Өнерлі балалар – болашақтың алтын діңгегі
Қазақ елінде, қазақ жерінде өнерлі балалар өте көп. Ал бірақ кішкентай өнерлі балалар туралы көп біле бермейміз.
Сол себептен, балалар жылында басылым арқылы өнерлі балаларды таныстыра кетсек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болашақтың іргесін қалайтын бүлдіршіндер болғандықтан, балаларға ерекше қамқорлық көрсету барысында арнайы «Балалар жылын» жариялады. Оның бұл шешімі балаларды өнерге ұмтылдыруға, ынталандыруға арналған қадамы деп білеміз. Ал енді еліміздегі өнерлі балаларға келетін болсақ, өте көп. Мәселен, 2 жасар Абай Аслан есімді кішкентай бүлдіршін 21 мемлекеттің туын біледі. Және тудың түрін 1-2 айдың ішінде-ақ жаттап алған көрінеді. Ал мұндай қасиет кішкентай бүлдіршін үшін үлкен жетістік деп білеміз. Енді алдағы уақытта министрліктің қолдауымен осындай кішкентай балаларды одан әрі дамыту үшін арнайы интеллигент балаларға арналған орындар ашса деп тілейміз.
Сонымен қатар елімізде «Калькулятор бала» атанып кеткен 6 жастағы Әлқуат Олжабай есімді баланың есте сақтау қабілеті ерекше. Зейіні зерек баланың есепке жүйріктігінен бөлек, көбейту кестесін де жатқа біледі. Одан бөлек, өлең жолдарын екі қайталағаннан-ақ жаттап алатын қасиетке ие. Сондай-ақ ұлттық күйлерді орындап, қазақ мәдениетін республикалық сахналарда дәріптеп, көптеген байқауларда топ жарып жүрген Артем Кимді де тілге тиек етуге болады. Міне, осындай дарынды балалардың тізімін жалғастыра берсек, өте көп. Осындай зейінді, зерек балаларға мемлекет тарапынан әлі де қолдаулар білдірсе, дәл осындай дарынды балалардың саны біршама арттарына сенімдіміз. Негізінде елімізде былтыр балалардың жан-жақты дамуы мақсатында Артспорт үйірмесі ашылғаны белгілі. Бірақ бұл үйірмелер әлі де болса, алдағы уақытта кеңінен ашылып, ауылды жерлерде де көптеп ашылса, ауыл балаларына да біршама мүмкіндік болар еді. Әрі балалардың жан-жақты дамуы үшін ең бірінші ата-ананың да ықпалы зор. Себебі, ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты, елге ие болар білімді де, рухты, Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу болып саналады. Ал жастайынан өнерге, білімге құмартып өскен бала, келешекте елдің қамын ойлайтын азамат болып өсері айдан анық. Сондай-ақ ойы сергек, дені сау ұрпақ қоғамның байлығы саналады. Осыған орай, мемлекетіміз де балалардың қамсыз өсуі үшін барынша қолдау жасап келеді. Мәселен, жыл сайын әлеуметтік қамтылған отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама бойынша мектеп формасы мен қажетті құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіп келеді. Ал зерек, талабы мен таланты балаларға өнерін шыңдау үшін мәдениет салаларында үйірмелер ашылуда.
Иә, адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру мен білімді ұрпақ тәрбиелеу екені бәрімізге мәлім. Ал бүгінгі тұлымшағы желбіреген сәбилер ертеңгі күннің бірден-бір тірегі. Сол себептен де болар баланың бетінен қақпай, жан-жақты тәрбиелеу мемлекет пен ата-ананың басты міндеті саналады.