Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Өмірдің соңы көп нүкте...

Мейрамбек Төлепберген
Фото: ашық дереккөз

– Ой, аға...Мұнда келгеніңіз қандай жақсы болды! Алла амандығын берсе, енді тағы да бірге жұмыс істейміз. Тағы да түрлі іссапарларға бірге барып, қызықты тақырыптарды игереміз. Солай емес пе, ә?! – Иә, – дедім мен редакциядағы бөлмемнің есігін ашқаннан бастап аңқылдай сөйлеп, бар ой-пікірін ақтара айтқан әріптесімді құшағыма қысып. – Құдай бұйыртса бәрі де солай болады бауырым! Отыр. Әңгімелесейік.

Бұл Мейрамбек еді. Мейрамбек Төлепберген! Біз білетін ол алдымен Әулиеата өңірінің сонау Сарысуындағы мектеп қабырғасында жүргеннен бастап, республикалық жастар газетіне хат жазып, хабар-ошар жіберіп тұрды. Содан соң Алматыға оқуға келіп, КазГУ-дің студенті атанды. Одан сол кездегі астаналық облыстың бір деген беделді басылымы «Жетісуға» белсенді тілші ретінде қатыса жүріп, сол редакцияға қызметке орналасты. Онда, иә, ол жерде оның жасын отындай жарқ-жұрқ еткен қалам қуаты әлі күнге көз алдымызда. Нәтижесінде ұшқыр да жүрдек репортаж, интервьюлерімен жұрт көзіне тез түсіп, елге ерте танылды. Ал одан кейінгі уақытта тәуелсіздік тұсында өмірге келген тегеурінді газет «Халық кеңесіне» шақырылып, Парламент шолушысы қызметін атқарды. Міне, сол жерде Мейрамбекпен осы басылымда бес жыл бірге еңбек еткен едік. Өкінішке қарай, 90-жылдардың ортасында «Халық кеңесі» жабылып қалмасы бар ма?.. Сонда ол «Егеменді» сағалап, мен жаңа астана болғалы жатқан Ақмоладағы қалалық газетке жол тартқанмын. Оның мана мұнда бас редактордың орынбасары боп келіп жатқан мені құттықтау үшін есігімді ашып: «Міне, енді сіз бен біз тағы да бірге жұмыс істейтін болдық», – деп өзімсіне тіл қатып жатқаны содан еді.

Аз-кем әңгімеден кейінгі сөз арасында: «Шерағаң қайда? – дедім Мейрамбекке. – Ана жылғы Парламент тарағанда ескерілмей қалып, сол кездегі бас редактор Нұрлан Оразалин ағамыз ол кісіні осында шолушы қызметіне алды деп естіп едім. Көрінбейді ғой. Барып амандасуым керек еді».

– Жоғарғы Кеңес депутаттығының кезекті сайлауалды науқанында жүр, – деді әріптесім бұл сауалыма. – Айтпақшы, мен Шерағаңның сенімді өкілдерінің бірімін. Сол мақсатпен өткен жетіде Жамбыл облысына барып та келдім.

– Қалай? Өзін өзі ұсыну арқылы ма? Өйткені ол кісінің аты-жөнін жалпы тізімнен көре алмадық қой.

– Иә. Бір орынға бес адам бақ сынасуда.

Әңгіме иесінің сөзіне қарағанда оқиға былай болыпты. 1998 жылдың қысқы айлары оның алдындағы өлара уақыт секілді өте қиын боп басталады. Сондай бір күні Жаңатастан келген 15-20 жұмысшы «Егеменнің» біз отырған осы кеңсесін «жаулап» алыпты. Бас редактор Уәкең, Уәлихан Қалижанов шақырған соң, қабылдау бөлмесіне Мейрамбек те жеделдетіп жетпей ме?! Міне, қызық... Ол есіктен кіргенде бөлме толы бейтаныс адамдарды көреді. Орындықтарда отырғандары бір төбе, сыймағандары едендегі кілем үстіне малдас құра жайғасып алған. Редакцияның «анасы» атанған Әсем Тасыбекова «қонақтарға» шай құйып, бәйек болуда. Ал бас редактордың кабинетіндегі бұл «митинг жасаушылар» Уәкеңе Жаңатастың зарын айтып: «Әкім, министр мәселемізді шешпейді. Жағдайға премьер аралассын», – деп шырылдауда. Осыны айтқан олар: «Қағаз жүзінде әкелген құжаттарымыз бен мұндағы ауызша сөзіміздегі мұң-мұқтажымыз ертең газеттеріңізге мақала боп шықсын. Жарық көретін ол материалды басқа ешкім емес, тек Шерхан Мұртазаның өзі жазсын», – деп талап қояды.

Мына сөзден кейін Шерағаңа хабар жіберіліп, көп кешікпей ол кісі де бөлмеге келеді. Жазушыны көргенде жаңатастықтар орындарынан тік тұра көтеріліп, бәрі дерлік құшақтай қарсы алады. Елдің мұң-зарын айтқан бұл адамдардың сөзіне қарағанда, Жаңатастағы фосфор өндірісі тоқтап қалған. Электр жарығы жоқ. Жанармай жетіспеушілігінен көшелердегі қоғамдық көлік маршруттарының жүрісі жарымжан жағдайға жеткен. Жұрт ақшаға зәру. Өздерінің адал еңбегімен тапқан жалақыларын алмағандарына алты айдан астам уақыт болған... Содан не керек, осылардың бәрі айтылып-жазылып, Шерағаңның «Жанайқай» атты ащы сыны «Егеменнің» ертесіндегі нөмірінде жарқ ете қалады. Және газет жазушының бұл бір материалымен ғана тоқтап қалмайды. Аталмыш қаладағы орын алған күрделі мәселелерді жеке-жеке қозғап, циклді бес проблемалық мақала етіп жариялау бөлім меңгерушісі Мейрамбек Төлепбергенге жүктеледі. Міне, Шерағаң бастап, біздің кейіпкеріміз қостаған осы сын, дабылдардан кейін билік Жаңатасқа назар аударады. Үкіметтің қаладағы кешенді істерді жүзеге асыруға бет бұрғанын байқаған жергілікті тұрғындар осыдан соң қандай қадамға барған дейсіздер ғой. «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына: «Шераға! Бізге сіз секілді депутат керек. Жаңатас өңірінен сайлауға түсіңіз. Қаратау кеншілері өзіңізді қолдайды», – деген хаттар жолдап, кездесуге шақырады. Алдында: «Жасым зейнет шегінен бес жыл асып кетті. Қалай болар екен?» – деп ойлаған Шерағаң іштей тартыншақтағанымен, уақыт өте келе халықтың ұсынысын аяқсыз қалдыра алмайды. Сонымен ол кісі қазір сайлауалды науқанында Жаңатас жақтан түскен бес үміткермен қатар бақ сынасып, ал Мейрамбек жазушы ағасының сенімді өкілі боп жүрген жайы бар екен. Осы арада оқиғадан озып айта кетейік, құрметті оқырман. Кейін бәрімізге белгілі болғанындай, сол баламалы бәсекеде Шерағаңның мерейі үстем болып, халық қалаулысы атанды.

...Мейрамбекпен арадағы осы әңгімеден кейін мен оны жиі көріп, әңгімелесіп жүрдім. Өйткені жоғарыда айттым, жұмыс істейтін жеріміз бір. Редакцияның төртінші қабатындағы кабинеттеріміз де қатар. Уақыт өткен сайын байқаймын, оның кешегі «Халық кеңесі» мен бүгінгі «Егемендегі» жұмыс дағдысы арасында көп өзгешелік бар. Ол жігітіміздің қай жағынан да есейгендігі, кез келген жағдайға байланысты тез шешім қабылдап, нақтылыққа мықтап бой үйреткендігі еді. Бұған ұжымдағы әріптестерінің оны өздеріне үлгі тұтып, құрметтейтінін қосыңыз. Өзіміз сөз етіп отырған жанның редакциядағы абырой-беделінің бұлайша артуы төңірегіндегі қалам иелерінің оның бойындағы қабілет-қарымы мен шығармашылық әлеуетін дұрыс байқап, бағалағандығында болса керек. Өйткені мұнда келген екі-үш жылдың ішінде газет үшін қай жерден тез материал ұйымдастырып, қайдан тың тақырып табу керек дегенде немесе редакцияға келген ресми құжаттарды шұғыл аударып, министрлікке керек мәліметтерді сапалы даярлау қажеттігі туғанда, солардың басы-қасында Мейрамбек жүрген ғой. Сөйтіп, газет басшылығы оны қандай қиын жұмысқа салса да оған ол еш мойымай, еңістен шауып, төске озған да отырған. Оған төмендегі мына абыройлы іс дәлел бола алады ғой деп ойлаймын.

1996 жылы көктемде Президент Әкімшілігінің Жалпы бөлімінен «Егемен Қазақстан» газетіне хат келеді. Онда 1941-1945 жылдардағы соғыста дау болып келе жатқан «Гастелло ерлігінің» түйіні шешілгені айтылыпты. Мәскеуден Алматыға жолданған хабарламаға қарағанда, осы пікір қайшылығына толы тақырыппен ширек ғасыр бойы айналысқан «Известия» газеті 1941 жылғы 26 маусымдағы жанкешті ерлікті жасаған капитан Гастелло емес, Масловтың экипажы екенін толық анықтап шыққан. Әрине, бұл өте қиын, күрделі, сонымен қатар әділеттілік салтанат құрған абыройлы іс еді. Өйткені архивтен табылған бұлтартпас дәлел-дәйек болмаса, 1941 жылғы 22 маусымда басталған соғыстың бесінші күнгі әуе шайқасында отқа оранған ұшағын жау әскері шоғырланған жерге бағыттап, оның күл-талқанын шығарған, содан кейінгі бес жылда оны 327 ұшқыш қайталаған, сөйтіп, ол кеңес адамдарының ерлік пен өрлік символына айналған Гастеллоның жаужүрек әрекетін кенет аты-жөндерін бұрын ешкім естімеген Маслов экипажына телу оңай шаруа емес-тін. Бірақ фактінің аты – факт. Мұрағаттағы жаңадан табылған деректің өте құнды әрі сенімді болғаны сонша, Ресей президенті Б.Ельцин 1996 жылғы 2 мамырда аталған уақыттан 55 жыл бұрын жанкешті қадамға барып, өшпес ерлік жасаған ұшақ командирі, капитан Александр Маслов пен көмекшісі лейтенант Владимир Балашовқа және штурман, кіші сержант Бақтыораз Бейсекбаев пен радист Григорий Реутовқа Ресей Федерациясының Батыры атағын беру туралы Жарлыққа қол қояды. Көрші мемлекеттен біздің билік орындарына жолданған хатта, міне, осы мәселелер хабардар етіле келіп, қандасымыз Бақтыораз Бейсекбаевқа қатысты мұрағат құжаттары қоса жіберіліпті.

Мұндайда біздегі билік орындары не істеуі керек еді. Қалыптасқан тәртіп бойынша олар өздеріне келіп түскен хат не өтініштегі деректерді анықтау үшін мұрағаттық мекемелерге жіберуі немесе бұқаралық ақпарат құралдарын хабардар етуі тиіс-тін. Осы тәжірибе негізінде жоғарыдағы құжат «Егемен Қазақстан» газетіне жолданады да редакция басшылары онымен түбегейлі түрде айналысуды бөлім меңгерушісі Мейрамбек Төлепбергенге жүктейді. Содан не керек, ол белгісіз тақырыпқа бел шеше кірісіп кетсін. Мәскеу мұрағатындағы қызметкер көрсеткен: «Б.Бейсекбаев Алматы облысының тумасы», – деген жалғыз сөйлем бойынша сөз болған өңірдің сол кездегі 12 ауданындағы тиісті мекемелерге сұрау салады. Жоқ. Қазақ КСР Әскери комиссариатының соғыс алдындағы азаматтық борышын өтеуге шақырылғандар тізімінен іздестіреді. Табылмайды. Кезек Алматы облысындағы 1928-1938 жылдар аралығындағы мектеп пен институтта оқыған кездерінде төлқұжат немесе комсомол билетін алған жастар анықтамасын тексеруге келеді. Міне, осы жерде бір үміт отының ұшқыны жылт ете түскендей болады. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің Алматы облысында туып-өскендерге қатысты тізімінен: «Бейсекбаев Бақтыораз» деген ер адам аты-жөнінің шыға келуі еді. Онда сондай-ақ бұл қандасымыздың 1920 жылы осы өңірдің Бақанас маңында туып, Іле селосындағы жетіжылдық мектепті бітіргені туралы деректер де бар екен.

Осы мәліметтерге қол жеткізген Мейрамбек «Егеменге» «Белгісіз батыр. Ол туралы кім не біледі?» деген мақала жазып, Бақтыораз Бейсекбаевтың ата-анасынан, соғысқа дейінгі өмірінен хабары бар адамдар болса, редакцияға хат жазуын өтінеді. Және онда «Батыр жолы – бауыр жолы» атты іздестіру тобы құрылғалы жатқаны, оған демеуші ретінде қатысқысы келетін фирма, ассоциация, агенттіктер табылып жатса ризашылықпен қарайтындықтары қоса айтылады. Ел есіне сала кетейік, сол кезде бұл бастаманы бірден қолдап, алғаш үн қатқан Мұхтар Құл-Мұхаммед басқаратын «Атамұра» корпорациясы еді. Осы ұжымның демеушілігіне сүйенген Мейрамбек Төлепбергеннің экспедиция мүшелері мұрағат құжатында көрсетілген елді мекенді іздеп шықпай ма?! Өкінішке қарай... Таба алмайды. Оның себебі 60-жылдардың басында Алматы облысының аумағында Қапшағай ГЭС-і салынады деп Іле өзені бөгелгенде, соғыстың алдындағы Бақтыораз Бейсекбаев оқыған мектеп бар село су астында қалып қоятын болған. Соған байланысты өкіметтен өтемақыларын алған жұрт әлгі жерден басқа жаққа көшіп кеткен. Бірақ сұрастыра келгенде, олардың кейбіреулері Бақанастың Бақбақты мен Жиделі маңында тұратыны анықталып, солардың арасынан белгісіз батырдың туыстары да табылған. Бұл кісілердің ішінде Бақтыораздың немере ағасының зайыбы Әсембала әженің айтқан әңгімесіндегі деректер ерекше еді. Сол кездері жасы 86-ға келген кейуананың сөзіне қарағанда, іздеу салынып жүрген батыр дәулетті отбасыдан шыққан екен. Әке-шешесі 1928 жылы кәмпескеге ілігіп, сегіз жастағы ол Іле селосындағы жетім балалар үйіне алынады. Сондағы жетіжылдық орыс мектепте оқып, оны бітірген соң Құйған ауылындағы артельдік бірлестіктегі Қиыр Шығыстан жер аударылып келген кәрістерге тілмаш болады. 1938 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, елге Латвиядан хат жазып тұрады. Бақтыораздың туыстары Мейрамбекке осыларды айта келіп, оның 1940 жылғы әскерде жүріп түскен суретін көрсетеді. Осы және одан басқа да деректерді тауып, салыстырып болғаннан кейін біздің кейіпкеріміз өзі қызмет істейтін аға газетке «Қаһарман Бақтыораз» атты мақала жазады. Іле-шала «Атамұра» корпорациясының қаржылық қолдауымен соғыстың бесінші күні үлкен ерлік үлгісімен қаза тапқан, араларында Б.Бейсекбаев бар А.Маслов экипажы жерленген Беларуссиядағы бауырластар зиратына аттанады. Онда тағзым етіп, өзімен бірге барған «Хабар» агенттігінің операторларына деректі телефильм түсірткізеді. Алматыға қайтып оралған соң, редакция басшылығының ұсынысымен газеттегі жарық көрген мақалалары мен жоғарыда жасалған кинолентаны, бәрі-бәрін Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаевқа жолдайды. Біраз уақыттан соң, жоғарғы жақтан «Егеменге» қуанышты хабар келеді. Ол Мемлекет басшысының белгісіз батыр делініп келген қазақ ұланы Бақтыораз Бейсекбаевқа 1998 жылдың 6 мамырындағы Халық қаһарманы атағын беру туралы Жарлығы еді. Міне, бір тақырып бойынша ерінбей-жалықпай жүргізілген журналистік зерттеудің күші! Пәрменділігі!!! Нәтижесі!!!

Сөз ретінде қарай айта кетейік, Мейрамбектің аталмыш бағыттағы табандылыққа толы жұмысының жеңістерден тұратын жетістігі жалғыз бұл емес. Оның бұдан кейінгі, атап айтқанда, 1999-2008 жылдар аралығындағы қазақтың ХІХ ғасырдағы тағдырлы талант иесі, ақын Ұлбике Жанкелдіқызы жөнінде жазған «Таңдайында өлеңнің ұясы бар» туындысы мен ХХ ғасырдағы алапат соғыс, от кешуде аты аңызға айналған ұшқыш Хиуаз Доспанова хақында қалам тербеген «Қанатты қыз» деректі шығармасындағы көтерген мәселелері тиісті орындар назарына ілігіп, билік тарапынан оң шешімін тапқан болатын. Оларды айтып, жазу бұл енді өзінше бір әңгіме. Үлгі ете отырып көтерер үлкен тақырып.

...Ойды ой қозғайды. Жазып отырған мақаламыздың мазмұнына қарай ендігі кезекте айтайын дегенім мынау. Ол Мейрамбекпен «Егеменде» жұмыс істеп жүргенде оның бойынан байқалған өте жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық қабілет. Хабардарлылық қасиет. Кейіпкеріміз өз өміріндегі журналистік қызметінде бұл мамандықтан бірінші кезекте талап етілер міндет – жазу мәселесін шыңыраудан шыңға шығарып дейтіндей дәрежеде шеберлікпен орындай білді. Оған оның алдымен газеттерде жарық көріп, одан кейін «Сағасында Таластың бір ауыл бар...», «Ақиқат алдында», «Заман сөзі» атты кітаптарындағы бірінен-бірі өтерлік тың тақырыпқа толы деректі дүниелері анық дәлел бола алады. Осымен қатар ол қай газетте еңбек етпесін, онда оттай жанған жалын жігермен редакция басшылығы талап еткен ұйымдастыру жұмыстарына жан аямай кірісіп, тапсырылған үлкенді-кішілі істердің бәрінің бел ортасында жүрді. Әріптес ініміздің бұл қабілет-қарымы әсіресе өзі 12 жылға жуық өмірін арнаған аға газетте анық көрінді. Мұны құрғақ сөзбен емес, нақты өмірлік мысалмен айтар болсам, есіме екі нәрсе түседі.

Оның біріншісі мынадай оқиға. 2002 жылы Астана қаласының Қазақ елінің жаңа елордасы болғанына бес жыл толатын уақыт жақындап келе жатты. Соған байланысты Президент Әкімшілігінен редакциямызға телефон соғылғаны есімде. Бізбен хабарласып отырған жігіттің сөзіне қарағанда Астананың жоғарыда айтылған датасына байланысты үлкен бір жинақ жарық көрмекші екен. «Онда Мемлекет басшысының алғы сөзі болуы тиіс, – деді ол. – Бізге соған пайдаланатын фактілер қажет. Атап айтқанда, бұлар Ақмола Қазақ елінің орталығына лайық қала деген идеяны тұңғыш сөз етіп, елге алғаш айтқан ХХ ғасырдағы ұлт зиялыларының ой-пікірлері. Осыған жәрдемдессеңіздер». «Жақсы», – дедік біз. Сөйттік те өтініш иесін атақты саяхатшы, қазақ халқының үлкен досы Г.Потаниннің 1904 жылғы айтқан сөзінен хабардар еттік. «Жаңа дерек, тың мәлімет екен, – деді ол. – Естеріңізге түсіріп көріңіздерші. Тағы кім не айтқан Ақмола жөнінде». «1918 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов...». «Ол пікір бар. Қолымызда». «Академик Қаныш Сәтбаев. 1944-1947 жылдары ғалым Кәрім Мыңбаевқа тапсырма беріп, Бетпақдаланы зерттеткенде...». «Оны да білеміз. Бұдан басқа... Жә, екі күн мұрсат берейік. Елге белгілі енді бір адамның дәйексөзін тауып берсеңіздер. Содан соң бітті. Мазаламаймыз».

Мына сөзден кейін жоғарыдағы тапсырмаға газетіміздің Алматыдағы бөлімшесін тартуға тура келді. Өйткені ол кезде пернетақтаны басып қалсаң, компьютер экранынан бар мәлімет топ-тобымен табылатын интернет әлеуеті әлі жоқ уақыт. 2000 жылдардың басында Астанада бізге Алматыдағы секілді қол ұшын беретін кәсіби мамандар немесе қажетті ақпаратпен қамтамасыз ететін ғылыми-рухани орталықтар әлі өз деңгейіндегі әлеуетіне қол жеткізе қоймаған кез болатын. Осыны ескеріп, Алматы бөлімшесіне тапсырма бергенімізде... Ондағы жұмыстың өте тез орындалып, жоғарғы жақ мұрсат берген екі күнде емес, ертесінде-ақ біткені! Сөйтсек... Ол Мейрамбектің шамдағай қимылының арқасында жүзеге асқан екен. Қалай дейсіздер ғой. Елордадағы бізден пәрмен алған бойда бірден іске кіріскен ол осы көнекөздер біледі-ау деген зиялы қауым өкілдеріне қоңырау шалып, тарихи-рухани ғылыми-зерттеу орталықтарына кіріп шығады. Жауап жоқ. Одан кейін де үш-төрт мекеменің есігін ашады. Ешкім білмейді. Кеш бата үйіне келіп шайға отырғанда, қарт журналист, бүкіл өмірін қазақ баспасөзіне арнаған аяулы жан Сарбас аға Ақтаев телефон соғып: «Күндіз хабарласқаныңда есіме түспеп еді. Ойыма жаңа оралды. Сен осы Сәбең, Сәбит Мұқановтың «Есею жылдары» кітабын қарап көрші. Сонда бір мәлімет бар болатын», – дейді. Мына сөзді естігенде жоғалғаны табылғандай қатты қуанған Мейрамбек бір үйде тұратын көршісі, ақын Әділғазы Қайырбековтің пәтеріне қарай тұра жүгіреді. Өйткені қазір қызыл іңір. Кеш түсіп, көз байланған шақ. Қаладағы кітапхана атаулы жұмыс күнін баяғыда аяқтаған. Ал Әділғазы жазушы Сәбит Мұқанов музей үйінің директоры. Ойы – әріптесіне өтініш айтып, түнделетіп болса да қаламгер мұрағатына барып, айтылған кітапты алу. Әңгіменің қысқасы, көршісі көнеді. Екеуі өздері тұратын «Ақсай» шағын ауданынан орталықтағы Сәбең музейіне таксимен жетіп, күзетшіге есік аштырады. Сөйтеді де іздеген кітапты тауып, кері қайтады. Осыдан соң Әділғазыға қайта-қайта рақметін жаудырған Мейрамбек үйіне келіп, жазушының «Есею жылдары» шығармасын ашып қарайды. Сонда одан мынадай сөйлем жолдарын көреді.

«Қызылорданың аптапты жазы. Оның шаң басқан көшесін бойлай екі жігіт дабырлай сөйлесіп келеді.

– Республика орталығын осындай күн күйіп тұрған жерге әкеліп... – деді Әбдірахман. – Оның үстіне түк көркі жоқ қала...Ыстығынан дем алуға болмайды. Бұрқыраған шаң-тозаңы және бар. Құмығып жөтелесің. Мұндай қала бізге астана бола ма? Ел орталығын бұдан көшіру керек.

– Қайда? – деді Сапар күліп.

– Табылады. Мәселен, Ақмола.

– Ақмола? Ол тым кішкене қала ғой, – деді Сапар. – Және теміржолсыз тұйықта жатыр. Басқа облыстар оған қалай қатынасады?

– Қателесесің. Ақмола ел ортасында орналасқан қала. Және теміржолсыз-ақ тоғыз жолдың торабында тұр. Астананы, міне, сол жерге көшіру керек».

Оқырман жоғарыдағы жолдарды оқығанда: «Мақала авторы мұны несіне тәптіштеп айтып, жазып отыр? Таңғалатын нәрсе емес қой», – деп ойлауы мүмкін. Жоқ, жарандар, бұл жай сөз емес. Бастама. Идея! Жазушының «Есею жылдары» кітабындағы баяндауы бойынша ол Қазақ елінің астанасын Орынбордан Қызылордаға ауыстырған 1925 жылғы әңгіме желісі. Сәбең соны еске алып отыр. Ал келешек астананы қазіргі Есілдің жағалауына көшіру жөніндегі жоғарыдағы ұсынысты айтқан кісі кім дейсіздер ғой. Ол – «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакторы, республика өлкелік партия комитетінде жауапты қызмет атқарған Әбдірахман Байділдин. «Тәуелсіз ел болғандағы жаңа астананың қай қаладан ту тігуі тиіс екенін айтқан адамды неге ұмытып жүрміз? 1997 жылы бұл ой орындалды ғой». Осы сөздерді ішімізден күбірлеп айтқан біз Мейрамбектің тауып берген дерегін жоғарғы жаққа ризашылықпен жөнелткеніміз әлі есімнен кетпейді.

Енді келесісіне келер болсақ, ол мына мәселеге байланысты оқиға еді. 2004 жылы желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетінің 85 жылдығы ел көлемінде кеңінен аталып өтілетін болды. Соған сегіз ай қалғанда акционерлік қоғам президенті Ерекең, Ержұман Смайыл бас редактор маған төмендегідей тапсырма берді. Ол аталмыш басылымның 1919-2004 жылдар аралығындағы өмірін бүгінгі ұрпаққа таныстыру үшін түрлі құжат, фотосурет және ардагерлер естеліктерінен тұратын мағлұматтарды жинастыру арқылы «Жәдігер» атты деректі кітапты құрастырып шығару еді. Бұрын мұндай еңбек болмаған екен. Рас, әр кездері оған екі рет талпыныс жасалыпты. Бірақ... сәтсіздік... Түрлі пікір қайшылығы салдарынан жұмыс жүрмей тоқтап қалған. Ең өкініштісі, сол кітапқа деп жинастырылған материалдар «Қазақстан» баспасына өткізілген де артынан ешкім қадағаламағандықтан сонда жатып, жоғалып кеткен. Сөйтіп, редакция мұрағатында ештеңе қалмаған.

– Осындай қиын жағдайға байланысты, – деді Ерекең, – сендерге енді жоғарыдағы жұмысты тақыр жерден қайтадан бастауға тура келеді.

Иә, ол кісі жүктеген бұл тапсырманы солай, тәуекел деп жаңадан жасауға кірістік те. Алдымен, жұмыс тобы жасақталды. Оған Орталық архив мекемесіндегі тәжірибелі мұрағаттанушы Зияда Ижанов ақсақал мен өзіміздің басылымда 33 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келе жатқан Әділ Дүйсенбек ағамыз, сондай-ақ Президент Әкімшілігі аппаратының жауапты қызметкері Тілекқабыл Боранғалиев тартылып, жұмыс қызды дейсіз. Арада төрт ай өткенде, жан аямай жасаған еңбегіміздің нәтижесі байқала бастаған. Соны көзімізбен көріп, көңілімізден өткеріп отырғанда, екі «әттегенайдың» алдымыздан шыға келгені. Олар: аға газеттің 1919 жылғы тұңғыш редакторы Халел Есенбаевтың өмірбаянының тым жұтаң жазылып, шолақ қайырылғаны да, содан кейінгі жетімсіздік кітаптағы фотосуреттердің тапшылығы дер едік. Осыларды тез қолға алу үшін редакцияның Алматы бөлімшесіне телефон соғып, жағдайды айтпаймыз ба?

– Ой, бұл оңай, – дегені сонда Мейрамбектің – Абыржымаңыздар. Екеуін де өзім тауып, қолдарыңызға кешіктірмей тигіземін.

Сөйтсек, әріптесіміздің журналистік фактілер қоржынындағы: «Осы керек-ау», – деп есінде ұстап, сақтап жүрген жайттар жеткілікті екен. Мейрамбектің газеттің алғашқы басшысы Халел Есенбаевтың өмірбаянын бізге келесі күні-ақ толықтырып жазып жібергені. Кейін білсек, бірде ол редакция тапсырмасымен кезінде Гурьев, Ақтөбе, Семей облыстарында басшы қызметтер атқарған, кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы болған Сағидолла Құбашев ағамыздан интервью алуға барады. Сонда оны ибалы да ізетті апай қарсы алып: «Қарағым, біз «Егемен Қазақстанды» ерекше құрметтейміз. Оның себебі, бұл басылым менің әкемнің өмір жолымен тікелей байланысты», – дейді. «Қалайша?». «Газет «Ұшқын» деген атпен 1919 жылы 17 желтоқсанда жарыққа шықса, сол тұңғыш нөмірге қол қойған туған әкем Халел Есенбаев болатын». «Ой, апай, кешіріңіз. Біз мұны білмейді екенбіз. Онда... Сағидолла ағамен сұхбатымыз аяқталған соң, сізбен де әңгімелесейік. Бұған қалай қарайсыз?». Міне, басылымымыздың алғашқы басшысы Халел Есенбаевтың қызы Шолпан апаймен осылай ойда-жоқта жолығып, барлық жағдайға қаныққан Мейрамбектің біз берген тапсырманы: «Ой, оны ертең-ақ орындаймын. Абыржымаңыздар!», – деп сенімді түрде айтқаны содан екен.

Кейіпкеріміздің көп уақыт өтпей «Жәдігер» жинағына деген тарихи фотосуреттерді де тауып бергенін қалай ұмытайық?! Оны ол әріптесі Берсінбек Сәрсеновті ертіп алып, газетімізде 40 жыл қызмет істеген ардагер журналист Хайдекең, Хайдар аға Баймұханбетовтің үйіне барып, сол кісінің үй ішілік жеке альбомындағы рәсімдерден көшірме жасап алып қайтыпты. 27 сурет! Иә, редакцияның 40-50-60-70-жылдардағы өмірін қамтып, ондағы аға-апалар қызметінен хабардар ететін 27 фотодерек!!! 27 бейнешежіре!!! Әңгіменің ақиқаты, Мейрамбекке деген сол күнгі ризашылығымызда шек жоқ еді. Бұл менің шын сөзім.

…Екеуміз соңғы рет өткен жылдың күзінде Алматыда кездестік. Журналист Жұмабек Кенжалиннің 70 жылдығына орай өткізілген еске алу кешінде. Сонда көп сөйлестік. Көп әңгімелестік. Алма-кезек пікір алысудан соң оның алыстап кеткен ақжелкен арманын аңсайтынын аңғардым. Жазуға байланысты кей нәрседен кешігіп қалдым ба деген алаң көңілін ұқтым. Өйткені ол соңғы жылдары Жамбыл облыстық телерадио комитетінің басшысы, облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты секілді лауазымдық қызметтерде болған еді. Сол себепті шығармашылықтан алыстап кеткен-ді. Соған өкініш білдіргендей болды. Соны сездіре келе журналистикаға қайта оралуға қадам жасап жатқанын айтты. Атап айтқанда, тың тақырыптарды игеруге кіріскенін, бұрын-сонды жазғандарын жинақтай бастағанын сөз етті. Оларды баспаға өткізбек ойын да білдірді. Қазір ойлаймын, ол сол шығармашылық жоспарын жүзеге асырды ма? Армандаған істеріне қол жеткізе алды ма? Егер соларды орындай алмай кетсе, алдағы уақытта оны кім, қалай жалғастырады? Көп сұрақ. Көп сауал. Осылар есіме түсіп, бұларға жауап іздегенде, ақын Қайрат Әлімбектің өлеңдерінің біріндегі: «Өмірдің соңы көп нүкте...» деген астарлы ойлы, мұңды сөйлем келеді.

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

АСТАНА