Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:43, 07 Қазан 2021

«Оңай» картасы Қарағанды үшін оңай бола ма?

None
None

      Қарағанды қаласында жергілікті атқарушы билік қоғамдық көлік тасымалында электронды билет беру жүйесін бес жылдан бері енгізе алмай қойды.

Билік алғашқыда корейлік компанияның Smart Card жобасын жер-көкке сыйғызбай мақтап, жұртқа ұсынбақ болды. Алайда шетелдік инвестор мен билік бес жыл бойы дайындалып, 2020 жылы әзер дегенде іске қосқан еді. Дегенмен бұл электронды жүйе шамамен екі-үш ай ғана жұмыс істеп, билік пен көпшіліктің үмітін ақтамады. Кейін  Қарағандыдағы автопарктер электронды билет беру жүйесі бойынша қызмет көрсетуші компаниямен келісімшартты бұза бастады. Өйткені «Смарт карт» жүйесі бойынша картаға  ақша салғанда ол кеш түсетін болған. Компания олқылықты оңалта алмаған соң, билік те олардан теріс айналды.

       Бейресми деректер негізінше өз қызметтерін қалыпты деп санаған  «Smart  Card» ЖШС Қарағанды билігін қызметтерінен бас тартқаны үшін сотқа беруге ниет білдірген.        Осы жылдың сәуір айында биліктегілер Шымкентте қызмет жасап жүрген «Tolem» электронды билет беру жүйесін енгізбек болған. Алайда бірнеше айдан кейін шенеуніктер бұл ойларынан айнып қалған. Енді бүгінгі таңда Қарағанды әкімдігі Алматыда қызмет көрсетіп жүрген «Оңай» жүйесін енгізуді жөн деп отыр. Келісімшартқа қол қойылған соң, «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС 1 қазанда Қарағанды қаласынан кеңселерін ашып үлгерді. Енді тұрғындар бұрын сатып алған «Смарт картасын» «Оңай» картасына айырбастай алады. Мамандардың айтуынша, бұл картада жалпыға ортақ картамен қоса,  балаларға, зейнеткерлерге арналған және әлеуметтік түрлері болады. Әлеуметтік картадан басқасының бағасы – 500 теңге.

       Қызмет көрсетуші компанияның кеңсесін салтанатты түрде ашуға келген қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «бұл компанияны тәжірибесі мол болғандықтан таңдадық» деп атап өтті. «Біз Алматыға әдейілеп барып, бұл жүйенің ол жақта қалай жұмыс жасайтынын өз көзімізбен көріп қайттық. Алматы – еліміздегі ең үлкен қала, жолаушы мен автопарктердің көптігі жағынан алдыңғы орында тұр. Бұл жүйеге сенімді болғандықтан, өз өңірімізде оны енгізуді жөн көрдік», – деп мәлімдеді қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.      Енді компания өз карталарын қала тұрғындарына сата бастады. 1 желтоқсаннан бастап «Оңай» электронды билет беру жүйесі Қарағанды қаласында енгізіледі. Ал ақпан айында жолаушы тасымалында  диференциалды тариф жүйесі енгізіледі. Бұл тариф бойынша картамен төлейтіндерге жолақысы 80 теңге болып қалса, қолма-қол ақша төлейтіндер үшін жолақысы 150 теңге болады. Қарағандылықтардың кейбірі жолақысын картамен төлейтініне қуанса,  басым бөлігі жолақының қымбаттап кететінін құптай қоймады.

Тегтер: