Он мектептің бірі Шымкентте салынады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында:
«Орта білім беру жүйесінің өткір проблемасы — мектептерде орын жетіспеушілігі болып отыр.
225 мың орын тапшы. Шұғыл шаралар қолданылмаса, 2025 жылға қарай ол миллион орынға жетуі мүмкін. Бұған дейін мен 2025 жылдың соңына дейін кемінде 800 мектеп салуға тапсырма берген едім. Бүгін 1000 мектепке дейін жеткізу міндетін қоямын», — деген болатын.
Президент жолдауында айтылған 1000 мектептің 101-і немесе әрбір оныншысы Шымкент қаласында салынатын болады.
Мамандардың мәліметінше өткен жылы мегаполисте 32 мектептің құрылысы жүріп 11 764 орындық 25 жаңа мектеп ашылған. Мегаполистегі үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеген, апатты мектептер жойылған.
– Президент жолдауында ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыруды, 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды тапсырған болатын. Оның ішінде әрбір 10-шы, ол 101 мектеп, Шымкент қаласында салынатын болады. Биыл 32 мектептің құрылысы жүріп, 11 764 орындық 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде апатты мектептер мәселесі толығымен шешіліп, 14 үш ауысымды мектептер саны 9-ға дейін азайды, – деп хабарлады жуырда Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов.
Үшінші мегаполисте халықтың миграциялық және демографиялық өсіміне байланысты жыл сайын оқушы саны 15 мыңға көбейіп отырады.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов бұған дейін Балалар жылына орай 84 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, балалардың денсаулығын жақсарту, оларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 44,6 млрд теңге қаржы қаралғанын айтқан болатын. Бұл қаржының ішінде жаңа мектеп құрылысы, күрделі жөндеуден бөлек, барлық бастауыш сынып оқушыларына берілетін тегін ыстық тамақ, 56 мыңнан астам аз қамтылған отбасының балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп формасы, қолөнер және спорт үйірмелері бар.
Салаға жауаптылар қалада үш ауысымдағы мектептер және мектебі жоқ шағын аудандар мәселесін 2023 жылға дейін, ал орын тапшылығын (дефицит) 2025 жылға дейін толығымен шешеміз деп отыр. Жылдан-жылға халық саны көбейіп жатқан Шымкент қаласында мектепке деген сұраныстың артып келе жатқаны мәлім. Осыны ескерген бизнес өкілдері соңғы кездері білім ошақтарының құрылысына қаржы сала бастады. Қазір үшінші мегаполис жекеменшік инвесторлардың есебінен салынып жатқан мектеп құрылысы бойынша елімізде көш бастап тұр. Қалада құрылысы жүріп жатқан 11 мектептің есебімен жекеменшік білім мекемесінің саны биыл 62-ге жетеді.
Жан басына қаржыландыру тетігі – бұл инвесторлардың қатысуымен жекеменшік мектептер санының өсуіне әкеледі. Жеке мектептер санын көбейту – бюджетке түсетін жүктемені төмендетуге, орын тапшылығын азайтуға, білім сапасын жақсартуға және педагог мәртебесін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Ал бұл инвестор үшін тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақ мерзімді бизнес жоба болып табылады.
Инвесторлар есебінен салынып жатқан мектептің бірі — Ақжайық мөлтек ауданында орналасқан PARASAT AJ жекеменшік мектебі. Білім ошағы 1500 оқушыға арналған. Материалдық-техникалық базасы мықты мектепте оқу баланың ынтасын арттырып, зейінін ашады. PARASAT AJ – бұл 5 негізгі бағыт бойынша оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған жекеменшік мектеп. Мұнда тегін, сапалы білім және art & sport дағдыларын дамытуға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ бүгінде шаһарда «AСADEMY OF GOLDEN KIDS» жекеменшік мектептің құрылысы жүруде. Достық шағын ауданында салынып жатқан мектеп 1045 оқушыға шақталған. Заманауи үлгіде білім ошағында барлық қажетті құрылғымен қамтылған физика, химия, биология кабинеттері, бір спорт зал, екі спорт алаңы, кітапхана, АКТ зал, шеберхана мен медкабинет және асханамен қамтылады. Білім ұясы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Білім ошақтарымен қатар Шымқалада Оқушылар сарайының құрылысы басталғанын айта кетейік. Нұрсәт шағын ауданындағы жобаның құны 8,3 млрд теңгені құрайды. Жобасының жетекшілердің айтуынша, нысан 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Жоспарға сәйкес нысан құрылысына 600-800 адам жұмысқа тартылмақ. Үш қабаттан тұратын, сыйымдылығы 500 оқушыға арналған ғимараттың жалпы ауданы 9800 шаршы метрге тең. Қала үшін Оқушылар сарайының әлеуметтік маңыздылығы жоғары. Өйткені онда балалардың зейінін ашатын түрлі үйірмелер жұмыс істемек. Мәселен, қолөнер, ІТ технологиясы және тағы басқа осы секілді үйірмелерді атауға болады. Сонымен бірге Оқушылар сарайында бассейн де қарастырылған. Бұған қосымша қаншама спорт үйірмелері де ашылады.
Мамандардың айтуынша Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының білім саласы үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Осыдан отыз жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болса, қазір 233 мыңнан аса оқушы оқитын 203 мектеп жұмыс істейді.