Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:40, 13 Маусым 2023

Өмір сүру сапасы ең нашар қаланың ең көп жалақы алатын тұрғыны – Ұранхаевтың бір жылы

None
None

Былтыр президент Тоқаев Қазақстанда үш облыс пайда болатынын айтып, Семей аймағындағы Абай облысына қатысты: «Ол жақта шешімін таппаған түйткілдер көп.

Аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған», деген. Содан бері Абай облысы жеке дара еншісін алды. Облысты басқаруға Астананың Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы болған Нұрлан Ұранхаев тағайындалды. Күні кеше Абай облысы өзінің бір жылдығын атап өтті. 

  Астана  қаласының бас сәулетшісі әкім болып келгенде «енді Семейдің сәулеті жаңарады, жайнайды» деп соққандар да, мүлде үміт үзгендер де болды. Бұл облыста проблемалар жетіп артылады: Семей полигонынан зардап шеккендердің мәселелері, жайылымдық жерлердің жетіспеуі, дала өрттері, жылу-электр орталықтарының тозуы, жолдардың нашар жағдайы, облыс орталығы Семейдің сұрықсыз сәулеті… Тізе берсек көп. Облыс әкімінің де әрбір есеп беру сөзі: «Мәселе өте көп, оларды шешумен айналысамыз. Бірақ жетістіктер де жоқ емес», деп басталады.

Қаласы көш соңында, даласы өрт құшағында

  Облыс әкімінің есебіне сүйенсек, құрылғанына бір жыл болған Абай облысы қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлік, өнеркәсіп, құрылыс пен ауыл шаруашылығы алға ілгерілеген. Сыртқы сауда айналымы 1,4 миллиард долларды құрап, халықтың орташа айлық жалақысы 260 мың теңгеге жеткен. Бірақ нақ осы дерекпен облыс халқының келісе қоюы екіталай. Бұл аймақта әсіресе Семейдегі ең негізгі мәселелер жұмыссыздық пен халық жалақысының төмендігі. Бірақ мұны  өзі ай сайын 1 млн 900 мың теңге жалақы алатын Ұранхаев мойындағысы келмейтін тәрізді.     

   Биыл наурызда Экономикалық зерттеулер институты: «Семей – өмір сүру сапасы бойынша Қазақстандағы ең нашар қала» деген дерек таратты. Аталмыш институттың мәліметінше, 2022 жыл бойынша қалалар рейтингінде Абай облысының әкімшілік орталығы Семей қаласы ең соңғы орында тұр.  Институт Қазақстандағы 25 қаланы үш фактор: экономика мен бизнес, адам ресурсы және инфрақұрылым бойынша бағалаған. Арасында өмір сүру жайлылығы, еңбек нарығы, халықтың денсаулығы мен материалдық жағдайы және өзге категориялар бар. Рейтингтік бағалау бойынша ең жоғары балл 10 болса, Семей қаласына ең төменгі балл (3,89) берілген.

   2022 жылғы мәлімет бойынша, Семейде 350 967 адам тұрады. Бұл 1991 жылғы көрсеткішке ұқсас. 1990 жылдары қалада ірі өндіріс орындары түгелдей жұмысын тоқтатқан. Қаланың сырт келбетімен 30 жыл бойы ешкім айналыспады деуге де болады.

  Ұранхаевтың дерегінше, дербес аймақ болып құрылған Абай облысының бір-ақ жыл ішінде қол жеткізген табысы елеулі. Өткен жылы Абай облысының бюджеті 374,6 млрд теңге шамасында болған. Тек төрт айда ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 102, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 105 пайызға артқан. Құрылыс секторы 159,8 пайыз, инвестиция көлемі 112,9, өңдеу өнеркәсібі 121,3 пайызға ұлғайған. Бұдан бөлек, семейліктер үшін көп жылдан бері өзекті мәселеге айналған жылу мәселесі де шешіле бастапты...

  Алайда Семейде орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмай, қыс болса дірдектеп шығатын көпқабатты үйлердің тұрғындары мұндай өркениетке жуық арада жете қоятындарына сенбейді.  Мысалы, Ұранхаев әкім болып келгелі бері қаладағы Мелькомбинат тұрғындары жылу беру жүйесін қалпына келтіруді бірнеше мәрте сұраған.  Бұл ретте бізге пікір білдірген  қала тұрғыны Сая Есенгелдина былай дейді:

«Үйіміз жылу беру жүйесіне қосылмаған. Бұрындары бізде орталықтандырылған жылу желісі де, ыстық су да болған. Ал қазір пеш жағамыз. Тұрғындар арасында қарт адамдар көп, отынды жоғары қабаттарға көтеріп шығару қиын. Үйлер ағаштан салынған, кез келген уақытта өрт болуы мүмкін. Былтыр қыста осындағы пәтерлердің бірінде өрт оқиғасы да  тіркелді».

  Әрине, облыс әкімі  Мелькомбинат тұрғындарына бұл мәселе бақылауға алынатынын және алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізген. Әкім тұрғындардан үйлерінің орталық жылу жүйесіне қосылуын күте тұруды сұраған. Көпқабатты үйге отын арқалап, көмір тасып жүрген ел әлі қанша уақыт күтіп қиналатындарын білмей дал. Семей халқы қаланы жылытатын жаңа жылу орталығын күткелі 16 жылдан асыпты.

   Абай облысының құрамына Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандары, Семей және Курчатов қалалары кіреді. Облыста көлік дәліздерін кеңейту үшін алдағы екі жылда ұзындығы 270 шақырым болатын «Бақты-Аягөз» теміржолының құрылысы жоспарланған. Жоба іске асса теміржол тасымалының көлемі жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғаймақ.

Ресейліктерді белсенділікке үндеу, Семейге шақыру

   Әкімнің сөзіне сенсек, бір жылдың ішінде инвестиция тартылып, жағдай түзеле бастаған. Дегенмен өткенде премьер-министр Әлихан Смайылов  үкімет отырысында 4 айдың қорытындысы бойынша облыстар мен орталық мемлекеттік органдардың дені негізгі капиталға инвестиция салу бойынша көрсеткіштерді қамтамасыз еткенін, алайда 8 өңірдің нысаналы индикаторларға қол жеткізе алмағанын атап өтті. Ол облыстардың ішінде – Ұлытау (52%), Абай (64%) және Жамбыл (65%) облыстары бар. Бұған қатысты Смайылов: «Аталған облыстардың әкімдері бұған дейін Инвестициялық штаб отырысында жағдайды биыл түзейміз деп уәде берген болатын. Бірақ көріп отырғанымыздай, бұл өңірлер барлық облыстың ішінде ең соңғы орындарда қалып отыр», деді.

  Абай облысының болашағына қатысты 2027 жылға дейін республикалық бюджеттен облысты дамытуға  жалпы 1,9  трлн теңге қаржы бөлінбек. Бұған қоса, инвесторлар жүздеген миллиард қаржысын салады. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығындағы облыстың жалпы тауар айналымының 95 пайызын  немесе 500 миллион доллары Ресей өңірлерімен шекаралық сауда арқылы қамтамасыз етілген. Өңірде біраз «майлы» кен орындары Ресей олигархтарының қолында. Ресейлік үш миллиардерге тиесілі «Полиметалл» ААҚ-ның облысқа салған инвестиция көлемі 200 млрд теңгеге жетіпті. Аймақта «Русская медная компания» тобы жалпы құны 570 млрд теңгені құрайтын комбинат салып жатыр. «Айдарлы» мыс кен орны да Ресей олигархтарының қанжығасына байланатын тәрізді. Бұған қатысты облыс әкімі: «Біз ресейлік серіктестерімізді тау-кен және машина жасау салаларында әлеуеті зор аймақтағы жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырамыз. Семей әуежайының әлеуетін одан әрі дамыту және кеңейту, оған бұрын болған әуе айлағы мәртебесін қайтару жобасы пысықталуда. Біз Ресей қалаларымен тікелей жолаушы және жүк рейсін ашу мәселесін талқылауға дайынбыз», дейді.

  Тұрғындар облыс орталығы Семейден Қазақстанның өзге қалаларына әуе қатынасы дұрыс жолға қойылмағанын, тек Алматы мен Астанаға ғана  ұшақ жиі ұшатынын айтып, шағымданып жүр.

  Экономист мамандардың пайымдауынша, Абай өңірінің қойнауы қазынаға толы. Тек бөлінген қаражатты ұқсату маңызды. Көмір өндіретін «Қаражыра», «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны», «Шығыстүстімет», «Горняк» (алтын өндіру) кәсіпорындарының жұмысын бақылау қажет. Бұдан бөлек, өлкеде әзірге игерілмеген және ешбір олигарх еншілеп үлгермеген тартымды кен орындары жетерлік.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметов былай дейді:

«Абай облысының аумағында қатты пайдалы қазбалардың 7 резервтік кен орны бар: 6 алтын кен орны және 1 уран кен орны игерілмеген. Кен орындарының ең көп үлесі Жарма ауданында (4 кен орны) орналасқан. Облыста пайдалы қазбаларды байытудың әзірге ешбір инвесторға берілмеген цемент шикізаты, графит, әк жағуға арналған карбонатты шикізат, қыш саздар, минералды бояулар, құрамында кварц бар шыны шикізат, минералды шикізат түрлелі бар.  Бұл өңірден жаңа индустриалдық аймақ жасауға болар еді. Әзірге Ресейден басқа, елдерден инвесторлар тартылмағандықтан, инвестиция көлемін аса қомақты деу қиын. Облыста мәселе көп. Әкім Нұрлан Ұранхаев үкіметке проблемалардың барын ашып жеткізу керек. Экономикасы кері кеткен Ресейден ғана инвесторлардың келуі бұл облысты өсірмейді. Өзге дамыған елдерден инвесторлар тартудың жоспары құрылуы қажет».

   Мамандар ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк жағынан қорғауды күшейтіп «Полигон туралы» жаңа заң қабылдау қажеттігін айтады.

    Абай елінің тағдыры ауыр мекен екенін қоғам белсенділері де жиі қаузайды.  Тәуелсіздік алғалы бері  үкімет назарынан тыс қалған  бұл аймаққа облыс мәртебесі қайтарылғалы елдің сөнген үміті  жанғандай. Кезінде атом бомбасының зардабынан өңірдегі барлық тұрғындардың өмірі 2 миллион 400 мың жылға қысқарды. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Семей полигон аймағында Хиросимадағыдан 20 есе қуатты бомба сыналды. Полигонның зардабын тартушылардың саны күні бүгінге дейін бар. Генетиктер Семей полигонының зардабы бүгінгі ұрпақтың баласының баласына дейін таралатынын әлдеқашан дәлелдеген.  Бұл туралы «Жас Алаш» алдағы уақытта бөлек бір тақырып қозғайтын болады.

    Түйіндей келе айтпағымыз, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев осы тағдырлы елді басқарып отырғанын ұмытпаса дейміз.  Қазір Абай облысында ауқымды өрт болып жатыр. Мамандар бұл әлемдік тұрғыда ірі табиғи өрт деп бағалап отыр. Абай облысына шұғыл ұшып барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады. Әлеуметтік желіде өртке қатысты қызу пікірлер айтылып, тіпті «облыс әкімі отставкаға кетуі керек» деп жатқандар да бар. 

  Семей тұрғындарының айтуынша, қазір Семейде жаңбыр жоқ, көктемде арнасынан асып-тасып жататын Ертіс те биыл тым жуас мінез танытқан. Шөптің дені күйіп, қурап кеткен. Аймақ халқы күзде қуаңшылықтан мал азығын таппай қаламыз ба деп те қорқады.

Не де болса, биылғы жыл Ұранхаевқа оңай болмайын деп тұр. Бізде есеп беруге, мәселенің тігісін жатқызуға кез келген әкім жүйрік. Әкімдердің сылдыр есебінен халық та жалыққан. Ал келгеніне бір жыл болмай жатып өзін тағайындаған адамнан сөгіс алып, халықтың сынына ұшыраған Ұранхаев өртенген орманы, тартылған өзені, қураған даласы, көш соңындағы қаласымен қай жерге дейін барар екен?..

Тегтер: