турнир болды. Отандық ватерполшылар Испания, Сербия, Черногория және Хорватия командаларына жол берді. Іріктеудің соңғы кезеңінде де Александр Шведов шәкірттері сол жүрісінен «жаңылмай» Аустралияға қарсы кездесуде 7:15 есебімен жеңіліске ұшырады. 

3.08.2021 жыл

Бокстан 2004 жылдан бері «қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 келі салмақта Рониэль Иглесас Куба құрамасына алғашқы алтынды алып берді. Ал  57 келіде бақ сынаған Сена Айридің жетістігі, тіпті керемет. Ол қыздар арасында Жапония тарихында тұңғыш рет бокстан Олимпиада чемпионы атанды.

Олимпиада боксшыларымыз үшін сәтті басталды дей алмаймыз. Бұған дейін аса ауыр салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалға жолдама алғанын білесіздер. Енді медаль алатындардың қатарына тек Сәкен Бибосынов ғана қосылды. Ал Зәкір Сафиуллин өз мүмкіндігін жіберіп алды. Алайда бокста үнемі бізбен бәсекелесіп жүретін, Рио Олимпиадасында үш алтын медаль жеңіп алған Өзбекстан құрамасының жартылай финалда бір ғана боксшысы қалғанын ескерсек, боксшыларымыздың жеткен жетістігі қанағаттарлық деуге болады. Әйткенмен, біз мұндай төмен нәтижені соңғы екі Олимпиадада көрген емеспіз.

52 келіде бақ сынаған Сәкен Бибосынов ширек финалда испаниялық Габриэль Эскобармен кездесіп, өте тартысты өткен жекпе-жекте 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды. Ал 63 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын қорғаған Зәкір Сафиуллиннің жолы болмады. Зәкір 1/4 финалда аустралиялық Гарри Гарсайдпен жұдырықтасып, 2:3 есебімен жеңілді. Кездесуден кейін жерлесіміз рингті босатпай, тіпті қызыл бұрышты рұқсат етілмеген әдіспен теуіп те жіберді. Зәкірді журналистер қауымы бірер сөзге тартпақ болып едік, ол көз жасына ерік беріп кете берді. Алайда, жылағаннан не пайда?! Барлық күш-жігерін рингте жекпе-жекте көрсету керек еді...

Бұл додада грек-рим шеберлері сенімді ақтамады. Қазақстан құрамасы үшін Токио Олимпиадасы сәтсіз аяқталды. Ел намысын соңғы болып қорғаған Нұрсұлтан Тұрсынов 87 келі салмақ дәрежесінде белдесті. Германиялық Денис Кудламен өткен белдесу 4:1 есебімен неміс спортшысының пайдасына шешілді. Жарыс аяқталғаннан кейін бас бапкер Бақтияр Байсейітов бұл жолы да төрешілер шешімімен келіспейтінін жеткізді.

«Төрешілер тарапынан бағалау дұрыс болған жоқ. Өздеріңіз көргендей, әдіс жасалды. Тіктұрып жартылай әдіс жасап лақтырды. Ереже бойынша толық жасалмаған әдіске екі ұпай берілуі керек. Төрешілер мұны есептеген жоқ. Мен төрешілер шешіміне шағым түсіргенде (челлендж) белдесуді қайта қарап, шешімді өзгертпеді. Әдетте шағым қанағаттандырылмаса қарсыласқа бір ұпай беріледі. Бас төреші, төрешілер үйлестірушісінің ұлты неміс. Осы жерден өздеріңіз қорытынды жасай беріңіздер. Бұл жерде бізден жеңісті тартып алды деп есептеймін», деді бас бапкер.

Айта кетейік, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарына Қазақстан үш жолдама жеңіп алған. Токио Олимпиадасына Мейрамбек Айнағұлов (60 кг), Демеу Жадыраев (77 кг) қатысып, алғашқы айналымда жеңіліс тапты.

Ерлер арасында 1000 метр қашықтық бойынша В финалында сынға түскен Сергей мен Тимофей Емельяновтар тиісті қашықтықты 3:32.873 уақытта бағындырып, өз тобында төртінші болды. Дәл осындай көрсеткішкен ағайынды Емельяновтар жарысты жалпы қорытынды бойынша 12-орынмен аяқтады.

