Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 06 Тамыз 2024

Оңалту орталықтарының жұмысы кестеден кешігіп жатыр

1
Фото: 1kqba.kz

Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қарым-қатынасымен айқындалады.  

 Осы орайда елімізде жыл өткен сайын мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балаларға арналған жобалар іске асып, түрлі сауықтыру орталықтары жұмысын бастауда. Түркістан облысының орталығында ғана емес, елді мекендерде де бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандардың саны артып жатқаны көңіл қуантады. Бүгінде ғимараттардың құрылыс сапасы мен орындалу мерзімі жіті бақылауда тұр. Облыс әкімінің орынбасары Сауран ауданы Ораңғай ауылында екі бірдей салынып жатқан оңалту орталықтарының құрылыс басында мердігерлермен кездесіп, жұмыстарын пысықтаған еді. Сәйкесінше, Сауранда биыл екі оңалту орталығы пайдалануға берілмек.

Ораңғай ауылындағы 200 орындық оңалту орталығының құрылысы 2021 жылдың қыркүйек айында басталған. «Шымкент Құрылыс» ЖШС жұмыстарды бекітілген кестеден кешіктіріп жатқанымен, құрылысқа республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары мен құрал жабдықтарды жеткізу және орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орталық биыл қазан айынан бастап толық іске қосылып, мұқтаж азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді бастайды деп жоспарланып отыр. Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, психологиялық қолдау бағытында кеңес беріледі. «Рух бекінісін сақтау үшін дененің бекінісін сақтау керек» дегендей, осы күнде мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарынан қалмай, жұртпен бірге өмір сүріп, еліміздің дамуына өз үлесін қосып жатқаны бәрімізге аян. Сондай-ақ Ораңғай ауылындағы 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жоспарға сай жүргізілуде. «KAZ Intel Group» ЖШС өткен жылдың шілде айында құрылыс жұмыстарын бастаған. Нысанды жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға тапсыру көзделіп отыр. Бүгінде елді мекенде ерекше қажеттілігі бар балалардың көбеюі көпті алаңдатып отыр. Ерекше баланың анасы Гүлжамал Амантайқызы орталықтың ашылуын тағатсыздана күтіп жүрген жандардың бірі.

«Тұңғышыма ерекше диагноз қойылғалы бері екі жылдан асты. Бүгінде бес жасқа толды. Алғашында сәбидің бойынан ерекше ештеңе байқалмады. Уақыт өте келе дәрігерлер баланың ақыл-ойы дамуында тежелу бар екенін анықтады. Кейін оған «аутистік спектрлік даму ерекшелігі бар эпилепсия» деген диагноз қойды. Бұрын мен өзге ата-аналар секілді ақшаны жинап-жинап, Ресейге, еліміздің басқа қалаларына алты ай сайын баланы бір айға оңалтуға апарып келетінмін. Ал бізге күнделікті айналысу керек. Ауылымызға оңалту орталығын ашу таптырмас шешім болды деп есептеймін. Әсіресе мен секілді аналар үшін балаларын қала арасына тасымай, қолжетімді жерден оңалтып, емдеу дұрыс болушы еді», – деді.

Сонымен қатар дәл осы күні Түркістан облысы әкімінің орынбасары облыс орталығындағы Еңбек мобильділігі орталығында болды. Облыс әкімінің орынбасарына атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар баяндалды. Әсіресе қоғамда масылдықтың белең алуына жалқаулықтың əсер ететінін болжау қиын емес. Себебі бір жағынан әлеуметтік көмекке арқа сүйеп жұмыс жасамайтындардың саны артып келе жатқаны ақиқат. Абай: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын» демекші, қоғамды жайлаған масылдықпен күрестің алғышарты – жұмыссыздықты жою. Осы орайда, елдегі патерналистік көңіл күйді бәсеңдетіп, жұмыссыздықтан арылу мақсатында бірқатар шаралар атқарылып жатыр.

«Облыстың әр түкпірінде «Мансап» орталығының 17 филиалы халыққа қызмет көрсетеді. Олар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту шараларын іске асырады. Биыл «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 33 005 адам субсидияланған жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, қажетті қаржы қаралған еді. Биылғы жылдың І жартыжылдығында жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 1793 азаматқа 2,6 млрд теңге қаржы жоспарланып, бірінші лек бойынша 897 азамат комиссияның қорытындысымен оң шешімін алды. Соның ішінде, 893 азаматқа мемлекеттік грант 1 млрд 318 млн қаражат ұсынылды. Олардың қатарында 27 атаулы әлеуметтік көмек алушы, 623 көпбалалы отбасы, 139 мүмкіндігі шектеулі азамат, 86 мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар және асыраушысынан айырылған 22 отбасы бар. Грант иелері қаражаттарын мал, құс, бал және балық шаруашылықтарын жүргізуге, қолөнер және тігін, техника жөндеу, құрылыс материалдарын шығару, шаштараз өнері және косметологиялық қызметтер көрсету сияқты кәсіптермен айналысуға бағыттаған. Әлеуметтік жұмыс орындарына 3846 адам жолданса, алғашқы жұмыс орындарына 1396 адам орналасып, жалпы бағдарламалар бойынша мүмкіндігі шектеулі 2169 азамат жұмыспен қамтылды», – дейді «Мансап» орталығының басшысы.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы

Тегтер: