Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 03 Тамыз 2025

Өмірдің иісі сіңген миниатюралар (Құраш Зульфикаровтың шығармашылығы туралы)

Кураш Зульфикаров
Құраш Зульфикаров. Фото: Юрия Беккера/kazpravda.kz

Құраш Зульфикаровтың қарапайым болмысы оның табиғаты туралы сыр шертіп тұрды. Аз-кем әңгімелесе қалсаңыз ешқашан өзін-өзі мақтап-мадақтап, марапатқа ұмтылмайтынын бірден сезесіз.

Суретші шеберханасында болған бұл кездесудің тағы бір естелігі – оның шебер сөйлеп, бірден тіл табыса кететін ашық-жарқын мінезі. Бірақ ең бастысы – оның бойындағы ежелгі аңыз-әпсаналар мен халық мұрасына деген шексіз сүйіспеншілігі бірден көзіме түсті.

Құраш Зульфикаров ұйғыр халқының ертегілері мен мифтерін өмір бойы зерттеп, зерделеп келеді. Халқының тарихы мен мәдениетіне, дәстүрі мен өнеріне жан-тәнімен берілген суретші ретінде ол фольклорды көркемдік деңгейге көтергісі келді. Оның көптеген графикалық туындылары мен иллюстрацияларының артында көз майын тауысып оқыған аңыздар мен жазбалар, мифологиялық мәтіндер жатыр. Бұл дегеніміз, менің ойымша, бүкіл бір ұлттың жадын бейнелеуге бағытталған саналы миссия болса керек.

Қ.Зульфикаров 1950 жылы 1 мамырда Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы Құлжа қаласында дүниеге келген. Ал 1955 жылы, яғни бес жасынан бастап, оның өмірі мен тағдыры Қазақстанмен біте қайнасты. Алматы қаласына қоныс аударған сәттен кейін, барша шығармашылық ғұмырын суретші қазақ жерінде өткеріп келеді.

Оның кәсіби суретшілік жолы Н. В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде басталды. Бұл оқу орнын ол 1971 жылы кітап графикасы мамандығы бойынша тәмамдап шықты. Өзінің алғашқы маңызды туындыларын да студент кезінде салды. Соның бірі – «Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға сапары» атты графикалық топтама. Бұл цикл артынша оның дипломдық жұмысына айналды.

Кейіннен суретші Н.С.Островский атындағы Ташкент театр-көркемсурет институтының станоктық графика бөліміне түсіп, оны 1978 жылы бітірді. Ташкенттегі студенттік жылдар – оның шеберлігінің қалыптасқан әрі шыңдалған кезеңі болды. Бұл уақытта Зульфикаров станоктық графика мен этюдтік тәжірибеге ерекше көңіл бөліп, «Ташкент этюдтері» атты акварельдер топтамасы мен автопортреттерін жазды. Қала мен ауыл өмірінен алынған бұл көріністер арқылы ол түсті сезіну қабілетін ұштауға ден қойды.

1

1976 жылдан бастап Қ.Зульфикаров республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге тұрақты түрде қатысып бастады. Ал 1978–1988 жылдары ол «Жазушы» баспасында аға көркемдеуші редактор қызметін атқарды. Бұл кезеңде оның қолтаңбасымен жарық көрген көптеген кітаптар – ұйғыр руханиятының бейнелі шежіресіне айналды.

Қ.Зульфикаров безендірген кітаптар қатарында ұйғыр прозашыларының еңбектері де, поэзия жауһарлары да бар. Атап айтқанда, З.Самадидің «Ғани Батур», Ж.Бусақовтың «Қоныс аударушылар», М.Зульфпикаровтың «Жанартау», Ю.Мұхлисұлының «Садыр палуан», Ю.Ильястың «Он екі жылдан кейін», Т.Тоқтамовтың «Назугум», Ж.Мұсаеваның «Қоштасу» атты туындыларының көркемдік-безендіру жұмыстары суретшінің терең тарихи-мәдени танымының айғағына айналды. Ол әр мәтінді ұлттық эстетика арқылы әсемдеуге күш салды.

Сондай-ақ Р. Рузиевтің «Мың бір пешер», Р.Ушуровтың «Мукамист», А.Ганиевтің «Ялқұнтағ» және басқа да көптеген ұйғыр ақындарының жинақтары Зульфикаровтың шебер қолынан өтті. Әсіресе балалар әдебиетін көркемдеу – оның шығармашылығында ерекше орынға ие болды. Ол иллюстрация жасаған «Теки-тэки тошқан» (А.Низарий, 1977), «Чинтомур Батур», «Махтумсулла» (1981), «Оғыз-наме» (А.Юғнаки, 1990), А. Изимовтың «99 жұмбақ», М.Зульфикаровтың «Балалар фольклоры» (1981) секілді кітаптар ұйғыр балалар әдебиетінің алтын қорына енді.

1985 жылы график қазақ тілінде жарық көрген «Ұйғыр өрнектері» атты жинақты безендірді. Бұл ұйғырдың көрнекті ақыны Біләл Назымның лирикасының қазақ тіліне аударылған жинағы еді. Кітапты ұйғыр тілінен Марфуға Айтхожина мен Абылай Түгелбаев аударды.

1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басы ел тарихындағы бетбұрыс кезеңі ғана емес, Құраш Зульфикаров шығармашылығының жаңа тынысы ашылған уақыт болды. Желтоқсан оқиғасынан кейінгі қоғамдық дүрбелең, құндылықтар ауысуы, рухани ізденістер мен тұрақсыздықтың барлығы суретшінің ішкі күйімен үндесіп жатты. Бір мезетте ол бірнеше бағытта еңбек етіп жүрді: бір жағынан – баспа саласында, екінші жағынан – педагогикада, үшіншіден – академиялық ортада жаңа құрылымдардың іргетасын қалауға үлесін қосты. Сол жылдары (алғаш ұйымдастырылған офорт цехтарының бірін қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында) құруға атсалысты.

1990 жылдан бастап Құраш Зульфикаров Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданды. Сонымен қатар Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің көркемсурет-графика факультетінде сабақ беріп, жас буын суретшілерге өзінің бай тәжірибесін үйрете бастады. Дәл осы жылдары оның көркемдік ізденісі эпостық кеңістіктерге ойысып, 1990 жылы «Оғыз-наме» эпосына арнап иллюстрациялар топтамасын жасады. Бұл топтаманы ол шығыс миниатюрасының стиліне жақындатып, акварель мен темпераның нәзік үйлесімі арқылы тапты. Көркемдік кілтін динамика мен драманы қатар өру арқылы шешуге тырысты. Мұндағы кейіпкерлер театр сахнасында жүргендей бейнеленді: қимыл көп, мінез бар, астар терең.

2000 жылдардың басынан бастап суретші назарын Шығыс тақырыбына арнай бастады. «Шығыс сарындары» атты топтамасында ол мейіз сатушыны, пышақ шеберін, арық қазушыны, кітап сатушыны – бір қарағанда елеусіз көрінетін, бірақ тұтас мәдениетті бойына сіңірген адамдарды бейнеледі. Қарапайым қарындашпен салынған бұл миниатюралар бір қарағанда қарапайым нобайлар болып көрінгенмен, суреттерден өмірдің иісі сезіліп тұрды.

2007 жылы Құраш Зульфикаров ХХ ғасырдағы 100 ұйғыр ақынының антологиясы – «Поэзия гүлзары» жинағына иллюстратор болды. Орта Азия республикалары мен Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданынан іріктеліп алынған ХХ ғасырдың 100 ұйғыр ақынының поэзиясы енген бұл кітаптың барлық авторлық портреттері мен көркемдік дизайнын суретші өзі орындады.

Ол ешқашан шығармашылығын тоқтатпады. Кейіннен тіпті түрлі мұражайларда реставратор қызметін де атқарды, шығармашылыққа адал болды. Осылайша, толассыз еңбегі мен мәдениетке қосқан үлесі үшін 2007 жылы Қазақстан Республикасындағы ұйғыр меценаттар клубының «Илһам» сыйлығына ие болды.

