Оманда АҚШ пен Иран арасындағы «ядролық» келіссөздердің алғашқы кезеңі аяқталды
Оман астанасы Масқат қаласында АҚШ пен Иран арасында Ислам Республикасының ядролық бағдарламасына қатысты өткен келіссөздердің алғашқы кезеңі аяқталды.
«Бастамасы жаман емес», — деді Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи.
Иран СІМ басшысы келіссөздердің қашан жалғасатынын нақты айтпады. Аракчидің сөзінше, енді екі елдің делегациялары кеңесу үшін өз астаналарына оралады. Алайда Axios басылымының журналисі Барак Равид дереккөздерге сілтеме жасап, келесі кездесу таяу күндері өтуі мүмкін екенін хабарлады.
Оманның сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди келіссөздерді «өте байыпты» деп бағалады. X (бұрынғы Twitter) желісінде жазуынша, әр тараптың делегацияларымен жеке кездесулер «ирандықтар мен америкалықтардың ұстанымдарын нақтылауға, сондай-ақ ықтимал ілгерілеу бағыттарын айқындауға мүмкіндік берген». АҚШ тарапы бұл материал жарияланған сәтке дейін кеңесулер барысына түсініктеме берген жоқ.
Масқаттағы келіссөздер АҚШ пен Иран арасындағы шиеленісті қарым-қатынастар аясында өтті. Тегеранның ұстанымынша, келіссөздер тек екі тақырыппен шектелуі тиіс: Иранның ядролық бағдарламасы және санкцияларды ықтимал жеңілдету. Ал Вашингтон талқылау аясы кең болуы керек деп санайды. АҚШ тарапы Иранның зымыран бағдарламасын және оның өңірдегі одақтастарына көрсетіп отырған қолдауын — соның ішінде ХАМАС, Ливандағы Хезболла және Йемендегі хуситтер қозғалыстарын да күн тәртібіне қосуды талап етеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранға қатысты бірнеше рет әскери шара қолданумен қорқытқан.
Иран тарапы бұған жауап ретінде, егер өңір елдері Ислам Республикасына қарсы соққы беруге тартылатын болса, АҚШ-тың әскери базалары орналасқан Парсы шығанағындағы араб мемлекеттеріне соққы жасайтынын мәлімдеді.