16:03, 30 Қазан 2018
Өңірлерде жұмыс дұрыс жолға қойылмаса, ұлттық құрамада да нәтиже болмайды
2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындары Токио қаласында өтеді. Көптеген мемлекеттер 4 жылда бір өтетін жарысқа дайындықты ерте бастап кетті.
Жақында еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері Жапония елінде болып, спортшыларымыздың сол жақта оқу-жаттығу жиындарын өткізуі үшін арнайы меморандумдарға қол қойды. Осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатовпен сұхбаттасқан едік. – Елсияр Баймұхамедұлы, әңгімені Жапонияға жасаған сапарыңызан бастасақ...– Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындары Токио қаласында өтеді. Қазір құрама командалар дайындық жүргізіп жатыр. Лицензиялық жарыстар басталып та кетті. Алдағы Олимпиада ойындарын қабылдайтын қаланың ауа-райына, тамағына спортшыларымыз бейімделу керек. Біз алдымен, 24 шілдеде Жапонияның Фукуока префектурасындағы Курумэ қаласында болдық. Онда Фукуока губернаторы Хироши Огава және қала мэрі Цутому Окубомен меморандумға қол қойдық. Бұл келісім бойынша, спортшылар төртжылдықтың басты додасына сапалы дайындық кезеңін жүргізіп, атлеттер үшін маңызды саналатын акклиматизацияда өтуге мүмкіндік беріледі. Қазіргі кезде қандай спорт түрлерінен Курумэ қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізе аламыз, солардың тізімін ұсынып жатырмыз.Мысалы, дзюдо, көркем гимнастика, ескек есу спорты бар. Мұның бәрін федерациялардың басшыларына жеткіздік, шамамыз келгенше осындай жағдайлар жасап жатырмыз. Әрбір құраманың бас бапкерлері осыны қабылдап, өздерінің спорттық күнтізбелеріне енгізді. Соған сәйкес келесі жылы бір реттен барып қайтады. Сөйтіп, Күншығыс елінің климатын көріп, бейімделетін болады.Екіншіден, каратэ-до 2020 жылғы Олимпиада бағдарламасына қосылған. Оған да ерекше көңіл бөліп жатырмыз.Өйткені, бұл спорт түрінен де жетістіктеріміз бар. Жақында Токиодан 100 шақырым қашықтықта орналасқан Юки деген қаланың мэрі Фумио Земба мырзамен келісімшарт жасадық. Соған сәйкес біздің каратэшілер осы қалада дайындық жүргізе алады.Біз сол барғанымызда каратэшілерге арналған базамен таныстық, онда барлық жағдай жасалған. Каратэшілеріміз қай уақытта барып дайындаламыз десе де, жолдары ашық. Кез-келген уақытта барса, Юки қаласы күтіп алып, спортшыларымыздың алаңсыз жаттығуына жағдай жасайды.–Олимпиада комитеті спорттық медицинаға көңіл бөліп жатқанын естіген едік. Біздің елде бұл саланың арта қалғаны ешкімге жасырын емес деп ойлаймын. Нақты қандай жұмыстарды қолға алмақшысыздар?– Біздің бір кемшілігіміз, бұрын спорттық медицинаға көңіл бөле қоймадық. Сондықтан жақында Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті барлық ұлттық құрама командаларға халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары кезінде кешенді медициналық қызмет көрсету жобасын іске асыруды бастаған болатын. Кешенді-ғылыми топтар диагностика әдістерін талдап, спортшыларды емдеп, қалыпқа келтірумен, олардың функционалдық жағдайы мен тамақтануын қадағалап, командаларға медициналық тексеру жүргізумен айналысады. Кешенді-ғылыми топтардың жұмысын ұйымдастырып, саралап отыру қызметін Қазақстан ҰОК спорттық медицина мен допингке қарсы департаменті атқарады.–Сонда ол мамандарды сырттан шақырасыздар ма?– Жоқ, негізінен өзіміздің мамандар болады. Бірақ жақсы спорттық дәрігер болса, сырттан тартуға мүмкіндік берілген. Дегенмен, көбінесе өзіміздің массажистер, диетолог, дәрігерлер құрамада жұмыс істейді.–Келесі жылы елімізде өтетін ең басты жарыс күрес түрлерінен әлем чемпионаты десек, қателеспейтін шығармын. Осыған дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?– Жақында Будапешт қаласында әлем чемпионаты аяқталды. Еркін күрестен бір күміс, грек-римнен екі қола медаль жеңіп алдық. Енді келесі жылғы чемпионатты біз өткіземіз. Бұл аса маңызды халықаралық жарыс. Олимпиада ойындарының жолдамасы үлестіріледі. Мұндай додаларды өткізуден жинаған тәжірибеміз мол. Қысқы Азия ойындарын, дзюдо, ауыр атлетика, бокстан әлем чемпионаттарын өткізгенбіз. Қазіргі кезде ұйымдастыру комитетін құрып, дайындықты бастап кеттік. Будапешттен асып түсуге тырысамыз. Оның үстіне, халқымыз күресті жақсы көреді.–Осы ретте сұрай кетейін. Біздің елден әлем чемпиондары шықпағанына көп уақыт болды. Соңғы рет грек-рим күресінен Мхитар Манукян1999 жылы топ жарған екен. Еркін күрестен мүлдем ешкім жоқ. Енді Астанада сол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік бар ма?– Будапештте екі жас балуанымыз келешектерінен үлкен үміт күттіретінін байқатты. Сондай жастарды қосқан дұрыс. Күрестен әлем чемпионы қашан шығады деп бәріміз де күтіп жүрміз. Менен кейін Олимпиада чемпионы шықпады деп, Жақсылық Үшкемпіров ағамыз да үнемі айтып жүреді. Елімізде өткеннен кейін нәтиже де дұрыс болу керек деп санаймын. Барлығы спортшылардың дайындығына байланысты. Ал біз өз кезегімізде қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз.–Тағы бір олимпиадалық спорт түрі ауыр атлетикадан әлем чемпионаты Ашхабад қаласында басталып кетті. Түркіменстан астанасындағы додадан толағайларымыздан қандай нәтиже күтіп отырсыздар?– Өкінішке қарай, допингке байланысты құрамамыз бір жыл бойы халықаралық жарыстардан шеттетілді. Соған байланысты Азия ойындарына, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына бара алмады. Қазір рұқсатымыз бар. Қыз-жігіттеріміз тыңғылықты дайындалды. Енді сенімді ақтайды деп ойлаймын. Тек Илья Ильин ғана жарақатына байланысты қатысу-қатыспауы белгісіз болып тұр. Оны өзі де БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты ғой. Соған қарамастан, басқа спортшыларымыз медаль әкелуге қауқарлы.–Алдағы жылға басқа қандай жоспарларыңыз бар?– Ең маңызды жоспар – Олимпиада ойындарына көп жолдама алу. Лицензиялық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, спортшыларымыз жоспарды орындайды деп сенемін. Сондай-ақ қысқы спорт түрлерінен де әлем чемпионаттары өтеді. 2022 жылы Пекиндегі Олимпиада ойындары бар. Оны да естен шығармау керек. Өйткені, соңғы үш Олимпиада қатарынан бір медальдан аса алмадық. Көңіл бөлмесе болмайды. Жұмыс пен жоспар көп. Қараша айынан бастап, барлық құрама командалардың басшылары мен бапкерлерін тыңдаймыз. Олар өз баяндамаларында 2018 жылды қорытындылап, жаңа келесі жылға арналған жоспарларын таныстырады. Бапкерлер есеп бергенде, медицина мамандары да жиынға қатысып отыру керек деп санаймын.–Азия ойындарында кейбір спорт түрлерінен бұрынғы жылдармен салыстырғанда нәтижеміз төмендеп кетті. Мысалы, ескек есуден. Осы сәтсіздіктердің себебі неде? Енді, қандай шаралар қолданасыздар?– Қазіргі кезде нәтиже көрсетпеген спорт түрлерінің бас жаттықтырушыларды қызметінен алу туралы мәселелерді қарастырып жатырмыз. Осыған дейін жоғары нәтиже көрсетіп келген нысана көздеу, стенд ату, қыздардың спорттық гимнастикасы секілді спорт түрлері биыл күрт төмендеп кетті. Ал ескек есушілердің нәтижесін нашар деп айта алмаймын. Күміс медаль болса да бірнешеуін алып берді. Олардың жұмыс жоспарлары дұрыс.–Былтыр спорт туралы заңға өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес спорт түрлері саралау жүйесімен қаржыландырылатын болды. Заң жобасын дайындауға өзіңіз де қатыстыңыз. Одан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Бұл өзгеріс өз нәтижесімен беріп жатыр деп айта аласыз ба?– Бұл жүйенің арқасында барлық федерациялармен бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз. Спорттық нәтижелеріне сәйкес, саралау жүйесі жасалды. Спорт түрлері «А», «В», «С» топтарына бөлінді. Кешенді-ғылыми топтар қолға алынды. Қазіргі таңда ұлттық құрама командалар қажетті мамандармен қамтамасыз етілген. Аптасына бір рет федерация өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткіземіз. Олардың барлығына бюджеттің ақшасына заңдастырып, кеңсе алып бердік. Олимпиадалық спорт түрлерінің федерациялары қазір бір ғимаратта отыр. Бірақ саралау жүйесі әлі күнге жергілікті басқаруда өз нәтижесін беріп жатқан жоқ. Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетін президенті Тимур Құлыбаевтың тапсырмасымен үш айдың ішінде барлық облыстарды аралап шықтым. Аймақтардың проблемаларымен таныстым. Егер өңірлерде жұмыс дұрыс жолға қойылмаса, ұлттық құрамада да нәтиже болмайды. Өңірлердегі проблемаларды ҚР мәдениет және спорт министрлігі, жергілікті атқарушы билік өкілдері және спорттық федерациялармен шешу мәселелері қарастырылып жатыр. Ауыл спортының көтеру қажет. Өйткені спортшылардың көбі дәл осы ауылдардан шығатыны баршаңызға мәлім.–Осы заң жобасына сәйкес «А-дан» «В» тобына түсіп қалу мүмкін бе?– Екі жылда бір комиссия отырысы өтеді. Егер нәтиже төмен болса ондай болады. Ереже бойынша солай бекітілген. Бұл жол дұрыс деп санаймын. Соның арқасында федерациялардың дәрежелері өсіп, жауапкершіліктері артып жатыр.– Халықаралық аренада қазылық ететін төрешілеріміз неге аз? Тіпті, бокстың өзінен Азия ойындарында бірде-бір арбитрымыз болған жоқ.– Сұрағыңыз өте маңызды. Әрбір спорт түрлерінен халықаралық аренада жұмыс істейтін төрешілеріміз болу керек. Қажет тұста біздің спортшыларды қорғауға тиіс. Өйткені, кей тұстарда қысымның болып жатқаны жасырын емес. Бұл федерациялардың жұмысы. Жиналыстарда үнемі айтып отырамыз. Ең алдымен республика деңгейінде семинарлар, курстар ұйымдастыру керек. Аудан, облыстардағы төрешілерді жинап, олармен жұмыс жүргізуді қолға алғандары дұрыс болады. Шетелдік мамандарды шақырып, тренингтер өткізе деп ойлаймын. Бұл бір күнде болатын жұмыс емес.– Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан – Бек Төлеу.