Өңдеу өнеркәсібін ішкі нарықты қамтамасыз ететіндей дамыта аламыз ба?
Елімізде өңдеуші өнеркәсіпті дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру ісіне баса мән беріліп келеді.
Себебі, бұл қай қырынан алып қараса да тиімді нұсқа. Өндіруші өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеумен айналысу арқылы біраз проблематиканы шешуге мүмкіндік бар. Қазақстанда аталмыш саланың қарқыны керемет емес екені белгілі. Алайда, соңғы жылдардағы жұмыстар өз нәтижесін бере бастады деуге де болады. Мәселен, бастапқыда елдегі ішкі жалпы өніміндегі өңдеуші сектордың үлесі 10-11 пайыз болса, 2020 жылы рекорд орнады. Көрсеткіш 13 пайызды құрады. Дегенмен, бұл металлургия саласындағы жұмыстың қарұыны есебінен екенін де естен шығрамаған жөн. Соңғы жылдардағы есептер де ішкі жалпы өнімнің басым бөлігі металлургия, тамақ өнеркәсібі, кокс және мұнай өнімдері өндірісіне тиесілі екенін көрсетіп отыр. Ал химия, фармацевтика, көлік, жиһаз, тоқыма, тігін секілді өзге салалардың үлесі төмен. Бұл орайда мемлекеттік саясат өндірісті қолдайды, соның ішінде, өңдеу өнеркәсібін ішкі нарықты қамтамасыз ете алатын жағдайға дейін дамытуды көздейді. Әрине, нарық пен экономика, өндіру мен кәсіпкерлік деген ұғымдар өте күрделі. Олардың байланысы мен дамуы да ұзақ уақытты, нақты стратегия мен механизмді қажет етеді. Ал мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау мен заңнамалық жүйелілік керек. Бұдан бөлек, азаматтардың, кәсіпкерлер мен инвесторлардың да рөлі мен орны бар. Қажетті шаралар мен қадамдар жасалып жатқанын, жүйені жетілдіру мен шынайы нәтижелерді көздеу жағы жолға қойылғанын ескерсек, алдағы уақытта өңдеуші өнеркәсіптің ахуалы біршама жақсарады деп болжауға негіз бар.
Ал қазіргі жағдайға тоқталар болсақ, 2023 жылдың басында өңдеуші секторға 19,9 мың кәсіпорын тартылғаны, оның 19,2 мыңы шағын, 501-і орта, 250-і ірі кәсіпорындар екені айтылды. Осы жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан Қазақстан Республикасының өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырыла бастады. Осыдан кейін еліміздегі өңдеу өнеркәсібі өсім көрсетіп келеді. Мәселен, салаға салынған инвестициялар көлемі 4,6 пайызға дейін артып, 1,394 трлн теңгеге жетті. Бұл еліміздегі іжалпы инвестициялардың 9 пайыздан астамы екенін есепке алсақ, көрсеткіш жаман емес. Ал жеке-жеке талдайтын болсақ, өндірістің ішіндегі ең ауқымдысы – машина жасау. Оның көлемі – 26,8 пайыз. Бұған қоса, электронды құралдардың да басымдығы байқалады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, бұл прогресті арттыра түсу үшін машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары да жасалған. Жоспар бойынша, елдегі өндіріс көлемін төрт-бес есеге дейін арттыру, жалпы қосылған құнды 11-12 триллион теңгеге көтеру көзделіп отыр. Осы арқылы ұзақмерзімді даму мен стратегиялық саланың дамуына жол ашуға мүмкіндік бар. Бұл туралы жауапты министрлік былай дейді:
«Сарыарқа АвтоПром» ЖШС, «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС және басқалары сияқты маңызды кәсіпорындар саланы дамытуда шешуші рөл атқарады. Базалық жағдайларды жақсартуға, отандық өнімді ілгерілетуге және басым секторларды дамытуға бағытталған 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар саланы ұзақ мерзімді дамытуға және өндірісті, қосылған құнды, экспортты және инвестицияларды өсіру бойынша өршіл мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған».
Жеңіл көлік бағытынан басқа, теміржол көліктерін шығару да жақсы динаикада. Мысалы, өткен жылы жүк вагондарын өндіру алты есеге дейін өскен. Биыл бұл көрсеткіш төрт мыңнан асады деп күтілуде. Тұрмыстық техника өткен жылы 170 мың данадан асса, биыл да бұл өсім азаймайды деген үміт бар.
Елімізде тек машина жасау жағы дамып жатыр десеңіз қателесесіз. Елімізде республикалық маңыздағы, жергілікті деңгейдегі кәсіпорындардың саны жыл санап артуда. Ал оларды өнімдері бәсекеге қабілеттілігімен танылуда. Мысалы, ішкі металл өңдеушілерді атап айтуға болады. Оларға қолдаулардың жаңа кешені де әзірленді. Соның ішінде, алюминий, қорғасын, мыс өңдеушілер үшін белгілі бір жеңілдіктер мен олардың шарты жасалды. Осы арқылы кәсіпкерлерге түсетін салық ауырпшалығы азаяды. Демек, ішкі металл өңдеу көлемі ұлғая береді. Ішкі қайта өңдеу көлемін арттырудың мақсатты көрсеткіштері де белгіленген. 2029 жылға дейін алюминий бес есе, қорғасын төрт есе, мыс он үш есе көп өңделуі керек. Бұл бағытта арнайы экономикалық аймақтарға баса назар аударылады. Осы өңірлерде 325 жобаны іске асыру үшін 2,8 триллион теңге жоспарланған.
Өңдеу өнеркәсібін дамытудың арқасында олардың экспорты да едәуір жақсарған. Осы жылдың бастапқы сегіз айында өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 6,4 пайызға дейін өсіп, 18 миллиард теңгеге жуықтаған. Экпспорт тұрғысынан алда тұрған тауарлар да бар. Олар: өнеркәсіптік сорғылар, кабельдік өнімдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер, арматура. Бұл тауарлар көршілес Өзбекстанға, алыстағы Италия мен Ұлыбританияға, Грузия мен Әзірбайжанға экспортталып жүр. Ал импорт 7,2 пайызға төмендеген. Бұл отандық өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігі арқанын көрсетеді. Осы қарқынды жоғалтпай, елдегі өңлеуші өнеркәсіп үлесін көбейту үшін биыл да біраз жобалар қолға алынған. Соның ішінде инвестициялар аса маңызды. Бұл жылы 180 инвестициялық жобаны іске асыру міндеті болды. Оған 1,3 триллион теңге қарастырылды. Осының рақасында, 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар. Аталған 180 жобаның 56-сы іске қосылып, ел игілігі үшін жұмыс істеуге кірісіп кеткен. Онлда төрт мыңға тарта тұрақты жұмыс орны бар.