Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:30, 13 Сәуір 2023

Омаровтың сәбізі, Қарашөкеевтің пиязы

None
None

Мамытбеков құдық қазып, Мырзахметов бордақылап беріп кеткен ауыл оңалмай қойды

Сонымен үйтіп-бүйтіп жүріп үкімет Ауылдық аймақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды. Енді еліміз бойынша 6295 ауылдық елді мекен және онда тұратын 7,5 млн адам ертегідегідей өмір сүреді. Аталмыш тұжырымдаманы жүзеге асыру барысында үкімет ауылдағы ағайынға «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заман тудырмақ…

 Әрине, сенгің-ақ келеді. Ауылдағы елдің әлеуеті артып, еңсесі тіктелгенін қалайсың-ақ. Біз ғана емес, бұған дейін мұндай заманды үкімет те қалаған болуы керек. Үкімет тарапынан ауылдық аумақтарды дамыту үшін осы уақытқа дейін қаншама тұжырымдамалар, жобалар, бағдарламалар жасалды. Тіпті бір жылдары «Ауыл жылын» да жариялағанбыз. Билік басына келген әр премьер, әрбір министрдің ауыл жайлы реформа ұсынбағаны жоқ. Мәселен, соңғы бес жылдықта Смайыловқа дейін премьер болған Кәрім Мәсімов те, Асқар Мамин де ауылды дамытуға «барын салды». Мәсімовтің тұсында «Өңірлерді дамыту өзекті» деп өзеуредік. Маминнің кезінде ауылды ел бесігінде тербеттік. Күні бүгінге дейін сол «Ауыл ел бесігі» жобасының нәтижесін ауылдағы ағайын 100 пайызға сезінді деп айта алмаймыз. Ал енді Смайылов «арнайы тұжырымдама арқылы ауыл тұрғындарының 90 пайызының өмірін жақсартамын» деп отыр.

Үкімет басшысының сөзіне сенсек, болашақта ауылдағы елдің еңбек өнімділігі артып, өмір сүруге қолайлы жағдай жасалмақ. Экономикалық өсудің жаңа нүктелері пайда болады. Ауылдарда кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады. Тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін жаңа жер учаскелеріне инженерлік коммуникациялар жүргізілмек. Инфрақұрылымды жаңарту дейсіз бе, халықтың елді мекендерден көшуін азайту, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, бір сөзбен айтқанда Смайылов үкіметі ауылды «алтынмен аптап, күміспен қаптайды».

 Жалпы, деректерге жүгінсек, біз соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруда рекордтық көрсеткішке жетіппіз. Осы жылдар аралығында ауылды дамыту үшін 2 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Нәтиже сол баяғы, ауыл туралы тәтті елестер мен туған жер туралы жасанды идеологиядан асқан жоқ. Шын мәнінде бізде қазір тіпті ауыл тұрғындары түсінетін агросаясат та жоқ. Ауылдағы көпшіліктің өзі үкіметтің ауылды дамытуға қатысты ұстанған саясатын түсінбей дал. Мысалы, бұған дейін бізде «Агро-бизнес-2020» бағдарламасы болды. Осы бағдарлама аясында сол тұста министр болған Асылжан Мамытбеков жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін құдық жетіспей тұр деп, 4000 мың құдық қазамыз деп шықты. Бірақ, Мамытбеков «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы Қодардың ерлігін қайталай алмады. Құдық қазусыз, мал бағусыз, айтылған жерде қалды. Қаражат құмға сіңген судай болды, Қодар идеясы құдық түбінде қала берді.

