Өңірлерді қуаттандыруға қанша қаражат жұмсалды?!
Қазір үкіметтің «Қуатты өңірлер» жобасымен жұмыс істеп жатқаны белгілі. Осы орайда бізді аталмыш жоба аясында қанша қаражат жұмсалғаны қызықтырды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы ойдағыдай жүзеге асуда.
Бұл жобаның әу бастағы мақсаты – халықтың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайларды, көлік байланысын жақсарту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру.
Ұлттық жобаны іске асыру, министр атап өткендей, базалық қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету тәрізді екі бағыт бойынша жүзеге асырылады.
«Жоба барысында 4 міндет, 20 көрсеткіш және 96 іс-шара анықталды. 2021 жылға арналған ұлттық жобаның іс-шараларын қаржыландырудың жалпы көлемі 1,5 трлн теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1,1 трлн теңге. Игеру 1,4 трлн теңгені немесе 93 пайызды құрады. 2022 жылы ұлттық жобаны іске асыруға 1,8 трлн теңге жоспарланған, оның ішінде бюджеттен тыс қаражат – 709 млрд теңге. Бұл ретте 1 тамызға 528 млрд теңге немесе 30% игерілді» – дейді Әлібек Қуантыров.
Жалпы, сала мамандарының пайымдауынша, аталмыш жобадан күтер үміт көп. Бұл жоба аймақтардың қуатын арттырып, өңірлік дамуға жан бітіреді. Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек те мұндай жобалардың нәтижелі болғанын бағамдаймыз.
Әлеуметтанушы Серік Еңсебаевтың айтуынша, қаражатты бақылауда ұстап, жобаны кезең-кезеңімен жұмыс істетіп отырса, бұл өңірлік дамуға ұлкен мүмкіндік.
— Мұндай жобалардың орындалуын, қорытындысын жергілікті әкімдіктер де қатаң бақылап отыруы тиіс. Жоба негізінен өте ұтымды. Қуатты өңірлердің көп болуы ел экономикасының да күш қуатын арттырады. Бұл жоба аясында халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын түзеуге болады. Жоба барысында Тұрғын үйлер құрылысы, мектеп, бала-бақшалар құрылысын салу да өзекті. Мұның барлығы құрылыс саласының да тыныс-тіршілігін арттырып, жұмыс орындарының да көптеп ашылуына жағдай туғызады. Жалпы, «Қуатты өңірлер» ел дамуының күші екені белгілі. Сондықтан мұндай жобаларға бөлінген қаражат шашау шықпай, орынды жұмсалғаны жөн, – дейді Серік Еңсебаев.