Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 08:50

Өнердің өлмес шамшырағы – Шәмші әндері

Шәмші
Фото: ашық дереккөз

Сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының терең бір саласы – ән өнері. Халқымыздың ғұмыр шежіресінің бір парасы ұрпақтан-ұрпаққа ән-күй, ауыз әдебиеті арқылы тараған.

 Рухани тыныстың кеңеюі мен эстетикалық сана түсініктің қалыптасуына әннің әсер-ықпалы орасан зор болды. Халықтың бойындағы табиғаттың тылсым сырларымен жұптасқан етенелік қасиеті оның тұрмыс-тіршілікке, әдет-ғұрыпқа деген талғамын ғана өсіріп қойған жоқ, сондай-ақ рухани жан дүниесінің сұлулық пен мейірімге іңкәр қайнар көзін ашты. Өнер туралы таным-түсінік оның өміршеңдігіне мойынсұну, көкірегіне жаратылыс сыйлаған дарын қабілетін жетілдіріп, сан салалы, мол арналы синкретті өнер туғызуына мүмкіндік берді. Соның ішінде шыққан күн, туған айдай дала жұртының тал бесіктен жер бесікке түскенге дейінгі жан серігі ән болды. Сол үшін де шығар қазақ руханиятына көз салсаң, халқын әнімен тербеп, музыкасымен халық жүрегіне өшпес із қалдырған дала перзенттері көп. Солардың ішінде қазақ эстрадасының әуел басында тұрған, сол арқылы «вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың есімі үнемі суырылып алға шығады.

Биыл композитордың туғанына 95 жыл толды. Шәмші әндері де осы тоқсан жылдан бері туған халқымен бірге жасап келеді. Мемлекетіміздің әнұранынан бастап, шынайы қазақтың үлкенді-кішілі той-думанында Шәмшінің тым құрығанда бір әні айтылмауы тіпті мүмкін емес. Дәуірлер демекші, талай талантты композиторлардың тамаша әндері кешегі коммунистік дәуір талабына, әлдебір науқаншыл ұранға сай жазылған мәтінінің бүгінгі күн сұранысына сай келмейтіндіктен тасада қалғаны өкінішті. Шәмшінің де кейбір әндері мұндай үрдістен аман емес деп айта алмайтын шығармыз. Десек те, Шәмші Қалдаяқовтың ешбір дәуірдің идеологиясы да, науқаншылдығы да әсер етпейтін, туған халқымен, барша адамзатпен бірге жасай беретін әндері де көп. Кеше әр өңірде Шәмшінің әні шырқалып, есімі аталып өткені анық. Ал өзі туған Шымкент өңірі үшін Шәмшінің орны тіпті бөлек. Сол себепті күні кеше Шымкент қаласында композиторға арналған республикалық ауқымды фестиваль өтті. Бұл мерейлі шара ұлт мәдениетінің алтын қазынасына айналған сазгер шығармашылығын дәріптеуге бағытталғанын айрықша атап өткен жөн. Салтанатты жиын композитор ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталып, ары қарай жалғасын тапты. Фестиваль бағдарламасы сазгердің ғажайып туындыларына негізделді. Ұлттың рухани қазынасына айналған әндерді қазақ ән өнерінің майталмандары Светлана Айтбаева, Жеңіс Ысқақова, Заттыбек Көпбосынұлы, Ақбота Керімбекова сынды сахна саңлақтары орындап, көрерменді Шәмшінің ән әлеміне жетелеп әкетті. Олардың орындауындағы әндер кеш қонақтарын терең толқытып, өткен ғасырдың сағынышты лебін жеткізгендей болғаны рас. Шәмшінің әндері тек әуен емес, ұлттың тағдырымен өрілген өмірлік шежіре, әр қазақтың жастық шағының, махаббатының, арман-қиялының әуенді бейнесі екендігіне тағы бір көз жеткізді десек те болады. Бұл туралы қала тұрғыны Балқынай Нақыпова айтты.

«Осы Шәмші әндерімен өстік қой біз. Мысалы, «Арыстың жағасында» әнін ерекше сүйіп тыңдаймын. Білмеймін, бәлкім, өзім де Арыстың қызы болғандықтан шығар. Бүгінгі фестиваль маған қатты ұнап жатыр. Шәмшінің әнін тыңдап, жастық шағыма бір барып қайтқандай күй кештім. Композитордың туындылары күллі өміріміздің саундтрегіне айналып кетті ғой. Өміріңнің әр сәтінде, қуансаң да, мұңайсаң да, ғашық боп, көңілің қалса да, Шәмші әндерінен айналып өте алмайсың. Қашан да ішіңдегі толқыныс-бұлқынысыңды дөп тауып, көңіліңнің пернелерін дәл басады. Шәмшіні, оның әндерін сол үшін де сүйеміз», – дейді қала тұрғыны.

Гала-концерттің мазмұны да бай әрі сан қырлы болды. Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері, Шымкент Жастар театры мен Орыс драма театрының шығармашылық ұжымдары сахналық өнер дайындаса, опера және балет театрының солистері кештің салтанатын арттыра түсті. Ал «Шымкент концерт» ұйымының шығармашылық ұжымы мен халық сүйіп тыңдайтын «Қазына» және «Яссы» биден шашу шашты. Осылайша әртүрлі жанрдағы өнер иелері бір сахнада тоғысып, қазақ музыкасының классигіне ортақ құрмет білдіріп, композитор шығармашылығына тағзым етті. Шәмші әндері халықпен бірге жасап, халықпен бірге ғұмыр кешіп келеді. Әр буын сол әндерден өз жүрегінің үні мен арманын табады. Сондықтан мұндай ауқымды мәдени шаралар Шәмшінің шығармашылығын жас буын санасына сіңіріп қана қоймай, халықтық өнердің мәңгілік екенін дәлелдейді. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынованың айтуынша, Шәмші шығармашылығын насихаттау мақсатында жасалатын жұмыстардың бұл басы ғана.

«Бұл шараның негізгі мақсаты – Шәмші атамыздың рухани мұраларын насихаттап, бүгінгі ұрпаққа, ертеңгі ұрпаққа жеткізу. Концертіміз 2 сағат 10 минуттық бағдарламаны алып отыр. Бұған еліміздің танымал әртістерін шақырдық. Және Шәмші әндерімен танылған біраз жұлдыздарымыз бар. Мәдениет мекемелерінің барлығында аталып өтіп жатыр және де жылдың соңына дейін кітапханаларда, музейлерде Шәмші атамызға арналған іс-шаралар жалғасатынын бізге жеткізді. Ол кісінің рухани байлығы әр заманмен мәңгілік бірге жасай бермек», – дейді маман.

Бүгінде Шымқалада Ш.Қалдаяқов атындағы саябақ ашылып, кезінде оның өзі жұмыс істеген Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясына, Алматы, Астана, Шымкент секілді үлкен шаһарлардағы көшелерге есімі берілді. Туған ауылы – бұрынғы «Темір» кеңшары – «Шәмші ауылы» деп аталды. Ал Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында «Шәмші Қалдаяқов ауылы» өмірге келді. Ән шамшырағының өмірі мен шығармашылығына арналған үлкенді-кішілі еңбектер жазылуда. Әндерінің толық жинақтары, ол туралы естеліктер кітап болып басылуда. Міне, осы секілді игілікті істердің барлығы ұлы композитордың туған халқымен мәңгі бірге жасай беретініне тағы бір дәлел.

Сәруар Бақберген

Шымкент қаласы

Тегтер: