Он екі жастағы ана туралы «жыр» немесе журналистік этика мен кейіпкердің тағдыры
Жақында ғана әлеуметтік желі қолданушылары 12 жастағы қыздың босанғанын айтып, жарыса пост жазды. Танымал сайттар мен ақпарат құралдары да қалыс қалған жоқ. Соның ішінде бір журналистің мәтіні өзіне ерекше назар аудартады.
Оқиға болған Павлодар облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілмен тілдесіп, кәмелетке толмаған баланың ата-анасы, үй-жайы, мектебі туралы ақпарат жариялаған, фотоларды берген автордың кім екені белгісіз. Құқықтық тұрғыда өзіне қауіп төнгендіктен ғана емес, өзге әріптестерінің қысымынан сақтанып, аты-жөнін жасырып қалған. Мұндай әрекеттерді арыз түскен жағдайда азаматтық кодекспен қарап, моральдық шығын өндіруге де болады дейді заңгерлер.
Алдымен сөз болып отырған материалға тоқталып өтейік. 25 шілде күні қазақстандық сайттардың бірі (ақпаратты кең таратпау мақсатында сілтеме бермеуді және сайттың аты мен кейіпкердің аты-жөнін атамауды жөн көрдік. – ред.) 12 жастағы оқушының босанғаны туралы ақпаратты бірнеше мәрте толықтыра отырып қайыра жариялады. Кейін оның отбасы туралы тың дерек тапқандарын жазды. Оны көшіріп басып, айғайға аттан қосқан сайт қаншама! Онда жасөспірімнің өз туған күні және нәрестені дүниеге әкелген мерзімі, нақты аудан мен ауыл, тіпті оқитын мектебі де көрсетілген. Отбасының әлеуметтік аз қамтылғаны, көпбалалы екені, ата-анасының білім деңгейі мен жұмыссыздығы жайлы, оған қоса Моңғолиядан қоныс аударған қандастар екені айтылған. Әлбетте, кәмелет жасқа толмаған балаға қатысты қылмыстық құрамы бар іс туралы мұншама детальды ақпарат беру қаншалықты орынды?
Біз жасөспірімнің жеке деректері мен оның қазіргі психологиялық ахуалына, болашағына зиянын тигізуі мүмкін ақпараттарды ақтарыла жазған автордың өзін іздедік. Пікірін сұрамақ болдық. Алайда аты-жөні сол күйі анықталмаған журналистің орнына редакция маманы жауап берді.
«Сол материалдан соң «хейт» көбейіп, автор аты-жөнін алып тастады. Және байланыс нөмірін ешкімге бермеуімізді сұрады. Сөзінше, жазылған фактілердің бәрін облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл берген. Сондықтан оларды жариялауға кедергі бар деп есептемепті», – дейді ол.
Осы жауаптан соң Павлодар облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өзімен хабарластық. Мұншама «ашықтық» не үшін қажет болғанын сұрадық. Сәуле Шәкенова айтылған ақпараттар ақылға қонымды, орынды деп есептейді.
«Мен уәкіл лауазымына 10 шілдеде кірістім. Қызметке енді келіп жатқан уақытта БАҚ-тан осы хабарды естіп, журналистер қоймай хабарласқан соң ресми органдарға жүгіндім. Аталған оқиғаны растауларын сұрадым. Хабардың фейк емес екеніне көз жеткізген соң, бірден тұрақты мекенжай бойынша барып, ата-анасымен сөйлестім. Осыдан кейін ақпарат айдынында артық ойлар мен сөздер, спекуляциялар болмасын деген мақсатта жағдайды жеке бақылауыма алдым. Сөйтіп, көрген-білгенімнің бәрін баяндадым. Мен жазған постта да, сайттағы материалда да тек фактілер айтылған. Артық «осуждение», жеке пікір, бағалау болған жоқ. Ал фотоларды ата-анасының рұқсатымен түсірдік. Түрлері жабық. Байқағандарыңыздай, үйде көргенімнің бәрін тіркеп отырдым. Мұндай фото-видеофиксация не үшін қажет десеңіздер, ең әуелі барлық процесс ашық болуы қажет. Әрі баланың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көрсету керек болды.
Бір жағынан көптеген деректер мен іске кіріспей тұрып-ақ жарияға жар болған. Сондықтан өкіл ретінде мен жасырсам да, көп нәрсе анық еді», – дейді Шәкенова.
Уәкілге аталған ақпараттарды қажетті мамандар мен органдарға ғана ұсынып, БАҚ-қа жарияламауға да болмас па еді деп, «баланың психологиясына әсері қалай боларын ойладыңыздар ма?» деген сауал қойдық. Уәкіл берген деректерін орынсыз деп есептемейді. Ал жасөспіріммен психолог жұмыс істеп жатыр екен.
18 жасқа толмаған балаға қатысты детальды ақпарат беру – қылмыс
Дәл осы кейс бойынша журналист, филология ғылымының кандидаты Есенгүл Кәпқызы пікір білдірді:
«Әрбір ақпарат маманы журналистің этикалық қағидаларына сай әрекет етуі тиіс. Әсіресе күрделі, нәзік тақырыптарға келгенде. Мысалы, көп елдерде 18 жасқа толмаған балаға қатысты детальды ақпарат беру тұрмақ, оның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін қандай да бір ақпарат жариялаудың өзі қылмыс болып есептеледі. Соның ішінде тұратын елді мекені, көшесі, оқитын мектебі туралы да сөз қозғауға тыйым салынған. Өйткені бала өз бетімен шешім қабылдайтын жасқа жеткенше оған зияны тиюі мүмкін нәрселердің алдын алу қажет. Тіпті аса ауыр қылмыс жасаған балалардың өзін атын атап, түсін түстеп көрсетпейді, оған қатысты нақты фактілер, ата-анасы туралы айтылмайды. Ал бізде, керісінше, БАҚ қызметкерлері көбіне баланың бүгіні мен болашағын емес, қазіргі рейтинг пен интриганы, эксклюзивті ойлайды. Бұлайша бір тағдырды құрал етіп пайдалану – қандай моральға болсын қайшы. Бала тағдырынан бөлек, әлеуметтік немесе ұлтаралық араздық дау тудырудан сақтанған дұрыс.
Кейбір журналистер респондент өз аузымен айтты, сондықтан жариялауыма болады деп жатады. Сонда кім не айтса соны жариялау дұрыс па? Әрине, жоқ. Авторда фильтрация деген болуы керек. Оны материал авторы ескермеген күннің өзінде редакторлар ескеруі қажет. Ақпараттың қатесі үшін тек автор емес, оны өткізген редактор да жауапты. Ол неге жоғары жалақы мен қаламақы алады? Себебі жауапкершілігі, жүгі көп деп есептеледі. Сондықтан редакторлар фактология, аналитикамен қоса, этикалық мәселені де бақылауда ұстауға міндетті. Газетте материал алдымен бөлім меңгерушісі, сосын жауапты хатшы, одан кейін редактор орынбасарларының алдынан өтетін. Бүгінде осы бір үрдіс үзіліп қалған секілді. Ішкі мазмұн емес, айғайлаған тақырып, кликбейт, рейтинг жинау мақсат болған. Ал ар жақтағы үлкен жауапкершілік тасада қалып кетті».
Шын мәнінде осы айтылғанның бәрі бір ғана мысал. Ал ақпарат ағыны алапат заманда, гиперцифровизация дәуірінде дау-жанжалға сезімтал тақырыптар шаш-етектен. Мәселен, этносаралық қатынастар, харассмент, суицид, тұрмыстық, сексуальдық, басқа да сипаттағы зорлық-зомбылық, қылмыс сияқты күрделі тақырыптарды, әсіресе балаларға қатысты ақпараттарды мұқият әрі асқан сақтықпен тарату қажет. Мұндай тезисті ақпарат министрлігі де ұдайы айтып отырады. Алайда оны қағида ретінде ұстанып жүргендер аз. БАҚ жұмысынан бөлек, ақпарат көшбасшылары немесе аудиториясы көп тұлғалар да этикалық-моральдық қағидаларды ескере бермейді.
Рыбакина жүлде алса қуанып, олимпиадаға бара алмай қалса кінәлау
Бұл туралы журналист, контент-мейкер Дастан Аққожа былай дейді:
«Кейбір ақпарат құралдарының белгілі бір материалынан соң оны енді ашып қарамауға, ақпараттық өнімдерін тұтынбауға тырысамын. Мәселен, жақында ғана еліміздегі рейтингі жақсы сайттардың бірі Париж олимпиадасында қос теннисшінің ойынға қатыспауына қатысты жазбаша және видеоформатта материал жариялады. Онда ресейлік спортшылардың бұл әрекеті сатқындық, легионерлерді алмау керек деген месседж бар... Егер елдегі цензура еселеп артып жатпағанда, ұлтаралық араздық тудырды деп арызданар едім. Неге? Себебі бұл нарратив – қауіпті. Қазақстан көпұлтты болудан қалып бара жатыр. Елдегі қазақтардың үлесі жоғары қарқынмен артуда. Демек, мұнда көпшіліктің азшылық алдындағы жауапкершілігі де көп деген сөз. Мұндай жағдайда абайсыз айтылған сөз бен басылған қадам сол этнос өкілін шеттету болып кетуі ықтимал. Ал ақпарат құралдарының немесе көшбасшыларының жауапкершілігі тіптен жоғары. Кезінде ауыр атлетші Зүлфияны шақырып, азаматтық беріп, олимпиадаға жібердік. Ол алтын алғанда төбемізге көтердік, қуандық. Ал кейінгі даудан соң «қытайсың» деп бетке басқан адам жетерлік. Мұндай қос стандарттардан арылған жөн.
Жоғарыда айтылған жағдай бойынша да тура солай. Рыбакина әзірге тарихымыздағы ең мықты теннисші. «Уимблдонды» алғанда қалай қуандық? Ал енді олимпиадаға бара алмай қалғаны үшін кінәлаудамыз. Мейлі, қоғам ойы солай болуы да мүмкін. Бірақ ресми лицензия алған БАҚ мұндай тым субъективті әрі қауіпті месседжі бар материал шығармауы керек деп есептеймін. Оған қоса, ақпарат көшбасшылары да жауапкершілікті сезінуі қажет. Ресми емес аккаунтынан болса да қалың аудиторияға арандататын пікірлерді ұсынбаған дұрыс».
БАҚ-тың да, журналистің де этика кодекстерін сақтауы тиіс екені айтпаса да белгілі. Бірақ істе көріне бермейтін бұл ұғымның мәні неде еді? Әлемдік журналистикадағы этика кодексі азаматтардың дұрыс, объективті, шынайы ақпаратқа құқығы, әлеуметтік жауапкершілік пен кәсіби адалдық, тұлғаның жеке өмірін, қадір-қасиетін, қоғамдық мүдделерді құрметтеу сынды қағидалардан тұрады. Алайда кәсіби этикадан емес, заңнан аттап кететіндер де аз емес. Ол мәселені жауапты министрлік те байқаған. Осы жылдың басында ғана қолданыстағы этикалық кодекстің қайта қаралатыны хабарланған. Бірақ жаңарған қағидалар мәселені шеше ала ма? Этикалық-моральдық нормалардан аттаудың көптігі сонша, ол қалыпты секілденіп кеткен. Ең өкініштісі – оны журналистер де, «зардап шегуші» де аңғара бермейді.
БАҚ-тың лицензиясы мен журналистің аккредитациясы бәске тігілуі қажет
Осы турасында заңгер Айман Омаровадан сұрадық:
«Журналистер мен БАҚ-қа қатысты заң тек масс-медиа туралы заң емес. Оған қоса, ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның, азаматтық, әкімшілік, қылмыстық кодекстің де БАҚ-қа қатысы бар. Оған халықаралық конвенцияларды қосыңыз. Сонда да не журналистер, не қоғам, не құзырлы органдар баса мән беріп, түбіне бара бермейді. Дәл осы себептен резонанс туындамаса, басқа жағдайларда жабулы қазан жабулы күйі қалып жатады. Өйткені ақпараттық қателіктер, манипуляциялар, шектен шығулар нормаға айналып кеткен. Десек те, кәсіби этиканың ең алғашқы қағидасын ұмытпау керек – пайдаң тимесе де, зияныңды тигізбе!
Шын мәнінде БАҚ өкілдері не өз құқығын, не азаматтардың құқығын жетік білмейді. Елімізде осы мәселе өзекті дер едім. Өзгенің құқығын бұзатын ақпараттар қайда қарасаң да толып жатыр. Әсіресе зорлық-зомбылыққа қатысты істерді жариялау барысында жұмысының салдары туралы ойланатындар аз. Содан болар, зорлық-зомбылық жағдайларын жариялау кезінде адам құқықтары жиі бұзылады. Дәл осы ньюансқа қатысты шектеулер енгізілуі керек. Себебі жәбірленуші көрген зорлық-зомбылық бүге-шігесіне дейін жарияланып, қоғам талқысына түскен кезде ол сол стресті қайта кешеді. Мұндай жағдайда журналистер мен БАҚ әрекетінің салдарын болжау да мүмкін емес...
Әрі қылмыстық элементі бар тақырыптармен жұмыс істегенде көбіне-көп талдау мен аналитикаға емес, аты мен шуына назар аударылады. Мысалы, бір БАҚ «Масқараланған қызды кері қайтарды» деген тақырыппен материал жариялағаны есімде. Онда қызды алып қашып, сексуальды сипатта зорлық көрсетіп, ата-анасы құда болуға келіспеген соң үйіне қайтарған жігіт туралы баяндалады. Жақында ғана туған әкесі екі қызына бірнеше жылдан бері сексуальды сипатта зорлық көрсеткені анықталды. Онда да, телеарна тілшісі соттан шыққан екі қыздың соңынан қуып жүріп сұрақ қойып, оны жаңалықтарға шығарған. Этикадан бұрын адам құқығын сыйлау қайда? Осы сынды жағдайларда кінәлілер жауапкершілікке тартылуы керек. БАҚ-тың лицензиясы немесе журналистің аккредитациясы бәске тігілуі қажет. Шынында, азаматтар журналистерге қарсы азаматтық іс қозғай алады. Тіпті әкімшілік немесе қылмыстық іс құрамы байқалса, сол бағытта да сотқа тартуына, тіпті моральдық шығын өндіруге мүмкіндік бар. Осылай арызданатын, өз құқығын қорғайтын жерде өзінің жәбірленуші екенін аңдамайтындар да жетерлік. Алайда қоғам жаппай құқықтық сауатты болмаса да, журналистер заңды біліп, азаматтардың құқығын сыйлауы қажет».
Баян Мұратбекқызы