Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:52, 14 Тамыз 2025

Өңдеу өнеркәсібін дамыту немесе 1,79 млрд дана тауық жұмыртқасы

агроөнеркәсіп кешені
Фото: из открытых источников

2025 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы деректерге сәйкес, Қазақстанда негізгі азық-түлік түрлерін өндіруде оң динамика байқалды. Бұл өңдеу өнеркәсібінің дамуын және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің нығайып келе жатқанын көрсетеді.

 Мысалы, сиыр еті өндірісі 133,6 мың тоннаны құраса, құс еті өндірісі 6,1 пайызға өсіп, 157,7 мың тоннаға жетті. Сүт өңдеу саласында да өсім байқалады. Сүт өндірісі 3,9 пайызға артып, 273,5 мың тоннаны, айран 5,4 пайызға өсіп, 37,1 мың тоннаны, сары май 12,7 пайызға көбейіп, 15 мың тоннаны құрады. Тауық жұмыртқасы 1,79 млрд дана көлемінде өндірілген. Бұл да өткен жылғы нәтижеден жақсырақ.

Дәнді және майлы дақылдар да жақсы өсім көрсеткен. Бидай ұны өндірісі 1 438,3 мың тоннаға, қарақұмық жармасы 10,7 мың тоннаға, макарон өнімдері 63,7 мың тоннаға жетті. Күнбағыс майы өндірісі 334,5 мың тоннаны, күріш өндірісі 84,5 мың тоннаны құрады. Қант өндірісі 10 есеге артып, 64 мың тоннаға дейін өсті. Ал, тұз өндірісі 169,3 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіштер елдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және ішкі агроөнеркәсіптік өндірісті дамытуға ықпал етуде.

Мысалы, әлі де сақталып отырған сүт тапшылығы мәселесін шешіп, өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында Алматы облысы өз жобаларын жасап жатыр. Өңірдегі «Қонаев» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ агроөнеркәсіптік кешенді несиелеу бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның аясында 2023 жылы 15 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы тағы 5 млрд теңге бағытталыпты. Биыл республикалық бюджеттен қосымша 8 млрд теңге қарастыру жоспарланған көрінеді.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша «Қонаев» ӘКК қолдауымен қаржыландырылған 13 сүт-тауар фермасы 38 042 тонна сүт өндірді. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5 000 тоннаға артық. Аталған фермаларда 709 адам жұмыспен қамтылған. Барлық жобалар толық қуатына шыққан жағдайда жылдық өндіріс көлемі 68 000 тоннадан асады, ал жұмыс орындарының саны 838 адамға дейін артады деп күтілуде. Шаруашылықтарда заманауи технологиялар қолданылады, селекциялық-асылдандыру жұмысы жолға қойылған, малға қолайлы жағдай жасалған.

Сондай-ақ, АӨК-ті несиелеу бағдарламасы Солтүстік Қазақстан облысының оң тәжірибесі негізінде әзірленген. Ол сүт бағытындағы ірі қара мал сатып алуға, сүт-тауар фермаларын, құс фабрикаларын, жеміс-көкөніс қоймаларын және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу кәсіпорындарын салуға немесе жаңғыртуға арналған жабдықтар алуға несие беруді көздейді. Бағдарлама шарттарына сәйкес, несиелеу мерзімі 10 жылға дейін. Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында Алматы облысына 1 498 бас сүтті ірі қара мал жеткізілді.

Б.Ділдәбек