Бұдан соң министр Асқар Мырзахметовтың тұсында ауылды кооперативтендіру, мал бордақылау, мал сою пункттерін құру, сүт өндірісін дамыту тәрізді реформаларға реңк бермек болды. Бұл бастама да оң нәтиже бермеді. Өмірзақ Шөкеевтің тұсында ет экспортын жандандырып, ауылдың еңбек өнімділігін арттырмақ болдық. Ақыры бұл шара елдегі ет бағасының шарықтауына жол ашып берді. Ауылдағы ағайынға екі қолға бір күрек табу қиындай түсті. Бұдан кейінгі министрлердің де ауылдың шекесін шылқытқаны шамалы. Сапархан Омаровтың тұсындағы ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының шектен тыс қымбаттағанын картоп бағасының 500 теңге, сәбіз құнының 700 теңге болғанын жұрт әлі ұмытқан жоқ. Бұл жағдайға сол тұстағы министр Омаровтың «ажиотажды тудырған халықтың өзі, олар «свежий» өнім жегісі келіп жапатармағай картоп сатып алып, өнім бағасын қымбаттатып отыр» деп, бар кінәні елге аудара салған мәлімдемесі де елдің есінде. Тағы сол Омаровтың тұсында болған арты әжептәуір жұтқа айналған Маңғыстаудағы қуаңшылықты да халық ұмытқан жоқ. Ол кезде де Сапархан Омаров: «жергілікті әкімдік мәселені ауыл шаруашылығы министрлігіне дер кезінде жеткізбеді» деп, бар кінәні жергілікті әкімдікке артып, өзін-өзі ақтамақ болған. Артынша, жұмысты үйлестіре алмағаны үшін Омаров орынтағымен қоштасты.

Содан бері бұл саланың тізгінін Ербол Қарашөкеев ұстап отыр. Қарашөкеев те «ауыл дамып жатыр» деп есеп бергенде жонына қамшы салдырмайды. Министрдің есебінше, соңғы жылдары мал шаруашылығын дамыту, мал азығының арнайы базасын құру, ауылды субсидиямен қамту, асыл тұқымды мал өсіру айтарлықтай өскен. Ірі қара малының үлес салмағы 2022 жылы 7 пайыздан 13 пайызға дейін артқан. Алайда бұның да бір «ертегі» есеп екенін ауылдағы ағайынның өзі айтып жүр. Ақиқатында мал азығының базасы қалыптасқан жоқ, керісінше, ауылдағы жем-шөп бағасы қатты шарықтап, жекелеген шаруаларға малды тиісті мал азығымен қамту азап болып отыр.

Осылайша, «ауылға жайлы өмір тудырамыз, ауыл индустриясын дамытамыз» деген үкіметтің жоспары орындалар түрі көрінбейді. Ауылдағы ағайын әлі сол Кеңес дәуірінен қалған тозығы жеткен техникамен жер жыртады, егін егеді. Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі, ауылдағы ірі көлемді жерлерді бай-манаптардың меншіктеп алуы тіптен өзекті болып отыр. Әйтеуір ел ептеп-септеп өз жыртығын өзі жамап, селбесіп күнін көруде. Алайда ауылдың ауыр хәлін үкімет мойындағысы келмейді, «өркендеп келеміз» деп өрекпиді, «дамытамыз» деп тұжырымдайды. Мәселелерді ашып айтып, үкіметтің құлағына жеткізуі тиіс Қарашөкеевтің өз қиялы өзінде.

 Айтпақшы, өткен аптада министр Қарашөкеев бір топ шенеунікті жиып алып ауыз ашар берді. Одан соң Қазақстан аумағынан пиязды экспорттауға тыйым салды. Мұны естіп алғандар қазірдің өзінде пияздың бағасын өсіруге асығып отыр. Былтыр жазда ел тәтті қантты таппай сандалып еді. Биылғы жаз пияз қатшылығы туындап жатса таңғалмаңыз. Бұл біз үшін жыл сайын қайталанатын үйреншікті жағдай болып қалды ғой. Ең қызығы, осындай қарапайым заттарға қатысты мәселелерді шеше алмай отырып, Смайылов үкіметі ауылды дамыту тұрғысында айды аспанға шығаратын мәлімдемелер жасайды. Сенгің-ақ келеді. Бірақ өркендесек, өссек, осы күні үкіметтің әр бастамасына күмәнмен қарап отырмас едік қой.

Тегтер: