Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 10 Маусым 2022

Өнердің тозбас Болаты еді...

None
None

Заманымыздың жарқын, аса талантты режиссері марқұм Болат Атабаев өзінің сахнаға деген қайталанбас мәнерімен, көрерменді тәнті еткен ерекше қойылымдарымен танымал тұлға болатын… Болат Атабаев тек сахнада ғана емес, күнделікті өмірде де шындық, ақиқат, әділет үшін күрескер ретінде танымал азамат.

Ол – жарты жылға созылған Жаңаөзен мұнайшыларының ел басшылығына деген наразылық ереуілін қолдап, солардың қатарында болды. Жеке басына қауіп төнгеніне қарамастан, ереуілшілердің құқығын қорғаудан шаршамады. Бірнеше тілді жетік білетін азамат Қазақстан билігінің заңсыздықтарымен әлем жұртшылығын үзбей таныстырып отырды. Ерекше батылдық, күрескерлік, азаматтық позициясы үшін, ар-ождан құрбаны ретінде Назарбаев режимінің түрмесінде де отырып шықты.

Ал енді өмір жолына келетін болсақ, диплом жұмысын жазып жүрген студент Болатты Қазақ өнер академиясының басшылығы Теміртау қаласындағы Неміс драма театрына жібереді. Бұл театр ана тілін білмейтін, ол тілде сөйлемейтін, неміс тілін түсінбейтін жандар үшін күштеп, зорлап тіл үйрету құралы ретінде дүниеге келген театр болатын. Әрине, мұндай жағдай үшін актерларды кінәлауға болмайды. Бұл – патшалық, кейіннен кеңестік қитұрқы, залым саясаттың бір көрінісі ғана деп ұққан жөн. Әрине, актерларға ана тілін үйретумен арнайы мұғалімдер шұғылданған. Дегенмен сәби кезінен қанына, миына сіңбеген тілді меңгеру актерлар үшін өте қиынға соғады. Әрине, уақыт өте келе олар тілді түсіне бастаған, бірақ ана тілі ретінде жан-тәнімен қабылдай алмаған. Бір таңданарлық жағдай, көрермендердің бұл театрды, о баста-ақ жылы қабылдауында. Оның себебі бұл театр, еліміздің басқа өнер ордаларымен салыстырғанда мүлдем табиғаты бөлек дүние болатын. Мұнда Лермонтов театрындағыдай сахнада «үзіліп» ән салмайтын, Әуезов театрындағыдай «қажетті қажетсіз көз жасын көлдетпейтін». Мұнда экспериментальдық немесе шағын халықтық театр құруға әбден болатын. Осы театрға арнайы жолдамамен жіберілген студенттің дипломдық жұмысының тақырыбы Фридрих Шиллердің «Махаббат пен зұлымдығы» болатын. Өзінің айтуы бойынша, қойылым: «Жалпы махаббат жайлы болып шықты. Одан өзгеге менің талантым да, кәсіби өрем де, білімім де жетпеді» –деп әзілдеп күліп отыратын. Ал іс жүзінде студент-режиссер Атабаев, өмірде қызметке, жоғары лауазымға, таққа таласудың неше түрлі қитұрқы жолдары мен қанды қасап күресін тамаша бейнелейді. Декорация ретінде сахнаға ол үш орындық қана қояды. Бүкіл қулық-сұмдық, талас-тартыс, айғай-шу осы үш орындыққа мықтап жайғасу мүмкіндігі төңірегінде өрбиді. Дәл осы жағдай, күні бүгін де өзекті мәселе емес деп айта аламыз ба?

Бір қызығы, президент пен Крум өзара тек орыс тілінде сөйлеседі. Онысы төңіректегі қазақтілді қара халық түсінбесін дегені. Ал бүгінде президентіміз бастап, парламентіміз қоштап, үкіметіміз жалғастырып, жергілікті әкімдер қолпаштап, негізінен қай тілде сөйлеп отыр?! Сайып келгенде, бәрін өте тамаша түсінеді. Ал бірақ іс жүзінде, орыстілді қазақтар белгілі дәрежеде басқашалау білім алғаны жасырын емес. Сол себепті олардың билікке жету жолындағы күрес әдістері өзгеше, қулық-сұмдығы мол.

– Осы қойылымым арқылы, мен нені меңзеп отырмын? – деген сұрақ қояды режиссер.

— Оппозиция да, Олимп басында отырғандар да, төменде жүргендер де – бәрі тақ үшін, билік үшін таласуда. Олардың бәрі – тек биліктің шыңына жеткенде ғана өмірді, тұрмысты, қоғамды өзгерту мүмкіндігін алатынын алға тартады. Ал мен басқаша ойдамын! Бүгінде, алдымен халықты өз ішіндегі жаумен күресуге жұмылдыру керек! Адамдар да, азаматтар да өзіне және өмір сүріп отырған қоғамға деген немқұрайдылық болмауы керек. Ерте дүниедегі Грецияда «идиотис» деп «қоғам өмірінен тыс қалғанды», «қаңғыбасты» атаған. Сайлауға дауыс беруге бармайсың ба – «идиотис», қоғамдық мәселелер қызықтырмай ма – «идиотис». Бүгінде біз – қазақ қоғамы түгелдей  идиотистерге  айналып отырмыз. Өйткені билікке де, сотқа да, парламентке де сенбейміз. Біз – халықты өз күшіне, өз мүмкіндігіне сендіру жолында еңбек етуіміз керек. Сол себептен де менің таңдауым «Махаббат пен зұлымдық» драмасына түсті – дейді Атабаев.

Сонымен Болат Манашұлы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясын тәмамдаған соң еңбек жолын Неміс драма театрынан бастайды. Әр жылдары Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында қызмет етті. Оның өмірбаяны Алматыдағы корей, ұйғыр театрларымен де тығыз байланыста еңбек еткенін дәлелдейді. «Ақсарай» жастар мюзикл театрының негізін қалады. Әрине, оның әлемдік дәрежедегі танымал режиссер болып қалыптасуы мен танылуында Неміс театрының маңызы ерекше: «Мен үшін неміс театрынан кету өте ауыр соқты. Өйткені бұл менің алғашқы театрым, алғашқы махаббатым!» – деп жазды режиссер кейінірек.

Болат Атабаевтың жасаған дүниелерінің бәрін тізіп шығу мүмкін емес және оның қажеті де шамалы. Тек оның сахналаған дүниелерінің басым көпшілігінің қай елде, қай жерде болса да өте жоғары деңгейде бағаланғанын атап өткен жөн. Сол қойылымдар оған әлемдік танымалдылық пен үлкен сый-құрмет алып келді. Дегенмен режиссердің өз туындыларына қашанда ерекше сын көзбен қарап, ешбір дүниесіне көңілі толмай кеткені ақиқат. Біз – оның шын мәнінде өте жоғары сапалы дүниелеріне таңданып, шаттанып, мақтанып пікір айта бастағанымызда, ол қолын бір ақ сілтеп: «Өнердегі ең тамаша жол – жасаған сәтте ұмыту!» – деп тыйып тастайтын.

Белгілі бір дәрежеде актерлардың бағынышты жандар екені баршаға аян. Олар қоюшы режиссер мен пьеса авторының ой-түсініктерін сахнада бейнелеушілер. Егер актердың ішкі әлемінің камертонына сай режиссер кездессе, ол актердың бағы. Бұл әсіресе сахнаға жаңа шыққан жас әртістер үшін өте маңызды. Олай болмаған жағдайда актердың таланты, бағы ашылмай, өмірбойы жай орындаушы деңгейінде қалып қою қаупі бар. Сондықтан режиссер мен актердың өзара ара қатынасы жайлы әңгіме өте маңызды мәселе. Атабаевтың әріптестері мен әртістерінің жазған естеліктері оның тек кәсіби режиссер ғана емес, үлкен жүректі азамат екенін көрсетеді.

Болат Қазақ театры өнеріне көптеген жаңалық, өзгеріс, серпіліс алып келген режиссер. Оның қашанда сахнадағы біркелкілікке, ұқсастыққа, көшірмеге жаны қас болатын. Кейде сол біркелкіліктің шексіз көшірмелерін көргенде, әбден жаны қысылып: «Сен Абайдың барлық жерде тұрған суреттерінен басқа образды, көз алдыңа келтіре аласың ба? Ал Қыз Жібекті ше?» – деп сұрайтын. Біздегі тарихи тұлғалардың басым көпшілігі әбден қалыпталған, таптық сұрыптаудан өткен жандар. Ал олардан басқаларына жол берілмейді. Олай болса біздің ақыл-ойымыз, түсінік-таным жүйеміз де стандартталып бір қалыпқа түсірілген болып шығады. Бұл түбінде тығырыққа апаратын жол. Сондықтан Атабаев ақыл-ойға қойылған тыйымды бұзып-жарып, күл-талқан етіп ұлы ғұлама Абайды, сұлулықтың символы Қыз Жібекті заманауи дамудың даңғыл жолына шығарды.

«Жұмбақ жанды» сахналап, ол қазақ театрына шынында да жаңа ізденіс әкелді. Ол – символикалық драма. Символикалық драмада үнсіздіктің, қимылдың, әрекеттің өзі айғайдан ащы. Өнер тек өнер ғана емес, үлкен өмір толғамы бола алатынын дәлелдеді. Драма мақсаты – әлемдік өркениеттегі қазақ театрының орнын табу. Абайдың «Қара сөздері» Франсуа Мари Вольтер, Жан Жак Руссо, Ян Амос Каменский сияқты ойшылдардан мұра болып қалған әлемдік деңгейдегі моралистік шығармалар қатарына жатады. Атабаевтың мақсаты – осы дүниені үлкен идея деңгейіне көтеру болатын. Демек режиссер театр идеологиясын қалыптастыру жолында тер төкті деуге әбден болады. Театр сезімге әсер етіп, күрсінтіп, не күлдіріп, шыға бере ұмыт болатын құбылысы емес, сананы сілкінтіп терең із қалдыратын, қойылымнан кейін де көпке дейін толғанысқа түсіретін идея болуы керек – деп тұжырымдаған Бөкең. Шынында да «Жұмбақ жанды» көргеннен кейін көптеген сұрақтар туындайды.

Менің Абайым қандай? Сіздікі ше? Әртіс қай Абайды ойнады? Режиссердің түсінігіндегі Абай қандай? Абай дегенде нені түсінеміз? Ол – қағида ма? Пенде ме? Пайғамбар ма? Ол өз халқын сүйе ме? Сүйсе неге оны соншама сынап-мінейді, кемшіліктерін аямай әшкерелейді? Сүймесе, неге жаны толғанады, күйзеледі? Абайды тану қажет пе, әлде оған табыну қажет пе? Ал ұлы һәкім көпшілікке ұсынған дүниелер әлі әдетке айналмаған, санаға сіңбеген, елге түсініксіз, жаңалықтар. Салт-дәстүрдей терең тамыры, қоғамда сүйенер негізі, қолдаушысы, қорғаушысы болмағандықтан, ол әлі әлсіз, нанымсыз, болашағы бұлыңғыр дүние. Тіпті келешекте оның неге алып келері, немен тынары да белгісіз. Жаңалыққа үрке қарау, оны айыптауға бейімділік қай заманның да әмбебап заңы.

Бір жолы мен Атабаевқа оның сахналаған «Жұмбақ жанын» көрген кейбір әріптестерімнің қойылымды онша түсіне қоймағанын айттым. Сондағы режиссер досымның жауабы былай болды: «Менің қойылымымның талас-тартыс, пікір алшақтықтарын туғызғанына өте қуаныштымын. Түсінем, спектакльдерімнің негізгі ерекшелігі – көрерменнің санасына салмақ салу. Ойландыру. Ал нақты «Жұмбақ жанға» келетін болсақ, сахнада нақты адамдар, тұлғалар, актерлар емес, символдар әрекет етеді. Сондықтан менде спектакльде үш Абай бар: Абай – адам, Абай – ақын, Абай – символ, яғни дәлірек айтсақ Абай – жалау, Абай – ұран, Абай – ескерткіш. Сондықтан да бұл қойылым санаға салмақ салады, ойға батырады, ізденуді талап етеді, ренжітеді не қуанышқа бөлейді. Міне, театрдың негізгі қызметі осы! Сондықтан дәл осы қойылымда  реализм, романтизм, сюрреализм, абсурд сияқты аса маңызды принциптері жүзеге асырылғанын атап өткен жөн. Атабаевтың түсінігінде театр келіп-кетіп, күліп-ойнап, көңіл көтеріп, залдан шыққан бетте көргенін ұмытатын жер болмауы керек. Театр көрерменнің кеудесі мен жүрегінен, ақыл-ойы мен санасынан терең орын алатын идея болуы керек.

«Сіз Абайға қалай келдіңіз?» – деген сұраққа режиссер: «Абайға келмеу мүмкін емес. Ойлы, ақылды, шешетін мәселелері көп жан. Мына қоғамда өмір сүріп оны түсінгісі және өзгерткісі келетін жан – Абайсыз ештеңе де тындыра алмайды. Абай оған көмекке келеді. Мен, Абайға қалай келгенімді білмеймін. Бірақ білетінім, Абайдың өзі маған келді» – деп жауап беретін.

Кілең жастардан құралған «Ақсарай» мюзикл театры «Қыз Жібек», «Муха», «Зұлымдық пен махаббат», «Махаббат аралы» қойылымдары үшін – Ашхабадта, Шымкентте, Алматыда өткен халықаралық театр өнері фестивальдарының жеңімпазы болғаны баршаға мәлім. Аталған аса күрделі жанрдың актерлары орасан үлкен драмалық талант иелері еді. Олар ән сала білумен қатар, тамаша гимнастар мен акробаттар болатын. Мюзикл жанрын тамашалау көрермендерге оңтайлы болғанымен, актерлар үшін өте ауыр дүние. Сондықтан «Ақсарай» театрының труппасын Ресей мен Германияның маңдай алды мамандары тәрбиелеп шынықтырғанын ерекше атап өткен жөн. Осындай тамаша театр, мемлекет тарапынан қаржыландырмаудың салдарынан, ұлтжанды жеке меценаттардың көмегімен қызмет етуге мәжбүр болды. Қолдаушыларға алғыс айта отырып, театрдың көрген күнінің қиын екенін, қайта-қайта қаржылық дағдарысқа тап бола беруді басынан өткеріп отырғаны, елімізге үлкен сын болды. Уақыт өте келе 70 әртістен театр штатында 37 адамның қалғаны жағдайдың қиындығының куәсі. Ал «Ақсарайдың» Орталық Азия мен Қазақстан аумағындағы мюзикл жанрында еңбек ететін бірден-бір театр екенін ескерсек, өкініштің өзегі тереңдей түседі.

Коммунистік жүйенің күйреу кезеңінде біз Болатпен Теміртау қаласында қызмет еттік. Сол келмеске кеткен партияға мүше болдық. Ал егемендіктің алғашқы кезеңінде, әртүрлі партиялар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткеніне бәріміз куәміз. Әрине оларға Атабаев сияқты білімді, білікті, ақылды, жарқын тұлғалар ауадай қажет болды. Ол кейде әзіл-шыны аралас былай дейтін: «Кейде мені қайсібір партия өз қатарына тартқысы келгенде, мен үнемі былай деп жауап беремін: «Мен – Өнер партиясының мүшесімін!».

Атабаев: «Театр – менің өмірім, өткенім, бүгінім, болашағым» – дегенді жиі қайталайтын. Атабаевта ерекше мінез болды. Ал билік, мұндай адамдарды қажет етпейді. Сондықтан биліктің оны сатып алғысы келді. Алдымен Мәдениет министрінің орынбасары лауазымын ұсынды. Ол: «Мен не нашар режиссермін бе?» – деп қатты ренішпен жауап берді. Сонан соң оған Алматыдан басқа, қалаған облыс орталығынан жаңа театр ғимаратын салып береміз, егер сонда барып еңбек етуге келісім берсеңіз деген ұсыныс түседі. Көнбеді. Биліктің бірақ мүмкіндігі қалды. Қудалау, қысым көрсету арқылы астанадан қуып шығу. Осы тұрғыдан алғанда Атабаевтың тағдыры, өзінің ең сүйікті кейіпкері, өмір бойы табынып өткен тұлғасы ұлы Абайдың тағдырына өте ұқсас болды. Адамзат тарихынан біз алдыңғы қатарлы, озық ой иелерінің тағдырларынан біршама хабардармыз. Ежелгі гректерге өмірге жаңа көзқарас пен таным алып келген Сократ өз отандастарының қолынан қаза табады. Лермонтов орыс қоғамын сынға алғаны үшін Кавказға жер аударылып, сондағы жекпе-жек атыстан өлім құшады. Өз заманының теңдессіз шығармасы «Ақылдан туған азап» кітабының авторы Грибоедов Тегеран қаласында бауыздап өлтіріледі. Патша ағзамды сынағаны үшін терең ойлы Чадаев ресми түрде есуас деп танылады. Біздің заманның озық ойлы, терең білімді, реформатор-режиссері Болат Атабаевтың да тағдыры жоғарыдағылар тақылеттес. Тобырға ұқсамайтын, тобыр сияқты ойламайтын әрбір тұлға, қашанда жазалану, қудаланудан арылмайды. Аяулы арысымыз елімізде орын алған қанқұйлы саяси жүйенің құрбаны болды...

Бүгінгі күні әлемде «Шекспир мектебі», «Чехов мектебі», «Беккет мектебі» деген әлемге танымал драматургия мектептері қалыптасқан. Біздің ойымызша осы аталған тізімге, салыстырмалы түрде жас болса да танымал болып үлгерген, болашағы үлкен «Атабаев мектебін» қосу қажет. Өйткені зерттеушілердің пайымдауынша, драматургия тек жанр ғана емес, сонымен қатар синтезді мәдениет болып табылады. Ол – әлемге уақиғалар көзімен, ал уақиғаларға адамның көзімен, ал адамға тағдырдың және тұрмыс-тіршіліктің көзімен, ал тұрмысқа мәдениеттің көзімен қарайтын ерекше құбылыс.

Өз басым, Болаттың екі арманын анық білемін. Біріншісі – қазақ сахнасында Гётенің «Фауст» романын қою. «Неліктен «Фауст»? – деген сұраққа ол: Бұл біздің, өзіміздің Қорқыт қой! – деп жауап бергені бар. Әрі қарай, міне, саған Шығыс пен Батыстың бауырласуы! – деп қосып қойды. Ал екінші арманын ол былай кестелейді. «Театрды сағындым! «Ақсарайдағы» әріптестерімнің басын қосып Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» драмасын тағы да бір сахналағым келеді. Сол арқылы өзіме-өзім мынаны дәлелдесем деймін. Сюжет қоюдың қажеті жоқ, сезімді қою маңызды. Ал біз болсақ, сюжет қуып жүріп, театрды мүлдем басқа жаққа бұрып жібердік. Театрды әдебиетке айналдырып тындық дейтін.

          «Аксарай» театры жабылған соң Атабаевтың шәкірттері  республикамыздың және шет елдердің театрларында қызмет етіп жүр.

     

Тегтер: