Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:56, 28 Қыркүйек 2022

Он екі жыл бұрын ашылған мектеп құлағалы тұр

None
None

Түркістан облысы Төле би ауданында осыдан 12 жыл бұрын, Тәуелсіздік күнінде пайдалануға берілген мектеп апатты жағдайда тұр.

Сарапшылардың берген қорытындысы бойынша,  нысан шұғыл түрде бұзылып тасталуы тиіс. Себебі 80 пайызы әбден тозып, жарамсыз күйге түскен нысанда оқу бала өмірі үшін қауіпті. Қазір Қостөбедегі 130-дан астам оқушы көршілес Қаратөбе ауылындағы мектепке автобуспен қатынап оқып жатыр.

Мектеп директоры Данияр Айтбаевтың айтуынша, үш қабатты, 150 орындық мектептің алдымен қабырғаларына сызат түсе бастаған.

— Пайдалануға берілген соң үш жылдан кейін асхана жабылды. Қазір ғимараттың іргетасы қатты төмен түсіп кеткен. Қабырғаларындағы жарықтардың арасы 50 сантиметрге дейін ұлғайған, – деді директор.

Төле би аудандық білім бөлімінің мәліметтеріне қарағанда, мектептегі апатты жағдай осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі болған және алғашқыда атқамінерлер олқылықтың орнын күрделі жөндеу жұмыстары арқылы толтыруға тырысқан сияқты. Осы мақсатта – 2020 жылы мектеп әкімшілігі демеушілердің көмегімен арнайы мердігер жалдап, сараптама жүргізген. Техникалық зерттеу жүргізген «АДС Эксперт» компаниясы «мектеп күрделі жөндеуге жатады» деген қорытынды берген. Келер жылы Төле би аудандық білім бөлімі күрделі жөндеуге қанша қаржының кететінін анықтау үшін жобалық ізденіс жұмыстарына тендер жариялаған. Оны «Диас-проект» деп аталатын компания ұтып алған. Алайда компания мектептің апатты жағдайда тұрғанын көрген соң, нысанға техникалық зерттеу жүргізу қажеттігін айтады. Білім бөлімі қайта тендер өткізеді, оны алматылық «Казпрофобразование» ЖШС ұтып алған. Биыл маусымда аталған компания техникалық зерттеу жүргізіп, «мектеп ғимаратының техникалық жағдайы жарамсыз, яғни физикалық және моральдық тозуы 80 пайызға дейін деп бағаланып отыр. Мектепті шұғыл түрде бұзу керек» деген қорытынды берген.

Аудандық білім бөлімінің құрылысқа жауапты әдіскері Пернебек Асановтың айтуынша, құрылысы 2010 жылдың мамырында басталып, желтоқсанында  пайдалануға берілген мектепке 348 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Одан бергі аралықта құрылыс материалдары да,  жұмыс ақысы да бірнеше есеге өсіп кетті. Мердігердің нысанға бес жылдық кепілдемесі болған. Ол мерзім әлдеқашан өтіп кеткен. Яғни, мердігерден бірдеңе өндіріп алуың, міндеттеме жүктеудің енді мүмкін еместігі айтпаса да түсінікті.

«Казпрофобразование» ЖШС-ның берген сараптама қорытындысымен де танысып шықтық. Оған қарағанда, мектеп құрылысына сапасыз материалдар қолданылған. Жұмыстар тиісті талапқа сәйкес орындалмаған. Нысанның негізгі қабырғалары да, бөлмеаралық қабырғалары да жарылған. Қысқасы, оны бұзып тастаудан басқа ешқандай амал жоққа ұқсайды.

Алайда мектеп құрылысын жүргізген, «А.Р.Т.-Құрылыс» ЖШС-ның құрылтайшысы Бекжігіт Төлендиев бұл қорытындымен келіспейді. Оның жасатып қойған өз сараптамасы бар болып шықты.

–Біз құрылыс басына барып, лицензиясы бар компанияға сараптама жасаттық. Мектеп ешқандай да апатты жағдайда емес. Рас, бөлмеаралық қабырғалары жарылған. Бұл қауіпті емес, себебі оған плиталар қойылмаған, – деген ол мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оқушылардың білім ала беруіне болатынын алға тартты. Б.Төлендиевтің ойынша, мектептің кәріз жүйесі мен су құбырлары дұрыс пайдаланылмаған. Нысанның астына су кеткен, содан қабырғалары жарылған.

— Қайбір жылдары «оқушылар далаға шықпасын, дәретхана іште болсын» деген талап қойылды. Осы кезде олар дәретханаларды дұрыс іске қоспаған, – деген құрылтайшы 5 жылдық кепілдік мерзімінің бітіп қалғанын еске салып, «12 жыл бұрын салынған мектепке енді мен жөндеу жүргізбейтін шығармын, – деді.

Кешегі күні біз мектеп директоры Д.Айтбаевпен қайта сөйлестік. Ол мердігердің айтқандарын түгелдей жоққа шығарды. Мектептің астына ешқандай су кетпеген, ал дәретханалар осы уақытқа дейін іске қосылмаған. Осыдан кейін кімге сенесіз? Бір мектеп, екі түрлі сараптама. «А.Р.Т.-Құрылыс» ЖШС-ы жарамсыз екендігі көрініп тұрған мектепке «апатты жағдайда емес» деген сараптаманы қалай алды? Бұл жағы өз алдына бөлек мәселе. Ал мектеп құрылысы уақтысында неге қадағаланбады, кеткен кемшіліктер кепілдеме мерзімі біткенге дейін неге көтерілмеді? Бұл сұрақтарға енді кім жауап береді?

Айтпақшы, осы мектептің мәселесін көтеріп жүрген Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай Қостөбедегі мектептің жайын жуырда өткен мәслихаттың сесиясында, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының алдына қойды. Депутат апатты мектеп мәселесі бұған дейінгі жиындарда, қоғамдық комиссия отырыстарында қозғағанын, алайда уәде еткеніне қарамастан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының (білім басқармасының) басшысы Дінислам Болатханұлының Қостөбедегі мектепке бірде-бір мәрте бармағанын алға тартып, жауаптылардың мәселесін қарауды сұранды. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың тірлігіне онсыз да соңғы уақытта айтылып жатқан сын жиілеп тұр. Облыстың білім саласында былық-шылық көбейді. Бір емес, төрт бірдей аудандық білім бөлімінің басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Алды сотталып жатыр. Әйтеуір, Түркістанның білім саласы былық-шылықтан тазармады.  

P.S. Өткен аптада Қостөбедегі мектептің мәселесін мәжілісте депутат Дархан Мыңбай да көтеріп, Оқу ағарту министрлігіне арнайы сұрау жолдады. Депутаттың айтуынша, дәл осындай жағдай енді Қазығұрт ауданындағы Өндіріс ауылындағы мектепте де қайталанып отыр. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, Өндірістегі 200 орындық, 600 миллион теңгеге жуық қаржыға салынған мектептің құрылысын да жоғарыдағы «А.Р.Т.-Құрылыс» ЖШС-ы жүргізген. Былтыр Тәуелсіздік күнінде пайдалануға берілген мектепте шәкірттер әлі білім алмаған. Себебі нысанның қабырғалары жарылып кеткен. Қазір мердігер кеткен кемшіліктердің қалпына келтіріп жатқан көрінеді.

Облыстың жаңа әкімі Дархан Сатыбалды енді қандай шешім қабылдайды?

Тегтер: