Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:18, 12 Наурыз 2021

Өмір мектебі: «Жас Алаш» – жампозым

None
None

Ақ  пен   қараның айқасы аяқталмаған, қаны тамған  қызыл  революцияның жалыны басылмаған шақта қазақ даласында байтақ Отанның тынысын, бұқараның үнін жеткізетін идеологияның  мұраты  болған  «Лениншіл жас» газеті жарық көрді.

 Уақыт деген жүйрікке тоқтау бар ма, сірә?   Кәрі  тарихтың куәгері атанған  үнқағаздың құрылғанына,  міне, 100 жыл  толып отыр.  Бір ғасырды толтырып, жаңа  белеске  бет түзеген  басылымның Қарағанды облысындағы  меншікті  тілшісі болған Айқын Несіпбайдың бірегей газеттің бағыты жайлы айтары мол.  Қаламгерлік  қауқарымен қарағандылықтар  арасында  «құрметті журналист»   атанған ол  жастар газетінің  аймақтағы өкілі болып жеті жыл қызмет еткен-ді.

   Бердіқұловтан басталған тәлім

Айқын Несіпбай   «Лениншіл  жасқа» келген шақта    басылым бетінде қоғамдағы өзекті мәселелер батыл әрі терең  қозғалды. Атап айтқанда, ауылдың  мәдени жағдайы,  қазақ тілінің тағдыры,   ішімдікке салынып, шылымқұмарлыққа  бой алдырған жастарды  салауатты ортаға қосу және  қазақ жастарының болашағына қатысты мақалалар  газеттің әр санында қалыс қалған емес.  Өңірдегі  тілшілері де осы талапты  ұстанған.  Журналистердің  тақырып таңдауына,  проблеманы қаузау ерекшелігіне шектеу қойылмаған.  Аға буын қаламгерлер  өз  заманында  ана тіліміздің көркемдігіне баса мән берген.  

– Біздің кезімізде газеттің бас редакторы   майталман жазушы Сейдахмет Бердіқұлов болды. Бастапқыда  атынан ат үркетін қарымды қаламгерім кейін қарапайым аяулы редакторыма айналды. «Кемедегінің жаны бір» демей ме? Әрқайсымыздың жазған дүниемізді өзінің жан дүниесінен өткізуші еді, жарықтық.  Сөз зергері  тақырыпты тап басып қойып, мақаланы ойнатып жіберетін.  Хас таланттың  шеберлігін көріп,  шыңдалған біз де  тақырып қоюға дағдыландық.  Семсер  сөздің шебері Сейдағаңның  тәлімі кейін аға газет «Егемен Қазақстанға»  ауысқанда өмірлік   азық болды.

 Әлі есімде, Ұлытау үстімен ұшып өткен зымырандар сол аумаққа  гептил қалдығын тастап өтетіні жайлы  мақала жаздым.  Тақырыбын  «Аспаннан  төнген апат» деп қойдым. Келесі  нөмірге  «Асап қалуға асыққан алпауыт» деген тақырыпқа өзек болған  материалым шықты. Онда   аймақтағы алпауыт  «Испат Кармет»  комбинатының,  бүгінгі «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы,  құрамындағы  шахталар  кеннің құнарлы қабаттарын ғана  қазып, қалған бөлігін тастап кететін әрекетін әшкере еттім. Кейін сәтті қойылған тақырыбыма  Сейдағаңның   балаша  қуанғанын естіп, даналығы мен қарапайымдығына таң қалдым.  Есесіне Нүркен ауылындағы  мектептегі сабақты тастап,  футбол ойнап жүрген  оқушылар жайлы  жазған  «Доп ойнаған тозар» деген мақаламның  тақырыбы өзгеріске ұшырады.  Бердіқұлов қос қақпаға доп салуға  таласқан балалардың амалын  әдемі иіріммен ойнатып,  «Ана тау мен мына тау» деп түрлендірді.  Мұндай редактормен қызметтес болу әркімнің тағдырына жазыла бермейтін құбылыс. Мен үшін журналистің  бақыты осы деп ойлаймын, – деді жастық шағын еске алған ардагер аға.

                «Жас Алаш»  көш ілгері  келеді

«Жас Алаштың» мемлекеттік  БАҚ-тар арасындағы беделі   бүгін де төмендеген емес.  Көп газеттерден  ілгері келді.  Қазақ баспасөзінде 50 жылға жуық тәжірибе жинаған кәсіби журналист Айқын Несіпбайдың бұған айтар уәжі, дәлелдейтін айғағы бар.

– Орманның ішінде жүрген емес, сыртынан бақылаған адам  ондағы оқиғаны анық аңғарады.  Күні бүгінге дейін республикалық басылымдарды жаздырып алып оқимын.  Бұл менің ежелгі әдетім әрі кәсіби міндетім. Айтпағым,  қазіргі  «Жас Алаштың»  макеті тартымды, бояуы көркем, жазу стилі заманға сай.  Мұндағы  журналистер жұрттың көкейіндегі, уақыттың үлесіндегі проблемаларды дөп басып береді әрі  алуан жолмен қозғайды.  Әсіресе сараптамалық мақалалары оқырманның білім көкжиегін кеңейтіп, зейініне ой салады.  Қазір адамды марғаулыққа дағдыландыратын, жылдам ұмытылатын жылт еткен жаңалықтар көбейді. Бұл сананы бойкүйездікке апарып соқтырады.  Елдің медиа саласы  оқырманның  интеллектуалдық ұстазы болу керек.

 БАҚ-тың құндылығы – зеректігінде.    «Жас Алаш» осы ерекшелігімен өзгелерден оқ бойы озық тұр.  Мінезі бекем, қайсар қалпынан тайсалмай келеді.  Басылым  осынау дара жолдан таймаса,  «Жас Алаштың»  жалауы  әлі де  желбірей бермек.  Тек  халықтың бетін оқуға бұру керек. Олай дейтінім, кітап пен газетті керек қылмайтын кезеңді бастан өткерудеміз. Оның орнын жеңіл ойға желпіндіретін  әлеуметтік желі басып отыр.  Мұның түбі шолақ ойлайтын аудиторияны  көбейтуде. Ал бұл кесапат түптің түбінде сауатсыздыққа жетелейтіні шүбәсіз.  Бұл орайда, жұртты  оқуға мәжбүрлеудің  еш айыбы жоқ.  Керісінше, пайдасы мол. Білуімше, қазір  басылымды  мекемелер  жаздырып алмайды.   Кітапханалардан сирек кездестіреміз.  Қоғамның айнасы ел арасында ғана таралуда. Соған қарағанда еңсесі биік  газет  мемлекеттің демеуіне зәру, – дейді ардагер журналист Айқын Несіпбай.

         Әлбетте, әлем өркениетін өрге сүйреген  елдер ешқашан  мерзімді басылымдардан бас тартпады.  Дүниежүзінің әр түкпірінде күн сайын жүздеген мың тиражбен шығып жатқан «Нью-Йорк Таймс», «Вашингтон Пост», «Файнэншл Таймс»,  «Ле фигаро», «Дэйли телеграф»  секілді  газеттер  бұқараның басты  көзі мен құлағына айналды. Мемлекет осы басылымдардың үнімен санасады.  Ел ондағы пікірге құлақ асады.  Ендеше біздікі не марғаулық?    

      «Жас Алаштан»  рухани нәр алған  Айқын Несіпбай егде жасқа жеткенше «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек етті. Қолына қалам алса, «Жасалаштықтар оқиды-ау  деп именіп жазамын, тебіреніп толқимын», –   дейді.  Сөз құдіретін сезіну деген осы болар.

Тегтер: