Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:05, 27 Наурыз 2024

Олжас Қасым. Мазақтамалар

1
Фото: из открытых источников

Біздің газет – ересектерге арналған басылым. Бірақ «үлкендер де бір кезде бала болған». Қазір біразы бала тәрбиелеп отыр. Бәлкім, кей оқырманымыз немересін өсіріп, мәпелеп жүр. Олар бала емес, арман мәпелеп отыр. Арман өсіріп отыр. Бәрі жиылғанда – тұтас ұлттың арманы. Ал оның күл-талқан болуға еш хақысы жоқ.«Жас Алаш» газеті балалар мен жасөспірімдерге арнап «Шамшырақ» жобасын бастайды. Кейде үлкендер әлдене түсінуге де талпынады...

Әдепсіз бала

Қас-қабағын сәл түйіп,
Бет-ауызы салпиып.
Автобуста Жасұлан,
Отыр, міне, жалпиып.

Байқамайды маңайды.
Телефонға қарайды.
«Қашан жетем үйге?» – деп,
Аялдама санайды.

Ата-әже бол, мейлі.
Үлкенге орын бермейді.
Көзін жұмып, басқаны.
Өп-өтірік көрмейді.

Жүрмесе де көп әлі,
Шаршағандай болады.
Күнде осылай бұл бала,
Мектебіне барады.

Ұялмайды Жасұлан,
Ұялмайды досынан.
Әдепсіздік дегенің,
Басталады осыдан.

Слаймсүйер

«Әпермесең слайм»,
дейді Ақсүйрік жылаймын.
Әкесі мен анасын,
Мазалайды бұлай кім?

Дүкеншіден слайм,
Әкелмеуін сұраймын.
Слаймсыз бұл қызға,
Қалай ғана ұнаймын?!

Ютуб көргіш

Марат өйтіп-бүйтіп,
Көретіні ютуб.
Ойнауды да қойды,
Тентек бала сөйтіп.
Әкесі жүр үйде,
Ашуға өзін үйтіп.

Ықылық

Алдын түгел сыпырып,
Кәмпит жеді жұтынып.
Анасынан сытылып,
Шие жеді түкіріп.

Тәттілерді бітіріп,
Айран ішті құтырып.
Әшкере боп ұрлығы,
Атып отыр ықылық.

Тәттіқұмар

Шоколадқа тоймаған,
Зефир көрсе қоймаған.
Сағат сайын, сәт сайын,
Тәтті сағыз шайнаған.

Балмұздақты көргенде,
Екі көзі жайнаған.
Вафли, йогурт, сусынды,
Тауысудан таймаған.
Мұндай бала кімде бар?
Салатұғын байбалам.

Жалқау

Қонақ десе қалмайды,
Цирк десе қалмайды.
Жұмсасаң бір дүкенге,
Бармайды ғой, бармайды.

Ойын десе қалмайды,
Кино десең қалмайды.
Жина десең төсекті,
Бармайды ғой, бармайды.

Мектепке көп бармайды,
Айтқан тілді алмайды.
Мұндай жалқау баламен,
Ешкім де дос болмайды.

Жүр тиынды көтеріп...

Алтын күннің дөңгелек,
Шуағына жылынып.
Атасы мен Кенжебек,
Келе жатты қыдырып.

Көшелерді шарлап әр,
Аралады бақшаны.
Кенет жерден көрді олар,
Бір теңгелік ақшаны.

Саз балшықпен баттасып,
Жерде жатқан тиынды.
Баласына атасы,
Ала ғой деп бұйырды.

Ал Кенжебек бұл сөзге,
Мүлдем назар салмады.
Бір теңгеге ештеңе,
Келмейді деп алмады...

Ақша мәнін парықтап,
Ұқпады ұлы ұғынып,
Бір тиынды Дәуіт қарт,
Алды жерден бүгіліп.

Таңғалыспен керемет,
Қызық жан деп бұл қандай,
Атама осы не керек?!
Соны ұл ұқпай тұрғандай...

Танытқандай өрлігін,
Жүзінен нұр тарата.
Айтты сөзін енді ұлын,
Қарт өзіне қарата.

Мәнін терең сен ойла,
Жарамас бұл пайдаңа,
Бір тиынды алайда,
Құны жоқ деп ойлама.

Анам менің

Анам менің гүл сен,
Жанымда аман жүр сен.
Шаттанасың ана,
Мен қуанып, күлсем.

Анам менің таң сен.
Ең аяулы жан сен.
Қарсы аламын мәз боп,
Үйге күліп келсең.

Анам менің күн сен,
Жақсы көрем біл сен.
Басқалардан ана,
Артықсың ғой бір сен.

Жақсы көрем әкемді

Әкем күнде балам деп,
Үйге асығып келеді.
«Балапаным, саған» деп,
Алма әкеліп береді.

Әкем күнде күнім деп,
Еркелетіп келеді.
Әрқашан да күлімдеп,
Маған сағыз береді.

Рақмет сізге десем де,
Сыйлық алып келеді.
Сыйлық әкелмесе де,
Жақсы көрем мен оны.