Қазақстандық гимнаст Милад Каримигимнастикалық керме снарядында сынға түскен болатын. Іріктеу кезеңі Миалд үшін жап-жақсы басталып еді. Аталған жаттығу бойынша ол екінші орында тұрды. Қуанып та қалып едік. Миладтың бағдарламасы ең қиын жаттығулар қатарына кіргендіктен, оны жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондай үлкен тәуекелге барған Милад келесі жаттығуды орындау барысында екі рет құлап, ұпайы төмендей берді. Ол 11.266 ұпаймен сегізінші орынды қанағат тұтты. Гимнастикалық кермедегені жаттығуда жапониялық Даико Хасимито (15.066) чемпион атанса, екінші орынды хорватиялық Тино Србич (14.900) иеленді, үздік үштікті ресейлік Никита Нагорный (14.533) түйіндеді.

Әртістік жүзуден ел спортшылары Екатерина және Александра Немич Олимпия ойындарын аяқтады. Техникалық бағдарлама қорытындысы бойынша 83.2338 ұпай жинаған ағайынды Немичтер қоссайыс нәтижесімен (167.1005 ұпай) 16-орынға тұрақтады.  Спорттық құзға өрмелеуден алғашқы іріктеу сынына қатысқан Ришат Хайбуллин қоссайыс нәтижесі бойынша 11-орыннан көрінді.

Қарсыласына еш қарсылық көрсете алмады

Токиода медаль алады-ау дегеннің бірі қыздар күресінен ел намысын қорғаған Эльмира Сыздықова бірінші айналымда қырғыз балуанына еш қарсылық көрсете алмады. Себебін Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Нұр-Сұлтан мен Токио арасында тікелей бейнеконференция байланысы арқылы Грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Гүзель Манюрова жауап берді.

– Эльмира қырғыз балуанымен бұған дейін жарыстарда кездесіп, таза жеңіп жүрген. Бірақ осы жолы көрші елдің спортшысы біздің қызға арнайы дайындалып келгендей. Эльмира оған қарсы ештеңе жасай алмады. Өкінішті-ақ. Себебі, жерлесіміз тәртіпті, ешқандай артық іс-қимылға бармайтын, шошаңдап жүретін жас қыз емес. Бұл додаға ол психологиялық тұрғыдан дайын болды, – деген Гүзель Манюрова Эльмираның жеңілісі жаңа салмаққа ауысқаны кедергі болуы мүмкін дегенді алға тартты. – Риода 68 келі салмақта белдескен Сыздықова Токиода 76 келіде кілемге шықты. Жеңілістің бір себебі осы да болуы мүмкін. Өйткені, кейде қарсыласыңа физикалық жағынан күшің жетпей жатады. Әйтпесе, пандемия кезінде қиындықтарға қарамастан спортшыларымызға барлық жағдайды жасауға тырыстық. Байқасаңыздар, Эльмирадан кейін қырғыз балуаны Рио Олимпиадасының чемпионын оңай ұтты. Бұл жолы ол тыңғылықты дайындалып келіпті. Алдағы уақытта кем-кетіктерді саралап, соған жұмыс істейтін боламыз.

Өз кезегінде Гүзель Манюрова пандемия жағдайына байланысты бір жыл кейінге өтіп жатқан Олимпиадада фаворит деген спортшылардың не үшін жарысты ерте аяқтап жатқанын айтты.

– Үш Олимпиаданың жүлдегері ретінде мен спортшыларды жақсы түсінемін. Алдымен, Эльмираға рахмет айтқым келеді. Әлемде үздік 16 спортшының қатарына еніп, Олимпиадаға әдеттегідей төрт жыл емес, бес жыл дайындалу қиынның қиыны. Спорттық деңгейіңді тағы бір жыл ұстап тұрғанда, өзіңнен кейінгілер Олимп додасына тыңғылықты дайындалуға, өз деңгейіне жетуге мүмкіндік алып қояды. Ерлер болсын, қыздар болсын келген балуандар физикалық тұрғыда мықты екені байқалып тұр. Барлығы жеңіске жеткісі келеді, барлығы да жақсы нәтиже көрсеткісі келеді. Сол себепті де бұл жарыста Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері сүрінді. Соның ішінде біздің қыз да бар, – деді Г.Манюрова.

