Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:47, 01 Шілде 2022

Омаров пайғамбар емес

None
None

«Жантәсілім»

Дарынсыздар мен жемқорлар ауыл шаруашылығын апатқа ұшыратты. Бұған ауыл тіршілігінен мақұрым «Нұр-көсемдердің» ауыл шаруашылығын күштеп жекешелендіруі де себеп болды. Совхоздар тараған соң, жұмыссыз қалған халық қалаға көшті. Совхоз бөлімшелері толық жойылды. Аурухана, медпункт, мектептер жабылды. Бұрын 250-300-ге дейін үй болған орталықтар қаңырап қалды. Міне, осындай жағдайда «туған ауылымызды өлтірмейміз!» – деп санаулы жастар шырқырап жүр.

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде (Жәлел Шалқар, 8 ақпан 2022 жыл, №15 (23045) «Айнабұлақ шақырады» атты мақала шықты. Сөзбе-сөз: «Ватсап» әлеуметтік желісін парақтап отырып, күтпеген хабарландыруға жолықтым. Онда Қарқаралы ауданы Айнабұлақ (бұрынғы Абай совхозы) ауылына ел азаматтарын тұрғылықты көшіп келуге шақырады. Бұл жеңілдікке еліміздің кез келген аймағынан көшіп келуге болады. Келгенде, ауылдың белсенді жастары, тұрғындары қол ұшын беруге дайын. Тіпті, «Ауыл жанашырлары» атты жеке қор ашып, қаржы да жинап жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шаруа былтырдан бері қолға алына бастаған. Идея авторы, әрі үйлестірушісі – ауылдағы №31 жалпы білім беретін мектеп директоры Нұргүл Нұртаева.

Сонымен қатар, ауылға бала-шағасымен көшіп келген адамға алдына мал салып, еншісін беріп, үй қылады. 1 жылға дейін әр отбасыға айына 50 мың теңге жәрдем беріп тұру да қарастырылған. Әр үйге бөлінген малға шөп те, үйді жылытуға көмір де бір жылға тегін берілмек.

Үй тегін беріледі. 3 баласы бар отбасыға 2 ірі қара мал, 5 баласы барға 3 ірі қара мал, 6 және одан көп баласы бар отбасыға 4 ірі қара мал (өздерінің қалауына қарай жылқы малымен алмастыруға болады) берілмек. Бұдан бөлек, әр отбасыға берілген 20 қойды 3 жылда төлдің есебінен қайтарады (2-жылдан бастап). Ауылға барғысы келетін азаматтар 87051697364 нөмірі бойынша мектеп директоры Нұргүл Нұртаеваға, 8776 6346161 нөмірі арқылы ауыл әкімі Рүстембек Тақтановқа хабарласа алады» – делінген.

Әрі қарай: «Ауылдан көшіп кеткен адамдардың үйі ақырындап қордың ақшасына сатып алынуда. Әзірге, 3 баласы бар екі отбасы көшіп келді» – дейді.

Ауылда 464 оқушылық стандартты мектепте 67 бала ғана қалған. «Мен Қарағандының бірнеше мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, директор қызметін атқарып жүріп, елге арнайы қайттым. Мақсатымыз – туған ауылымызды сақтап қалу», – депті Нұргүл Каденқызы.

Екінші мысал: Исабаев Аян есімді жас 2018 жылы Қоянды ауылының жалпы білім беретін 9 жылдық мектебіне директор болып келгенде, небәрі 42 оқушы болған екен. Жігерлі жас мектепті дамыту үшін қаладағы балалар үйінен 5 бала әкеліп, шағын отау ашады. Бұл игі бастаманы осы ауылдың тумасы, Қарағандыда тұратын кәсіпкер Нұрлан Қалтаев іліп әкетіп, оңтүстіктен (Шымкенттен) 6 балалы отбасыларды көшіріп әкеледі. Ол, өз сыры ішінде, бұдан бұрын көшіп кеткен адамдардан 6 үйді сатып алып, консервацияға қойған болатын. Міне, сол үйлерді көшіріп әкелген  6 отбасыға бір-бірден тегін сыйлады. Бұл отбасылардың өздерінде 12 бала болған. Кәсіпкер келісім бойынша қаладағы балалар үйінен 22 жеткіншек әкеліп, сол отбасылардың «бауырына» салып берген. Олар бір отбасы болып, бірге тұрып жатты. Ол балалардың тамағы мен киімін аудандық оқу бөлімі арқылы мемлекет қаржыландырды. Совхоздың бұрынғы үйлері тарлық еткен соң, үлкен жүректі азамат Н.Қалтаев сол отбасыларға өз қаржысына тегін 6 жаңа үй салып беріп, бір көше жасақтады. Ауыл тұрғындарымен ынтымақтаса отырып, бәрінің де алдына, меншіктеріне мал салып берді. Мектеп қайта 11 жылдық болды. Міне, сол балалардың алды биыл 11-сыныпты бітіреді. Енді ауылдың, осы игі істі ұйымдастырушы азаматтардың мойнында сол жеткіншектердің алдағы күрделі тағдыры тұр.

Үкіметтің де ойланатын тұсы осы. Айтылған, біріне-бірі ұқсас екі жағдайда да жастардың таудай талаптары кедергіге тіреліп тұр. Ол – ауылдағы жұмыссыздық. Бұл – автор үкіметке 2017 жылдан бері айтып келе жатқан ұсыныс – реформаға, ауылдарда «Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын» құру идеясын жүзеге асырғанда ғана шешілетін мәселе.

Сырғытпа жауаптар

Қазақ ауылдарының бүгінгі азып-тозғанын көріп, ел ішіндегі тәжірибелі адамдардың үнсіз отыруы мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровтың сала тұрғысындағы түсінігін қатеге шығарып, менің хатыма вице-министр А.Сапаровтың берген кері жауабына көңілім қалғандықтан, Ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиевке хат жазып, ауыл тіршілігінен хабары бар ма екен деп, республиканың ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару, ол үшін ауылдарда «Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын» құру туралы «Жас Алаш», «Қазақстан дәуірі» газеттерінде жарияланған 10 мақаламды жолдаған едім. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп қайтарған жауабында (№05-26 ЖТ-Р-75) 20.08.2021 жыл) аталған тақырыпта бір сөз жоқ. Айналып өткен. Бұл екі министрліктің де шенділері ауыл тұрғындарының ауыр тіршілігін білмейді деген сөз. Сонда бұлар республиканы дағдарыстан қалай шығармақ?

2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланғанда, қуанып, арнайы хат жазып, «Айсбергті айналып өткісі келмеген кеме суға кетеді» деген жетінші мақалам басылған «Қазақстан дәуірі» газетінің екі данасын салып жіберген едім. Президент әкімшілігі ол хат пен газеттерді Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдапты. Министрлік маған қайтарған көлемді жауабында (05.07.2019 ж., №1-20-10 (12665) ВК-ТЖ-Р-1608) аталған ұсыныстарым туралы «Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құруға қатысты» деген арнайы тақырыпша беріпті. Онда мал азығын өндірудің қазіргі деңгейі мен алдағы жоспарларын айта келіп: «… Сонымен қатар, министрлік қажетті есепті енгізген жағдайда мемлекеттік мал азығы бойынша шаруашылықтарды құру тұжырымдамасын қарастыруға дайын», – депті. Бірақ одан кейін үкіметте бұл тұрғыда қозғалыс болмаған соң, тағы да хат жазып, бұрынғы 9 мақаланы президент Қ.Тоқаевтан бастап, өкіметтің бес тармағына қайыра жолдадым. Президент әкімшілігі, парламенттің қос палатасы мен үкімет оларды тағы да Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдапты. Министрлік жауап қайтарып, (16.11.2020 ж. W2-1-1) ТЖ-Р-100), аталған ұсыныстар туралы: «… Сонымен бірге, жем-шөп өндірісі бойынша мемлекеттік шаруашылықтарды құру жөніндегі мәселе қолданыстағы нарықтық саясатқа және «еркін, саламатты бәсекелестік» үшін жағдайлар жасауға жауап бермейді», – деп, бірінші вице-министр А.Сапаров қол қойған. Ал алғашқы хатқа министр С.Омаров өзі қол қойған. Бір министрліктен екі түрлі, қарама-қайшы жауап. Сонда 4-5 сиыр, оншақты қой-ешкісіне шөп таба алмай отырған кедей кіммен «еркін, саламатты» бәсекелесуі керек? Кедейшілікпен бе?

Ауыл тұрғындарының мұндай әлеуметтік тобы республикада, кемінде, 40 пайызды құрайды. Сонда «нарықтық саясат» деп оларды одан әрі қинап, аштыққа итермелеу не үшін керек?  Ауыл – ет, сүт, тері, яғни, шикізат қана өндіріп отыр. Олар өңдеуші кәсіпорынның қолынан өтіп, тауарға (шұжық, консерві, май, сыр, құрт-ірімшік, былғары, тон терісі, т.б.) айналғанда ғана нарыққа ілігеді. Осыны экономистер мен жоғары шенділер неге түсінбейді? «Аспаннан» жерге түсіп, неге ойланбайды?

«Мемлекеттік мал азығы шаруашылығын» құруды жүзеге асырса, үкімет олар дайындаған мал азығын халыққа тегін таратпайды ғой. Ақшасына сатады. Қала халқын нанмен қамтамасыз еткендей. Мұның қай жері «нарықтық саясатқа» қайшы?

 Ауылдағы 7 миллион халықтың бір миллионы шаруа қожалығы маңайында, бір миллионы көшіп кетті дегеннің өзінде, жері де, тракторы да жоқ. Қалған 5 миллион ауыл бұқарасы мал азығын кімнен және қайдан алуы керек? Вице-министр А.Сапаровтың осы газет арқылы жауап беруін талап етемін.

Ардагерлер не дейді?

«Жас Алаш» газетінде (№92, 17 қараша 2020 жыл) штаттан тыс тілшісі Айтбала Сүлейменованың «Ауылға көшкен жастардың арманы орындала ма?» атты мақаласы шыққан болатын. Онда тілші ауылда мал азығының тапшылығы мен қымбаттығы жайында Қарқаралы ауданы Томар ауылы шаруа қожалықтарының иелері Нұрлан Жағыпаров, Айболат Жолдасбековтермен сұхбатын берген екен. Тақырыбы ортақ болғандықтан, тілші осы жолдар авторының ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару үшін ауылдарда «Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру» туралы үкіметке ұсынып жүрген идеясын да жазған. Мақаланы оқыған соң, пікірін білейін деп сол ауылдың әкімі Нұрлан Жағыпаровқа телефон шалдым. Сұрағына орай, тыңнан шаруашылық құрылмайтынын, бюджеті мен штатын пайдаланып, сол ауылдық әкімдікті кәсіби өңдіріске, мал азығы шаруашылығына айналдыру екенін түсіндірдім. Мамандығы заңгер екен. Шаруаларға бір-екі танаптан бөліп берген, бірақ олар ұқсата алмай, бүгінде қурай басып тұрған егістік жерлерді осы шаруашылыққа бекітіп, арпа, көпжылдық шөп егіп, ауыспалы егіс жүйесін қалпына келтіру керек екенін айттым. Ауыл тұрғындарының сай-саладағы бетегені, қарағаны мен тобылғысын қоса шырпып жүретінін көріп жүрген ол, қар суымен көктейтін көпжылдық шөптің гектарынан тоннаға дейін өнім беретінін естігенде, балаша қуанды. Бірақ осыдан кейін телефонын көтермеді. Шағын шаруашылығына зияны тиіп кете ме, – деп қорқып, фермер ағасы Нұрлан: «Әй, не тантып отырсың?» – деген болу керек.

Зерттеуді тиянақтау үшін бұл күнде Қарағандының іргесіндегі Үштөбе ауылында тұратын, мамандығы зоотехник, сол Томар совхозында 15 жыл бөлімше меңгерушісі болған Нұрмұхаммет Тойшыбековпен кездесіп, ауыл шаруашылығына реформа жасау туралы жазылған сол 9 мақаланы бердім. Ол кісі материалдарды оқып, айтылған ұсыныс-реформаны қолдап шықты.

— Мен сізді тәжірибелі, білікті бір адаммен кездестіремін – деді. Ол –  Томар ауылында 30 жыл әкім болған, негізгі мамандығы агроном, 80 жастағы Құдайберген Бәкеев деген қария екен. Бірақ кездесуге тағдыр жазбады. Қайтыс болып кетті. «Ол кісі сізді, сіздің идеяңызды қолдап кетті» – деді Нұрмұхаммет ақсақал. Қария ауыр науқастанып жатса да, сол 9 мақаланы оқып, ой түйген. Сәлемін аманат қалдырған. Нұрыңыз пейіште шалқысын, Қоқа, ел қамқоршысы!

«Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру» – бұрынғы совхозға оралу емес. Айырмасы жер мен көктей. Мемлекет бұрынғыша, меншігінде мал ұстамайды. Мақсат – ауыл бұқарасына мал өсіруге жағдай жасау, тұрмысын көтеру. Республиканың табиғат жағдайында қалай пайдалы болса, солай істеу керек.

Ұсыныстың үлкен елді мекендерден 15-20 шақырым қашықтықта орын тепкен, табиғи шабындықпен, жайылыммен тіршілік етіп отырған шаруа қожалықтарына қатысы жоқ. Жаңа техникасы бар олар ақшаға шөп сатып алуға өздері де ұмтылмайды.

Билік түзелуге қарсы ма?

Өткен жылғы құрғақшылық көп нәрсенің бетін ашып кетті. Жауын- шашыны аз, болжаусыз болғандықтан, Қазақстанның ауыл шаруашылығы бұрыннан да «тәуекелді» еді. Жаһандық жылыну бұдан да зор қиындық болатынын меңзеп тұр. Сондықтан мемлекеттік мал азығы резервін жасау керектігі көзге көрінді. Ал ол резервті жасау мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құрмайынша, мүмкін емес.

Кеңес өкіметі кезінде де мал азығының бір жарым жылдық қорын жасау туралы арнайы қаулы болған. Үкімет өткен жылы Маңғыстау, Қызылорда облыстарында малдың жазда аштан қырылуына Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров анық кінәлі деп тапса, «қаңғытып» жіберуі керек еді. Өйтпеді. Маңыздылығы жөнінен министрден кем емес, «Азық-түлік корпорациясының» төрағасы етіп тағайындады. Сонда не ұтты? Омаров ұсынып отырған реформаны түсініп, 70 мың отбасылық шаруашылық құрамын деп ұмтылған Ө.Шөкеевтен кейінгі екінші министр еді. Шөкеев мал шаруашылығын дамытып, 100 мың отбасылық ферма құрмақшы болған. Бірақ билік ауыл шаруашылығындағы апатты жағдайды түсінбегендіктен, оны Түркістан облысына әкім етіп жіберді.

Газеттер «ауа-райын болжай отырып, ауыл шаруашылығы министрлігі құрғақшылыққа қарсы шараны неге жыл бұрын ұйымдастырмаған?» – деп сөгіп жатты. Соның бәрін күнілгері біліп тұратындай, Омаров пайғамбар емес. Ауыл шаруашылығында мемлекеттік меншік жоқ. Министр қай фермерден айырлап шөп сұрап жүреді?

Жаздың өзінде малы аштан қырылып жатқан облыстарға көмек қолын ұсынып, шөп жеткізуді Түркістан облысының 24 жастағы фермері Құрмет Талапқазы бірінші болып бастап, ауыл шаруашылығы тұрғысындағы үкімет стратегиясының кемшін тұсын ашып берді.

Автордың өтініші бойынша «Қазақстан дәуірі» газеті жоғарыда аталған «Ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару туралы» 10 мақаланы фейсбук желісіне берген еді. Газеттің парақшасын 84 адам ашып көрген. Ал соңына дейін оқып, ой түйген екі-ақ адам. Екеуі де нәзік жандар қатарынан. Айгүл Жұмаділ – «Жан шырылы», Танымгүл Жайлауқызы – «Орынды» деген қорытындыға келген. Ал парламент депутаттары мен биліктегілер үнсіз. Сонда Қазақстанда ауыл тіршілігін түсініп, түзейтін еркек қалмағаны ма?

Дұрыс идеяға негізделген база құрылмайынша, құсқа жем шашқандай, субсидия таратқаннан нәтиже шықпайды. Бұл – бұрынғыны қайталау болады да тұрады.

Үкіметке ұсыныстар

  1. Әлеуметтік өкілеттіктерін сақтай отырып, сол штаты, бюджетімен жүктемесіз, бос отырған ауылдық әкімдіктерді кәсіби өндіріске – «Мемлекеттік мал азығы шаруашылығына» айналдыру. Қажетті техникамен жасақтап, тәжірибелік 10 шаруашылық құру: төртеуін Ресеймен, үшеуін Қытаймен шекаралық ауылдарда; үшеуін Қарқаралы ауданы, бұрынғы Қазыбек би ауданы аумағында. Бұл құрылымдық өзгеріс бірден екі мәселені шешеді. Біріншіден, ауыл жастарына жұмыс орындары ашылады. Шөп – тауар. Екіншіден, ауыл тұрғындарына сатудан артылған шөп мемлекеттік мал азығы қорын құрайды. Бұл мемлекеттік тұрғыда бастама ретінде.
  2. Жаңадан үйлер салып, көтерме қаржы беріп, қаладағы жұмыссыз жүрген, тұрмыс қысқан отбасыларды елге шақыру. Қай облыс болса да, мақаланың басында айтылғандай, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің жанұшырған патриоттық әрекеттері жағдайды түпкілікті шеше алмайды. Мәселені мемлекеттік тұрғыда тұрақты түрде қолға алу керек.
  3. Президентке, үкіметке, парламентке ұсынылған сол 10 мақаланы парламент отырысында талқылап, ауылдарда қалыптасқан жағдайға баға беру. Жағдайды толық түсінгенде ғана не істеу керек екені көрінеді. Бұл дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
  4. Тәжірибелі, іскер де батыл басшы Өмірзақ Шөкеевті Ауыл шаруашылығы министрлігіне – бірінші вице-министр лауазымына тағайындау.
  5. Жағдайды түзеу, ауылдар мен латифундистер, арендаторлармен болатын проблемаларды тікелей шешу үшін Республика президенті Қ.Тоқаевтан Ауыл шаруашылығы министрлігіне қосымша, пәрменді өкілеттіктер беруді сұрау.
Тегтер: