«Оңай» картасы жоқ балаларға жолақы оңай болмай тұр

Қараша халықтың қамын сүліктей қара жүйіткіген көлігі бар шенеуніктердің ойлайтын түрі байқалмайды.
Қымбатшылық қос бүйірден қысып, жағдайын ушықтыра түскен қарағандылықтарға жолақының қымбаттауы күздің қара суығынан да ызғарлы болып, жандарын жүдете түсті.
«Жазған құлда шаршау жоқ» демекші, жұрт арасына күн салып, апта салып қымбаттап жатқан бағаға бір күрсініп қойып шыдап келеді. Қазан айында қала тұрғындары үшін жолақысы 80 теңгеден 150 теңгеге өсіп кетті. Жолақысы «Оңай» картасы бар жолаушылар үшін 80 теңге болып қалды. Картаңыз болмаса 150 теңгені төлеп, қалтаңызды қағып жүре бересіз. Сорақысы сол, «Оңай» картасы жоқ балалар да жолақыға ересектермен бірге 150 теңге төлеп жүр. Қарағанды қаласының әкімдігі автокөлік туралы заңның 19-шы бабына сүйеніп, дифференциалды тариф енгізілгенін және «Оңай» картасы болмаған жағдайда жолақысы 150 теңге болатыны жайында қаулы шығарды. Хош дейік, алайда осы Қазақстан Республикасындағы көлік туралы заңның 13-бабында 7-15 жастағы балалар ел аумағындағы барлық көлікте билет құнының 50 пайызын төлейді деп анық жазылған. Бір қызығы халық қамын терең ойлайтын Қарағанды қаласының мәслихат депутаттары бір жыл бұрын дифференциалды тариф енгізу жөніндегі шешімді қолдап, дауыс берген. Бірде-бір депутат «Оңай» картасы болмаған жағдайда оқушы жолақысының жартысын төлеуі тиіс деген ұсыныс тастамаған. Бұл мәселені әлеуметтік желіде Жұмабай Ысқақов деп тіркелген қарағандының белсенді тұрғыны көтеріп жүр. Бұл даулы жайтқа шенеуніктердің жауабы дайын екені белгілі, өйткені мектептің көмегімен оқушыларға «Оңай» картасы жасалған. Алайда картаны жоғалтып алған жағдайда бала толық жолақыны төлеуге тура келеді. Ал ауылдық жерден қалаға қыдырып келетін мектеп оқушыларының жайын ешкім ескермеген.
— Қыс жақындап қалғандықтан, ауылдан үш баламды ертіп қалаға киім алуға келдік. Жолақының осынша қымбаттағанын естідік, бірақ балаларға кез келген жерде билет құнының жартысын төлетуші еді ғой. Балаларға да өзіме де 150 теңге төлеп шықтым, сонда үш төрт аялдама жүретін жерге таксидің құнын төлеп бір-ақ түстік. Қалаға күнде келмегендіктен, «Оңай» картасын алмаған едік, қиын болып қалды. Дегенмен ауылдағы жұртты ескеріп, балаларға жолақының жартысын төлетуге болар еді ғой, – дейді Алғабас ауылының тұрғыны Анаргүл Оразбекова.
Алайда биліктегілер картаны сатып алып, жолақының жарты құнын төлеп жүрудің қиын емес екенін айтады. Бұған дау жоқ екені сөзсіз. Дегенмен картасы жоқ жолаушыға 150 теңге төлеткенде, бала оның жарты құнын төлеуі тиіс емес пе деген жұртта заңды сауал туындап отыр.