Өңдеу өнеркәсібі, энергетика, логистика: Маңғыстау экономикасы қарқынды дамуда

Соңғы жылдары Маңғыстау экономикасы тұрақты өсімге ие болып келеді. Облыс өз экономикалық әлеуетін тек мұнай өндіру саласындағы жетістіктермен ғана емес, өңдеу өнеркәсібі, энергетика және логистика салаларындағы жаңа жобалар арқылы да арттырып келеді. Өнеркәсіптің белсенді дамуы құрылыс, IT, сауда және қызмет көрсету сияқты салаларға да оң әсер етіп отыр.
Өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне ranking.kz зерттеу жүргізген.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,7%-ға өсті. Былтыр да бұл секторда өсім байқалған. Атап айтқанда, 2024 жылы нақты көлем индексі(НКИ) бірден 13,2%-ға артқан. Соңғы үш жылда өңдеу өнеркәсібіндегі тауарлар өндірісі номиналды түрде 1,5 еседен астам өскен.
Бұдан бөлек, осы жылдың бірінші жартыжылдығында құрылыс жұмыстары көлемінің нақты көлем индексі — 29,9%-ға, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі — 25,5%-ға артты.
Басқа салаларда тауарлар мен қызметтер өндірісі бойынша ауыл шаруашылығында — 1,9%, көлік-логистика саласында — 7,3%, бөлшек және көтерме саудада — 7,3%, ақпарат және байланыс секторында — 4,1% өсім көрсетілді.
Тау-кен өнеркәсібі өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Бұл сектордағы өндіріс көлемінің нақты көлем индексі — 100,6%. Мұндай үрдістер көбіне өңірге тәуелсіз себептерге(әлемдік мұнай бағасының құбылуы, ел деңгейінде бекітілген мұнай өндіру регламенттері) байланысты екенін ескерген жөн.
2021 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Маңғыстау облысының жалпы өңірлік өнімі 42%-ға өсті.
Өңір тек өнім мен қызмет көрсету көлемін арттырып қана қоймай, экономиканы әртараптандыру бағытын ұстанды. Бұл жалпы өңірлік өнімнің құрылымындағы түрлі экономикалық қызмет түрлерінен түскен табыс деректерімен дәлелденеді. Мысалы, 2021 жылы жалпы өңірлік өнімдегі тау-кен өнеркәсібінің үлесі 44,2% болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 33%-ға дейін төмендеген. Мамандардың айтуынша, бұл - өңірдің экономиканы әртараптандыру арқылы тәуелділікті азайтып, осал тұстарын жойып келе жатқанының нақты дәлелі.
Сонымен қатар, мамандар іс жүзінде барлық салалар жалпы өңірлік өніміндегі үлесін арттырғандығын айтады. Ең бастысы: өңдеу өнеркәсібі 3,8%-ға, құрылыс — 7%-ға, логистика — 9,1%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар — 8,1%-ға дейін өскен.
Инвестициялық тартымдылықтың артуы да жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметі бойынша, болашақта инвестиция арқылы 8 ірі жобаны жүзеге асырылмақ.
Олардың қатарында SVEVIND атты неміс-швед компаниясының «жасыл» сутегі өндіру зауытының құрылысы, «Қаламқас-теңіз», «Хазар», «Әуезов» кен орындарын игеру, аммиак-карбид кешенін салу, құбыр шығаратын зауытты іске қосу, Каспий теңізі акваториясындағы кеме жасау верфін салу, Жаңаөзенде газ өңдеу зауыты мен сұйытылған газ өндіру кәсіпорнын іске қосу сынды жобалар бар. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі капиталға салынған инвестициялар құрылымында өнеркәсіптің үлесі 73,3%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар 3 есеге, энергетикаға — 11,3 есеге, коммуналдық салаға — 2,4 есеге артқан. Бұл көрсеткіштер - Қазақстандағы ең жоғары динамикалардың бірі.
Маңғыстау облысының инвестициялық рекордтарына бюджет секторы да елеулі үлес қосты. Мектептер мен балабақшалардың құрылысы мен жабдықталуына бұл өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 3,5 есе көп. Денсаулық сақтау саласына да көбірек көңіл бөлініп, инвестициялар көлемі 2,2 есеге артты.
ҚР ҰЭМ Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Маңғыстауда 2025 жылдың бірінші тоқсанында жұмыс істейтін азаматтардың атаулы жалақысы 8,7%-ға өскен.