Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:30

Өлтіріп, видеоға түсіріп, денесін тастап кеткен: Шымкенттік жігітке үкім шықты

Шымкент
Фото: ашық дереккөз

9 шілде күні Шымкентте елді дүр сілкіндірген қылмыстық іс бойынша сот процесі аяқталды.

Қайғылы оқиға 12 наурыз күні Шымкент қаласында болды. 19 жастағы жігіт 17 жастағы бұрынғы сүйіктісін аса қатыгездікпен өлтірді. Қыз одан мазаламауды сұраған. Бұған шыдай алмаған күдікті қылмысқа алдын ала дайындалған – пышақ сатып алып, көлік жалдап, қызды университеттен алып кеткен.

Жолда олардың арасында жанжал шыққан. Қаланың шетіне жеткен соң, жігіт қызға бірнеше рет пышақ сұғып, оның көз жұмғанына көз жеткізгеннен кейін, денесін толықтай шешіндіріп, болған жайтты видеоға түсірген.

"Сол жақ көкірек тұсына бір рет, арқа тұсынан екі рет соққы жасаған. Ерланқызының өлгеніне сенімді болу үшін оның мойын аймағын сол қолындағы пышақпен бірнеше жарақат салып, өлгеніне көз жеткізген. Осыдан соң Тойлыбай өзінің қылмыстық әрекетін тоқтатпастан, жәбірленуші Ерланқызының киімін толық шешіп, жалаңаш денесіне қарап отырған", - дейді мемлекеттік айыптаушы Әскербек Пошимов.

Кейін ол досынан көмек сұрап, мәйітті қапқа салып, елсіз жерге тастап кеткен. Қыздың ата-анасы оның жоғалғанына алаңдап, бірден полицияға жүгінген. Келесі күні-ақ күдікті мен марқұмның денесі табылған.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, қыз өте мақсатшыл болған, болашақта заңгер мамандығын меңгеріп, әйелдерді қорғауды армандаған. 22 маусым күні ол 18 жасқа толуы керек еді.

"Сіңлім өте ақжарқын, тік мінезді, өжет қыз еді. Қайғылы жағдай бірінші курста оқып жүргенінде болды ғой. Жаңалықтан "қыз зорланды, қыз өлді" деген ақпарат естігенде қыздардың намысын қорғайтын заңгер боламын деуші еді. Қыршын кетті. Қимаймыз. Мұндай ауыр қылмыс істеген адам жай қалмауы керек. Өмір бойына бас бостандығынан айыруын сұраймын", - дейді марқұмның әпкесі Аружан Ерланқызы.

Күдіктіге “кісі өлтіру” бабы бойынша айып тағылып, сотқа тартылды. Оның досы қылмысты жасыру ісі бойынша жауапқа тартылмақ. Қыздың туыстары басты күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын беруді талап етуде.

19 жастағы қаскүнем 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы – кәмелет жасына толмаған және мүгедектігі бар азамат. Сот оған 2 жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындағанымен, ол амнистияға ілігіп, нақты 1 жыл 4 ай мерзім алды.

Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Тараптардың шағым түсіру құқығы сақталады.

Тегтер: