Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:27, 09 Маусым 2023

Он алты тыйымы бар, бұл қай заң?

None
None

Бұл заңның толғағы ауырлау болған сияқты. Айтылып, талқыланып жатқанына біраз болса да, әлі де сол парламент (Сенат) қабырғасында қаралып, соңғы нүктесі қойылған жоқ.

Бірақ керек заң. Президенттің өзі бастамашы болып, қабылдануына мүдделі болып отыр.

Бірақ бұл заң қоғамның көңіл күйін дөп басып, диагнозын дұрыс қойып бере ала ма? Мәселенің үлкені сол болмақ. Неге? Өйткені мұнда он алты тақырыпқа тыйым бар. Тек тыйыммен ғана шектелетін болса, бұл не қылған заң деген заңды сұрақ туады. Саралап көрелік. Манадан бері жұмбақтап, атын атап, түсін түстемей отырғанымыз, Петиция туралы жаңа заң. Жалпы Петиция институттары АҚШ бастаған дамыған елдердің бәрінде бар. Тіпті бұл жөнінен Өзбекстанның өзі алда тұр. Біз енді ғана қадам жасап жатырмыз. Онда да түрлі шектеулермен.

Бұл заң жобасын жасағандардың бірі мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин: «Шектеулердің бәрі Ұлттық қауіпсіздікке байланысты. Мұны ескермесек болмайды. Пиғылы бұзық кейбіреулер осы заңды бетке ұстап, бүйректен сирақ шығаруы кәдік. Соның бәрін ескере отырып, қажетті тыйымдар енгізілді. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз», дегенді айтады.

Қазіргі айналада болып жатқан оқиғаларды, әлемдегі геосаясаттағы шиеленіскен түйткілдерді ескерсек, заңдағы тыйымдардың қажеттілігін сезінуге болады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де «Мемлекеттік басқару нысаны, әкімшілік-аумақтық құрылымы мен шекараларын өзгерту, сот төрелігі, рақымшылық, ұлттық қауіпсіздік сияқты мәселелерге қатысты петициялар беруге тыйым салынған. Петиция беруге тыйым салынған бұғаттар ұлттық заңнамамен реттеледі», – деді.

Демек, белгілі бір деңгейде тыйымдар қажет делік. Бірақ бұл демократиялық үрдістерге қайшы келмей ме? Азаматтардың қоғамда болып жатқан оқиғаларға, үдерістерге деген көзқарасын шектеу емес пе деген де сұрақ туындары хақ. Бұл жөнінде белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін тыйымдар барлық мемлекеттердің петицияларында бар. Бұл – заңдылық. Одан қорқуға болмайды. Қорқу керек, егер мұндай тыйымдар болмаған, ескертілмеген жағдайда. Заңды бетке ұстап, қол жинап, елге іріткі салатындар барлық жерден табылады. Мұндай қауіп біздің елімізде де бар. Оларға жол беруге болмайды. Бірақ демократиялық үрдістердің шеңберінде болғаны жөн. Біз бәрін шектеп, тұмшаланған мемлекеттердің қатарына енбеуге тиіспіз. Азаматтық қоғамды қалыптастырамыз десек, елеп-екшеп, електен өткізіп барып, заң қабылданғаны жөн», – дейді.

Рас, заңда жалпы Ұлттық қауіпсіздікке байланысты тыйымдар деп аталып көрсетілгенімен, әлі нақты қай салаларды қамтып отырғанын әзірге ешкім көрген жоқ. Бәлкім, жұрттың талдап, саралап айта алмай жатқаны да содан болар. Десек те «геосаяси мәселелер мен төтенше жағдайлар бойынша бірқатар шектеу енгіздік. Айтар болсақ, қаңтар оқиғасы сияқты кенеттен елде қандай да бір жағдай болса, кейбір азаматтар петиция арқылы төтенше жағдай режимін алып тастауды талап етуі мүмкін» дейді Еділ Жаңбыршин.

Мұның бәрі елеп-ескеріліп, заңда көрініс табуы тиіс. Себебі Ресейдің кейбір саясаткерлерінің Қазақстанның солтүстік өңіріне байланысты қиянпұрыс көзқарасы, ара-тұра жергілікті сепаратистердің ел ішіне сына қағуға тырысуы, оның сыртында Назарбаев дәуірінде қалыптасқан олигархтар тобының сыртқа қарай сытылып кетуі белгілі тыйымдармен бұл заңның қабылданғаны қажет етеді. Алайда, мұның екінші жағы бар. Ол – ашық, азаматтық қоғам қалыптастырамыз деп жатқан тұста, шектеуі мен тыйымы көп осындай заң қабылдаймыз деп, азаматтық көзқарасты, пікір алуандығын тұмшалап, демократиялық үдеріске қайшы тірлік жасап жатқан жоқпыз ба? Петицияның әлі күнге ашық талқылауға ұсынылмауы да күмәнді қоюлата түсетіндей.

Тегтер: