Өлім жазасы қоғамды қатыгездікке бейімдей береді

Бұл тақырыпқа қос қырынан көзқарас білдіруге болады. Бірі – құқықтық тұрғыдан, екіншісі – адамгершілік құндылықтар тұрғысынан баға берер едім.
Яки шын мәнінде бір адам екінші адамның өмірін қиюға, өлтіруге, арандауға қақымыз жоқ. Бұл моральдың бұлжымас нормасы. Иә, істеген ісі мен әрекеті үшін адамды әлеуметтік тұрғыда шектеп, мүмкіндіктерінен айыруға әбден болатын шығар. Ал құқықтық тұрғыда бүгінде көптеген елдер адамды жазалаудың ең қатаң түрі өлім деген көзқарастан баяғыда тайқып кеткен. Осыдан бір ғасыр бұрын жазалаудың сан мың түрі болған десе-ді, соның ең азапты әрі ауыры – өлім жазасына кесу. Тіпті бір Қытайдың өзінде адамды жазалаудың жүзден астам түрі бар екен. Өлім жазасына кесудің де сан түрі, айла‑тәсілі бар. Германия да Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде адамды азаптаудың сан мың айласын жасап шығарды. Осылай талай тәжірибені шексіз мысал етуге болады. Егер адамды өлтірумен мәселенің бәрі шешіле салатын болса, осыған дейін талай қырылған, қаза тапқан адамның артынан керемет, мінсіз ұрпақ келу керек еді. Бірақ адам бар кезде қылмыс та, қатыгездік пен қан төгу де адамзат тарихының, болмысының ажырамас бөлшегі екенін тарих талай мәрте дәлелдеп келе жатыр. Осы тұста не істеу керек деген сұрақ туады. Өркениетті елдер өзінің дамығанының, жоғары өркениетке ие екенінің бір параметрі ретінде ату жазасынан әлдеқашан бас тартып үлгерген. Ал Азия, Африканың кей елдерінде, Американың кей штаттарында өлім жазасын әлі қолдайды, мойындайды. Екі тарапта да қылмыс тоқтап қалды деуге келмейді. Еуропада жасалатын қылмыс Азияда да жасалып жатыр.
Құқықтық дағдарыстың алдында кез келген елде рухани дағдарыс болады. Менің ойымша, өлім жазасының өзі адамзаттың рухани дағдарысынан хабар беретін сияқты. Қылмыс көбейгені де сол рухани дағдарыс салдарынан туатын үрдіс. Адамдар рухани құлдырап, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмайтын дәрежеге жетіп, адамгершіліктің не екенін ұмыта бастайды. Абайдың өзі айтқан, «кім жаман болса, оның замандасы да кінәлі» болмақ. Қылмыстың көбейгеніне тек қылмыскер емес, сіз бен біз, күллі қоғам кінәлі болмақ. Егер адамгершілік үстемдік құрған қоғам болса, адамды қалай жазалаймыз деп ойланбас та едік. Өлім жазасы шын мәнінде ештеңе шешпейтінін түсінетін деңгейге жеттік деп ойлаймын. Стратегиялық тұрғыда қате қадам дер едім, бүгін кегіңді алғандай боп көрінгенімен, уақыт бізді аямайтыны анық. Одан да сол қылмысқа бармайтындай дәрежеге жеткен, соған қарай қадам басқанымыз абзал. Өлім жазасы қоғамды қауіпсіз етпейді, керісінше, оны қатыгездікке бейімдей береді. Әрине, қылмыстың ауыр түрлерін көргенде эмоцияға беріліп, қатал жаза сұрау табиғи, қалыпты құбылыс. Бірақ мемлекет пен қоғам сезіммен емес, парасатпен шешім қабылдауы тиіс. Әділдік өлтіру, азаптау арқылы орнамайды. Шын әділет кешірім, тәрбиелеу, түзету, адамға сену арқылы орнайды. Егер қоғам шын мәнінде адам өмірін ең жоғарғы құндылық деп танитын болса, онда өлім жазасына орын жоқ. Мемлекеттің де күші мен қуаты оның қанша адамды өлтіргенімен емес, қанша адамның өмірін сақтап қалғанымен өлшенеді дер едім.
Серік НҰРМҰРАТОВ,
философия ғылымының докторы,
профессор