Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:45, 11 Сәуір 2023

Өнерге құрмет мәңгілік

None
None

Қазақтың біртуар перзенті, композитор Кеңес Дүйсекеевтің ән әлеміндегі  шығармашылық әлеуеті мен туған жерге деген ықыласы сан жүректі жылытып, рухани көшті өнегелі жолға бағыттап, музыка арқылы тыңдарманын қуанта білді.

Бүгінде автор шығармалары эстрада төрінде әуелеп, кеңінен насихатталуда. Оның тағы бір дәлелі, күні кеше өткен Сыр өңіріндегі Кеңес Дүйсекеев атындағы І халықаралық «Туған жер» атты әншілер конкурсының байқауы еді.

Конкурстың ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қала қонақтары мен байқау үміткерлеріне ақжарма тілегін жеткізді. Сыр жұртшылығы үшін аталған сайыстың маңызын айта келе, байқау дәстүрге айналатынына сенім білдірді.

– Тарихы терең, топырағы кенен киелі Сыр жері – ұлттың бағына туған, талай дарынды тербеткен өскелең өңір. Оның бірі әрі бірегейі, талантты композитор, өнер қайраткері, біртуар азамат – Кеңес Дүйсекеев. Ағамыздың қалың елдің ыстық ықыласына бөленген «Қаракөз-айым», «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел!», «Өкінбе сен» және басқа да әндерін Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, Жұбаныш Жексенұлы секілді қазақ эстрадасының майталмандары орындап, бұл әндер қазақ жастарының отаншыл рухын көтеретін, эстетикалық талғамын байытатын дүниелерге айналды. Композитордың әндері бүгінде қазақ арасында ғана емес, шет елдерде де шырқалып жүр. Бұл – Дүйсекеевтің дара әндерінің «музыка ұлт таңдамайды» деген қағидаға сай аксиомасы, күллі адамзатқа ортақ колориті деп білеміз. Талантты азаматтың құрметіне арналған Сыр еліндегі «Туған жер» атты І халықаралық әншілер конкурсы осының айқын дәлелі. Бұған дейін республикалық деңгейде өткізіліп келген айтулы конкурс биыл тұңғыш рет халықаралық сипатқа ие болды.

— Өнерге құрмет мәңгілік болуы тиіс! Кеңес ағаны халық есінде мәңгі қалдыру үшін Қызылорда облыстық филармониясына композитордың есімі берілетін болады. Бұл – барша жерлестеріміздің құрметі мен сыйы! Қадірлі өнер жанашырлары! Еліміздің өнері асқақтай берсін! Байқауға қатысушыларға Кеңес ағаның рухы дем берсін. Жеңіс жолында шын жүйріктер озсын, – деді облыс әкімі.

Шара барысында Кеңес ағаның жары Баян апайды сахна төріне шығарып, қазақтың қонақжай дәстүрімен жөн-жоралғысын жасады. Құрмет көрсетті.

Қызылордада халықаралық деңгейде тұсауы кесілген байқау автор шығармаларын халықаралық деңгейде насихаттауға басымдық бермек. Сонымен қатар композитор шығармалары арқылы жас әншілерге бағыт беріп, таланттарға қолдау білдіру көзделген. Конкурсқа Қазақстанның барлық өңірінен және Болгария, Польша, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен 28 талапкер қатысты.

Ән сайысына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Рамазан Тайманов төрағалық етсе, литвалық белгілі продюсер Бируте Петриките, болгариялық эстетика докторы Николай Текелиев, Қазақстанның халық артисі Нағима Есқалиева қазылық жасады. Оған қоса қазылар құрамында композитор Бейбіт Оралұлы, халықаралық конкурстар мен фестивальдер ассоциациясының мүшесі Қарлығаш Әбдікәрімова және Кеңес Дүйсекеевтің ұлы Нұркен Дүйсекеев те бар.

Халықаралық шараның баспасөз конференциясында ұйымдастырушылар конкурстың ереже-талаптарына, байқау ерекшелігіне тоқталды.

– Байқауға жүзден жүйрік шыққан талантты ұл-қыздарды жинадық. Іріктеуден өткізу қиынға соқты. Негізі қатысушыларды Қазақстан мен шетелден теңдей қылып алу керек еді. Алайда сазгердің өлеңін әнші қалай айтады, соған да мән бердік. Өйткені Кеңестің әндері өте күрделі. Ал киелі сахнаға шыққан өнерпаз тілі келмей, әдемі әннің шырайын кетірсе, одан не ұтамыз? Көрермен қандай күйде болады? Осының бәрін ескеріп, басымдықты қазақ жастарына бердік, әрі бұрын Кеңестің байқауларына қатысып, жүлделі орын алып жүрген талантты әншілердің бетін қаққымыз келмеді, – деді Қарлығаш Әбдікәрімова.

Айтпақшы, аталған байқауды сазгердің өзі 2020 жылы өткізуді жоспарлаған. Бұл туралы композитор Бейбіт Оралұлы өзі әңгімелеп берді. Оның айтуынша, халықаралық деңгейде өткізілетін ән байқауы пандемияға байланысты тоқтап қалған. Ал келер жылы іске асырғалы жүрген жоспар  қазақ елінің қабырғасын қайыстырған қайғылы жайтпен біткен еді. Енді Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен қайта жүзеге асты.

– «Туған жер» атты халықаралық әншілер байқауы есті әндерді қайта жандандырып, ән әлеміне жаңа есімдердің келуіне жол ашады деп сенемін. Себебі бұған дейін Кеңес Дүйсекеев атындағы өңірлік, республикалық байқауларда танылған таланттар қазіргі таңда эстрада төрінде танымал. Бүгінгі ән додасында да талай жастың сәтті өнер көрсететініне үміт мол, – деді Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиева. 

Екі күнге созылған конкурстың бас жүлдесін атыраулық әнші Дана Мәжитова, жүлделі I орынды – «Тамсан» триосы (Ақтөбе) және Михаил Качмарек (Польша), II орынды – Айдын Жұмабаев (Астана), Азамат Бекбергенов (Ақтөбе), Абай Серіков (Қырғызстан), III орынды – Алмагүл Батталиева (Алматы), Камила Талғатова (Шығыс Қазақстан облысы), Славея Иванова (Болгария) иеленді.

Сонымен қатар «Үміт» номинациясы Кенже Майлыбайға (Қызылорда облысы Қазалы ауданы) «Көрермендер көзайымы» номинациясы Мұса Молдабаевқа (Өзбекстан), «Туған жер» номинациясы Ақылбек Табынбаевқа (Қызылорда) табысталды. Конкурс Нартай Бекежанов атындағы театрда гала концертпен қорытындыланды.

Сыр топырағынан шыққан өнер иесі Кеңес Дүйсекеевтің мұрасы мәңгі халық жадында қалмақ. Оның эстрадаға әкелген эстетикалық талғамы, таным биігі бірнеше буынның тағылымды тәлім алуына мүмкіндік сыйлады. Бұл байқау – Қызылорда жұртының ғана емес, қазақ елінің мерейін көтерген руханиятқа айналды.

Тегтер: