Өлім жазасы. Қанмен өлшенген әділет әлде құлдыраған адамгершілік

Қазан айының алғашқы аптасында Қырғызстан президенті балаларды зорлау мен жыныстық зорлықтан болған кісі өлімі үшін өлім жазасын енгізуге қатысты заң жобасын дайындауды тапсырған еді.
Мұндай шешімге себеп болған оқиға – Қаракөл қаласында егде жастағы ер адамның оқушыны асқан қатыгездікпен өлтіруі еді. Қоғамды дүр сілкіндірген бұл оқиғадан соң өлім жазасын қайта енгізуді талап еткендердің саны күрт өсіп, заң жобасы қолға алынды. Біздің елде де өлім жазасына қатысты сан қилы пікірлер айтылып келеді, әсіресе соңғы кездері өлім жазасын талап ететіндердің саны тіпті арта түскендей. Дегенмен бүгінде әлем халқының үштен екісі өлім жазасынан толықтай бас тартқан. Тіпті 10 қазан – БҰҰ және жалпы еуропалықтардың күнтізбесінде өлім жазасына қарсы күрес күні боп белгіленген.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл мәселе бірнеше кезеңнен, талқыдан өтті. Ертеде Жеті жарғы бойынша адамды 3 жағдайда ғана өлім жазасына кескен. Біреу адам өлтірсе, әйел зорласа не жеті атаға жетпей қыз алысқан жағдайда кешірілмес күнәға балап, адам өмірін қиған. Ал Кеңес одағы тұсында келісімшартты орындамағандар, тонау, тіпті ұлттық мүддені қорғағаны үшін де адамдар атылып, айдалып кете барды. 1962-1989 жылдар аралығында 24 422 адам өлім жазасына кесілген екен. Қазақстанда 2003 жылға дейін өлім жазасы қолданылды. Азаматтарымыз терроризм, соғыс заңын бұзу, президент өміріне қол сұғу сияқты 17 жағдайда осындай ауыр жазаға кесілетін. 2003 жылы желтоқсанда өлім жазасын орындауға мораторий жарияланғанға дейін мұндай жазаға 536 адам тартылыпты. Шет елдер құптаған электр орындығы, басын шабу, дарға асу, газ камерасы деген ол кезде атымен жоқ еді, өлім жазасына кесілгендерді әдетте тек атып өлтіретін. Қылмысты атқару кодексінде қылмыскер атылады деп жазылған. Оған дейін қылмыскер күзетшілер қатаң бақылауында, жалғыз, басқа қылмыскерлерден оқшау отырады. Оның қашан өлетіні жайлы хабар тіпті отбасына да алдын ала айтылмаған деседі. Жаза орындалған соң үкім шығарған сот пен қылмыскердің жұбайы немесе жақын туыстарына хабарланады, бірақ отбасына адамның қайда жерленгенін екі жыл бойы ешкім айтпайды. Біздің елде өлім жазасына кесілген ең соңғы адам – 2016 жылы Алматыда полиция бөлімі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне қарулы шабуыл жасап, он адамды өлтірді деп айыпталған Руслан Күлекбаев. Бірақ оның жазасы кейін өмір бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Қазақстан бұл жаза түрінен 2021 жылы толық бас тартты. Дегенмен қазірдің өзінде педофилияға қатысты сөз бола қалса, халық тарапынан өлім жазасын қайтару керегі туралы сөз айтылып қалады.
32 елде өлім жазасы әлі бар
Ең әуелі өлім жазасы дегенде оны кім ойлап тапты, қайдан шыққаны қызықтыратыны рас. Мұндай қан бөгіп, қатыгездіктің алаңына айналған жазаның тарихына үңілсек те, адамды өлімге лайық деп табу және соны жаза ретінде қолдану кеше не бүгін басталмағанын байқаймыз. Біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардың өзінде адамзат баласы өлімді жазаның бір түрі ретінде жүзеге асырған-мыс. Мәселен, біздің заманымызға дейінгі III ғасырлар шамасында жазылған Хаммурапи кодексін парақтасаң, өлім жазасы туралы тармақтарды оқтын‑оқтын кездестіріп қаласың. Сол кездің өзінде өлім жазасы ұрлық, жемқорлық сынды сан қилы қателік жасағандардан бастап, отбасылық қағиданы бұзған не заңға бағынбаған әрқилы қылмыскердің ортақ жазасына айналып үлгерген екен. Ежелгі заңдарда адамды қасақана өлтіру қоғамдық тәртіпке бағынудың, билік пен қарулы күштің белгісі іспетті көрініс табады. Кодекстер мен тасқа қашалған дәстүрлі заңнамаларда, анығын айтсақ, Грек заңдарында және Римнің он екі таблицасында өлім жазасына кесілген қылмыскерлер туралы бірді-екілі деректер бар. Мәселен, Рим империясында опасыздық, сатқындық, императорға қарсы шығу сияқты қылмыстар өлім жазасына кесілетін ең ауыр айыптар саналды. Ал Қытайда моральдық бұзу немесе отбасы абыройын түсірген адамдарға да кейде өлім жазасы кесілген. Өлім жазасының түрі мен тәсілі де заманына қарай өзгеріп отырды. Мұндай қатал әдістердің әуелгі мақсаты да бір. Қоғамдық санада қорқыныш тудыру, қоғамға «жамандық жазасыз қалмайды» деген ұстанымды құлағдар ету.
Ортағасырларда Еуропада өлім жазасы кең тарады. Мұның да өз себебі бар. Дәл осы ортағасырларда дін мен билік арасында тығыз байланыс орнап, өлім жазасы көбіне-көп «Құдайдың әміріне құлдық ұру» деп келді. Инквизиция дәуірінде діннен безу, сиқыршылық, құдайға тіл тигізу секілді істер үшін адамдарды өртеп жіберу, тірідей көму секілді жазалар, шектен тыс тасжүректік пен қатыгездік жиі орын алды. Ол дәуірлердегі басты қағида да осы еді. Адамның күнәсін қанмен жуу. Дегенмен дәл осы қатыгез дәуірлердің өзінде өлім жазасының адамгершілікке сай еместігін алғаш сынаған ойшылдар да бой көрсетті. Мәселен, XVII-XVIII ғасырларда гуманистік идеялардың таралуымен бірге өлім жазасына қарсы қозғалыстар басталды. Италиялық ойшыл Чезаре Беккариа 1764 жылы жазған «Қылмыстар мен жазалар туралы трактатында» өлім жазасының пайдасынан зияны көп екенін дәлелдеп бақты. Беккариа «адам өмірін қиюға ешбір билік құқылы емес» деп, жазалау жүйесін реформалау қажеттігін алға тартқан еді. Беккарианың бұл еңбегі бүкіл Еуропаға әсер етіп, ағартушылық дәуірінің негізгі құқықтық идеяларының біріне айналды. Кейіннен өлім жазасын шектеу немесе жою процесі басталып, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басында Еуропа елдерінің басым бөлігі өлім жазасынан толығымен бас тартты. 1863 жылы Венесуэла, бірер жылдан кейін Португалия мен Мексика, Новергия мен Швейцария өлім жазасының тіпті де тиімсіз екенін дәлелдеп, мұндай жаза түрінен толығымен бас тартқан еді. Әсіресе Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада өлім жазасынан бас тарту үрдісі белең алып кетті. Ең қызығы, бүгінге дейін әлемде 113 мемлекет өлім жазасынан толық бас тартқан десе-ді. Ал кейбір ел мұндай жазаны заңнан ресми алып тастамаса да, саяси өмірінде көп қолдана бермейді. Ал әлем елдерінің 3%-ы соғыс кезі сияқты төтенше жағдайда ғана өлім жазасын қолданады. Қазір әлем елдерінің 14% бөлігінде, яғни, 32 елде өлім жазасы әлі бар. Ең қызығы, бұл елдердің басым бөлігін Азия және Африка елдері құрайды екен. Тіпті Иран, Ирак, Мысыр, Сауд Арабиясы сияқты елдер дарға асу, бас шабу, тас ату сияқты көне заманнан қалған жаза тәсілдерін әлі қолданып жүргені тағы бар. Өлім жазасын артта қалған, экономикасы тұрақсыз елдер ғана қолдайды деп ойларсың. Дегенмен АҚШ пен Жапония, Қытай сынды дамыған мемлекеттердің өзі де өлім жазасынан толығымен бас тартқан жоқ. Статистикалық деректер бойынша қазір әлемдегі өлім жазаларының 80 пайыздан астамы Қытайда жүзеге асады екен, бірақ нақты сандар ешқашан «мемлекеттік құпия» делініп, жарияланған емес. Осы орайда өлім жазасына байланысты даудың еш тоқтамасы анық.

Заңгер Аружан Еркінқызының айтуынша, өлім жазасынан бас тартқан елдердің саны азайып жатқанымен, өлім жазасына кесілген адамдардың саны күннен-күнге өсіп жатыр.
Өлім жазасына кесілгендердің саны көбейіп келе жатыр
«Бүгінде өлім жазасы туралы сөз қозғасақ, өзіңіз айтқандай, екі түрлі көзқарас шыға келеді. Бірінші бағыттың жақтаушылары ретінде өлім жазасын толық жоюды қолдайтын гуманистік, либерал елдерді алып қарасақ болады. Еуропа мемлекеттерінің басым көпшілігін, Канада, Австралия, Оңтүстік Америка елдерін қамтитын бұл бағыт адам өмірін ең жоғары құндылыққа балайды. Сол себепті де мемлекет ешбір жағдайда адам өмірін қиюға құқылы емес деп есептеп, өлім жазасынан бас тартқан. Бұдан бөлек, әділ сот болмаған жағдайда жазықсыз адамның өлім жазасына кесілуі орны толмас қателік деп есептейді. Мысалы, ХХ ғасырда АҚШ-та бірнеше адам қате сот шешімімен өлім жазасына кесіліп, кейіннен ДНҚ сараптамасы арқылы олардың кінәсіз екені дәлелденген. Бұл оқиғалар қоғамның өлім жазасына деген сенімін әлсіретті. Ал екінші бағыт – өлім жазасын сақтап қалған мемлекеттер ұстанатын позиция. Олардың пікірінше, лаңкестік, балаларға қарсы зорлық, жаппай адам өлтіру сынды аса ауыр қылмыстар үшін ең жоғары жаза қажет. Мұндай елдер өлім жазасын әділеттіліктің салтанаты және қоғамның қорғаны ретінде қарастырып отыр. Бірақ олар мұндай үкім шығару үшін жан-жақты тергеу жүргізіп, қателеспеуге барынша күш салады. Мәселен, Жапонияда 1995 жылы Токио метросында жарылыс ұйымдастырған «Аум Синрикё» террористерінің ісін 23 жыл тергеп, 2018 жылы ғана сектаның 13 мүшесін өлім жазасына кесіпті. Соның өзінде сот қателесіп, жазықсыз жанды өлімге қиған оқиға бұл елдерде де кездеседі. Өлім аузынан ақталып шыққан жандар да әлем бойынша аз емес. Сол секілді Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, АҚШ-тың кейбір штаттары да әлі күнге дейін өлім жазасын қолданады. Әсіресе Азия елдерінде моральдық тәртіп пен қоғам тыныштығын сақтау дегенді өлім жазасын ақтайтын аргумент ретінде қарастырады», – дейді заңгер.
Осы тұста бір парадокс пайда болады. Жалпы соңғы онжылдықта өлім жазасына кесілген қылмыскерлер саны айтарлықтай өзгеріске ұшырағаны рас. Өлім жазасына мораторий жариялаған мемлекеттердің саны азайып жатыр, ал өлім жазасына кесілген қылмыскерлер саны күрт көбейіп кетті. Бұл қалай дерсіз. Мысалы, Amnesty International 2023 жылы тіркеген өлім жазаларының саны 1 153-ке жеткенін және орындаушы елдер саны 20-дан 16-ға төмендегенін жазыпты. Бұл көрсеткіш 2023 жылы іске асқан өлім жазасының 2022 жылмен салыстырғанда 31%-ға өскенін білдіреді. Сонымен қатар 2023 жылы жаңа өлім үкімдерінің саны 2 428-ге дейін жеткені туралы есептер бар, бұл – 2018 жылдан бергі ең жоғары деңгейлердің бірі. Спикердің айтуынша, күллі адамзат өлім жазасынан қаншалықты қашқан сайын өлім жазасына кесілген адамдардың саны тіпті де азаймай тұр. Өлім жазасы жағынан әділдік пен жазаның ең шекті формасы ретінде қабылданса, екінші жағынан, адам өмірінің құндылығын жоққа шығаратын, адамгершілік қағидаларға қарсы құрал ретінде бағаланады.
«Әрбір дәуір мен өркениет өз уақытының дүниетанымына сай жазалау әдістерін қолданды. Бұл тәсілдер, көбіне, тек қылмыскердің өмірін қию емес, сонымен қатар қоғамға қорқыныш ұялату, тәртіп орнату немесе биліктің шексіздігін дәлелдеу мақсатында жасалады. Ежелгі дәуірлерде өлім жазасы көбіне ашық түрде, көпшілік алдында орындалатын. Бұл қылмыскерді жазалаудан гөрі саяси және моральдық спектакльге көбірек ұқсайтын. Мысалы, ежелгі Вавилон мен Ассирияда қылмыскерді дарға асу немесе тірідей отқа жағу кең тараған. Ал Ежелгі Мысырда сатқындық жасаған адамдарға жыландар салынған шұңқырға тастау секілді қорқынышты әдістер қолданылған. Қытай өркениетінде өлім жазасының ең әйгілі түрлерінің бірі – «мың жара» немесе «лингчи» әдісі еді. Мұнда қылмыскердің денесін біртіндеп тіліп, әр мүшесін азаппен кесу арқылы өлтірген.
Еуропадағы ортағасырларда өлім жазасының сан алуан формалары пайда болды. Рим империясы кезеңінде айқышқа шегелеу (распятие) ең жиі қолданылған тәсілдердің бірі еді. Бұл әдіс Иса пайғамбардың өлімі арқылы бүкіл адамзатқа белгілі символдық мәнге ие болды. Кейін, ортағасырда Еуропада дарға асу, бас шабу және отқа жағу жиі орын алды. Ал феодалдық Англияда drawing and quartering деп аталатын ерекше қатыгез тәсіл болды. Қылмыскерді алдымен дарға асып, бірақ өлмей тұрып түсіріп, ішін жарып, жүрегін жұлып алып, сосын төртке бөліп, денесін қалалар арасында таратқан десе-ді. Жаңа дәуірге өткенде, яғни, XVII-XIX ғасырларда өлім жазасы «өркениетті» сипат ала бастады. Гильотина – Францияда «теңдік пен әділдік» идеясымен жасалған құрал. Оның мақсаты – азапсыз, жылдам және баршаға бірдей өлім жазасын қамтамасыз ету еді. XX ғасырда ғылым мен технологияның дамуы өлім жазасының «адамгершілікке жақын» нұсқаларын іздеуге түрткі болды. АҚШ-та электр орындығы 1890 жылдары енгізілді. Бұл құрал бастапқыда тез және азапсыз өлім үшін ойластырылғанымен, іс жүзінде жиі сәтсіздікке ұшырап, адамның ұзақ азап шегуіне әкелді. Кейін газ камерасы пайда болды, онда қылмыскер улы газдың әсерінен тұншығып өлетін. Дегенмен бұл тәсілді де адамгершілік тұрғысынан сынға ала бастады. 1977 жылдан бастап АҚШ-та ең «гуманды» әдіс ретінде инъекция арқылы өлтіру тәсілі енгізілді. Бұл әдіс бойынша арнайы дәрілер қоспасы адамның тынысын тарылтып, жүрегін баяу тоқтатады. Бірақ медицина мамандарының айтуынша, кей жағдайларда дәрінің дозасы немесе әсері дұрыс болмай, өлім ұзақ әрі ауыр, азапты боп өтеді. Яғни, қанша «жұмсартса да» өлім жазасы қай жағынан қарасақ та әрдайым азапты және адамгершілік тұрғысынан да бір күмәнді процесс боп қала бермек», – дейді Аружан Еркінқызы.
Шыны керек, жәбірленушілер мен олардың отбасы үшін өлім жазасы кейде моральдық тұрғыда қанағат сезімін тудыратыны рас, сол үшін де өлім жазасы арқылы әділдік орнағандай әсер алатыны тағы бар. Дегенмен осының бәрі эмоциялық сипаттағы дәлелдер десек, ал ғылыми тұрғыдан өлім жазасының қылмыс деңгейін азайтуға нақты әсер ететіні әлі дәлелдене қоймады. АҚШ пен Еуропа елдерінде жүргізілген көптеген зерттеулер өлім жазасы бар және жоқ елдер арасындағы кісі өлтіру көрсеткіштерінде айтарлықтай айырмашылық жоқ екенін көрсетті. Демек, өлім жазасы қоғамды қауіпсіз ете алмайды деген тұжырым күшейіп келе жатқаны бекер емес. Осы орайда өлім жазасы ауыр қылмыстарды азайта ма деген сұрақ туындайды. Біз осы тақырып аясында жас зерттеуші Бекзат Мағаздан пікір алдық.

Өлім жазасы қаржылай тұрғыда тиімсіз
«Жалпы мемлекет, қандай әділ сот болса да, адам өмірін қию құқығына ие болмауы керек. Сот жүйесі үнемі мінсіз, дәл үкім шығара бермейді ғой, дәлелдер бұрмалануы, жалған айып тағылуы, қысым жасалуы мүмкін. Өлім жазасының тағы бір әлсіз тұсы – оның әлеуметтік теңсіздікке бейім болуы. Яғни, өлім жазасы көбінесе кедейлерге, этникалық тұрғыда саны аз ұлт өкілдеріне немесе «авторитет» қорғаушысы жоқ адамдарға көбірек қолданылады. Мұндай жағдайлар қайталана берсе әділдік принципін бұзады. Негізі экономикалық тұрғыдан қарасақ та, өлім жазасы тиімді жаза дей алмас едім. Көпшілік оны арзан тәсіл деп ойлағанымен, іс жүзінде өлім жазасына байланысты тергеу, сот, апелляция, адвокаттық қызмет және түрме жүйесінің қосымша шығындары өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасынан әлдеқайда қымбатқа түседі. АҚШ-тағы кейбір штаттарда бір өлім жазасы істерін жүргізудің құны орта есеппен 1-2 млн доллардан асып түседі екен. Халықаралық тәжірибе де өлім жазасының тиімсіздігін дәлелдеп отыр. Мысалы, Еуропалық Одақ елдерінің ешқайсысында өлім жазасы жоқ, бірақ бұл олардың қылмыс деңгейін өсіріп жіберген жоқ. Керісінше, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы мен әлеуметтік оңалту бағдарламалары қылмыс деңгейін біртіндеп азайтып жатқанын байқаймыз. Әдетте өлім жазасын қолдаушылардың басты уәжі – «қылмысқа лайық жаза болуы керек» деген түсінікке сүйенеді. Олардың ойынша, адам өлтірген немесе зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыскерді тірі қалдыру әділетсіз болар еді деп жатады. Әсіресе балаларға жасалған зорлық-зомбылық немесе терроризм сияқты қылмыстардан кейін қоғамда ашу-ыза күшейіп, өлім жазасын талап ететіндердің артуы заңды. Көпшілігі мұндай жаза қоғамды тәртіпке шақырады, қорқыныш тудырып, басқаларды қылмыс жасаудан сақтайды деп санайды. Өлім жазасының жазалаушы, қорқыту сипатын жақтаушылардың басты логикасы – осы. Яғни, бір қарағанда, халықтан жинаған салыққа не үшін мемлекет өмір бойы қылмыскерді асырау керек дерсіз. Дегенмен мына нәрсені де ескерген жөн. Өлім жазасы – тек қылмыскерді жазалау емес, мемлекеттің өз азаматына қарсы күш қолдануы ғой.
Гуманистік тұрғыдан бұл мемлекет беделін әлсіретіп жіберетіні бар, себебі заң мен билік адамның өмірін қорғайтын құрал болудың орнына, заңның өзі адам өмірін қия салады. Француз философы Альбер Камю: «Адамды өлтіру арқылы мемлекет әділ болмайды, ол тек зорлықтың жаңа түрін тудырады» деген еді. Зұлымдықтан зұлымдық туа беретінін ескергеніміз де жөн. Менің ойымша, қылмыс пен жазаның арақатынасы тек кек алу немесе қорқыту деген логикамен өлшенбеуі керек», – дейді әлеуметтанушы.
Ақ жолдан айнымай келе жатқан кіршіксіз тағдырға әлдебіреулердің өзіндік бейшара танымымен, қатерлі ақымақтығымен, ойсыз тоғышарлығымен қойып кетіп, былғап, ойраңдап және соны ерлік көретіні – адамзат жаралғалы бері келе жатқан дерт сияқты. Адам адам боп қалыптасқалы бері қылмыс та, қылмысқа қарсы жасалған жаза да азайған емес. Қалай десек те, бұл тақырыпқа күллі адамзат әлі нүкте қоя алмай келе жатыр. Қылмыстың өзі де әлеуметтік құбылыс екенін ескерсек, оның көбіне кедейшілік, білімсіздік, әлеуметтік әділетсіздік сияқты себептерден туындайтыны да өтірік емес. Егер мемлекет пен билік, күллі адамзат осы түпкі себептермен күрессе, өлім жазасы сияқты жазалар керек те болмай қалар ма еді.
Дайындаған
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