2008 жылы суретші Мәсімжан Зульфикаровтың «Ұйғырлардың салт-дәстүрлері» атты кітабын, ал 2014 жылы жазушының он томдық шығармалар жинағын көркемдеп, оқырманға көркем дүниетаныммен үйлескен эстетикалық кеңістік сыйлады. Сондай-ақ 2014 жылы – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған V республикалық байқауда «Ұлы дәстүрлер мен мәдениет» номинациясы бойынша графикалық портреттер сериясы үшін марапатқа ие болды.

Бір қарағанда, сенер-сенбес дүние сияқты. Алайда 70-тен асқанша Құраш Зульфикаров өзінің бірде-бір жеке көрмесін өткізбеген екен. Шулы өнер кеңістігінде бұл сирек жағдай. Бірақ бұл да оның асықпайтын, даңққа емес, мәнге ұмтылатын, үнсіз еңбекке адал суретшінің таңдауына тән болса керек. Қалай айтқанда да, 2025 жылы, 75 жасқа толған шағында, Құраш Зульфикаров өзінің алғашқы жеке есептік көрмесін өткізді. «Аңыздардың ізімен» деп аталған бұл көрме оның бүкіл шығармашылық өмірінің көркем шежіресіне айналды.

Көрме Қазақстандағы бейнелеу өнерінің жүрегі саналатын Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде болды. Экспозицияда көрермендер суретшінің 50 жылдан астам уақыт ішінде салған жүзге жуық еңбегін тамашалады. Графика, акварель, иллюстрация, тақырыптық топтамалар – барлығы да біртұтас эстетикалық кеңістікке жинақталып, көрерменді түрлі замандарға жетеледі.

Осы орайда, суретшінің сәулет өнерінде де өзіндік ізін қалдырып үлгергенін айта кеткен жөн. Себебі ол Алматы облысы аумағында орналасқан алты мешіттің жобалық шешімін жасап, олардың көркемдік дизайнына да атсалысқан-ды.

Бүгінде оның туындылары Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде, ҚР Мәдениет министрлігіне қарасты Көркемөнер көрмелері дирекциясының қорында, сондай-ақ Ұлыбритания, Швеция, Түркия, Моңғолия және Қазақстандағы жекеменшік коллекцияларда сақтаулы.

1

«Далалар империясы»

«Далалар империясы» аталған суреттер топтамасы – А4 форматындағы қағаздың бетіне қарындашпен салынған қарапайым суреттер. Суреттегі басты идея – түркі елдерінің тарихындағы болған ұлы тұлғалардың портреттер архивін жасау.

Серияға енген графикалық портреттер: Алып Ер Тоңға хан (б.з.д. VI ғ.), Томирис (б.з.д. VI ғ.), Шу хан (б.з.д. IV ғ.), Оғыз хан (б.з.д. IV ғ.), Еділ қаған (б.з. V ғ.), Білге Бумын қаған (б.з. VI ғ.), Күлтегін (б.з. VI ғ.), Тоныкөк (б.з. VII ғ.), Мойынчор хан (б.з. VII ғ.), Ай Ұжұрухан (б.з. IX ғ.), Пан Текін (Идиқұт) (б.з. IX ғ.), Сатұқ Бұғрахан (б.з. X ғ.).

Бұл топтама өзінше бір поэтикалық пантеон секілді. Әр бейне тек тарихи тұлға емес, архетип, символ, ал олардың жиынтығы тұтас өркениеттің визуалды шежіресі іспетті. Мысалға өте көне замандарда өмір сүрген түркілердің көсемі Алып Ер Тоңғаның портреті. Суретші Алып Ер Тоңғаның бейнесін ойдан құрай отырып, оны миф пен тарихи сана арасындағы алтын көпірге айналдыра білген. Портрет бірден көзге түсетін терең символикамен ерекшеленеді. Бет-әлпеті нақты бір адамға емес, тұтас бір дәуірге тиесілідей әсер қалдырады. Қатаң әрі пайымға толы көзқарас, ұқыпты салынған киім үлгілері, шымқай фон мен айналасындағы сахналық бейнелер – бәрі де көркем әрі концептуалды тұтастыққа қызмет етеді. Артқы пландағы түйелер мен пілге мінген жауынгерлер, қабыланмен шайқас сәті – аңыздық кеңістіктің театрландырылған декорациясын еске салады.

Сондай-ақ сурет мифтік атмосферамен көмкерілген. Ол көрерменді замана шекарасынан өткізіп, Тұран даласына, ел үшін жанын шүберекке түйген қаһарманның уақытына жетелейді. Ежелгі жырлардағыдай, бұл бейне – арыстандай айбарлы, жолбарыстай жүректі, көк бөрідей тәкаппар батырдың визуалды символы. Мұнда тарихи негіз де назардан тыс қалмаған. Парсы халқының ұлы эпосы Фирдоусидің «Шаһнама» дастанында Алып Ер Тоңға Афрасиаб есімімен аталады. Бұл ұқсастық – түркі-иран эпикалық кеңістігінің өзара тоғысуын, рухани мәдениеттер арасындағы ежелгі байланысты аңғартады.

Суретші топтамада тарихи дәлдіктен гөрі бейнелік символизмге басымдық береді. Кейіпкерлердің көзқарастарында үміт пен күрес, киімдер мен сауыттарында дәуірлердің өрнегі жарқырап тұр. Композициялар күрделі, бірақ артық емес. Әр беттегі тарихи фондар өз алдына бір шағын сахна: жорыққа шыққан сарбаздар, арбалар, қала-сарайлар, билік пен шайқас, жеңіс пен жойылу сәттері – барлығы да кеңістікте үйлесім тапқан.

1

«Ұйғыр халық ертегілері» топтамасы

Суретшінің соңғы жылдардағы жасап жүрген ең ауқымды жобаларының бірі – «Ұйғыр халық ертегілері» атты иллюстрациялық серия. Бұл циклмен суретші 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеді және 2025 жылдың алғашқы жартысында-ақ 14 толыққанды иллюстрация жасап үлгерген.

Серияны ерекшелейтін нәрсе – оның стилі. Автор өзін шығыс миниатюрасын жалғастырушы, соны жаңғыртушы ретінде көрсетеді. Оны біз композициялық құрылымның тығыздығы, ашық түстердің батылдығы, символдарға толы кеңістік арқылы көре аламыз. Яғни оның суреттерінің шағын көлемі, бейнелердің егжей-тегжейлі салынуы, композицияларының декоративтілігі, кеңістіктің шарттылығы, барлығы да көнеден жеткен көркемдік дәстүрге құрмет білдіреді.

Кез келген ертегі – халықтың ғасырлар бойы жинақтаған дүниетанымының айнасы. Ертегілерде миф пен тұрмыс, күлкі мен астарлы мағына қатар жүреді. Сол себепті суретші де жануарлар бейнесі арқылы мораль мен мифті, ал тұрмыстық көріністер арқылы ұлттық болмыстың нәзік иірімдерін жеткізеді. Тандыр жауып жатқан жұптар, кітап оқып отырған балалар, музыкалық аспапта ойнаған жастар – ұлттың менталитетін бейнелейтін көркем сәттер. Мұнда барлық суреттер классикалық иллюстрациялар дәстүрінде, бірақ авторлық қолтаңбамен жасалған. Ең бастысы – бұл топтама көркем ертегіні терең философиялық образға айналдырудағы авторлық ізденістің жарқын көрінісіне ұласқан ұйғыр миниатюрасының жаңа тынысы деуге әбден лайық.

Осы орайда ұлы ғалым Альберт Эйнштейннің мына бір сөзі еріксіз еске түседі: «Егер балаңыздың ақылды болғанын қаласаңыз – оған ертегі оқыңыз. Ал одан да ақылды болсын десеңіз – одан да көп ертегі оқыңыз». Демек, ертегі – даналыққа бастар алғашқы қадам болса керек... Ендеше, иллюстрацияға көркем көмкерілген бұл ертегілер сіздердің де шаңырақтарыңыздан орын тапсын.

Санжар Сырғабаев

суретші, өнертанушы