Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:17, 17 Ақпан 2023

Өнертапқыш бала Нұрдәулет

None
None

Елімізде жыл санап өнертапқыш, вундеркинд балалардың көбейіп келе жатқандығы қатты қуантады.

  Олардың ішінде – бірі су тазалайтын фильтр шығарса, бірі робототехникалар құрастырып, өнерлерін шыңдап келеді. Осындай дарынды балалардың қатарында темір-терсекті шашып, қайта құрастыра алатын ерекше баланы естігенде таңғалдық.

Бұл дарынды бала, яғни Нұрдәулет Темірханов Түркістан облысы Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты Абай атындағы №4 жалпы орта мектеп-гимназиясында оқиды. 6-сыныпта оқитын Нұрдәулет сабақтан тыс уақытта темір-терсек, техникалық құрал-саймандарды шашып, қайта жинауды хоббиіне айналдырған.

Өнертапқыш Нұрдәулет техникалық заттарды тек шашып-жинап қана қоймайды, сондай-ақ ол өздігінен істен шыққан, ескі тоңазытқыш, магнитофон, теледидар секілді техникалық заттарды ашып, ішінен өзіне қажетті бөлшектерді алып, жаңадан түрлі заттар шығаруды қолға алған.  Оның қолынан бүгінде жарық шығарғыш, дыбыс зорайтқыш, ойын рөлі секілді керемет дүниелер шыққан. Кішкентай баланың бұл өнерге қызығушылығы ескі ойыншықтарды бұзып, құрастырудан басталған екен. Бұл жайында Нұрдәулет:

«Менің техникаларды құрастыруға қызығушылығым 3-сыныпта басталды. Алғашында ескі теледидар мен тоңазытқыш, не болмаса электронды ойыншықтардың ішінде «не бар екен?» деп, бұзып, оның қалай жұмыс жасайтынын зерттейтінмін. Содан жарықтандыратын дыбыс шығарғыш құрылғыны жасадым. Мұндай техникалық, электронды құрылғыларды жасау маған қиындық тудырмайды. Алдағы уақытта да робот пен үйге қажетті ақылды техникаларды құрастыру ойымда бар. Бәрін практика жүзінде, өзім үйреніп, зерттеп келемін.

Болашақта физика пәнін барынша меңгеріп, білікті инженер атанғым келеді. Осылайша, Қазақстанға еңбегімді сіңіріп, жұмыс жасам деймін», – өнертапқыш бала Нұрдәулет.

Мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Сарыбаева:

— Баланың дарынын ең алғаш 5-сыныптағы жетекшісі Орынша Тұрлыбаева байқап, бұл балаға қалай жәрдем береміз. Талантын ашпасақ, обал болады деген соң, былтыр «Жігіт сұлтанына» қатыстырып, оның жасаған өнеріне тәнті болған едік. Енді алдағы уақытта физика пәнінің мұғаліміне «жетекші боласың» деп тапсырма беріп қойдық. Сондай-ақ мектепке келген шеберге де тапсырып, көмек беруін сұрадық. Егер Нұрдәулет өнерін әлі де жетілдіріп жатса, халықаралық жарыстарға қатыстыру да ойымызда бар, – дейді.

«Болар баланың бетің қақпа, белін бу» демекші, өнертапқыш Нұрдәулеттің өнерін бағалап, жалпақ жұртқа танытуға, өнерін әрі қарай шыңдауына атсалысқан ата-анасына, сынып жетекшісі Орынша Тұрлыбаева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Сарыбаеваға және Жетісай аудандық білім бөлімінің баспасөз хатшысы Ғалымжан Әбілқайыр мырзалардың еңбегіне табыс тілейміз.

Тегтер: