Өлке туризмі өлермен күйде: қайда барсақ екен?
Елдегі ерен қымбатшылыққа қарамастан, қарағандылықтар өлке туризміне бет бұра бастағанда, «бұл жақсы бастама», – деп ішіміз жылып қалып еді.
Өкінішке қарай, қуанышымыз ұзаққа бармады.
Ел арқасын кеңге салып, саяхатқа баруына – жолдама құнының қымбаттығы мен сервистік қызметтің сапасыздығы, әрі көлік жолының мехнаты қажытып тұр. Балығы тулап, жағажайы шулаған Балқашта «бардак».
– Балқаш көлінің жағасындағы демалыс орындары тонауға түскен ғимараттан кем емес. Туристер тұратын бөлмедегі тоқ көздерінің құрылғылары ақаулы жағдайда, сымдары салбырап тұр. Жазымда тоққа түсіп, ажал құшуыңыз, бек мүмкін. Бөлмедегі қыш дәретханалар жарылып кеткен, қақпағы унитаздан бөлініп қалған. Ваннаның эмалі жарылып, қабыршықтанып кеткен. Балқашқа жету – таза мехнат. Қарағандыдан осы бағытқа баратын пойыздар құдды, қапас мекені секілді. Вагон терезелері ашылмайды, механизмдері істен шыққан. Купе іші адам шыдай алмайтындай қапырық. Оның үстіне, күміс көлге апаратын қосалқы пойыздар жоқ. «Балқаш-Қарағанды» көлік жолындағы күрделі жөндеу жұмыстары сиырқұйымшақтанып тұр. Айналма жолдың тас-талқаны шығып жатыр. Тас жолдағы мұндай жағдай туристерге ғана емес, жақын маңдағы елді мекен тұрғындарының жан-жаққа қатынауына бөгет тудыруда. Біле білсек, биыл жүздеген тынығушылар Балқашқа барудан бас тартып отыр, – дейді көл жағасында болып қайтқан қарағандылық әріптесіміз Айнұр Балакешиева.
Айнұр сөзбен келтірген фактілерін видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеп қойған. Қарқаралыдағы тур айлақтарда тынығуға «отпускнойың» жетпейді
– Былтыр пандемия салдарынан, үйден аттап шыға алмадым. Өткен жылы биылғы демалысымызға 100 мың теңгені іркіп қойып едім, оным көк тиын құрлы болмады. Маусымда демалыс алып, әйелім және баламды ертіп, Қарқаралыға тарттық. Демалыс айлағына бес күнде 400 мың теңге төгіп қайттым. Жолдаманың ішіне таңғы асымыз ғана кірді, түскі, екінді уақытта және кешке сырттан тамақтандық. Тарихи орындарды аралап, Ұлттық паркте болдық, тұмса табиғат аясына саяхат жасадық. Экскурсиялық қызметке қосымша ақы төледік. Көрікті мекенге меншікті көлігімізбен бардық. Жолдың сапасыздығынан ұзақ жүргеніміз былай тұрсын, орта жолда машинам сынып қалды. Үйге келген соң, есеп-қисабын жүргізсем, тым көп шығынға батыппыз. Балам: елде демалу азап, келесі жылы Түркияда демаламыз, – деген ұйғарым жасады. Демалысымның 20 күні қалды. Енді, ешқайда аттап шыға алмасым анық. Қаржыдан қағылып, үйде отырған жайым бар, – деп назын жеткізді, кеншілер қаласында тұратын Қанат Дәуірбек.
Жергілікті туристердің ақшасын сүліктей сорып жатқан демалыс орындарында жолдама бағасы шарықтап тұр. Мәселен, Қарқаралыға 1 шақырым жақын тұрған кемпингте тек жатын орын үшін кісі басына 14 мың теңге сұрайды. Ал Балқаш көлінен шалғай орналасқан демалыс орындарына түнеп шықсаңыз, адам басына 8 мың теңге төлейсіз. Бұл орташа баға, көл бойында одан қымбаттары бар. Тәбеті зор қожайындарының құлқынына құрық салатын біздің үкімет батылсыз. Неге? Гәп, халыққа жанашырлықтың жоқтығы. Салаға жауапты министрліктер ойдан құраған жалған есеп берумен айналысады. Әкімдер стратегиялық шешім қабылдауға құлықсыз, яки өресі жетпейді. Маусым айында отандық туризмді дамыту мәселесін талқылаған үкімет жиынында министр Дәурен Абаев пен Серікқали Брекешев министрлер кабинетінің басшысына ішкі туризм дамып жатыр деп қарық қылды. Олардың дерегінше, елдегі туризм былтыр 50 пайызға күрт өсіпті. Биылғы 4 айда қызметтің осы түрінен 75 млрд теңге кіріс кірген. Демек, қазақстандықтар отандық туризмді өркендетуге бейіл. Олай болса, оның қайтарымы қайда? Халық игілігін қашан көреді? Сервистік қызметтері көштен қалған, инфрақұрылымның кетеуі кеткен, төсек орындарының тоз-тозы шыққан, ас ауқаты жарытпайды, толып жатқан кемшіліктерді табасың. Есесіне, ұтымды сәтті пайдаланған кәсіпкерлер – арандарын аждаhадай ашу үстінде.