Бар үміт каратэшілерімізде

Токиода өтіп жатқан төртжылдықтық басты додасында бүгін, яғни 5 тамызда каратэшілеріміз өнер көрсетеді. Олимпиада ойындарының бағдарламасына алғаш рет қосылып тұрған спорт түрінен жалпы саны сегіз медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Жапонның төл спорты саналатын каратэ қазаққа жат емес. Оны спортшыларымыздың соңғы жылдардағы халықаралық жарыстарда көрсетіп жүрген нәтижелерінен-ақ байқауға болады. Дархан Асәділов, Данияр Юлдашев, Қайсар Алпысбай, Дидар Әмірәлі, Софья Берульцева, Сабина Захарова сынды қыз-жігіттеріміз әлем немесе Азия деңгейінде ұйымдастырылған талай байрақты бәсекелерде топ жарып, Алаш жұртының алғысына бөленіп жүр. Ендігі кезекте – Олимпиада ойындары. Токио төрінде өтетін каратэ жарыстарын енді үш жылдан кейін Париждегі ойындардан көре алмаймыз. Сондықтан ел намысын қорғайтын спортшыларымыз өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеуі тиіс.

Токио Олимпиадасына елімізден бес спортшы жолдама алғаны баршамызға белгілі. Олардың арасында Дархан Асәділовке артылар сенім зор. Дархан – әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы және Премьер-лига жарысының бірнеше дүркін жеңімпазы. Олимпиада ойындарына әлемдік рейтинг арқылы жолдама алған отандасымыз соңғы екі жылда керемет көрсеткіштерге қол жеткізді. Мәселен, 2019 жылы ол алты (!) бірдей жарыста топ жарса, екі жарыста қола жүлдегер атанды. Былтыр пандемияға байланысты үш жарысқа ғана қатысып, соның үшеуінде де жүлде алды. Ал биыл тек Лиссабондағы Премьер-лигада төбе көрсетіп, үздік үштікті түйіндеді.

Дарханның Олимпиада ойындарындағы қарсыластары осал емес. Оның үстіне отандасымыз Токио төрінде өзінің үйреншікті салмағында (60 келі) емес 67 келіде өнер көрсетеді. Яғни, Олимпиада бағдарламасындағы салмақ – 67 келі.

Олимпиада ойындарына әр салмақта он адамнан қатысады. Тек 67 келіде ұйымдастырушылар 11 спортшы қосып отыр. Яғни, іріктеу кезеңінен өткен 10 мықтыдан бөлек, Хамун Дерафшипур атты ирандық спортшы босқындар командасының атынан шығады. Хамун қазіргі таңда Канадада тұрып жатыр. 2018 жылы Мадридте өткен әлем чемпионатында Иран еліне қола медаль сыйлаған ол бір жыл өткеннен кейін федерация басшыларымен келеспей ақыры Канадаға қоныс аударды.

Хош, сонымен Дарханның басты қарсыластарына оралайық. Токиоға жиналған 11 спортшының ішінде атақ-даңқы жоқ біреуді көрмейсіз. Кем дегенде құрлықтық жарыста озып шыққан саңлақтар.

Басты қарсылас ретінде, әрине әлем чемпионы француз Стивен Да Костаны айтуға болады. Ол 2015 жылдан бері өтіп келе жатқан ірі жарыстардың барлығында жүлде алып жүр. Негізгі салмағы да 67 келі. Яғни,  Дарханға қарағанда бұл салмақта әбден бой үйреткен спортшы.  

Асәділовтың тағы бір басты қарсыласы – жапониялық Наото Саго. Каратэні төл спортымыз деп танитын күншығыс елінің өкілдері Сагоға зор сенім артып отыр. Оның үстіне каратэ Олимпиада бағдарламасына тұңғыш рет қосылды. Тарихтағы алғаш чемпион да осы 67 келіде анықталады.

2018 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы италиялық Анджело Крещенцо да бас жүлдеден үміткер спортшылардың бірі. Италия спортшысымен Дарханның талай жарыстарда жолы түйіскенін білеміз. Соңғы рет екеуі былтыр Дубайда өткен Премьер-лиганың финалында жолығып, Крещенцо 2:0 есебімен жеңіске жетті. Сондай-ақ мықтылардың қатарына түрік Эрай Самданды, латыш Калвис Калниньшты да қосуға болады.

Жалпыкомандалық есепте медальдар жиынтығы (3.08.2021 жыл.)

Елдер

 алтын 

 күміс 

  қола 

  жалпы

1.

Қытай

32

21

16

69

2.

АҚШ

24

27

20

71

3.

Жапония

19

6

11

36

4.

Аустралия

14

4

15

33

5.

Ресей

13

21

18

52

6.

Ұлыбритания

13

17

13

43

7.

Германия

8

8

14

30

8

Франция

6

10

8

24

9.

Нидерланд

6

7

7

20

10.

Корея

6

4

9

19

74. 

Қазақстан

0

0

3

3

Тегтер: